[:kz]
Маңғыстау облысында арқарға оқ атқан аңшылар ұсталды. Арқарға оқ атқан браконьерлер полиция қызметкерлері болып шықты. Браконьерлер қорықшыларды көре сала, олар қашып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Бетперде киген төрт браконьердің екеуі полиция қызметкерлері.
Заңсыз аң аулауға шыққан тәртіп сақшылары инспекторлармен сөйлесу арқылы жазадан құтылуға тырысты. Алайда табиғи парктің өкілдері олармен келісімге келудан бас тартқан. Қаскөйлер ақ түсті автокөлікпен ерекше қорғалатын «Қызылсай» табиғи паркінің аумағы арқылы өткен.
Табиғат қорғаушылары оларды 100 шақырымға дейін қуып жүріп ұстады. Браконьерлердің көлігінен төрт аңшы мылтығы мен жабайы аң еті шықты. Қызыл кітапқа енген түз тағысын атқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Шетпе ауылының төрт тұрғыны болған. Олардың әрқайсысында бір-бір мылтық болған. Автокөлік тексеріліп, қару-жарақ алынды. Хаттама жасалып, Маңғыстау ауданының полиция бөліміне тапсырылды. Ішінде екі полиция қызметкері бар екені белгілі болды», — Қызылсай мемлекеттік аймақтық табиғи паркінің директоры Омар Сәрсенғазиев.
[:]