АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]Жаңаөзендегі наразы топ облыс әкімі Ноғаевты жиыннан қуып жіберді[:]

[:kz]

 

 

Жаңаөзендегі сұйытылған автомобиль газы бағасын 50 теңгеден асырмауды талап еткен жұрт наразылығы екінші тәулікке ұласты. 2 қаңтарда жабылған қала әкімдігі маңындағы жол әлі ашылмады. 3 қаңтарда жиналғандар қарасы 3 мың адамға жуықтады деп хабарлайды  www.azattyq.org

Түстен кейін сағат төрттер шамасында жиналған жұрт алдына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев келді. Қасына «Қазақ газ өңдеу зауыты директоры Нақберген Түлепов пен Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаров ілескен.

Облыс әкімін жиналған наразылар «Газ бағасы 50 теңге болсын!», «Жер байлығы – ел байлығы», «Бірлікті ел болсын!» деген жазуы бар плакаттармен қарсы алды.

Нұрлан Ноғаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен сөйлескенін, бағаны төмендету үшін жеке кәсіпкерлермен келісімге келгенін, бағаның 85-90 теңгеден аспайтынын айтты. Жиналған жұрт жағдайды түсіндірмек болған әкімді сөйлетпеді. «Елу! Елу!» деп айқайлаған халық әкімге өз талабын айтып тұрып алды.

– Мен зейнеткермін. Көлігім жоқ. Бірақ газ бағасының көтерілуі маған қатты әсер етті. Бұрын такси 200 теңге еді, енді 500 теңге болды. Сонда зауыттың ескіргенін қазір көріп қалдыңыз ба? Зауыттың ескіргені, ортадағы делдалдар – ол үкіметтің проблемасы. Бүгін газ үшін тұрған халық ертең су үшін де тұрады. Егер халықтың жағдайын ойласа, газ бағасымен бірге айлықты да өсірсін, –

деді наразы топ өкілі Қалмұрат Сұлтанбаев.

«Қазақ газ өңдеу зауытының директоры Нақберген Түлепов газ бағасының қымбаттау себебін түсіндірді.

– Халыққа 120 теңгеден сатып отырған жоқ, литрін 77 теңгеден сатып отыр, ол рас. Оның ішінде газдың 57 теңгеден өзіндік құны бар. Қалған бағаны жеке кәсіпкер қояды. Олармен облыс әкімі сөйлесті, жеке кәсіпкерлер 85-90 теңгеден беретін болды, – деді зауыт директоры.

Бірақ зауыт директорының сөзі жиналғандардың ашу-ызасын тудырып, олар облыс әкімі Ноғаевтың дереу кетуін талап етті.

«Ортаны ашыңдар. Шаруа шешпейтін әкімнің керегі жоқ! Кете беріңіз!» деп айқайлады жиналғандар. Қолындағы дауыс күшейткішпен сөйлемек болған әкімді жиналғандар «Ел! Керегі жоқ, айтпа! Ертегіден жалықтық!» деп айқайлап, сөйлетпей қойды. Бір сағаттай тұрып жұртшылықпен өзара диалог жасай алмаған облыс әкімі қасындағы оншақты адаммен бірге кетіп қалды. Оны қала жұртшылығы «Масқара! Масқара!» деп айқайлап шығарып салды.

Жаңаөзенде сұйытылған автокөлік газ бағасының 120 теңгеге дейін өсуіне қарсы халық наразылығы 2 қаңтарда басталған. Оны қолдап газ бағасын төмендетіп, газ тапшылығы мен кезегін болдырмауды талап еткен митингілер легі Қарақия ауданының Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында, Маңғыстау ауданының Шебір елді мекенінде, Бейнеу ауданында жалғасты. Қарақия ауданындағы Құрық ауылының тұрғындары ауданға кіретін жолды жапты. Кешке қарай басқа елдерден келген түрік фуралары портқа өте алмай тұрғаны айтылды.

Маңғыстаудағы газ бағасының өсуіне наразылықты Қазақстанның өзге өңірдері де қолдаған. 3 қаңтарда Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал қалаларында ондаған адамды полиция ұстап алып кетті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

[:]