АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]Боксшы Сәкен Бибосыновты жерлестері қошеметпен қарсы алып, көлік мінгізді (фото) [:]

[:kz]

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновты жанкүйерлері Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан сән-салтанатпен күтіп алып, көлік мінгізді деп хабарлайды Түркістан облысының әкімдігі.

Бокстан Токио Олимпиадасында 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен 24 жастағы спортшы жартылай финалдық жекпе-жекте Ұлыбритания спортшысы Галал Яфаймен кездесіп, қола жүлдені ел қоржынына салған болатын. Жеңіспен оралған боксшыны облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркістан жастары, спортшының әріптестері, туған-туыстары мен достары қарсы алды.

Қазақстан намысын қорғаған боксшыға Түркістан облысының кәсіпкерлері темір тұлпар мінгізді.

«Түркістан облысының тарихында алғашқы Олимпиада медалін ұтып алған Сәкен өзінің үздік спортшы екенін көрсетеді. Оған барлығымыз жанкүйер болдық, куә болдық. Бұл алтынға бергісіз қола жүлде болды. Бізге үлкен мәртебе. Түркістан облысының барлық спортшыларына жеңіс тұғырынан көрінуге тілектеспіз», — дейді облыс әкімі.

Боксшы болса, алдағы уақытта да еліміздің абыройын асқақтату үшін барын салатынын алға тартты. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі «Мені қолдаған барша қазақ еліне, халқыма шексіз алғысымды білдіремін. Әрине негізгі мақсатымыз алтын болған. Бұйырғаны осы болды. Аллаға шүкір деймін. Қазақтың атын әлемге таныту үшін алдағы уақытта да бар күш-жігерімді салуға уәде беремін», — дейді Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов.

 

Сәкен Бибосынов — Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны. Отбасындағы үш ұлдың кенжесі. Жастайынан спортқа жақын азамат алдымен футболмен шұғылданып, кейін үлкен ағасының артынан еріп, боксқа келген. Ұлттық құрама мүшесі. Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының қола жүлдегері. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі Отандасымыз Токио төрінде 4 кездесу өткізді. Ол Пуэрто-Рика, Франция, Испания боксшыларын жеңді. Жалпы Түркістан облысынан Токио Олимпиадасына 5 спортшы аттанған болатын. Солардың бірі қола медальға ие болып, сенімді ақтады.

kaz.nur.kz

 

[:]