[:kz]
Отандық танымал жұлдыздар коронавирус салдарынан той-томалақтарға тыйым салу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Негізгі табыс көзінен бір айға шектетілген шоу-бизнес өкілдері үкіметтің бұл шешімін қалай қабылдағанын айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бірқатар өнер жұлдыздары бүкіл әлемді дүрсілкіндірген коронавирус пандемиясының таралуына байланысты салынған тыйымдарға қатысты ойын ортаға салды. Олар халықтың қауіпсіздігі үшін қолданылып жатқан шараны толықтай қолдайтынын жеткізді.
Мейрамбек Бесбаев өзінің Instagram парақшасында арнайы жазба қалдырып, қазіргі жағдайда дүркіретіп той тойлау орынсыз екенін алға тартты.
«Қадірлі ағайын, ардақты бауырлар! Елімізге келген аты жаман вирустың қаупі өте күшті болып тұр. Біз әлі де мән бермей жүрген сияқтымыз. Өкімет барлық іс-шараны толығымен тоқтатты. Жекелеген той- томалығымызды да кейінге қалдырғаны дұрыс болды. Қуанышымызды бөлісеміз деп жүріп, қайғыға ұрынып қалмайықшы. Осы сынақтан аман-есен өтіп алудың амал-шартын қарастырғанымыз жөн.
Ағайын-туғанның амандығын ойлайық. Дәл қазір коронавирусты күлкіге айналдырып әзіл айтатын, жырқылдап ән салатын уақыт емес. Айтылып және жазылып жатқан кеңестерге құлақ түрейік. Мен үшін қазағымның амандығы бәрінен жоғары. Әлемнің алпауыт елдерін жайпап келе жатқан індет шындап кіріссе бізді де аямайды. Құдай бәрімізге қуат беріп жақсы күнде жолығуды жазсын» , — деді әнші.
Бұл мәселеге қатысты Алтынай Жорабаева да өз пікірін білдіре кетті. Ол өнердегі әріптесінің сөзіне толығымен қосылатын болып шықты.
«Алла Тағалам еш нәрседен қателеспейді ғой. Алла бізден жақсы біледі, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін . Әр нәрсенің қайыры бар. Бізден бұрынғыларға төнген бұлт, бізді де айналып өтпеді. Талай қиындықтан құдай дегені үшін аман шыққан қазағым бұдан да өтеміз Ин Ша Аллаһ.Тек дұрыс нәрсе ойлап, дұрыс нәрсе айтайықшы. Тойға бармасақ бармайық, бала-шағамыздың қасында аман жүрейік. Гигиенаны жақсылап ұстанайықшы, иә. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген ғой қазағым. Сақтансақ Алла сақтайды. Барлықтарыңызды құшақтадым» , — деп жазды ол.
Жазира Байырбекова қауіпті індет шарықтап тұрған кезде той-томалақтарды өткізуді орынсыз санайтынын айтты.
«Кинотеарларды жапқаны үшін, той жасауға тыйым салғаны үшін, ойын сауықтарды тоқтатқаны үшін билікке өкпелеу орынсыз деп санаймын. Бәріміз тәртіпке бағынып, осы індетті жоюға атсалысайық. Әрине күнделікті тамағын күнде тауып жүрген жандарға бұл оқиға оңай соқпайтыны рас. Бірақ, мұның бәрі халықтың амандығы үшін жасалып жатқанын түсінейік. Барлық ауыртпалық артта қалып,той тойлайтын күнге де жетеміз Аллам қаласа» , — деп жазды эстрада жұлдызы.
Айта кетейік, бұған дейін коронавирус пандемиясы салдарынан бірқатар әншілер жоспарланып қойған ән сапарларын тоқтатуға мәжбүр болған. Олар өз жанкүйерлеріне аталмыш жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.
[:]