ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Д.А. ҚОНАЕВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТІ
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ КОМИТЕТІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ЗИЯЛЫЛАР
Алматы — 2010
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
1 ҚАЗАҚ РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫ.
1.1 Орталықта кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі елдегі жағдайы
1.2 Қазақ революциялық комитетінің ұйымдастырылуы,
оның құрылымы
2 ҚАЗАҚ РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ КОМИТЕТІ ЖӘНЕ ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ.
2.1 Қазақ революциялық комитетінің құрамы және оның қызметі
2.2 Қазақ революциялық комитетінің кеңестік автаномия
құрудағы қызметі
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕРІ ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әскери революциялық комитеті өлкеде жаңадан құрылуға тиісті биліктің баламасы болды.
Бұл кезде өлке азамат соғысының құрсауыңда еді. Біршама жерлерде халық аштыққа ұшырап, сүзек ауруы жайлаған болатын. Осындай жағдайда елде қазақ ұлттық мемлекетгігін орнату үшін қазақ зиялылары да күресті. Сондықтан да біз қарастырып отырған мәселе өзекті болып табылады.
1919 — жылы шілдеде РКП(б) Орталық Комитеті мен РКФСР Халық комиссарлар кеңесі эссарлар кеңесінің шешімі бойынша Қазақ әскери революциялық комитетін құрды. Қазақ әскери революциялық комитетінде ұлт зиялыларыда қызмет етті. Алайда, кеңестік тарихнамада Қазақ ревалюциялық комитетінің құрылуы, оның қызметі бір жақты айтылды,осыған байланысты да бұл мәселе өзекті болып табылады.
Қазақ әскери революциялық комитетінің құрамы жағынан әр түрлі көзқарастар саяси позициясында тұрған адамдардың жиынтығы болатын, соған байланысты ұлттық идея мәселесінде оның мүшелерінің пікірі мен әрекеті бір жерден шыққан жоқ болатын.
30-шы жылдардан бастап ұлт зиялыларының қызметі туралы тақырыпты зерттеуге, жазуға, тіпті айтуға тыйым салынды. Сондықтан оның деректемелік негіздерін де зерттеу мүмкін болмай қалды.
Әсіресе, Алаш қозғалысының ұлт-азаттық сипатын дәлелдеуге, олардың большевиктермен және кеңес өкіметімен шын мәніндегі ара қатынасын айқындауға, ұлт зиялыларының көзқарас эволюциясын ашып көрсетуге мүмкіндік берілмеді. Қоғамдық ұйымдармен және саяси партиялармен байланысын көрсететін тарихи деректерді пайдалануға қатаң тыйым салынды, ал олардың кейбіреулері ғылыми айналымға таратылғанымен, мазмұн жағынан бұрмаланып отырды. Сондықтан да біз бұл мәселені өзекті деп есептейміз.
Зерттеліп отырған жұмыс ғылыми айналымға жаңадан қосылған түпнұсқалық мәні бар, деректер мен құжаттарға, зерттеулерге сын көзбен қарау түрғысынан жазылды.
Зерттеу жұмысымда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Бақытжан Қаратаев, Сейітқали Меңдешев, Халел және Жаханша Досмұхамедовтер, т.б. қазақ зиялыларының Қазақ әскери революциялық комитетіндегі қызметіне байланысты құжаттар, Қазақстан республикасы Орталық мемлекеттік архив қорларынан алынған деректер де пайдаланылды. Яғни Орталық мемлекеттік архивтің 14-ші қорында Қазақ революциялық комитетінің хаттамалары, бұйрықтары, үкімдері, халыққа жариялаған жаңалықтары, оқыған баяндамалары, зиялылардың бір- біріне жазған хаттары сақталған. Ал, 19-шы қорында Қазақ кеңестік автономиясын құру туралы құжаттар сақталған.
Жұмыстың деректік негізі. Зерттеліп отырған тақырыпқа байланысты деректерді төрт топқа бөлуге болады: құжаттар мен материалдар жинақтары, ғылыми айналымдағы фактіге негізделген мәліметтер, тарихи оқиғалар туралы естеліктер мен жазбалар және архив құжаттары.
Құжаттар мен материалдар жинақтырында Қазақстандағы шетелдік әскери интервенция мен азамат соғысы жылдарында региондарда жүргізілген әртүрлі әскери іс-қимылдары жайында кеңінен мәлімет табуға болады.[11.23-28бб] Мәселен, «Қазақ АССР-інің құрылуы»деп аталатын құжаттар мен материалдар жинағында Қазақ революциялық комитетінің жергілікті ревком мүшелеріне берілген бұйрықтары мен қаулылары, құжаттары келтірілген.[12.55-56бб]. Алайда, қазақ зиялыларының қандай бағытта жұмыс жүргізгені туралы мәліметтер үздік-создық келтірілді. Бұл жинақтар өлкедегі сол кезеңдегі жалпы әскери – саяси жағдайды шамалауға мүмкіндік береді.
Зерттеушінің зерттеуге, білуге деген қызығушылығы мен ынтасын оятатын бағалы нәрсе — естеліктер мен жазбалар. Бұл жазба деректерде сол заман адамының болған оқиғаға тікелей қатысып, өз көзімен көрген-білгені, естігені туралы, кескілескен ұрыстар және оқиғаның түрлі жақтары жайында түрлі мәліметтер алуға болады. Ревком комитет өкілдерінің өз қызметтерінің әртүрлі кезендері туралы жазбалары сақталған. Мысалы, А.Т.Жангельдин, С.М.Мендешев, Б.Б.Қаратаев, А.Айтиев, А.Ермеков, С.Пестковский және т.б сияқты Қазақ революциялық комитеті мүшелерінің естеліктері мен жазбаларын кұнды материалдарға жатқызуға болады[13.146-147бб]. Қазақ революциялық комитетінің құрылуына дейінгі тарихы мен оның қызметіне қатысты көптеген фактіге негізделген мәліметтер алуға болады. Сонымен қатар, бұл естеліктер мен жазбаларда мемуарлы түрдегі деректердің барлық түрлері, жеке субъектік характердегі пікірлері мен баға беруі кездеседі.
Кез-келген дерек өзінің табиғаты жағынан объективті,өйткені белгілі бір оқиғасыз — немесе қоғамдық құбылыссыз дерек пайда болмайды. Екінші жағынан, кез-келген дерек субъективті, себебі ол субъект белгілі бір ұлттың, таптың не топтың өкілі. Сондықтан оқиға туралы ақпараттармен қатар субъективті мағлүматтар да дерекке салынады. Қысқаша айтсак, дерекке дерек авторының дүниеге деген көзкарасы, түсінігі, психологиясы да енеді. Сондықтан зерттеуші тарихи деректерді деректанулық талдаудан өткізуге тиіс.
Соңғы жылдары Қазақстан ғалымдары сол кездегі ұлттық басылымдарды дерек көзі ретінде зерттеп, оның нөтижелерін ғылыми айналымға енгізуде. Мұның жарқын мысалы ретінде Үшкілтай Субханбердинаның «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» атты мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші мен Мәмбет Қойгельдиевтің 1994 ж «Қазақ» газетінде жарияланған ұлт зиялыларының мақалаларын атаған жөн .[10.120 б].
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің (ҚРОМА) І4-19 қорларында XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының Ресейдің отарына қарсы күресін көрсететін деректер сақталған. Міне осы қорлардың ішінде Қазақ ревалюциялық комитетіне қатысты құжаттар 14 қорда жақсы сақталған. Бұл қорда Қазақ ревалюциялық комитетінің басшылары бекіткен құжаттар мен хаттамалар сақталған, яғни бұл құжаттар басшылардың бұйрықтары, зиялылардың бір-біріне жазған хаттары, халық алдында оқыған баяндамалары, аймақтық басшыларды тағайындау бұйрықтары тізбегінде сақталған.
