[:kz]
Қалдықыз Тасымбекқызы — Түркістан өңірінде тұратын батыр ана. 11 қызды дүниеге әкелген ол өмір бойы ұлды болуды армандап келген. Жолдасына ұрпағын жалғар, атұстар сыйлай алмағанына көңілі түскен әйел бір кездері одан «тоқал ал» деп өтінгенін айтады. Дегенмен, абзал әке қыздарының барына шүкір етіп, тоқал алудан бас тартқан, деп жазады «Пендеміз ғой» бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.
«Еуразия бірінші арнасындағы» «Пендеміз ғой» бағдарламасында ұлды аңсаған кей жандардың қызының есімін ұлға ұқсатып қою тақырыбы көтерілді. Кейіпкер ретінде радиожурналист — Болдықыз Аралбайқызы таңдалып алынған.
Болдықыз өзінің ерекше есімінің қойылу тарихына тоқталып, анасының 11 қызды дүниеге әкелген жан екенін айтты. 11 қыздың жетіншісі болып өмірге келген сәбиді «келесі перзент ұл болсын» деген ырыммен Болдықыз деп көрші әйел қойған екен. Кішкентайынан қатарластары тарапынан түрлі мазаққа көнген бойжеткен анасынан талай мәрте «есімімді өзгерт» деп өтінген екен. Алайда, анасы бұл әрекеттің дұрыс еместігін түсіндіріп, рұқсатын бермепті.
Бірақ, қазіргі күні ол есімінен еш қысылмайтынын айтады. «Ұл сияқты өсті. Ұл балалармен ойнап, төбелесіп, солардың жанынан қалмай өсті. Балалар мазат етті деп келетін. Неге маған дейінгі қыздардың есімі әдемі, менікі неге Болдықыз деп. Айтып, түсіндіретінмін. Ерекше мағынасы бар, деп. Шыны керек, қыздардың арасында бірнеше рет түсік тастадым. Артынан шетінеп кеткен сәбидің ұл бала екенін естігенде жолдасым «ішім ашып тұр» деген еді», — дейді ол. Ұл баланы өмірге әкеле алмағаны Қалдықыз Тасымбекқызының жанына батып, ол күйеуінің көңілін түсірмес үшін тіпті оған тоқал алып беруге дайын болғанын да айтады. «Қай қызда екені есімде жоқ. Әйтеуір бір қызды туғанымда ұнжырғасы түсіп жүрді. Бірақ маған білдірмейді. «Сен аман болсаң болды, бәрінен бұрын сен керексің, қыздар тұрмысқа кеткенде жанымда сен қаласың», дейтін. Бірақ үнемі тойға барып келгенде, басқа да тойларға барғанда, «менің де ұлым болғанда келін алатын едім, қыз ұзататын едім, той жасайтын едім» дейтін. Сонла мен: «Бір келіншек ал, ұл туып берсе болды. Ал қыздарға мен өзім жауап беремін. Ренжімеймін, алшы», — дедім», — дейді ол. Алайда 11 қыздың әкесі оны бұл райынан қайтарыпты. Ол өзге әйел алмайтынын, қыздардың барына шүкірлік ететінін жеткізген. Қазіргі таңда қыздардың дені бой жетіп, өз орнын тапқан. «Осы күніме ризамын» деген ана өткеніне еш өкінбеймін, дейді.
[:]