АЛТЫНОРДА
Әлеумет

Қызын көпшіліктің көзінше тепкілеген әкенің тағдыры елді шошытты

Баласы ержетіп, «үйленемін» дегенді естіген ата — ананың қуанышында шек болмады. Алыс — жақын ағайын, көрші — қолаңды жинап, беташардың қамына кірісіп кеткен. Ерлан Құндыздың төрт баласының тұңғышы. Отағасы Ерсайынмен өмірдің ащысы мен тұщысына көніп келе жатыр. Жағдайлары орташа. Ешкімнен кем болмасын деп балаларын оқытты, қызметке орналастырды. Бұл қуанышты көптен күтті.

Ерлан болса Жазирамен бірге жұмыс істейді. Бір көргеннен екеуі де бір — бірін ұнатып та қалды. Отау құрып, отбасылы болсақ, дегенді қыз да құп алды. Уақыты мен күнін келісіп, алып қашуға рұқсатын да берді. Ал баласының келін әкеле жатқанына қуанған Құндыз туыстар мен көршілерін жинап та үлгерген. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегендей шағын ғана ауыл адамдары тез арада мал сойып, бауырсақ пісіріп, дастарханды жайнатып, дайындықты бастап жіберген. Көлікті қиқулатып, аппақ көлікпен жаңа келінді де алып келді.

Ақ орамал жабылды. Өзара сөз байласып келген жастардың шаңырақ көтеруіне үлкендер дән риза. Салт — дәстүрмен хабаршыларды жіберіп, қуғыншыларды күтіп алуға дайындалып жатты. Әттең, аңқылдаған ата — ананың қуанышына су сепкендей басылатынын кім білсін? Суыт келген қыздың әке — шешесі ештеңе қарамастан, баса көктеп үйлеріне бет алды. Жаңа құдаларды бұлайша күтіп аламын деп ойламаған баланың туыстары сілейіп тұрып қалды. Әкесі қызының басындағы ақ орамалын жұлып тастап, қызын отырған жерінде бір тепті. Бетінен шапалақпен тартып жіберді. Барлығы жамырасып, ашуға булыққан әкені көндіруде. Ащы суға тойып алған әке ештеңеге көнер емес.

Сондағысы «бәріңді сотқа беремін!» дегенді қайталай берді. Жаңа келінде үн жоқ. Әсті әкесінің қаһарынан қорықса керек. Әкенің қызында шаруасы жоқ, көлікке қарай дедектетіп сүйрей жөнелді. Мұндай сұмдыққа тап боламын деп Құндыздың үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Мына масқараны доғару үшін құдасының аяғына жығылды.

«Ашуыңызды басыңыз. Екі жас бірін — бірі қалап отыр. Менің елдің алдында масқара ете көрмеңіз. Құлыңыз болайын. Беташарға да дайындалып қойдық. Қазандағы етім асулы», дегені сол еді. Ашуға булыққан ол отта қайнап жатқан қазанды теуіп жіберді. Жиналған жұрт аң — таң. Қайнап жатқан бір қазан ет ақтарылып, ошақтағы оты сөніп қалды. Сонымен қарғанып сіленіп жаңа құдалар кетті. Жиналған жасы үлкендер бұны жақсылыққа жорымады. Арада бір апта өткен соң, ортаға таныстарын салып жүріп, «бізден қателік кетті. Құдаласайық» деп өздері келді.

Баласының көңілін қимаған ата — ана, оттағы қазанын төңкерген жанмен құда болуға келісті. Бұл жолы алып қашып емес, қүда түсіп баруды ұйғарды. Құда болып, құшақтаспай тұрып, жүз шайысып қалғанмен амал жоқ дастархандас болуға тура келді. Көңілі қалса да, жаратқанға тапсырды.

Арада бірнеше жыл өтті. Құдасының бұрынғы мансабы жоқ, жұмыстан шеттетілген. Бетін қақпай өсірген ұлы үш рет үйленіп, бақытты отбасы болып кете алмады.

Одан бөлек заң алдында істі болғаны бар. Аурушаң болған әйелін күтуге тура келеді. Кешкі асты дайындауға кірісіп кетті. Әйтеуір қызының бағының ашылғанына іштей қуанады. Өкініші де жоқ емес. Қазанның астында жанған отқа көз алмай, ойға шомды. Қазақта «қазанның киесі ұрады» деген сөз бекер айтылмаған екен. Алайда ол тым кеш түсінген еді

oinet.kz