Мәселенің зерттелу деңгейі. Өкімет тарапынан 60 жылдан астам уақыт тыйым салынған тарихымыздың «ақтандақ беттерін» ашуға кейінгі кезде зерттеушілер атсалысып жүр. Біршама мақалалар жарияланды, әртүрлі пікірталастар болды. Қазақ зиялыларының Қазақ революциялық комитетінде және Қазақ ұлттық автономия жариялаудағы қоғамдық және шығармашылық қызметіне байланысты еңбектер жазылды. Қазақ кеңестік мемлекеттігінің қалыптасу тарихына қатысты алғашқы еңбектің бірі М.С.Сапарғалиевтің монографиясы. Ол өзінің «Қазақ Совет мемлекетгігінің қалыптасуы» деген еңбегінде Қазақ революциялық комитетіне қатысты мәселеге бірнеше жылдарды ғана арнаған екен. Атап айтқанда, 1919-жылғы шілденің 10-ындағы РКФСР Халық комиссарлар кеңесінің Қазақ революциялық комитеті бекіткен Декреті жайында және 1919 жылы қазанның 27-сінде Қазақ революциялық комитет орталығы Орынборда Бүкілодақтық Орталык Аткару комитетінің Түркістан комиссиясының мүшелері мен халық комиссарлар кеңесінің қатысуымен өткен жиналысы туралы сөз еткен. [1.88-95бб]
Г.Т.Тайманов өз монографиясында осы мәселеге бірнеше абзацты арнаған екен. Еңбекте қазақ автономиялық республикасының құрылғанға дейінгі уақыт аралығын қарастырған. Автор Қазақ революциялық комитеті туралы оның жергілікті кеңестерді ұйымдастыруға байланысты жасалынған заң жобасына баса назар аударып, жобаны дұрыс деген шешімге келеді. Ревком қызметіне қазақ интеллигенттерін тарту жөнінде, 1920 жылдың басындағы жалпықазақ съезінің шақырылуы мен ондағы қарастырылған мәселелерге біраз көңіл аударылған[2.28-29бб]
Белгілі ғалым, профессор, тарих ғылымының докторы С.Сартаев Қазақстандағы кеңестік ұлттық мемлекеттік құрылыстың құрылу тарихын толығырақ қарастырған өз монографиясында Қазан төңкерісінен бастап XX ғасырдың 50-60 жылдарына дейінгі кезеңді қамтиды. Еңбекте Қазақ революциялық комитетінің қызметі мен Қазақ кеңестік автономиялық республикасының құрылуы туралы мәселеге арнайы параграф арналған. Қазақ революциялық комитетінің қызметіндегі кейбір мәселелерге көңіл бөліп, толығымен қарастыруға тырысқан. Кеңес өкіметінің Ревком қызметіне тарихи баға беріп, тіпті, барлық оқулықтар мен кітаптардан алып тасталған «күмәнді» есімдерді де ашық болмаса да, астарлай көрсетуге тырысқан[3.51-65бб]
Қазақ әскери революциялық комитетінің қызметіне арнайы көңіл бөлген алғашқы зерттеуші А.Мұхтаров ,оның Имашевпен біріге отырып жазған еңбегі осы тақырыпқа арналған еңбектердің тырнақ алдысы болып есептеледі[5.150 б].
Онда өлкедегі кеңестік автономияны жариялаудағы Қазақ революциялық комитетінің ролін көрсеткен. Мақалада негізінен Қазақ революциялық комитетін «қазақ халқын біріктіруші орталық ретінде, қазақ автономиясын жариялау үшін жалпықазақ съезін үйымдастырудағы барлық дайындық жұмыстар қазақ әскери революциялық комитетінің міндетіне айналды» деп айтады. Алайда, автор мәселені үстіртін қараған[4.11-5бб]
Қазақ революциялық комитетінің құрылуына арналған екінші көлемді мақаласында Мұхтаров ревкомның құрылымына, арнайы құрамы жайында және ревком мүшелерінің қызметтегі іс-әрекеті мен атқарған жұмыстарына тоқталып, қысқаша баяндаған.
Автор Қазақ революциялық комитетінің қазақ өлкесіндегі саяси және әлеуметтік – экономикалық өміріндегі роліне жоғарғы баға берген. Қазақ әскери революциялық комитеті А.Мұхтаровтың бағалауы бойынша, «Азамат соғысының ауыр жағдайында Қазақстанда өлкені басқаруға біршама жұмыстар атқарды. Мемлекеттің нығаю үшін маңызды қаулылар мен шешімдер қабылдап отырды[5.8-84бб].
Мазмұны жағынан толық жазылған үшінші мақаласы Кеңестердің жалпықазақ съезіне шақыруға дайындалған Қазақ революциялық комитетінің қызметін ашуға арналған. Мұнда әсіресе, кеңес дәуірінде жарық көрген мақала болғандықтан қазақ ауылдарындағы кеңестердің құрылуы мен нығаюы, кеңестік құрылыстың қалай жүргендігі жайында көп көңіл бөлінген.
К.Нүрпейісовтің 1972 жылы жарыққа шыққан «Қазақстанның шаруалар кеңестері» деп аталатын еңбегінде 1917-1920 жылдардағы Қазақстандағы кеңестердің шаруалар кеңесі туралы сөз болады. Ал Қазақ революциялық комитетіне арнайы көңіл бөлінбеген. Бүл еңбекте Қазақ революциялық комитеті және оның қызметі, кеңестердің бүкілқазақтық съезіне сайлауға дайындығы жөнінде мәселелерді ашып көрсетеді[6.11б].
Кеңес Нүрпейісовтің 1995 жылы жарық көрген «Алаш һәм Алашорда» атты кітабы кеңес өкіметі кезінде 60 жылдан астам уақыт зерттеуге тыйым салынғандықтан, Алашорда тарихын жаңаша көзқараста жазуды таңдаған. Мұнда ұлттық-демократиялық Алаш партиясының дүниеге келуі, оның бағдарламалық мақсат-міндеттері, Қазақ әскери революциялық комитетінің құрамындағы қызметкерлердің кеңестік мемлекет орнатуға атсалысуы, Қазақ Кеңестік автономиясының мәселесі, іс-әрекеті сөз болады.[7.]
Алашорданың саяси және экономикалық бастау көздері туралы, ұлттық автономия мен Алашорда өкіметінің құрылуы, олардың кеңес өкіметімен арақатынасы хақындағы алғашқы пікірлер большевиктік бағыттағы баспасөзде 1919-1920 жылдардан-ақ жариялана бастады. Осы тақырып бойынша алғашқы қалам тартушылар: белгілі қайраткерлердің бірі Ахмет Байтүрсынов пен қазақ зиялыларының қатарынан шыққан алғашқы большевиктердің бірі Сәкен Сейфуллин. 1919 жылы тамызда РКФСР-дың Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты органында Ахмет Байтұрсыновтың «Революция және қырғыздар» атты мақаласы жарияланды[9.29-37бб] Осы шағын еңбегінде А.Байтұрсынов 1917 жылғы Ақпан және қазан революцияларын қазақ халқының қалай қарсы алғандығы жөнінде өз бағасын беріп, Алаш Автономиясын жариялау және осы үкіметті құру себептерін ашып көрсетті, Алашорданың Уақытша Сібір үкіметі, құрылтай жиналысы комитеті және Колчак билігімен қандай қарым-қатынаста болғандығы туралы өз пайымдауларын баяндайды. Сонымен қатар ол болшевизмді қабылдауға қазақ халқы дайын емес деген тұжырым жасайды.
Қазақстанның 1917-1920 жылдар аралығындағы периодтағы тарихын зерттеуші С.Бейсембаевтың «Ленин и Казахстан» атты еңбегін атап өту қажет[8.203б].
Онда орталық партия органдарымен В.И.Лениннің Декретіне қол қоюы және қазақ революциялық комитетінің өлекеде жүмыс істей бастауы жайында айтылған.
1949 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихында» Қазақ революциялық комитеті тек бірнеше сөзбен ғана айтылған. Ал кейін шыққан (1977) қазақ ССР тарихында тек қазақ революциялық комитеті туралы бір сөйлеммен атап өтіледі.
1963-1964 жылдары дайындалған «Кеңестік Қазақстанның мемлекеттік тарихы» деп аталатын екі томдық курсы Қазақ ССР-інің Ғылым Академиясы философия және құқық институтының басшылығымен шығарылды. Осы кітаптың арнайы бір параграфы Қазақ революциялық комитетіне арналған. Алайда, бұл кітапта Қазақ революциялық комитеті туралы жаңа құжаттар жоқтың қасы.. Кеңес өкіметі тұсында ұлт зиялылары туралы шындық ашылған жоқ еді. Бұл тақырып ресми түрде «жабылған» болатын. Осының салдарынан 60 жылдай уақыт бойы (30-шы жылдардың ортасынан 80-ші жылдардың соңына дейін) ғылыми және саяси әдебиеттерде, тіпті жекелеген көркем шығармаларда да мәселенің байыбына бармай, шындықа сай келмейтін Ұлт зиялыларын жаппай қаралайтын, оның жетекшілерін «буржуазияшыл ұлтшылдар», «халық жауы» деп жамандайтын пікірлер жазылып, әртүрлі мінбелерден жалған сөздер айтылып келді.
