[:kz]
Тойларда асаба қызметін атқаратын Берік Алибаев есімді азамат қазіргі қыз ұзатуда жөнсіз іс-әрекеттердің жиі орын алатынын айтып берді деп жазады «Замана» басылымы.
Той басқаратын азамат бірнеше рет тұрмыста болған қызын ұзатып, күйеуден қайтқан келіншекке беташар өткізетіндердің әрекетін тілге тиек еткен.
Той басқарушы азамат қазіргі ұзату тойлардағы жөнсіз іс-әрекеттердің жиі орын алатынын да айтады.
«Қазақта тұрмыста болған қызды ұзатпайды. Бірақ қазір төрт рет ажырасып келсе де, бесіншісінде той жасап, ұзатады. «Тұрмыста болып келген келіншектің бетін ашпайды» дейді, бүгінде ол он рет күйеуге тисе де, он біріншісінде бәрібір беташарын өткізеді», — дейді асаба.
Сондай-ақ ер азамат «Қыз ұзату» дәстүрінің де уақыт өткен сайын өзгеріп бара жатқанын жеткізді.
«Халқымыз қызды ұзатпай тұрып, екі жақтың некесі қиылмай тұрып, екі жақ бір-бірін құдалыққа шақырмай тұрып, бір-бірі «құда» деп атамаған. Қызды беташар өтпей, басына орамал тақпай тұрып, «келін» деп айтпаған. Қазір қыз жақ бірінші болып құдалық шақырады. Қызды ұзататын болса түсте құдалық, кешкісін ұзату той өтеді.
Қызды шығарып салған соң ертеңіне ұл жақта той болады. Бұл уақыт жағынан ұтымды шығар. Бірақ қыз ол үйдің босағасын әлі аттаған жоқ. Болашақ жарымен некесі қиылған жоқ, беташары өткен жоқ. Қалай бөтен бір кісілерді «құда» деп шақырып, төс қағыстырады? Мен осы нәрсені айтамын деп көпшілікке жақпай қаламын.
Күн өткен сайын қазақтың салт-дәстүрі жоғалып бара жатыр. Сонымен қатар жеті атадан асса үйленуге бола береді деген әңгімемен де келіспеймін. Қаншама ғасырдан бері бұлжымай келе жатқан дүниені қазір өзгертіп жатыр», — деді Берік Алибаев.
[:]