[:kz]
Төрт жарым жасар ақтөбелік Санжар Сырымұлының ата-анасы бүгінде полиция бөлімшесін жағалап жүр. Айтуларынша, баласының еміне жинаған 1,5 миллион теңгелерін қолды қылған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Вокзалға билет іздеп кірген ерлі-зайыптылар 10 минутта қайтып айналып келгенше, көлік қобдишасында тұрған 1,5 миллион теңге жоғалып кеткен.
«Ақтөбе вокзалының жанына 16:40 шамасында Toyota Land Cruiser Prado көлігіммен келдім. Бес қадам жүргенде машина өз-өзінен ашылып кетті. Бұрын ондай ақауы жоқ болатын. Айналып келіп қайтара жауып, вокзалға кеттім. Ол жерде 10 минуттай жүрдік. Себебі билет жоқ.
Емге бара жатқан жолдамамызды көрсеткеннің өзінде вокзалдағылар тауып бере алмайтынын айтты. Көлікке келгенімізде жұбайым қобдишадағы ақшаны алайын десе, орны бос тұр. Бүгін таңнан бері полицияда жүрміз. Вокзал қасында төрт-бес камера бар. Ал іздеу нәтижелері білінбейді» , — дейді Сырым Көбеков.
Ер адам әйелінің мініп жүрген көлігін таныстарына сол күні сатқан. Қомақты ақша қолдарында үш сағаттай ғана жүрген.
«Балама квота берілді. Нұр-Сұлтан қаласында 20 тамыз күні болуымыз керек. Баламның еміне барғанда қажетіне жұмсармыз деп өзімнің мініп жүрген көлігімді саттым. Біреу қастандық жасайды деген ой болған жоқ. Емге жұмсаймыз деп отырған қаржымыз.
Құдайдан қорыққан адам болса қайтарады депсенеміз. Көп балалы ана, жай мұғаліммін. Мемлекеттен ешқандай көмек алып отырған жоқпын. Енді баланың еміне тиесілі ақшаны полиция тауып берсе екен», — дейді Бақытгүл Ермағамбетова.
Ерлі-зайыптылар оқиға куәгерлері болса +7 777 167 54 77 нөміріне хабарласуын сұрайды, және ол үшін арнайы сыйақы да тағайындалғанын хабардар етті.
Полиция аталмыш факті бойынш арыз түскенін, тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімеді.
[:]