АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Макарон мен қарақұмық: Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін көмекке не кіреді?[:]

[:kz]

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа нұсқасына сәйкес қосымша жәрдем тағайындылады екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар арнасына сілтеме жасап. 

Мектеп жасына толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға ақшалай жәрдемақыдан бөлек, ай сайын азық-түлік пен гигиеналық заттар беріліп тұрады екен.

Алғашқы көмек себеті 1-3 жас аралығындағы бүлдіршіндерге табысталады. Оның ішіне 2 литрлік сүт, дәрумендерге толы піспенан, гиппоаллергенді ботқа, жүгері жармасы, сұлы үлпегі, 10 түрлі езбе кіреді.

Екінші себет 3-6 жастағы балаларға арналған, оған кіретін азық-түлік те көбірек екен: бидайдың қатты сұрыпынан әзірленген макарондардың 2 бумасы, 2 литрлік пастерленген сүт, құрғақ таңғы ас, піспенан, арпа, ұнтақ және қарақұмық жармалары, бұршақ, күнбағыс майы, сұлы үлпегі, тіпті гемотогені бар ара балы беріледі.

Ал үшінші жиынтыққа дене тазалығына қажетті құралдар кіретін көрінеді. Көпбалалы аналар әр тоқсан сайын тіс щетканың жиынтығын, сабын, сусабын, балалар ұнтағы мен жақпамайын алып тұрады. 

Гигиеналық және азық-түлік жиынтығын жергілікті билік дайындайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған жиынтықтарды сатып алатын нүктелерді де бекітіп қойған. 500-ден астам кәсіпкерлер аталған мәселеге жауап беріп, тауарлардың сапасына, мерзіміне, мекен-жайларға жеткізілуіне жауап беретін болады. 

«Барлық жиынтық қатты қағазбен оралып, жеткізілуі тиіс. Бұл жайттың барлығы жеткізушілерге түсіндірілді. Қаңтар айында АӘК тағайындау мәселесі қарастырылуда. Ақпаннан бастап АӘК жәрдемақысымен бірге, қосымша көмек заттары таратылатын болады», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. 

Жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек 370 мыңнан астам көпбалалы отбасыларға беріледі. Мемлекет тарапынан бұған 327 миллиард теңге бөлінеді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 80 миллиардқа көбірек. 

Жәрдемақының көлемі үйдегі балалардың санына байланысты тағайындалады. Ақшалай көмекпен қоса, 18-ге толмаған балаларға мектептерде тегін ас беріп, қажетті киім-кешек пен оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Оған қоса көпбалалы отбасыдан шыққан оқуышлар қоғамдық көліктерде тегін жүре алады. Қосымша көмек ерекше баласы бар отбасыларға да көрсетіледі екен. Қазіргі таңда олардың саны 90 мыңнан асатын көрінеді. 

«Мүгедектерге арналған қаржылай көмек 12 пайызға көбейтілді. Егер былтырғы жылы бұл көрсеткіш 400 миллиард теңгені құраса, осы жылы 450 миллиард теңгеге жетті. Біз жекеменшік қалпына келтіру орталықтарының санын өсірмекшіміз. Ол үшін мектептерде инклюзия кабинеттерін ашпақпыз», — деп қосты Нұрымбетов.

Осы жылы 800 мыңнан астам қазақстандықтың жалақысы 20%-дан 30%-ға артады. Олардың қатарында ұстаздар, дәрігерлер мен қоғамдық қызметкерлер бар. Зейнетақы мен жәрдемақының көлемі ұлғайтылды. Қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту үшін республикалық бюджеттен 4 триллионға жуық қаражат бөлінген. Мемлекетке шетелден мамандар тартылыпты. Бұл туралы вице-премьер министр мәлімдеді. 

«Біз жыл сайын шетелдіктерге бөлетін квотаны қысқартып келеміз. Былтырғы жылы ол 49 мың болса биыл 29 мыңға түсті. Біз қазір шетелдік ұйымдарға мынадай талаптар қойып отырмыз: егер сіздер басқа елдер 10 маман алып келсеңіз, 3-5 жылда қазақстандық 10 маман оқытып шығаруларыңыз керек», — деді ҚР-дың вице-премьері Бердібек Сапарбаев.

Дегенмен президенттің тағы бір бұйрығы атқарылмай келетін көрінеді. Зейнетақы жинақтамасына ие болу мәселесін министрлер әлі де талқылауда. Дегенмен үкімет алға қойған мақсаттарды белгілеп қойған. Мысалы қазақстандықтар өз зейнетақы жинақтамаларын емделу үшін ала алады. Бірақ олардың есепшотында 10 миллионнан астам ақшасы болуы шарт. 

 

[:]