[:kz]
Түпқараған ауданы Дұңға мұнай-газ кенішіндегі Total E&P Dunga GmbH компаниясының 100-ден аса қызметкері басшылыққа наразылық білдірді, деп жазады ЭК.
«Біз 2020 мамырда уақытша қабылданған COVID-19-ға қарсы күрес шараларына түсіністікпен қарадық. 14 күндіктен 28 күндік вахтаға көшуге келістік. Эпидемиологиялық ахуал жақсарғанша қонақ үйде оқшаулануға көндік. Дегенмен, еліміздің бас санитар дәрігерінің 2021 жылдың 30 сәуірдегі қаулысына сәйкес, вахта қонысында қызметкерлерді оқшаулау қарастырылмаған», — деп шағымданады жұмысшылар.
Айтуларына қарағанда, компания жұмысшылары бірнеше мәрте басшылықтан оқшаулау шарасын алып тастап, 14 күндік вахтаға ауысуды өтінген. Бұдан нәтиже болмаған соң, жұмысшылар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясовқа, аймақ әкімі Серікбай Тұрымовқа, прокуратура мен басқа да өкілетті органдарға үндеу жасап, арты ереуілге ұласуы мүмкін әлеуметтік-еңбек дауын реттеуге шақырып отыр.
Жұмысшылар оқшаулау кезеңінің демалыс күндеріне белгіленгеніне наразы. Бұл үшін ақы төленбейді. Ал аймақтағы басқа мұнай-газ компаниялары бұрынғы жұмыс тәртібіне баяғыда-ақ көшіп кеткен. Қызметкерлерді оқшауламай, ПЦР-тест алады. Наразылардың қалауы — осы. Талаптары орындалмаса, компания жұмысшылары қарсы шаралар қабылдауға мәжбүр екенін ашық айтты.
[:]