[:kz]
Премьер-министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының көтерілгеніне назар аударды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Белгілі болғандай, нарықта, әсіресе маусымаралық кезеңде бірқатар азық-түлік, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі жиі туындайды. Статистика бойынша, 17 наурыздан 7 сәуірге дейін ғана әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсімі 4,2 пайызды құрады. Нарықтың жосықсыз қатысушылары төтенше жағдай кезінде жағдайды пайдалануға тырысып жатыр. Сондықтан мемлекет тарапынан қатысу және шекті бағаларды енгізу қажет болды», — деді премьер-министр үкімет отырысында.
Оның айтуынша, аталған фактілер халықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етудің қазіргі жүйесінің тиімсіздігін көрсетті.
«Осыған байланысты біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және бағаны бақылаудың жаңа деңгейіне көшеміз. Үкімет ұлттық тауар өткізу желісін — көтерме-тарату орталықтарының кешенін құру жөнінде жүйелі шешім қабылдады. Менің тапсырмам бойынша сауда министрі Бақыт Сұлтанов бірқатар еуропалық елдерге барып, осы мәселе бойынша тәжірибені зерделеп, оны пайдаланамыз», — деді Мамин.
[:]