[:kz]
Күні кеше теріс діни ағымда болғанын ресми түрде мойындаған адамды мектеп оқушыларымен кездестіру дұрыс емес. Бұл мәселені Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз бақылауына алып, Мұхамеджан Тазабековты мектепке жолатпайтындай етуі керек.
Бұл туралы Ая Өміртай facebook.com әлеуметтік желісіндегі өзінің жеке парақшасында жазды деп хабарлайды sn.kz
Бұған дейін ол «Тәлім тренд» бағдарламасын Мұхамеджан Тазабек жүргізбесін» деп әлеуметтік желіде қарсылық білдірген болатын. Өкінішке қарай «Қазақстан» ұлттық телеарнасы айтыскер ақынның бағдарламасына тыйым салмады. Енді міне «Теріс діни ағымнан дәстүрлі жолға түстім» деген адам мектептегі балаларды «тәлім» беріп жүр. Kznews.kz сайты Ая Өміртайдың жазбасын ұсынады.
«Бүгін маған Жамбыл облысы әкімдігінде жұмыс істейтін бір қызметкер хабарласты. «Амалым болмай сізге хабарласып тұрмын» дейді. Айтуынша, Мұхамеджан Тазабек бүгін сағат 15.00-де Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында Н.Киікбаев атындағы мектепте оқушылармен кездесу өткізбекші. «Осыған қалайда бір тосқауыл бола аламыз ба? Өз арамызда қанша қарсылық танытқанымызбен Жамбыл облысы әкімдігі кездесуді өткізуге аса ынталы боп отыр» дейді.
Өздеріңіз білесіздер, былтыр осы уақытта М.Тазабек ақидасын өзгерткенін, кезінде теріс ағымда болғанын өзі көпшіліктің алдында мойындаған болатын. Содан бері ол кісінің ұстанымдарына қатысты ешқандай тексеріс жүргізілген жоқ. Жастармен жиі кездесіп, үлкен арнаға басшылық етіп отыр. Сондықтан оң-солын танымаған мектеп оқушыларына мұндай адаммен кездесу ұйымдастыру қауіпті. Өйткені өмірге деген көзқарасы әлі қалыптаспаған, жалындап тұрған жас баланы жүгендеп алу өте оңай.
Ол кісінің айтатын сөзі мен баяндамасының мазмұнын біреу-міреу тексерді ме? Былтыр «Тәлім тренд» бағдарламасында «қыз баланы шет елден оқыту ұлтың соры» деген пікірді ашық насихаттаған адамды мектепке кіргізу қаншалықты дұрыс?! Бас-аяғы жоқ жалған ертегіні қашанғы тыңдата бермексіздер қадірменді билік өкілдері?
«Тәлім тренд» кезінде саған біреу тапсырыс берді ме деп сұрағандар болды. Маған ешкім ақы төлеген емес. Осы бірдеңе деп жатыр-ау деп мойын бұрған да емес. Өз қазанымда өзім қайнап жатырмын қысқасы», – дейді ол.
P.S. Осы ретте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен оның идеологияға жауапты орынбасары Дәулет Кәрібек және облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жаманкөзов ай қарап жүр ме деген сауал туындайды. Күні кеше теріс діни ағымда болғанын ресми түрде мойындаған адамды мектеп оқушыларымен кездестіру дұрыс емес. Бұл мәселені Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз бақылауына алып, Мұхамеджан Тазабековты мектепке жолатпайтындай етуі керек.
[:]