[:kz]
Қазақстандық танымал тележүргізуші, актриса Аша Матай «Матай Бөрібай батыр» төсбелгісімен марапатталуына қатысты сын айтып жатқандарға жауап берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Алматыда тұрғандықтан Талдықорған маңындағы туған жеріне көп бармайтынын атап өткен әнші көмек керек болса, аянып қалмайтынын жасырмады.
Өнер иесі бұл жайында көп айта бермеймін деп отыр.
«Қайырымдылықпен айналысып, қаржылық жағынан көмек көрсетіп отырамын. Мұны көп адам білмейді, мақтанып та айтқым келмейді. Қордың өзі беріп тұрғаннан кейін төсбелгіні қабылдадым», – дейді Аша Матай. Әншінің сөзінше, бұл төсбелгі тек актрисаға ғана емес, өзі секілді туған жеріне көмек көрсетіп отыратын кісілерге де тағылған екен. «Instagram әлеуметтік желісінде бәрі не себепті төсбелгі берілгенін сұрап жатыр. «Не үшін? «Қалаулым» бағдарламасын жүргізгені үшін бе? Әлде сатып алдың ба?» деген сұрақтар да бар. Барлығына жауап беріп отыра алмаймын. «Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» деген сөз бар. Сол себепті қайырымдылық жасап, көмектескетінімді жариялап айтқым келмейді», – деді ол.
Аша Матай ес білгелі қайырымдылықпен айналысатын айтып қалды.
«15 жасымнан бастап шығармашылықпен айналысып, ақша тауып келемін. Сол уақыттан бері осылай көмектесемін. Қазір 32-ге келдім. Алғаш рет екі отбасыға бірдей көмектескенім есімде. Абай мен Гагарин көшесі қиылысындағы киоскіде газет сатып, 5-6 баласы бар жалғызбасты анаға көмектестім», – деді әнші.
Ол сонымен қатар, жақсылықты шулатпай, көпшілікке жарияламай жасау керек деген ұстанымы бар екенін жеткізді. «Отбасымда ата-анам, күйеуім де қайырымдылық жасайды. Алайда жария салып, айта бермейміз», – деді Аша Матай. Өнер иесінің сөзінше, осы уақытқа дейін бір отбасыға өз қаржысына баспана да алып берген. Алайда оның қай өңір тұрғыны екенін ашып айтпады, тек туған жерінің тұрғыны емес екенін нақтылады.
Сонымен қатар, ай сайын тапқан табысының қандай да бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайды. Алайда Аша Матай табысының неше пайызын көмек ретінде беретінін айтудан бас тартты. Айта кетейік, осыған дейін өнер иесінің «Матай Бөрібай батыр» төсбелгісімен марапатталғанын жазған едік.
[:]