АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»30 рет пышақ тығылған»: Ақтөбеде ажал құшқан дүкеншінің жары жанайқайын айтты[:]

[:kz]

Ақтөбедегі Бадамша ауылында адам қолынан қаза болған дүкенші жайлы осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Жантүршігерлік оқиға ауылда зейнетақы берілген күні түскі мезгілде болған. Қайғылы жағдайдың мән-жайын марқұмның денесін тауып алған жолдасы баяндап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

 
 
Фото: KAZ.NUR.KZ.

Фото: KAZ.NUR.KZ.

 

 Тілектес Пірмановтыңа айтуынша, ауылдағы шағын дүкенге жұбайы екеуі кезектесіп тұрған.»Балаларымның барлығы оқуда. 11 сынып бітірген кішкентай қызымды бір күн бұрын Алматыға жібергенбіз. Түстен кейін мен баруым керек еді. Үйде ешкім болмаған соң, анамның қасында отырып, сағат 02:05-те бардым. Дүкеннің адамдарға кіруге арналған сыртқы есігі жабық тұр екен.

Әдетте есік жабылмайтын. Өзім түсінбей қалдым. Дүкенге подъезден кіретін ішкі есігіне бардым. Есіктің алдында велосипед тұр екен. Ол велосипедпен жүреді. Ішке кіріп «Феруза» деп дауыстағанымда ешкім жауап бермеді. Мүмкін даусымды естімей жатқан болар деп қоймаға бардым.

Қол сөмкесі сол жерде шашылып жатыр. Бір жамандықты сол кезде сездім. Сату залына жүгіріп шықтым. Төлемдер жасалатын терминал жерде құлап қалған. Ал әйелім мұздатқыштың арғы қуысындағы бұрышта қансырап жатыр. Кетіп қалған… Басын көтергенімде астының барлығы қан болды. Кешегі жасалған экспертизада 30 рет пышақ тығылғаны айтылды.

Бұл дегеніңіз аяусыз жауыздықпен өлтіріп тұр. Барынша қарсыласқан секілді. Себебі білегінде пышақ іздері бар. Пышақ мойын омыртқасына дейін кіріп кеткен. Сөмкесінде жүрген 40 мың теңгедей ақша мен кассада тұрған бір уыс тиынды алып кеткен. 40 мың теңге үшін кетіп тұр»— дейді марқұмның жары.

Феруза Пірманова тірі болса 25 тамыз күні 47 жасқа толар еді. Оның артында үш баласы қалды. Үлкен қызы консерваторияны қызыл дипломмен бітірген. Ал жалғыз ұлдары Еуразиялық ұлттық университетте физика және математика факультетінде 4-ші курсында оқиды, үшінші қыздары шет тілі пәні бойынша биыл студент атанған.

«Үлкен кәсіпкер емеспіз. Студент балаларымызға жетсін деп сатушы да алмадық. Бұлай боларын кім білген?! Ауыл халқының барлығы жылап келіп көңіл айтты. Екі күннен бері халық та үрейленіп қалды. Тәртіпті күшейту керек. Түрмеде отырып келгендерге бақылау жоқ. Соларды қадағалап отыру керек еді. Қылмыскерді танимыз, дүкенге келіп жүрген адам. Үйі де дүкеннің алдында. Дәл осындай болатынын білгенде дүкенде өзім тұрар едім», — дейді ер адам.

Марқұмның туыстары қылмыскердің қатаң жазалануын сұрайды.

«Қыршын кетті. Жер қойнына тапсырдық. Артында үш баласы қалды. Қиын. Ананың орны бөлек. Қылмыскер жазасын алса екен. Ауылда осымен төртінші өлім болып жатыр. Ашылмаған қылмыстар да бар. Ұсыныстар енгіземіз. Қауіпсіздікті жетілдіру, көлікке мініп алып емес, жаяу жүру», — дейді марқұмның туысы Бақыт Пірманов.

Шағын ауылдың тұрғындары да болған жайдан шошып қалған.

«Полиция қызметкерлері көшеде жүрсін. Тәртіпті орнату керек. Ауылда тапа-тал түсте адам өлтіру деген не сұмдық. Оның үстіне адам өлімі бірінші рет емес», — дейді ауыл тұрғыны Серік Қазмағанбетов.

Ал аудандық әкім орынбасары халықтың ұсынсын полиция қызметкерлеріне жеткізуге уәде берді.

 

«Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес құқық қорғау

орындары тарапынан тиісті шаралар қолданылатын болады. Ұсыныстар енгіземіз. Қауіпсіздікті жетілдіру жұмыстары жасалады. Полиция қызметкерлері көлікке мініп алып емес, жаяу жүру керек», — дейді Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Шүйіншалиев.

Айта кетейік, бес мыңнан аса халқы бар Бадамша ауылында төрт полиция қызметкері бар. Тал түсте аяусыздықпен өлтірілген дүкенші өлімінен кейін бүтін бір ауыл халқы үрейде отыр.

 

[:]