[:kz]
Атырауда шақалақты тоңазытқышқа тығып өлтірген дәрігерлерге әріптестері араша түсті. Перинаталдық орталықтың қызметкерлері бұрынғы басшылары мен әріптестеріне тым ауыр жаза кесілді деп отыр. Сондықтан президентке хат жазбақшы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.
18 жылға сотталған Қуаныш Нысанбаевтың қорғаушысы да бұрынғы бас дәрігер «жазықсыз жазаланды» дейді. Айтуынша, тергеу кезінде ол бірде-бір мәрте сұралмаған. Оның үстіне бейтарап болуы тиіс сот тек әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарының жетегінде кетті дейді.
Мәселен, жаңа туған шарананы ата-анасы 30-қыркүйек күні жерлеген. Ал сотта сараптамадан қазанның 14-і күні әкелінгені белгілі болыпты. Демек қайғыдан қан жұтқан әке-шешеге басқа шақалақтың денесі берілді дейді қорғаушы. Сондықтан сотқа сенімсіздік білдірген Аслан Жолболов апелляциялық алқаға жүгініп, әлі талай былықтың бетін ашамыз деп отыр. Шақалақты мұздатқышқа салып өлтіргені үшін Атырау облыстық перинаталдық орталықтың бес дәрігері түрлі мерзімге сотталған болатын.
«Бұл істі қараған сот әу баста дәрігерлерді қаралағандардың жетегінде кетті. Олар әлеуметтік желіге тараған аудиожазбаны негізге алып үкім шығара салды. Ал ол аудиожазбаның монтаж екені ешкімді қызықтырмады. Дауысқа сараптама да тағайындалмады. Ол жерде менің қорғауымдағы Нысанбаевтың дауысы емес. Апелляция кезінде әлі талай жәйтті айтамын», — дейді адвокат Аслан Жолболов.
[:]