[:kz]
Танымал адвокат Абзал Құспан қамауға алынған азаматтардың бәрін бірдей «жазықсыз» деп айтуға келмейтінін мәлімдеді. Маманның айтуынша, олардың арасында әйел адамды зорлап, ойына келгенді жасағандар да бар. Қазіргі уақытта арнайы комиссия қамалғандардың ісін жеке-жеке қарап, тергеушілерге көмектесуде. Бұл туралы Абзал Құспан журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Facebook-ты ашып қалсаңыз, барлығын бірдей шығарып жіберу керек деген ұрандарды көресіз. Бұл таза делетанттық. Барлығы бірдей дәлелсіз қамалып жатқан жоқ. Видео камераға түсіп жатқандар бар», — деді Абзал Құспан.
Айта кетейік, кеше Алматыда тәртіпсіздікке қатысты деген күдікке ілінген 11 азамат босап шықты. Абзал Құспанның айтуынша, сол босап шыққан азаматтар тәртіпсіздік кезінде әйел адамның зорланғанын көрген.
«7-ші ауруханаға жарақатпен түскен ғой. Сол кезде ереуілшілер ауруханаға басып кіріп, бұлардың көздерінше медбике қызды зорлап тастайды. Ол полицей емес, сырттан келген адам емес, ол ереуілге қатысқан тентек, бұзақы топтардың қылығы. Мұндай мысалдарды тізіп айта беретін болсақ, талай адам түңіліп кетер еді», — дейді адвокат.
Сөзіне қарағанда, қамалғандардың ішінде адам өлтіргендер де бар. Бірақ қорғаушы тергеу құпиясын сақтау мақсатында оны «айта алмайтынын» жеткізді.
Жаппай тәртіпсіздіктерден кейін күйеуін, бауырын, ұлын жоғалтқан жандар «жақыным жазықсыз қамалды» деп телеарналардан, елден көмек сұрауда. Адвокаттың айтуынша, жазықсыз қамалғанның өзінде, істің ақ-қарасын ажырату үшін тергеушілерге уақыт керек. Себебі қазіргі уақытта оларға ауыр салмақ артылып отыр.
«Бір тергеуші бір айда екі істі аяқтай алады деп есептейікші. Ал сол тергеушіге қазір 200 іс түсіп жатыр. Ол физикалық тұрғыдан үлгере алмайды. Екіншіден, біздің құқық қорғау саласында қалыптасып қалған өте жағымсыз фактор бар, жауапкершіліктен қашудеген. Тергеуші, опер, учаскелік полиция инспекторлары, одан кейін прокурор, сот тергеуі. Не болса да «артығырақ беріп жіберейік, қамап жіберейік» деп барлығы «қамамай қалсам, бұлар менен күдіктенеді-ау» деп ешкім мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Әйтеуір полиция табалдырығын аттаған адамның бәрін қылмыскер деп қарайды. Егер шығарып жіберсем, күдікке ілігемін ба деп бастарын ала қашады», — деген адвокат қазіргі уақытта тергеушілерге барынша көмектесуге тырысып жатқандарын айтты.
Айта кетейік, Абзал Құспан қаңтар оқиғасына байланысты негізсіз қудалауға ұшырап жатқан азаматтардың құқығын қорғап, бостандыққа шығару мақсатында құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі. Қазіргі уақытта ол комиссия мүшелерімен бірге қамаудағы азаматтардың істерін қарап, ақ-қараны ажырату үшін жұмыс істеуде.
[:]