[:kz]
Қазақстанда биылғы жылдың екінші тоқсанында атаулы орташа жалақы 312 мың теңгеден астамды құрады. Бұл туралы стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті деп хабарлайды sn.kz
«2022 жылғы ІI тоқсанда Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 312 011 теңгені құрады. 2021 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 24%, нақты мәнде – 8,9% құрады. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2022 жылғы ІІ тоқсанда бағалау бойынша 196 728 теңге болды», — делінген бюро мәліметінде.
Бір жылда жалақының ең жоғары өсімі құрылыста байқалды – 35,5%. Сондай-ақ еңбекақы көлік және қоймаға орналастыру саласында – 34,8%, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында – 28,3% жоғарылады. Жалықы ең аз өскен салалар: денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 12,1%, түрлі қызмет көрсетулер – 3,9%.
Өңірлер бойынша айлық еңбекақы ең көп Қызылорда облысы тұрғындарында көтерілген – 31,3%. Ең төмен өсім Нұр-Сұлтан қаласында байқалды – 14,2%, бұл ретте нақты мәнде (бағаның өсуін ескере отырып) 0,1 пайыздық тармаққа төмендеу байқалды.
«Орташа айлық жалақы туралы деректер кәсіпорындардың тоқсан сайынғы статистикалық есебі негізінде есептеледі. Орташа мән қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салық пен басқа да ұсталымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылады. Медиана жалақысы – есептелген жалақы мөлшері бойынша қызметкерлер санын бөлгендегі қатардың тең ортасында тұрған және сол мөлшерді екіге бөлетін (одан көп және аз) жалақы мөлшері», – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросы Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің директоры Наталья Белоносова.
[:]