Ұлт зиялыларының қызметі туралы тақырып шетелдік зерттеушілердің назарынан сырт қалған жоқ. Солардың ішінен американдық зерттеуші М. Олкоттың 1987 жылы Стэнфорт университетінің баспасынан шыққан «Қазақтар»деп аталатын көлемді монографиясын атауға болады.
Көлемді үш бөлімнен тұратын осы еңбекте көне дәуірден ХХ-шы ғасырдың 80-ші жылдарына дейінгі Қазақстан тарихының басты-басты мәселелері қарастырылған. «Революциялық және Кеңестік Қазақстан» атты үшінші бөлімінің 1917-1920 жылдарға арналған тарауында 1917 жылғы екі революция мен азамат соғысы жылдарындағы қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси өміріне талдау жасалып, өлкеде құрылған әр түрлі бағыттағы саяси қозғалыстар мен партиялардың қызметтеріне баға берілген.
Ұлт зиялыларының 1919 жылдарда Қазақстанда ұлттық мемлекет орнатып, оны басқаруға ұмтылған әрекеттер жасағанын және азамат соғысы жағдайында олардың ойлағанындай нәтиже бермегендігін айтады.
Зерттеу негізінен орыс тіліндегі құжаттар мен арнаулы зерттеулерге негізделіп жазылған. Ал, Ұлттық қозғалыс тарихының көптеген мәселелері, ұлт зиялыларының арасындағы ішкі қайшылықтары, азамат соғысы жылдарындағы әрекеттері мен өзара қатынасы ашылмай қалған.
Соңғы он бес жыл_ішінде ұлттық интеллигенцияға жаңа көзқарас қалыптастыруда ашық та батыл пікірлер айтып, дәлелді тұжырымдар жасауда М.Қойгелдиев пен Т.Омарбеков белсенділік көрсетті.[10.11бб].
Ұлт тарихына қалам тартуға мүмкіншілік туған соңғы жылдары Ә.Қайдаровтың, Р.Сыздықованың, Ә.Әлімжановтың, Т.Қожакеевтің, С.Қирабаевтың, М.Құлмұхаметтің т.б. зерттеушілердің мерзімді баспасөзде жарияланған мақалаларында қазақ ұлттық автономиясының жариялануы, ондағы ұлт зиялыларының қызметі мен көптеген мәліметтермен танысуға болады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті. Қазақ әскери революциялық комитетінің құрамындағы ұлт зиялыларының қазақ өлкесінде атқарған қызметін ашып, кеңес өкіметі мен Қазақ революциялық комитетіндегі қазақ зиялыларының қызметін көрсету, арақатынасын анықтау, әртүрлі мүддеде тұрған, саяси бағыт ұстанған адамдардың көзқарасын талдау арқылы көрсету, шындыққа көз жеткізу, жалпы қазақ съезінде қабылданған Қазақ ұлттық автономиясын орнатудағы қазақ революциялық комитетінің қызметін толық көрсету.
Осы мақсатты жүзеге асыру міндетім.
«Қазақ әскери революциялық комитеті және ұлттық зиялылар» атты тақырып қазақ тарихындағы өзекті тақырыптардың бірі болып саналады. Аталған тақырыптың қазақ тарихында алатын орны мен казақ тарихына қосар үлесін ескере отырып, тақырып бойынша арнайы курстар, пікірталастар, факультативтік сабақтар өткізілуі тиіс. Оқу процессінде «Қазақстан тарихы» оқулықтарында осы аталған тақырыпқа міндетті түрде бір тарау бөлініп, толықтырылып, оқулық қайтадан жазылуы керек.
Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫ.
1.1 Орталықта кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі жағдай.
1917 жылы жазының соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер жерінде бұқараның Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл кеңестердегі большевиктердің ықпалының артуына жағдай жасады. Олар 1917 жылғы шілде оқиғасынан кейін алынып тасталған “Барлық билік Кеңестерге берілсін” деген ұранды қайта көтерді. Енді бұл ұран қарулы көтеріліске, Уақытша үкіметті құлатуға, пролетариат диктатурасын орнатуға бағытталды.
1917 жылы 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. 1917 жылы 25 қазанда Әскери – революциялық комитет уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Елдегі күштердің ара салмағы түбірімен өзгеруі большевиктер көпшілігін басқарып отырған Советтердің қолына өкімет билігінің көшуін қамтамасыз етті.
Петроград горнизоны мен ел астанасы жұмысшылары Керенский басқарған үкіметті құлату мақсатында қарулы көтерілістің қызу жүріп жатқан кезінде 1917 жылы қазанның 26 – сында Советтердің бүкілроссиялық екінші съезі ашылды. 690 съезд делегаттарының ішінде төрттен үшке жуығы елдегі өкімет билігінің Советтерге берілуін қолдады. Сондықтанда, съезд атынан “Жұмысшыларға, солдаттарға және шаруаларға” арнап Ленин жазған үндеуде: “жұмысшылардың, солдаттардың және шаруалардың орасан басым көпшілігінің еркіне сүйене отырып, съезд өкіметті өз қолына алады”, — делінді В.И.Лениннің ұсынысымен қабылданған үндеуде “… жергілікті жерлерде бүкіл өкімет жұмысшы, солдат және шаруа депутаттарының Советтеріне көшетіндігі,”- [6.53б]баса көрсетілді.
Бірнеше күннен кейін 2 – ші қарашада Совет үкіметі жариялаған “Россия халықтары праволарының деклорациясында” елді мекендеген халықтарға теңдік, өзін — өзі билеу, тіпті дербес мемлекет құруға дейін баратын өзін — өзі билеу құқықтары берілетіндігі айтылады. Осыған мазмұндас уәде сол жылғы 20- қарашада совет үкіметі қабылдаған “Россия мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне”.[6.64б] деген үндеуде де орын алды.
Қазан революциясы жеңіске жетісімен Совет үкіметінің ұлт мәселесін шешу осылайша уәде беруі, сонымен қатар Советтердің бүкілроссиялық екінші съезінің халыққа арналған үндеуінде жаңа үкімет “помещиктік, уездік, манастырлық жерлердің шаруа комитеттерінің қарамағына тегін берілуін қамтамасыз етеді, армияны толық демократияландыру ісін жүзеге асырып, солдаттардың праволарын қорғайды, өндіріске жұмысшы бақылауын орнатады, құрылтай жиналысының дер кезінде шақырылуын қамтамасыз етеді, қалаларға астықтың, деревнияларға керекті заттардың жеткізілуіне қамқорлық жасайды»,- деп мәлімдеуі бірінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі жағдайында бұрынғыдан әрі күшейе түскен әлеуметтік және ұлттық езгінің ауыртпалығын көтерген еңбекшілердің айтарлықтай бөлігінің тарапынан қолдау тапты.
Ал Алаш партиясының басшылары осыған дейін Қазақстанның ең басты, ең өзекті мәселелерін (ұлттық мемлекеттік құрылыс, жер қоныс аударушылар, қазақ орыс әскерлерінің зорлық зомбылығы, т.с.с) шеше алмаған уақытша үкіметке сенуден қалса, енді оның орнына келіп, жоғарыда аталған проблемаларды таптық принциптер негізінде шешуге уәде еткен Совет үкіметіне күмәнмен қарады.
Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті. Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай–ақ Қазақстанмен іргелес жатқан Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань тәрізді ірі қалаларда кеңес үкіметінің орнауы Қазақстандада биліктің Кеңестердің қолына көшуі ықпал етті. Алайда, Қазақстанда кеңес үкіметін орнату төрт айға, 1917 жылдың соңынан 1918 жылдың наурызына дейін созылды. Бұл процес аймақтың әлеуметтік – эканомикалық және мәдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе түсті.
Жалпыресейлік тұрғыдан келгенде, солшыл эссерлерден басқа саяси күштер – монархистерден либералдар мен социялистерге дейін Қазан революциясы жеңісіне қарсы бір одаққа бірікті. Осыған ұқсас жағдай Қазақстанда да қалыптасты. Сондықтан да өлкеде Совет үкіметінің орнауы, осыған дейін айтылып та, жазылып та келгендей, “салтанаттық шеру” (Лениндік анықтама) түрінде өткен жоқ, керісінше өте қиын да күрделі жағдай болды. Бұл процес 1917 жылғы қазан айының соңынан 1918 жылдың наурыз айының басына дейін созылып, төрт айдай мерзімді қамтыды .
