[:kz]
Тасмағамбетов Абайдың 175 жылдығына арналған интелектуалдық эстафетаны жалғастырды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов қазақтың ойшылы, ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған #Abai175 эстафетасын жалғастырды.
Танымал ресейлік продюсер Игорь Крутойдан және ақын Маралтай Райымбекұлынан Абай өлеңдерін оқу эстафетасын қабылдаған елші Абайдың алтыншы қара сөзін оқыды.
Айта кететін болсақ, Иманғали Нұрғалиұлына Абай мұрасы тың тақырып емес. Осыдан ширек ғасыр бұрын, 1995 жылы вице-премьер Тасмағамбетов Абайдың 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлауға үлкен мұрындық болды. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Абайдың 150 жылдығына арнап өткізген мерекелік сессиясының ашылуында Тасмағамбетов «Абай – Пікіріміздің пірі, Рухымыздың туы» атты үлкен баяндама жасаған.
Тасмағамбетов Абайды ғана емес, барша қазақ зиялыларын дәріптеуге барынша қолдау көрсетіп жүрген жан. ЮНЕСКО қамқорлығымен Жамбыл Жабаевтың да 150 жылдығын, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұланның ғасыр тойларын өткізгені дәлел. Сондай-ақ, Тасмағамбетов 2017 жылы вице-премьер қызметінде Алаштың 100 жылдығын тойлауға бастама көтерген еді.
Елші эстафетаны жан досы Досхан Жолжақсыновқа жолдады.
[:]