АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]Маңғыстау облысында ереуілде тұрған мұнайшылардың балалары әкелерін сағынғанын айтады[:]

[:kz]

Маңғыстау облысындағы мұнайшылардың ереуілі әлі тоқтаған жоқ. «West oil Software» компаниясының жұмысшылары он екі күннен бері далада қонып жүр. Тіпті балалары үйге келмей кеткен әкелеріне “31арна” арқылы сағыныштарын жолдап жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Аядай ғана Жетібай ауылында «West oil Software» компаниясының жұмысшылары 12 күннен бері ереуілде тұр.Үйіне бармастан шатырдың астында түнеп, балаларын көрмей ереуілде тұрғандардың бірі Ғабидолла Омаров есімді азамат. Компанияда көлік жөндеуші болып жұмыс істейтін оның айтуынша 2018 жылы азайған айлық қазір ешнәрсеге жетпейді. 

 

«Дымға жетпейді, алатын айлығым 130-140 мың шауып кеткенде, сағат толтырған кезде. 12 күн болды жатқанымызға. Бала-шағамызды  көрген жоқпыз. Сағындық, үйге барғымыз келеді біз де. Үйде газ, светімді қиып кетті, төлей алмай отырмын. Балаларыммен телефонмен хабарласып тұрмыз. «Қашан келесің, папа, қашан келесің, қашан бітеді» дейді. Мәселені шешпей тұр» ,- дейді «West oil Software» ЖШС қызметкері Ғабидолла Омаров.

Ғабидолланы бес баласы мен жүкті әйелі үйінде тілеуін тілеп, сағынышпен күтіп отыр. Биыл ол балаларын 1 қыркүйекте мектепке де жетектеп апара алмаған. Үлкен ұлы Нұрмұхаммед болса әкесіне деген сағынышын телеарна арқылы жеткізеді. 

 «Әкемді қатты сағындым, әкемді көрмегелі 12 күн болды. Барлығымыз бірге тамақ ішкенді сағындым. Әкем келген кезде ойнайтын едік. Демалыста қыдыратын едік. Әкемнің бастықтары айлықтарын көбейтсе екен, талаптары орындалса екен. Әкешім, сізді сағындым» ,- дейді Ғабидолла Омаровтың ұлы Нұрмұхаммед Жеткізген.

Дәл осылай үйдің отағасын күтіп отырған отбасылар өте көп дейді арна. Мәселен Жетібай кентіндегі «Техно Трединг» серіктестігі мен «Oil Construction Company» жұмысшылары бір аптадан бері жалақыны көтеруді талап етіп жатыр. «Oil Construction Company»дың жүздеген қызметкері облыс әкімдігіне дейін барған. Ал Жетібайдағы екі ұжымға күні кеше Қарақия ауданы әкімі мен аудан прокуроры барған. Ал өңірдегі кәсіподақтар төрағасы телефон арқылы ереуілшілер мәселесі бойынша әлі де жиындар мен келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, мұнайшылардың кәсіби мерекесі 5 қыркүйек күні аталып өтіледі.

[:]