[:kz]
WhatsApp мессенджерінде Ақмола облысында соққан бораннан пайда болған тоңазытқыштың видеосы тарап жүр. Бейнеролик авторының сөзінше, қатты дауылдың салдарынан олар су жаңа құрылғыға ие болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Видеодан кадр
Желіде тараған видео кадрларында терезенің сыртын қалың қар жапқанын көруге болады. Алайда үй иелері қарды алып тастамай, керісінше, одан үш сөресі бар тоңазытқыш жасап, пайдасына жаратыпты.
«Тоңазытқыш-2020. Қараөткел ауылдық округі, Целиноград ауданы, Ақмола облысы. Жаңа тоңазытқыш. Биыл бізге боранның берген пайдасы осындай. Тоңазытқыш жасап берді», — дейді видео авторы.
Бейнежазбадан тоңазытқыштың үш сөресінде де азық-түліктер тұрғанын көруге болады. Ал ең төменгі сөреде ет сақталады екен.
«Үстінде, ортасында сөрелер бар. Астыңғы сөреде ет тұр. Ол ,былайша айтқанда, мұздатқыш», — деді ол.
Видео авторы мұндай тоңазытқыштың шығын шығармайтынын да атап өтті.
Бір жақсысы, тоқ жемейді. Рахат, есікті жауып, пердені тарта саласың», — дейді азамат.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін белуардан қар кешіп, әкімдікке мұңын шаққан ақынның желіде жұлдыз болғанын жазған едік.
[:]