[:kz]
Өз басым әуелден Covid-19-дың алдын алушы кез келген шараның жақтасымын. Десе де, қатерлі дертке қарсы түрлі вакциналар шыққанда ресейлік «Sputnik V»-ны тиісті лабораториялық тәжірибеден, сертификациядан, басқа да қажетті сынақтан өтпегені үшін бірден-бір сынаған мен болдым. Алға тартқан дәйегім бір — Қазақстан салық төлеушілері, яғни сіз бен бізде әлемдік ұсынымда бар түгел вакциналар арасында таңдау болсын.
Өкінішке қарай, біздің үкімет тек күмәнді ресейлік вакцинаға қадалды да қалды. Бұның мәжбүрлі құрбанына мен де айналдым. Өзге балама болмаған соң әлгі Спутникті бүкіл отбасыммен барып қабылдадық. Пайдасы болған да шығар, бірақ егілгенге бір ай өтпей өзім Ковидке шалдықтым. Өйтіп-бүйтіп одан да өттік. Күні-түні жанымнан шықпай барын жасаған жұбайыма рахмет. Мәселе мынада ғой. Жоғарыда айтқанымдай әу бастан үкімет неліктен әлгі Спутникке ғана басымдық берді? Қоршаған әлем тұтастай Ресейлік дәріден бас тартқанын неліктен елемеді? Басқа елдер әлдеқайда мықты дәруменді әлдеқайда төмен бағамен, тіпті тегін ұсынғанда біздің билік не себепті күмәнді ресейлік өнімге байланып қалды? Осындай жауапсыз сұрақ көп. Тек Денсаулық сақтау саласына ғана байланысты емес. Айталық, атышулы Кедендік одақ аясында қазақ баласы неліктен жапонның, немістің, кәрістің сапалы көлігінің орнына Ресейдің «Lada» сынды темір-терсегін сатып алуға мәжбүр? Иә болмаса жарты Қазақстанды улап жатқан Ресей қарамағындағы Байқоңырды неге өзіміз басқаруға алып. осында табиғатқа оң көзбен қарайтын халықаралық жоба құрмаймыз? Осындай негелер жетіп артылады. Ал енді мәселенің шешімін билікте » орыс әлемінің» мықты лоббиі қадалағанда қазақ ұтыла беретіні сөзсіз. Өкініштісі — бір-бірімен жаға жыртысқан қазақтың бұнымен шаруасы да уақыты жоқ. Олай болса несіне жылай береміз? Еншіміз осы..
«Адырна» ұлттық порталы
[:]