[:kz]
Алматы тауында турист қыздардың ізіне түсіп, қоқан лоқы көрсеткен маньяк қолға түсті. Бір ай іздеуде болған күдіктіні полиция ақыры ұстады. Алайда оның өзі секілді сыбайластары бар болып шықты, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Ер адам матадан күрке жасап тауда тұрған. Ол қыз-келіншектерді аңдып, жеке мүлкін ұрлап келіпті. Өзіне қарсылық көрсеткен бір әйелге пышақ сұғып алғанын мойындады. Абырой болғанда әйел тірі қалған. 37 жастағы ер адам Бутаковка шатқалында ұсталды.
Ер адамның күркесінен алтын бұйымдар, телефон т.б қымбат заттар табылды. Өзі бірнеше рет сотталған, бұл жолы да түрмеден шыққан беті екен.
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық бағы Медеу филиалы директорының орынбасары Серікжан Сұраншин бүгінде қорқыныш жоқ екенін, туристерге еркін демалуға болатынын атады.
Ал, полиция департаменті күдіктінің пышақ қолданып, қыздарды қорқытып келгенін айтты.
«Пышақпен қорқытып, әйелдердің қымбат заттарын тонап келген. Өзі матадан үй жасап, тау арасында тұрған», — дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Күдіктінің бірнеше сыбайласы болуы мүмкін. Оларды полиция іздеп жатыр. Күдіктіге қатысты 20 адам арыз жазған. Алайда одан зардап шеккенер одан да көп болуы мүмкін.
Бұған дейін «құйрығыңа пышақ тығамын» деп қыз-келіншектерді қорқытып жүрген маньяктың іздеуде екенін хабарлаған едік.
[:]