Кеңес үкіметі уақытша үкімет жақтастары қарулы қарсылық көрсете алмаған Сырдария, Ақмола облыстары және Бөкей ордасында бейбіт жолмен орнады. Ал Торғай, Орал, Орынбор, Семей және Жетісу облыстарында кеңес өкіметін орнату қиян-кескі күрес болды.
1917 жылдың соңы мен 1918 жылдың наурызы аралығында кеңес үкіметі Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халықтар тығыз орналасқан жерлерде орнады.
Қазақстанда совет үкіметін орнату большевиктер ықпалында болған жергілікті күштер, Бірінші дүние жүзілік соғыстың майдандарынан келген солдаттар мен қалалық горнизондардың жауынгерлері шешуші рөл атқарды.
1918 жылы қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3- съезінде В.И.Лениннің дайындаған “Еңбекшілер мен қаналған халықтардың құқықтары декларациясы” қабылданды.[6.103б]. Бұл құжатта комунистік партияның кеңес республикасының мемлекеттік құрылымы түріндегі кеңестік федерацияны ымырасыз жақтайтыны айқын көрінді. Декларацияда “ Кеңестік Ресей Республикасы еркін ұлттар одағының негізіндегі кеңестік ұлттық республикалардың федерациясы түрінде құрылады,”- [6.105б] делінген.
РКФСР құрылғаннан кейін елдің Шығысында жаңа автаномиялық республикаларды құруға дайындық жұмыстары жүргізілді. Большевиктік ұйымдар, Қазақстан және Түркістанның Кеңестері кеңестік бүкілқазақ, бүкілтүркістандық съездерін шақыруға дайындала бастады. 1918 жылы көктемінде еліміздің шығысында Түркістан автаномиялық Кеңестік социялистік республикасы құрылды. Оның құрылуы 1918 жылғы сәуірдің 20-сынан 1-мамырға дейін Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің V-съезінде іске асты. Қазіргі Қазақстанның оңтүстік аймағы (Сырдария және Жетісу облыстары)Түркістан автаномиясының құрамына кірді. Қазақстанның қалған жерлерінде – Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарында және Маңғыстауда қазақ кеңестік мемлекеттілігін құру жөніндегі жұмыс одан әрі жалғастырылды. Қазан төңкерісінен бұрын-ақ қазақ либералдық – демократиялық қозғалысының жетекшілері Қазақстанда бүкілқазақ съезін шақыруға дайындық жұмыстары кеңес үкіметін нығайту процесімен қатар жүргізілді. Мұның өзі шын мәнінде кеңестік мемлекеттікті құру және оны бекіту үшін кірес екенді мәлім. Қазақ зиялылары мемлекет құру процесін кеңестік жолмен шешілумен келісе алмады. Мұндай қарсылықтың бір себептері мынада еді: бірінші – қазақ зиялылары әуел бастан тәуелсіз ұлттық автаномия құруды жоспарласа, екінші – олар қазан төңкерісін қабылдамады, сол себепті, кеңес үкіметін мойындамады, оны заңсыз орнаған үкімет деп есептеді. Сондықтанда, “Алаш” зиялылары ұлттық мемлекет құру үшін күрес жүргізді.
Сондықтан, төралқа төрағасы Бақтыкерей Құлманов және орынбасарлары Әлихан Бөкейханов, Әзімхан Кенесарин, Халел Досмұхамедов және Омар Қарашев басқарған ІІ-съезд Қазан төңкерісіне байланысты тез өзгеріп жатқан саяси жағдайдағы Алаш партиясының міндеттері қазақ автаномисын құру деп есептеді.
Съезде қазақ автономиясының құрамына Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстары ,сонымен қатар, Закаспий облысымен Алтай губерниясының қазақтар мекендеген аудандары енуі тиіс еді. Съезд уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қалалар мен селоларда, далада қазақ халқының өмір сүруіне қауіп туғызған бей-берекеттік күннен күнге күшейіп бара жатқандығын атап көрсетті. Сондықтан съезд “қазақ халқын аман алып қалу мақсатында” “Уақытша халық Кеңесі” түріндегі билік құру, оған Алаш Орда деген ат беру жөніндегі шешім қабылдап және бүкіл қазақ халқына “бағынатын үкіметіміз осы деп сеніп … басқа үкіметті мойындамай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керектігі” [6.123б]баса ескертілді.
Жалпы социялистік идеяларды, оның ішінде большевизмді, қабылдамаған қазақтың либералды – демократиялық қозғалысының жетекшілері Қазан төңкерісінен көп бұрын, әсіресе алаш партиясының дүниеге келгеннен кейінгі,Қазақстанның әлеуметтік эканомикалық және саяси дамуына байланысты өздерінің бағдарламалық қағидаларын кеңінен насихаттаған болатын.
“Қазақ” газетінің 1917 жылы қарашаның 21- нде 251 – ші санында Алаш партиясының жобасы жарияланды. Бірінші жалпы қазақ съезінің шешімдеріне сәйкес Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұорсынов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхаметов, Ғабдулхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжанов дайындаған партия бағдарламасының жобасы он баптан тұрды. Олардың ең маңыздылары мыналар:
“І. Мемлекет қалпы. Россия – демократиялық және федеративті мемлекет болуы қажет. Демократия мағынасы – мемлекетті жұрт билеуі. Федерация мағынасы – құрдас мемлекеттер. Федеративті республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады, әр қайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді…”
Осы бапты қазіргі саяси терминмен түсіндірсек, Алаш партиясы мемлекеттік құрылыс мәселесіне Россияның терезесі тең (“құрдас”) мемлекеттердің федеративтік одағы болуын, оған мүше болған әрбір субъект (құрдас мемлекеттер) өзінің егемендік құқы бар (іргесі бөлек) болуымен бірге жалпы федеративтік одақ мүдделерін қорғауда “ынтымағы бір” болуын талап етеді.
“ІІ. Жергілікті бостандық. Қазақ жүрген облыстардың бәрі байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия федерациясының бір ағзасы болу. Реті келсе, қазақ автаномиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлес болу, реті келсе, бірден – ақ өз алдына жеке болу… Алаш партиясы әділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау балады. Күш – қуатын игілік жолына жұмсап отырады.”
«ІІІ. Негізгі құқық. Россия республикасында дінге, қанға қарамай, еркек, әйел демей адам баласы тең болу».
«ІV. Дін ісі. Дін ісі мемлекет ісінен айырылулы болуы».
«V. Билік және сот. Әр жұрттың билік пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болуы керек».
«VІ. Ел қорғау. Ел қорғау үшін әскер осы күнгі тәртіп түрінде ұсталуы керек».
«VІІ. Салық. Хал – ауқат табысқа қарай; байға – байша, кедейге – кедейше әділ жолмен таратылу».
«VІІІ. Жұмысшылар закон панасында болу. (Қазақ жерінде зауыт – фабрика аз, сондықтан қазақтың жұмысшылары да аз».
«ІХ. Ғылым білім үйрету. Оқу орындарының есігі кімге болсада есік ашық болу, жұртқа оқу жайылуы».
«Х. Жер мәселесі. Учредительное собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін…» [6.169-170бб].
Көлемі жағынан шағын, мазмұны жағынан терең осы программа жобасы 1917 жылы қараша айының ортасында өткен Құрылтай съезі сайлауында Алаш партиясының үлкен табысқа жетуіне қамтамасыз етті.
1917 жылы күзде Алаш партиясы басшылығының шешіміне сәйкес жалпықазақтық екінші съезд шақыру жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылды. Оның құрамына Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, С. Досжанов және Елдес Омаров еді. Алда болар съезде қаралатын мәселелердің бірі және бірегейі қазақ автономиясы туралы мәселе болды. Ақпан революциясынан кейінгі өткен уақытта Ә. Бөкейхановтың қазақ автонмиясы туралы көзқарасы сапалы өзгеріске ұшырады. Егер ол ақпан революциясынан кейінгі алғашқы күндерде Қазақстанға жергілікті земстволарға сүйенген мәдени автономия қажет деп пайымдаса , 1917 жылдың күзінде ол оған ұлттық – териториялық автономия қажет деп санады. Мұның негізінде, бір жағынан, Әлихан Бөкейхановтың уақытша үкіметтке деген сенімінің азайғандығы жатса, екінші жағынан, оны құлатқан Қазан төңкерісін қабылдамауы мен большевиктердің советтік негізіндегі Қазақстан автаномиясын құрмақ болған жоспарына қарсылық жатты.
