[:kz]
Соңғы аптада, телехикаяларымен әлемді жаулап алған, түрік елі тіпті басқа мазмұндағы хикаяға көңіл бұрған. Осы елдегі әйгілі Седат Пикер есімді мафияның боссы өзінің YouTube арнасында Ердоған билігінің былықтарын әшкерелейтін ұзын сонар роликтер жариялай бастады.
Бұл роликтерде түрік билігіндегі саяси элитаның мафиямен, жалпы қылмыс әлемімен байланысы туралы айтылады. Тек мафиямен байланысы ғана емес, элитаның ел біле бермейтін қылықтарын көрсетіп жатыр. Ол әр апта сайын бір роликтен салып, елдің «шашын тік тұрғызып» отыр десек те болады. Аз ғана уақыттың ішінде Пикердің каналы ең танымал болып шықты – тек YouTube-тегі көрілімі жүз миллионға жуық.
Бұл роликтерде бұрынғы және кәзіргі министрлер мен депутаттар, олардың көмекшілері мен балалары қарапайым жұртты қалай тонап, адамдарды өлтіріп, зорлық-зомбылыққа барып жатқаны туралы, ИГИЛ террористерімен мұнай саудасын қалай жүргізіп отырғандары, Венесуэладан тонналап кокаин тасып жатқандары туралы егжей-тегжей баяндайды. Пикер саясаткерлердің тапсырысы бойынша мафияның журналистер мен белсенділерді қалай өлтіргені туралы да, мафия басшыларын осындай көмегі үшін қылмыстық жауаптан да, түрмеден де босатып жатқаны туралы айтып берді.
Пикердің өзі де түрмеден солай босап шыққан. Оның әңгімесіне қарап, түрік жұртшылығы Ердоған құрған биліктің қаншалықты шіріп кеткенін ұққандай болды. Бұл биліктің басында өңкей ұры мен адам өлтіргіш қаныпезерлер, алаяқтар отырғанын білді. Жүк фураларына әрең сыйғызарын долларларын қайда жұмсарын білмейді дейді мафиози. Сонда да елді тонауын тоқтата алар емес деп налиды.
Ол, әзірге, дәл Ердоғанның өзі туралы ештеңе айтпаса да, бүкіл ел осы шоудың соңғы бөлімдерінде ол туралы да естіп қалармыз деп күтіп отырған көрінеді. Пикер роликтерінің жалпы саны он екі серия болады деген, кәзір сегізі жарыққа шығып үлгерді. Түрік журналистері мұнда айтылған фактілерді тексеріп, шындыққа жанасатынын мәлімдеді. Ел-жұрт та сеніп отыр. Роликке іліккен саясаткерлер ел алдында дереу жексұрынға айналып жатыр. Оппозиция да бұны өз ыңғайына пайдалабақшы. Олар кезектен тыс сайлау өткізу керек деп мәлімдеді. Ердоған мен оның партиясының рейтингі құлдырап кетті. Елдің іші қайнаған қазандай, саяси температура көтеріліп барады. Ердоғанның биліктен айырылғысы жоқ.
Демократияны қуғынға салып, нағыз диктаторлық қаһарына міне ме, жоқ па, оны алдағы күндері біле жатармыз. Әйтсе де, түрік қоғамы оны әрі қарай билікте қалдыра қоймас.
Қанша дегенмен, Қазақстанның көнбіс халқы емес, биліктің есуастығына да, сатқындығы мен жемқорлығына да көз жұмып, төзе беретін. Ердоғанның жағдайы күрт қиындап кетті. Экономикасы да мәз емес, лира құлдырауы жағынан әлемдегі алдыңғы қатарда тұр. Түрік президенті тек тағынан ғана айырылып қоймай, түрмеге қамалып жатса таң қалмаңыз.
«Адырна» ұлттық порталы
[:]