[:kz]
Балқаш қаласының 26 жастағы тұрғыны бір топ адамнан аяусыз зорлық көргенін мәлімдеді. Оның оқиғасын «НеМолчи.kz» қоры әлеуметтік желілердегі парақшасында жариялады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Балқаш тұрғыны 23 маусымға қараған түні зорланған. Сол кеште ол балаларына айран мен нан алуға дүкенге шыққан. Алайда үйге оралмаған. Жұбайы оны туған-туыстарының, құрбылары мен таныстарының үйінен іздеген. Сөйтіп таппаған соң 25 маусымда полицияға хабарласқан.
Қор мәліметінше, зорлаушылар жәбірленушіні дүкеннен қайтып бара жатқанда аңдып тұрған. Олардың бірі әйелмен таныс болып шықты.
Ер адамдар әйелді көлікке мәжбүрлеп итеріп кіргізіп, далаға апарып, түні бойы зорлағаны хабарланды. Олар сондай-ақ оны «ұрып-соғып, қорқытып, тіпті денесіне темекі сөндірген». Таңертең олар әйелді далаға тастап, кетіп қалған.
«Жәбірленуші полицияға хабар берді. Бірақ онда әйелге қысым көрсеткен. Оның жағдайын көре тұра туыстарына ештеңе айтпаған. Жай ғана таптық деген. Сот медициналық сараптама кезіне де оны дөрекі ұрсып тастаған. Мұның бәрін ол өзі жазды», — деді «НеМолчи.kz» өкілдері.
Сондай-ақ, қордағылар полиция қызметкерлері жәбірленушіге емес зорлаушыларға көбірек сенетінін айтып отыр.
«Тергеуге сұрақ көп, бірақ оларды қоюдың мәні жоқ деп ойлаймын. Әдеттегідей әйелді жезөкше, маскүнем жасады (…)»- деп қосты олар.
Қарағанды облысының полиция департаменті өкілдері жағдайға түсінік берді. Ведомство мәліметінше, әйелдің жоғалғаны туралы арыз Балқаш полициясына 25 маусымда сағат 12.45-те түскен. Сол күні сағат 16.00-де полиция бөліміне жоғалған әйелдің өзі келіп, зорланғанын мәлімдеген.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 120-бабы 2-бөлігі «Бір топ адам жасаған зорлау» бойынша қылмыстық іс тіркелді.
«Полиция қызметкерлері екі ер адамды анықтап, ұстады, олардың біреуі жәбірленушімен 2012 жылдан бері таныс. Ұсталғандар оқиғаның өз нұсқасын айтты. Тергеу барысында сараптамалар тағайындалды, іс бойынша ақиқатты анықтау мақсатында алғашқы іс-шаралар жүргізілді, оның ішінде болжамды оқиға орны тексерілді», — деді Қарағанды облысы ПД тергеу басқармасының басшысы Рүстем Құлкеев.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу және жәбірленушінің дәлелдерін тексеру үшін Балқашқа жедел-тергеу тобы жіберілгенін айтты. Қылмыстық істі тергеу барысы Қарағанды облысының полиция департаменті басшылығының бақылауында.
[:]