[:kz]
Арыс қаласының әкімі жарылыстан зақым келген үйін өзі жөндеп алатын болды деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ол күні бүгінге дейін қала аумағындағы 200-ге жуық үйдің терезелері мен есіктері орнатылып, шатырлары реттелгенін, яғни, жөндеуден өткенін мәлімдеді.
Шенеунік жойқын жарылыс кезінде зақым келген өз үйі әлі жөнделмегенін атап өтті.
«Жөнделген үйлердің тізімінде менің үйім жоқ. Үйімнің есік пен терезелері сынған болатын. Сол күйінше тұр. Өз үйімді өзім жөндеп аламын. Ал әзірге оны бастаған жоқпын», — деген ол Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шөкеевтің Арыс аумағында пәтер жалдап тұрып жатқанын жеткізді.
Бұдан бөлек Мұрат Қадырбек жарылыс салдарынан істен шыққан тұрмыстық техникалар үй иелеріне сатып алынбайтынын мәлімдеді.
«Адам басына 100 мың теңгеден беріледі дедік. Негізі соны сол есепке жатқызып жатырмыз. Ал мал шығыны болғандарға, компенсация қосымша болады…», — деді Мұрат Қадырбек.
[:]