[:kz]
27 қазан күні Алматы облысы Пенжім ауылында мектеп оқушылары төбелесіп, арты қазақ-ұйғыр жанжалына ұласып кетті. Бірнеше адам жарақат алып, үй терезелері шағылған.
Пенжімде жиналыс өтіп, мәселені екі жақты талқылады. Жиын кезінде Алмалы ауылының Сержан есімді азаматы сөз сөйлеп, ұйғыр халқына ескерту жасады. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы хабарлайды.
Алмалы ауылының тұрғыны басқа ұлт өкілдеріне кімнің жерінде жүргендігін ұмытпауға кеңес берді. Қазақтың қонағын сыйлайтын ұлт екенін де тілге тиек етті.
“Жер кімдікі? Жер — қазақтікі. Жерді алып қалуы үшін қан төккен де қазақ. Ал біз қазақ қандай халықпыз? Құшағын ашқанға құшағымыз ашық, соңғы нанымызды бөліп беруге дайынбыз.
Оған дәлел, шешен халқы неге қазақтар біздің бауырымыз дейді? Неге пәкістандықтар қазақтар біздің бауырымыз дейді?
Спортсмендердің өзі қазақтармен жекпе-жекке шығуға қарсы. Неге? Өйткені біз қонақты сыйлай білеміз.
Кімнің жерінде жүргендеріңізді түсініңіздер. Ешқандай қазақтың жағасынан алып, ешкімге шаппаңыздар. 3-4 жыл бұрын да Пенжімде осындай жағдай орын алған”,-деді ауыл тұрғыны.
Ұлтаралық қақтығыстар жиі орын алатынын айтып, соңында бір жиналыс жасап, әңгіме бітетіндігін жасырмады.
“Таяқ житін қазақ. Оны жиналыс жасап, бітіреміз. Сүйтіп әңгіме жабылады. Сонда біздің ата-бабамыз қан төккен кезде қазағым өздері қорғаған жерде қазақ біреуден таяқ жесін деп қорғады ма?
Келесі жолы бір қазақтың бір тал шашы түссе, басқа қазақтар қарап жатпаймыз. Бұл жолы кешіріммен қарайық. Әр қазақ жалғызым!”,-деп қосты.
Енді қазаққа зиян тиск қолға қару алудан таймайтындығын сөз соңында баса айтты.
“Құрметті ұйғыр бауырлар!
Отбасыларыңызда тәрбиелеріңізді түзеңіздер. Үстеріңізден көптеген дәлелдер айтылып жатыр. Сіздер бізден бөлінесіздер. Құшақтауға тартсақ, сіздер әрі тартасыздар. Алмалы ауылының жігіттерінен ескерту деп қабылдарсыздар.
Енді қазақтың бір тал шашы түссе қолға қару алып шығуға дайынбыз!”,- деді сөз соңында.
“Адырна” ұлттық порталы
[:]