[:kz]
Оңтүстік Кореяда жеті жасар баланы қағып кеткен қазақстандық жігіттің анасы аталған мемлекетке барды. Ол Корея халқынан кешірім сұрады.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық әйелдің Оңтүстік Корея халқына жасаған үндеуін жергілікті JTBC NEWS арнасы көрсетті.
«Мен, Қазақстан азаматшасы, Корея Республикасына өзімнің және ұлымның атынан кешірім сұрау үшін келдім. Сіздердің алдыларыңызда басымды иіп, Корея халқынан осы мемлекетте болған жол-көлік оқиғасы үшін, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен бала үшін кешірім сұраймын», — деп бастады жігіттің анасы.
Өз сөзінде ол ұлының жасаған қателігі үшін заң алдында жауап беретінін айтты.
«Бұл екі елдің арасындағы мәселе болғандықтан, кешірім сұрау үшін ертерек келе алмадық. Ұлым қателігі үшін заң алдында жауап береді. Халық болып баланың сауығып кетуін тілеулеріңізді сұраймын. Сонымен қатар зардап шеккен бала мен оның ата-анасынан кешірім сұраймыз!
Құрметті зардап шегуші баланың ата-анасы! Мен, ана ретінде, сіздердің жағдайыңызды түсінемін. Болған оқиға сіздерге үлкен соққы болды. Мен сіздердің ұлдарыңыз үшін дұғадамын. Біз әрі қарай балаларыңызға жасалатын отаға көмектесуге дайынбыз. Ағза алмастыру қажет болса, мен және ұлым өз ағзамызды беруге дайынбыз. Біз балаға көмек көрсеткен кореялық дәрігерлердің барлығына алғыс білдіреміз!» — деп жазды қазақстандық жігіттің анасы.
Еске сала кетсек, бұған дейін Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында 20 жастағы қазақстандық жігіт үйіне кетіп бара жатқан 7 жасар баланы қағып кеткені хабарланған еді. Алайда ол ертесі күні мемлекеттен кетіп қалған. Артынша қазақстандық жігіт Оңтүстік Кореяға өз еркімен қайтып оралды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
[:]