Съезд шақыру қарсаңында жоғарыда айтылған Әлихан Бөкейханов басқарған бес адамнан тұратын ұйымдастыру комитеті “Қазақ” газеті арқылы қарашаның 14 – і,26 – сында аса маңызды екі үндеу жариялады. 1917 жылы қарашаның 14 – нде жарық көрген үндеуде елде кең жайылған анархиядан құтылу үшін желтоқсан айында Орынборда жалпы қазақ съезін шақырып, онда қазақ халқы өзін өзі қорғау үшін “айрықша милиция” ұйымдастыру қажеттігі айтылса, қарашаның 26–сындағы екінші үндеуде қазақ автономиясын және оның үкіметі болып табылатын “Ұлт кеңесін” сайлау мәселелері ашық көрсетілді.
“Өзімізді — өзіміз қорғау үшін, — делінді “Қазақ” газетінің қарашаның 14 – ндегі санында жарияланған үндеуінде -бізге жалпықазақ милициясын құру керек… егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілік зорайып қиыншылыққа айналғанда, қазақ халқы құрбан болады… Алаш баласының басына бір сын күн туды. Өтінеміз, қалайда болса, 5 желтоқсанда Орын-борға әр уезден жұртқа қадірлі екі ақсақалдан және әр областной комитет-тен екі оқыған кісіден жіберіңіздер”- деп баяндады [6.200-202бб].
Қазақстанда Құрылтай жиналысына депутаттар сайлауы негізінен белгіленген мерзімде – қараша айының 12-18- і аралығында өтті. Сайлау тек қана Жетісу мен Сырдария облыстарында осы мерзімнен кешірек жүргізілді. Осыған дейін барлық партиялармен саяси ұйымдар өз канди-датураларын ұсынып, қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп үлгерген болатын. Тек қана большевиктер бұл жұмыстан іс жүзінде тыс қалып отырды. Өлке большевиктері бұл кезде біріккен социял – демократиялық жұмысшы партиясы ұйымдарынан бөлініп, жеке партия құру кезеңін бастан кешіріп жатқан еді.
Қазан революциясының жеңіске жетуі, Совет үкіметі мен оның қар-сыластары арасындағы қатынастарды қатты шиеленістірді. Әуел бастан – ақ советтер жүйесін мойындамаған Алаш саяси оқиғалардың табиғи дамуының большевизмге қарсы тұрған күштер жағына шықты. Қазақстан мен Орта Азияда болшевиктерге қарсылықты ұйымдастыратын бір орталық болған жоқ. Антисоветтік күштер шашыранқы, бытыранқы жағдайда болды. Ұлт аймақтарындағы демократиялық күштермен олардың саяси ұйымдары Совет үкіметі мен болшевизмге қарсы бәріне ортақ күрес жолын анықтай алмады. Демократтарды айтпағанның өзінде Қазақстандағы казак орыс әскерлерінің басшылары, өздерінің оңтүстік және шығыс казак әскерлері одағына кіргеніне қарамастан, советке қарсы күресудегі өз әрекеттерін үйлестіре алмады. Орал казачествосы өзін Орынбор казак әскерінен тәуелсіз жағдайда ұстады. Ал, Орынбор казак әскері Сібір және Жетісу казачествосымен тығыз байланыстар орнатуға ықылассыз болды. Алаш партиясы жетекшілерінің советке қарсы бірлесіп күресу идеясымен, ол күрестің тактикасы бірден қалыптаса қоймады. Оның аймақтық көсемдері советке қарсы күрес әдістері мен жолдарын қалыптасқан саяси жағдайда өздерінің жеке бағалауына қарай анықтады. Алаштың оңтүстік қанатының басшылары М. Тынышбаев, М. Шоқайұлы Шуро – и – Улема мен Шуро- и — исламия партиясының бүкіл Түркістандық аясында болшевизмге қарсы күресті басқару жөніндегі ұсыныс қабыл алды. Сондықтанда, М. Тынышбаев Түркістан автаномиясының (тарихта “Қоқан автономиясы” аталған) премиер министрі болды, ал М. Шоқайұлы автономдық Түркістанның сыртқы істер министрі қызметін атқарды.
Ал “Алаш Орда” басшысы Әлихан Бөкейхановтың Семейде жазған баяндамасында Түркістанмен бірлесіп автономия болудан бас тартуын сол өлкеде мекендеген халықтың оқу – білімімен артта қалумен және қоғамдық -саяси өмірге ислам дінінің күшті ықпал етуімен түсіндірді.
Міржақып Дулатовтың 1929 жылы қарашаның 30 –нда ОГПУ –дің тергеушісіне жазып берген мәлімдемесі1917 жылдың күзінде Әлихан Бөкейхановтың Қазақстанның Түркістанмен бірлесіп автономия болуға қарсы болғандығын дәлелдей түседі. Міржақып Дулатов былай деп мәлімдейді: “Бөкейхановтың пікірі мынадай болады: өзбектерге және Орта Азия халықтарына қосылуға болмайды. Оларда консерватизм, клерикализм мен діни фанатизм күшті. Олар жақын уақытта діндарлар қыстағы мен шариғаттың езгісінен құтыла алмайды. Олардың шаруашылық жағдайыда ерекше, мәдениет жағынан олар бізден төмен тұр. Екі соқырдың одағынан ешнәрсе шықпайды”[9.375б]
Қазақ автономиясын сәл бұрын құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясыүкіметінінің кейбір өкілдері, дейді одан әрі ол мәлімдемесінде М.Дулатов “Әлихан Бөкейхановты кадет және орысшыл деп айыптады” [9.376б].
Алайда, мұндай түсінбеушілік ұзаққа созылмады. 1917 жылғы желтоқсанда өткен екінші жалпықазақ съезіне келген Түркістан (Қоқан) автономиясы үкіметінің басшысының бірі Мұстафа Шоқай қазақтар мекендеген барлық облыстар (олардың ішінде әуел баста Сырдария облыстары Қазақстанның құрамында болуға тиіс деген тоқтамға келді.
Орынбор қаласында 1917 жылғы желтоқсанның 5-13 күндері өткен екінші жалпықазақ съезі оны ұйымдастыру комитеті жасаған тәртіп бойынша әр уезде басы ел силаған ақсақалдан, әр облыстық қазақ комитетінен келетін екі өкілден тыс 3-ке жуық адамға арнаулы шақырулар жіберілді. Олардың қатарында Омар Қарашұлы, Қайырша Әметжанұлы, Ғабдолла Ешмұхамбетұлы, Ахметжан және Қожахмет Оразайұлдары, Құрманбек Бірімжанұлы. Бұлармен қатар “ұран”, “Сарыарқа”, “Бірлік туы”, “Тіршілік” газеттері мен жаңадан ашылған қауымдардан бір-бір өкілдерден шақырылды.
Съезд шақыру жөніндегі комиссия мүшелері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Досжанов және Елдес Омаров белсенді еңбегі нәтижесінде екінші жалпықазақ съезінде 80-ге жуық делегаттар басқосты.
Өз газеттерінің беттерінде съезд жұмысы жөнінде хабарлар жариялаған ташкенттік журналист былай деп жариялайды: “Съедге он облыстан – Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Ферғана, Самарқан, Сырдария, Закаспий және Астрахань губерниясына қарайтын Бөкей ордасынан – келген 80-ге жуық делегат қатысты. Делегаттардың көпшілігі орысша жақсы сөйлейді: европаша киінген жоғарғы және орта білімдері де аз емес”. [7.20бб]
Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) ұлт кеңесінің құрамына 15 адам сайланды: Уәлихан Танашев (Бөкей ордасы), Халел Досмұхамедов (Орал облысы), Айдархан Тұрлыбаев (Ақмола облысы), Ахмет Бірімжанов (Торғай облысы), Халел Ғаббасов (Семей облысы), Садық Аманжолов, Мұстафа Шоқай. Облыстардан тыс Алашорда құрамына Әлихан Бөкейханов, Жаханша Досмұхаметов, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбаевтар сайланды. Үкіметтің осы 15 мүшелеріне орынбасарлар болып қазақ өлкесінің әр түрлі өңірінен тағы да 15 кісінің кандидатурасы бекітілді.
Съезд қазақ милициясын құру жоспарын жасап бекітті. Съезд шешімінде милицияның әр облыстағы саны оларды оқыту және қажетті заттармен (киім – кешек , мініс аты, қару жарағы, т.с.с ) қамтамасыз ету тәртібі анықталды.
