АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]Түркістан облысында шенеуніктер көп балалы отбасыға мектеп формасының орнына ересектерге арналған киім үлестірген[:]

[:kz]

Түркістан облысында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға мектеп формасының орнына ересек адамдарға арналған киімдер үлестірілген. Бұған наразы ана 7 баласын әкімдікке әкеліп, шенеуніктердің қателіктерін беттеріне басты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

1-ші топтағы мүгедегі Гүлшат Вафаеваның он баласының жетеуі мектепке барады. Сөзінше, сабаққа киетін киімді мемлекеттің өзі әпереді деген соң биыл білім бөліміне келіп, ұл-қызының өлшемдерін берген екен. Алайда жаңа оқу жылы басталған күні келген киімдерді көргенде қорлыққа шыдамай жылап жібердім дейді. Себебі, мектеп формасының өлшемдері өте үлкен. Осыған өкпелі ана 7 баласын жетектеп, Қазығұрт  аудандық әкімдігіне келді.

“Қорлық емей не айтыңызшы, 1-ші қыркүйек үшін балдар мектепке бара алмады. Мен 1-ші қыркүйекті осы жерде аудандық әкімшілікте өткіздім. Менің бірінші, алғашқы қоңырауыма балам 1-ші сыныпқа баруы керек еді. Анашым, гүл әперіңізші деп. Киімі болмағаны үшін алғашқы қоңырауға бара алмады” – дейді көп балалы ана Гүлшат Вафаева.


Наразы анаға аудан басшысы шығудан бас тартыпты. Десек те оның назын тыңдауға білім бөлімінің өкілдері келген. Көп балалы әйел шенеуніктің көзінше балаларын киіндіріп көрсетті. 

Бұған қоса,  к остюм-шалбардан бөлек берілген сумкалардың сапасы да сын көтермейтін көрінеді. Қолға ұстаса бөлшектері сынып жатыр. Ал қыздарына мектеп формасы бұйырмаған да. Салдарынан, киім алмаңдар, мемлекеттен беріледі деген сөзге сеніп, қыздары кеше мектепке спорттық футболкамен барған. Ал, жауаптылар болса бар кінәні ата-аналардың өздеріне арта салды.

“Баланың тізімі бізде болғанда біз сол өлшемдерді мердігерге беретін едік. Оның үстіне өлшем жинақтаған кезде ата-ана басқа жақта жүреді, оны кейін ауыстырып жатады. Бір апта ішінде солай болды. Біз басында бұл кісілерге “егер өлшемі сәйкес болмаса, қайтып келесіздер, біз сол жерде ауыстырып береміз дегенбіз. Бірақ бүгінгі күнге ондай ата-аналар бізде көп емес”, –  дейді Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының орынбасары Әлия Егізек.

Ең аяғында шенеунік қоймаға барып, өлшемі кең киімдерді шақ келетін костюмге ауыстырып берді. Сондай-ақ, қыздарға да мектеп формасын алып беруге уәде етті.

[:]