[:kz]
Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек үкіметте өткен баспасөз маслихатында жақын арада жүзеге асырылуы жоспарланып отырған Қазақстан-Қытай жобалары туралы айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Қазіргі таңда бірлескен 55 жоба бар. Оларды индустрияландыру шеңберінде жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. «Бұл Қазақстан аумағына көшірілетін ескі зауыттар» деген шағымдар айтылуда.
Ресми түрде ескі немесе ел аумағына көшірілейін деп жатқан бірде-бір зауыт жоқ екенін мәлімдегім келеді. Бұл жобалардың барлығы жаңа», – деді Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ, ол жақында Қапшағай аумағында баламалы энергетика өндіретін электр стансасы ашылғанын тілге тиек етті.
«Онда 30 адам жұмыс істейді, барлығы да Қазақстан азаматтары. Толығымен жаңа өндіріс – баламалы энергетика. Қазақстанда жыл соңына дейін жел мен күннің қуатынан 1000 мегаватт өндірілетін болады.
Бұл әлемдік тренд және біз одан бас тарта алмаймыз. Сол сияқты әр кәсіпорын жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат бере аламын.
Бұл ақпараттар желіде, ИИДМ сайтында да бар, екі жыл бұрын сонда жарияланған. Ешқандай құпия жоқ.
Тағы да атап өткім келеді, бұл жаңа технологиялар. Бір елден басқа елге көшірілетін ешқандай ескі кәсіпорындар жоқ. Барлығы да жаңа.
Жалпы, осы жобалар аясында біз 20 мың жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз», – деді вице-премьер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сыртқы істер вице-министрі Ермек Көшербаев та Қытайдың 50 зауытын Қазақстанға көшіру туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.
[:]