Азамат соғысы жылдарындағы Қазақстан жағдайы өте күрделі кезең болды. Қазақстан жағдайында азамат соғысының алғашқы ошағы 1917 жылғы қарашада Торғай облысының әкімшілік орталығы Орынбор қаласында пайда болды. Мұнда Орынбор қаласының казак әскерлерінің атаманы Дутов жергілікті совет үкіметін күшпен құлатып, Россияда Совет үкіметінің орнағандығын жария еткен советтердің Бүкілроссиялық екінші съезінің делегаты С. Цвиллинг басарған революциялық комитетінің мүшелерін тұтқындады. Совет үкіметіне қарсы қарулы күрестің екінші орталығы Жетісуда құрылды. 1917 жылғы 1 (14) қарашада Верный қаласында Жетісу казак әскерлерінің басшылығы “әскери үкімет” дегенді құрып, большевиктер бастаған жергілікті күштерге қарсы қарулы көтеріліс жариялады.
Орталықта жеңіске жеткен социялистік революция мен оның жергілікті жақтастарына қарсы үшінші қарулы орталық 1917 жылғы қарашада Оралда дүниеге келді. Осында да құрылған “облыстық әскери үкімет” көп кешікпей жергілікті советті таратып, бүкіл өкімет билігін қолына алды.
Ақ гвардияшыл офицерлерге, казак станциялары мен переселендер селоларының атаманшыл және кулак елементтеріне сүйегнген және совет үкіметін қабылдамаған, қолдамаған саяси партиялар мен ұйымдардан (соңғыларының ішінде кадеттер, оншыл эссерлер, меншевиктер, Алаш партиясы да болды.)қолдау тапқан осы үш “әскери үкімет” Қазақстандағы советтерге қарсы күрестің негізгі күштерін құрды.
1917 жылдың соңында құрылған Қазақ және Қоқан автономияларының жетекшілері советтерге қарсы позицияда болды және соған сай әрекеттер жасады. Азамат соғысы 1918 жылдың жазына қарай кең етек жайды. Оған шетелдік империялистік елдердің Совет үкіметін құлату мақсатымен ішкі революцияға қарсы күштер мен одақтасуы себеп болды. Советке қарсы біріккен осы екі күштің екпінді тобының ролін Чехославак корпусы атқарды. Бірінші Дүние жүзілік соғыстың барысында Россия армиясының қолына түскен тұтқындар – Австро-Венгрия қарулы күштерінің құрамында болған чех, словак және де басқа словиян тектес халықтары өкілдерінен тұратын 50 мың адамдық бұл корпус 1917 жылғы көктемнің соңы мен жаздың басында Еділ бойы мен Сібірде (Транссібір темір жолының бойында) бір мезгілде совет үкіметіне қарсы қарулы бүлік шығарды. Бұл бүлік Қазақстанның солтүстігінде және шығыс аудандарының да біраз бөлігін қамтыды.Бүлікшіл корпустың бөлімдері ішкі котрреволюциялық күштеріне сүйене отырып Ақмола, Пертропавл, Атбасар, Қостанай қалаларын басып алды. 1918 жылы маусымның 11-де Семейде де совет үкіметі құлатылды.
1918 жылдың жазында Орал, Ақмола, Семей облыстары мен Торғай облысының көпшілік бөлігін ақ гвардияшылыр жаулап алды. Семей облысынан оңтүстікке қарай жылжыған контрреволюция күштері Жетісуғада баса көктеп кірді. Сонымен 1918 жылдың ортасына қарай Совет үкіметі Түркістан өлкесіне қарайтын Жетісу және Сырдария облыстарының айтарлықтай бөлігінде, Торғай болысының оңтүстік аудандары мен Бөкей ордасының жекелеген аудандарында ғана сақталып қалды. Ақтөбе және Жетісу майдандары пайда болды. Жетісудың Лепсі уезінің териториясында кейін Черкасс қорғаны аталған шаруалардың өздерін — өздері қорғайтын ауданы құрылды.
Көп кешікпей совет үкіметі құлатылған Россияның Қазақстанға жақын кейбір қалаларында советтік билікке қарсы бағытталған және Антанта елдерінің қолдауына сүйенген үкіметтер құрылды. Олардың қатарында 1918 жылғы маусымда Самара қаласында құрылған Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (комитет членов учередительного собрание – Комуч), Омбыда құрылған уақытша Сібір үкіметі, өзін “Уақытша бүкілроссиялық үкімет” деп санаған және 1918 жылғы қыркүйекте құрылған “Уфа директориясы” (“Уфимская директория”) болды.
1918 жылғы қаңтарда Орынбордан қуылған атаман Дутов елде орын алған өзгерістерді пайдаланып, қайтадан бүлік шығарып, 1918 жылы шілденің 3-нде Орынборды басып алды.,сонымен қатар, Орал мен Жетісу казак әскерлерінің билеуші топтары да совет үкіметіне қарсы күресу үшін іс-қимылдар жүргізді.
Россия контрреволюциясын Чехославак корпусын бүлігі нәтижесінде Сібірде, Қазақстанның солтүстік – шығыс облыстарында совет үкіметінің құлатылуын басқа да пролетарлық емес партиялар сияқты Алаш партиясы да қанағаттанарлық сезіммен қарсы алды. Алаш көсемдері бүкілқазақстандық екінгші қазақ съезінде құрылғандығын жариялаған Алашордаға шын мәніндегі орталық үкімет етіп құру және оның жергілікті органдар жүйесін қалыптастыру ісіне белсенді түрде күресті. Осыған дейін Қазақ мемлекеттігі (Алаш автономиясы) мәселесі жөнінде совет үкіметі тарапынан түсіністік таппаған. Алаш партиясының жетекшілері енді Самарадағы эссерлер басшылық жасаған Комучке, Омбыдағы Сібірдің ақ гвардияшыл уақытша үкіметіне, Уфа директориясына сенім артып, олар Алаш автономисын біртұтас ұлттық мемлекет ретінде мойындайды деп дәмеленді.
Сондықтанда осындай, Кең көлемді азамат соғысы басталған және Қазақстанның көпшілік аудандарында совет үкіметі құлатылған жағдайда, Алаш орда жоғарыда аталған советтерге қарсы үкіметтермен жақындасып, Орал, Сібір және Жетісу казачествосымен тығыз байланыстар орнатты.
Алашорда Самарадағы және Омбыдағы, үкіметтерге, одан соң Уфа директориясына үміт артып, кейін осы үкіметтік құрылымды алмастырған Колчак диктатурасына Алаш автономиясын ресми тану жөнінде өтініштер жасап, Алаш автономиясына әр түрлі деңгейде көмек көрсетуді сұрады. Алайда, бұл өтініштер ойлағандай нәтиже берген жоқ[6.172б].
Алашорда алғашында Омбыдағы Сібір уақытша үкіметі мен Самарадағы Комучқа арқа сүйей отырып, өз мүмкіндіктеріне орай бүкілқазақтық екінші съездің шешімдеріне сәйес Алаш автономиясының нығайтып, баянды ету жолында: жер – жерлерде құлатылған совет үкіметінің орнына Алаш автономисының басқару органдарын құру, автономияның сан-салалы өмірін реттейтін заң құжаттары мен нұсқаулар жариялау, халықтық милиция түріндегі қарулы күштерді құруға кірісу, большевиктер басқарған саяси қарсыластары қудалау сияқты және тағы басқа бағыттарда белгілі шаралар жүйесін жүзеге асырады. 1918 жылы маусым айында Алашорда заңдық күші бар бірнеше қаулы – қарарлар қабылдады.
Атап айтқанда, маусымның 24-і күні Алашорда Алаш автономиясының териториясындағы совет үкіметі шығарған барлық декреттердің күшін жою туралы қалы қабылдаса, сол күннің ертеңінде облыстар мен уездерде Алашорда кеңестерін құру жөніндегі шешім күшіне енгізілді. Маусымның 24-нде қабылданған тағы бір қаулыда Алашорданың жанында үш адамнан тұратын әскери кеңес құру туралы жарияланды. Осы әскери кеңеске қорғаныс министрінің міндеттері жүктеліп, облыстар мен уездерде әскери бөлімдер ашылу тиіс еді. Әскери кеңес – делінді қаулыда, «-жігіттерді большевиктермен күресу үшін шақыру міндеті жүктелді» [6.172б].
