[:kz]
Шамалғанда орын алған жантүршігерлік жол апатының куәгерлері оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Олардың сөзінше, автобус жүргізушісі кептелістің салдарынан не алға, не артқа қозғала алмай қалған.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы жағдай куәгерінің сөзінше, автобус жүргізушісі өз бағыты бойынша асықпай келе жатқан. Алайда кептеліс салдарынан пойыз жолында тоқтауға мәжбүр болыпты.
Осы кезде өткелді жаба бастаған.Алайда қоғамдық көлік жүргізушісі не алға, не артқа қозғала алмапты. Ол «технологиялық тұтқында» қалған.
Куәгер Серік Қармысов пойыздың автобус жүргізушісіне сигнал бергенін айтады. Алайда жүргізуші ештеңе істей алмай қалған. Себебі қоғамдық көлік жолдың ортасында қалған, ал шлагбаум жабық болыпты.
«Оның қозғалатын жері де болмады. Апат қас-қағым сәтте болды. Шок болдық. Бұл аумақта күні-кешке дейін, тіпті, түнде де көплік кептелісі болып жатады», — дейді куәгер.
Еске сала кетсек, Ақсеңгір-Шамалған өткелінде жантүршігерлік жол апаты орын алды. Автобус жүргізушісі сигналдарға қарамастан теміржолға шығып кеткен. Салдарынан үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз автобусты қағып кетті. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, тоғыз адам жарақаттанды. Олардың екеуі — бала, біреуі — әйел адам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жол апатына қатысты Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында көңіл айтып, тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
Оқиғадан кейін станция тұрғындары көпір салынуын талап етіп, шу шығарды. Олармен кездесуге Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев келді.
[:]