[:kz]
Таяуда бірге бейнебаян түсірген Бүркіт пен Наташа Королеваның арасындағы құпия ашылды. Осы уақытқа дейін жасырып келген жұлдыздар, Shownews.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында сырларын айтты.
Бүркіт пен Королеваның дуэтін ешкім күтпеген еді. Тыңдармандарын тосын сый мен таңғалдырған әншіні ресей жұлдызын көндіру үшін, қаражат ұсынды деп те ойлады көпшілік. Алайда жағдай басқа. Қос елдің өнерпаздары сауық кештердің бірінде кездесіп ортақ шешімге келген.
«Идея екі тараптан да болды. Мен Наташамен дуэт құрмас бұрын, әншімен толықтай таныстым. Өте жақсы адам. Королеваның өнері маған ұнады»,- дейді Бүркіт.
Қазақ жігіті Наташаны ұзақ жылдар бақылағаны байқалады. Ресейлік әріптесінің сахнада өзін-өзі ұстауы, қарапайымдылығы Бүркіттің көңілінен шықса керек, бірден ұсыныс тастауға бел буады. Нәтижесінде шығармашылық тандем жалғасын таппақ.
«Наташа Қазақстанға жиі келіп тұрады. Біздің бейнебаянға да еш қиындықсыз түсті. Қазіргі таңда тағы бір ән жаздыртып жатырмыз. Екінші клип түсіру жоспарда бар. Құдай қаласа, көктемде назарларыңызға ұсынатын боламыз»,- деді әнші.
Иә, дәл осы дуэттен соң Королеваға еліміздегі тыңдарманның сұранысы артқан секілді. Бүркітпен де бүгінгі күнге дейін тығыз байланыста. Наташаға Аишаның ұлттық тағамы мен қазы-қартасы қатты ұнаса керек. Қазақстанға табан тіреген бойда бірден Бүркіттің үйіне беттейді.
«Наташа Қазақстанға келсе, ең алдымен менің үйіме келіп, міндетті түрде дәм татып кетеді. Олсыз болмайды»,- дейді Бүркіт.
Бүркіт пен Наташаның клипте сайран салуы Аишаның жеке шығармашылыққа деген шабытын оятқан сыңайлы. Әншінің келіншегі де дебюттық бейнебаянының тұсауын кесіп үлгерді.
«Мен енді Наташа Королевамен клип түсіргеннен кейін Аиша, маған да жеке бейнебаян түсіріп берші деді. Мен жарайды түсіріп берейін дедім. Жоқ демеймін ғой. Бірақ, келіншегімді гастрольдік сапарларға жібермеймін»,- деді отағасы.
Отандық орындаушылардың арасында ресейлік жұлдыздармен дуэт құрған тек Бүркіт емес. Осыдан үш жыл бұрын Қайрат Нұртас та Нюшаны қазақша сөйлетіп, ана тілінде ән салдырған болатын.
[:]