Алашорда қабылдаған алғашқы заңдық мәні бар маңызды құжаттардың бірі – 1918 жылы маусымның 24-нде Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев және Х. Ғаббасов қол қойған «Алаш автономиясының териториясында уақытша жер пайдалану тәртібі» деген қаулы болды. Онда Бүкілроссиялық құрылтай жиналысы жер туралы заң қабылдағанша Қазақстанда жерге деген жеке меншіктің жойылатындығы, жер мен су байлықтарын пайдалану Алашорда рұқсатымен ғана болатындығы қазақтар мен орыстардың арасындағы жер дауын жергілікті земстволық органдар шешетіндігі айтылып, жер пайдалануға байланысты басқа мәселелерді шешудің тәртібі көрсетілген [27.109б].
Алашорданың ұлттық – мемлекеттік құрылысы саласындағы қызметінің алғашқы қадамдарында «халықтық милиция түріндегі Алаш автономиясының қарулы күштері және басқарушы үкіметтің жергілікті органдарын құру мәселелеріне үлкен мән берілді.
1918 жылы шілденің 24-нде Алаш орданың төрағасы Әлихан Бөкейханов Жаңа Семейден (Алаш қаласынан) Зайсан, Көкшетау, Повладар, Ақмола, Атбасар т.б. уездердегі қазақ комитеттері мен земство басшыларының атына жолдаған жеделхатында Бүкілқазақтық екінші съездің шешімдеріне сәйкес Алашорданың (Алаш автономиясы үкіметінің) өз қызметіне кірісендігі хабарлай келіп, бұл ұкіметтің жергілікті органдарын, милиция жақтастарын дереу құру қажеттігін баса көрсеткен. Сонымен бірге, Ә Бөкейханов Алашорданың Сібірдің уақытша үкіметімен, башқұрт автономиясымен одақтық қарым қатынас орнатқандығын,Семей облысындағы халықтан жиналған салық есебінен алғашқы Алаш жасақтары құрылып, олардың Сібір үкіметінің әскерлерімен большевиктерге қарсы күрес жүргізіп жатқандығы туралы жергілікті қазақ комитеттеріне хабарлаған. Дәл сол күні осы мазмұндағы жеделхат Орал облысындағы қазақ комитеттері мен земство басқармаларына жолдаған. Ә. Бөкейханов жер – жерлердегі өз жақтастарына халықтың милицияны ұйымдастыру Орал және Орынбор казачестволары басшыларынан (ең алдымен атаман Дутов) қару жарақ пен әскери инструкторлар бөлулері жөнінен көмек сұрау қажеттігін ескертен. [27.94-95б].
Азамат соғысы жағдайында Алашорда жетекшісі өздерінің басты саяси қарсыластары болшевиктерге қарсы нақтылы әрі пәрменді күрес жүргізудіде ұмыт қалдырмаған. 1918 жылы шілденің 13-нде Алашорда үкіметі қазақтан шыққан большевиктерді жазалау мақсатында ерекше қазақ соты мен тергеу комиссиясын құру жөнінде қаулы қабылдаған. Мәселен ,Семей облысы бойынша тергеу комиссиясының мүшесі ретінде Райымжан Мәрсеков пен Сыздық Дүйсембин тағайындалған[276.96б].
Азамат соғысы жаңадан кең етек жая бастаған кезде және жоғарыда айтылғандай, оның айтарлықтай бөлігінде большевиктік билік сақталып қалғандықтан бір-біріне қару алып қарсы тұрған күштердің арасалмағы тұрақсыз болды. Сондықтанда ұлан ғайыр өлкені Алашорданың бір орталықтан (атап айтқанда, Алаш автономиясының кіндік қаласы деп Бүкілқазақтық екінші съезд анықтаған Семейден) тиімді басқару қиынға соқты. Алашорданың батыс және оңтүстік (Түркістан, Жетісу) бөлімдері мен оның Семейге орналасқан шығыс, әрі орталық бөлімі арасында біртұтас үкіметтік жүйеге тән тұрақты байланыс орнату мүмкін болмады. Ал Алашорданың батыс бөлімінің жетекшілері Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтердің Әлихан Бөкейханов басқарған Орталық Алашорданың бұйрық – жарлықтарын жүре тыңдауға, басқа сөзбен айтқанда, белгілі дәрежедегі сепаратистік пиғылда болуы Алаш автономиясын бір орталықтан басқару ісін қиындата, шиеленістіре түсті.
Алашорданың батыс бөлімі жетекшілерінің сепаратистік пиғылы мен іс — әрекеттері 1918 жылғы мамыр айының 18- 21-і аралығында Жымпиты қаласында өткен Орал өңірі қазақтарының IV-îáëûñòûқ съезінде анық көрінген еді. Чехославак корпусының бүлігі басталып, Еділ бойынан Сібірге дейінгі кең алқапта совет үкіметі құлатылған уақытында өткен бұл съездің ашылу сәтіне 300 делегат келсе, ол жұмыс істеген алғашқы үш күнде оларға тағыда 150-дей адам қосылды.
1.2. Қазақ революциялық комитетінің
ұйымдастырылуы, оның құрылымы.
1919-жылдың көктемінен бастап қазақ өлкесінде жағдай қиындай түсті. Істің барысында одан сайын күрделене түсетіндігі аңғарылды. Наурыз айында Шығыс майданда Колчак әскерінің жалпы шабуылы басталды. Олар аз уақыт ішінде Омбы, Петропавл, Ақмола, Семей, Көкшетау қалаларын басып алды. Осындай жағдай шұғыл шешім қабылдауды қажет етті. Мұндай шешім қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру болатын.
1919-жылдың мамыр-маусым айларында Москвада қазақ революциялық комитетінің құрылуының әртүрлі аспектілерін қарау үшін комиссия жұмыс істеді. Бұл мәселеге үлкен мән берілді. Ұлттар Халық Комиссариаты құрған комиссия мүшелері арасындағы талқылау барысында, күрделі және шатасқан мәселелер қатары пайда болды, талқылау үстіндегі пікірлер бірауызды болмады. Бұл әсіресе ревкомның территориялық шекарасын анықтауға және оның қүқығын белгілеуге байланысты өрши түсті.
Қырғыз (қазақ) революциялық комитеті туралы мәселе кейіннен 1919-жылғы маусымның 12-сінде болатын Халық Комиссарлар кеңесінің талқылауына ауыстырылды.
Кеңес өкіметі қазақ халқының ұлттық мемлекеттігін ұйымдастыру ісін басқаратын орган құру туралы шешімге келді. 1919-жылғы шілденің 10-ы күні В.И.Ленин «Қырғыз (казақ) өлкесін басқаратын революциялық комитет жөніндегі уақытша ержеге» қол қойды.
1919-жылғы маусымның 28-інде Қазақстан, Түркістан халықтары өкілдері мен бұхар халықтары, ауған халықтарының өкілдері қатысқан жиналыс өтті. Онда Қазақстан мен Түркістанның өзара қатынастары жайында мәселе қарастырылды. Ол ұлттар халық комиссариатының басшылығымен өтті.
Қазақ революциялық комитетінің құрылуы өлкеде кеңестік автономияның бастамасы ретінде, ал кейде автономиялық орган ретінде қабылданды.
1919-жылдың ортасына таман губерниялық, уездік және әсіресе, болыстық революциялық комитеттердің құрылымдық қызметі мен оны құрудың белгілі тәжірибесі жинақталды.
1917-жыл мен 1918-ші жылдың басындағы пролетариаттың билігі үшін күрес азамат соғысы жылдарында уақытша төтенше орган құруға әкеп ұласты. Олардың қолында азаматтық билік, сол сияқты әскери билік толық шоғырланды. Революциялық комитет пен Кеңестер арасында тікелей мұрагерлік сипат болды: құрылуы үшін және кеңестердің нығаюы үшін негіз қаланды.
Қазак революциялық комитетінің құрылуы кезеңі қарсаңында, тіпті революциялық комитет туралы жекелеген ереже болмаса да, революциялық комитеттің нақтылы өкілдігін және қызметін анықтайтын жекелеген дайындықтар жүргізілді. Революциялық комитеттің саяси-құқықтық мәртебесі олардың негізгі белгілерінде жеткілікті түрде айқындалды.
Сонымен, Революциялық комитеттер құрылымдық және функциональді міндет жағынан күрделі әскери жағдайға да және ерекше күрделі бейбіт кезеңге де бейімделген орган болды.
Қазақ революциялық комитетінің саяси-құқықтық мәртебесі 1919-жылғы маусымның 10-ынды РКФСР Халық комирсарлар кеңесінің Декретімен белгіленді. Онда – бұл орган өлкені билейтін жоғарғы әскери-азаматтық революциялық комитет деп бекітілді. Яғни, Қазақ революциялық комитеті жоғарғы мемлекеттік орган және қазақ өлкесінің территориясында төтенше өкілеттілігімен мемлекеттік билікке ие болады.
Бұл органның қызметі қазақ халқының мемлекеттігін кеңестік тұрғыда орнатуға бағытталды. Бұл жайлы мәліметті біз мына құжаттан біле аламыз: «Жалпы Қырғыз (қазақ) съезін шақыруға дейін, Қырғыз автаномиялық аймағы аталған соң, бұл аймақты ревалюциялық комитет болу керек, олар жоғарғы әскери азаматтардан тұру керек. Ревалюциялық комитет тұрғылықты барлық кеңестік қарайды. Ревалюциялық органы негізінде қырғыз (қазақ) әскери комисариат мекемесі ретінде болады. Ол әскери – оперативті қатынастарға байланысты негізгі Бүкілроссиялық штабына бағынады және оның ісі бойынша олар тікелей Республикалық революциялық әскери кеңеске бағынады.
Революциялық комитеттің органы бойынша ұлттар жөніндегі комисариат жанынан ұлттар жөнінде Қырғыз бөлімі ашылды, ал Бөкей ордасында Қырғыз өлкесінің жалпы съезін шақыратын комиссия құрылды. Революциялық комитет бойынша:
а) әр қырғыз өлкесінің қатысушылары 3 адамнан:төраға және оның екі орынбасары болу керек.
б) Революциялық комитет уездердің, болыстардың, губерниялардың, ауылдық советтердің шығарған шешімдерін жоққа шығара алады және Кеңес үкіметіндегі жаңалықтарды, басты оқиғаларды жеткізу керек. Ал кейбір уездерде орыс және қырғыз(қазақ) ұлттары тұратын болса уездік кеңестер мен атқарушы органдар екі секцияда жұмыс істейді.»делінген Әскери революциялық комитет хаттамасында[18.14.1].
Әдебиеттерде Қазақ революциялық комитетінің мәртебесі мен саяси әкімшілік билігіне баға бергенде ол өкіметпен «теңдестіріле» қарастырылады. Осындай пікірді XX ғасырдың 40-жылдары М. С. Сапарғалиев айтты «Қазақ өлкесін билеген революциялық комитет,- деп жазды ол,- Кеңестік социалистік Қазақстанның ең алғашқы өкіметі болып табылады» [1.89бб].
Ол Қазақ революциялық комитеті кеңестік Қазақстанның алғашқы өкіметі болғандығын шегелей түседі. Осыған ұқсас пікір иесінің бірі С.Бейсембаев.
Ал, белгілі зерттеуші С.Сартаевтың пікірі бойынша Қазақ революциялық комитетінің құрылуы Қазақ кеңестік социалистік автономиялық республикасының іргетасы, тұғыры ретінде бағаланады[3.52бб].
Қазақ революциялық комитеті қалыптасу және бақылау әдісі жағынан, сол сияқты қызметі мен саяси құқылық өкілеттілігі жағынан Қазақстанның «үкіметі» емес-тін.
Үкімет дегеніміз «мемлекеттік өкіметтің жоғарғы атқару және басқару органы»[14.541бб]. Үкімет мемлекеттің белгілі түрдегі саяси жүйесінің институты, тек соның шеңберінде ғана қалыптасады. Қазақстанда әлі ондай ұлттық мемлекет орнай қойған жоқ еді.
Ал мемлекет дегеніміз — «Үкімет басшылығымен, басқа да органдары, мекемелері арқылы халықты белгілі бір іске жұмылдырушы, ұйымдастырушы саяси ұйым, ел»[14.188б].
Қазақ революциялық комитетінің жағдайы мен ролін 1919-жылғы шілденің 10-ындағы РКФСР Халық комиссарлар кеңесінің Декретінде көрсетілген «Өлкені жоғары әскери-азаматтық билеу» деген анықтамасынан-ақ толық көруге болады.[16.45-46бб].
Қазақ революциялық комитеті РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің уақытша ережесіне сәйкес аз уақыт ішінде жалпы қазақ съезі даярланғанға дейін және қырғыз өлкесін басқаратын автономия жарияланғанша өлкені басқаратын уақытша орган еді. Кеңес өкіметі жалпы қазақ съезіне Қазақ кеңестік автономиясын құру туралы заң жобасын дайындау Қазақ революциялық комитетінің негізгі міндеті деп белгіледі. Декретте көрсетілгендей Қазақ революциялық комитетке қазақ өлкесіндегі жергілікті кеңестік органдардың барлығы бағынуға тиіс еді. Қазақ революциялық комитеті жергілікті кеңестік органдардың қызметін бақылауға құқылы болды. Архив құжаттарына сүйенсек, Қазақ революциялық комитеті жоғарғы саяси өлкелік партия органы құрылғанға дейін партиялық орган есебінде де жұмыс істеген.
Қазақ революциялық комитеті, оның жетекшілігі және мүшелері өз қызметтерінде ауқымды өкілеттіліктерге ие болды. 1919-жылғы қарашаның 23-інде революциялық комитет төрағасының орынбасары С.Меңдешевке берілген өкілеттілік анықталынған. Яғни, революциялык комитеттің төрағасының орынбасары:
«…3. Қырғыз өлкесіндегі барлық кеңес мекемелері мен өскери революциялық комитет бөлімдері шығарған шешімдердің қандай түрін болса да бекітуге және өзгертуге құқылы;
- Қырғыз өлкесіндегі барлық қызмет адамдарын орнынан алуға шексіз құқылы;
- Қазақ әскери революциялық комитетінің несиесін және қаражатын пайдалануға құқылы;
- Тікелей жеделхаттар беруге құқылы болады».[15.360-361бб]
Қазақ революциялық комитеті басқа да революциялық комитеттер сияқты азамат соғысы жылдарында қажет болғанда әскери-әкімшілік әдістерді пайдаланды. Оның қаулылары, бұйрықтары, ұйғарымдары, циркулярлары кімге нұсқалса сол адамның орындауын талап етті. Нұсқау өз уақытында орындалмай қалған жағдайда тез арада оған лайық қорытынды жасалды.
Қазақ революциялық комитеті кезінде айтылғандай өз аппаратында және өзіне бағынатын мекемелерде «темір» тәртіп орнатуға көп көңіл бөледі. 1919-жылғы қыркүйектің 30-ында өлкенің революциялық комитетінің төрағасы С.Пестковский қол қойған бұйрық революциялық комитеттің кейбір қызметкерлердің қызметтегі өз міндеттерін орындауда жіберген кемшіліктерге байланысты. Онда былай делінді: «Әртүрлі қайғылы зардаптардан аман болу үшін барлық қызметкерлер мен қызметшілерге ескертемін: Темірдей тәртіп орнату үшін қатал үкім қабылдаймын. Еркімен жалданған қызметкерлер өздерінің борыштарын өтемегені үшін кызметінен алынады, басқа да кеңестік мекемелерге жұмысқа орналасу құқынан айырылады. Қызыл Армиядан қызметке жіберілгендер, мобилизацияланғандар (дәрігерлер, фармацевтер, әскери міндеттілер және т.б.) революциялық трибунал сотына беріледі». [5.87б]
Қазақ революциялық комитеті облыстық халық шаруашылығы, әлеуметтік-мәдени және әкімшілік-саяси өміріне, олардың қызметтеріне тікелей араласты және облыстық революциялық комитеті арқылы, облыстық атқару комитеттеріне басшылық жасады. Өзінің қызметін атқара отырып революциялық комитет орталық кеңестік биліктің зандарын бұзып, халықтың ықыласына нұқсан келтірілгені үшін губерниялық, облыстық, уездік, болыстық және ауылдық революциялық комитет шешімдерін жоюға құқылы болды.
Қазақ революциялық комитетіне әуелі шығыс майданының Оңтүстік әскери тобының революцияның әскери кеңесі, сосын Түркістан майданы, Армияның революциялық әскери кеңесі және Қызыл Армияның жергілікті басқару бөлімдері үлкен көмек көрсетті.
Қазақ революциялық комитеті 1919-жылғы маусымның 10-ындағы бекітілген РКФСР халық комиссарлар кеңесінің Декреті арқылы және басқа да орталық органдардың нұсқаулары мен ұсыныстары бойынша негізінен қазақ халқы қоныс тепкен жерлерге көп көңіл бөлді.
Жұмыс барысында өзіндік әдет-ғүрпы, салт-дәстүр ерекшелігі бар көшпелі және жартылай көшпелі халықтың арасында жаңа саясатты жүргізу, оны түсіндіру көптеген қиыншылықтар туғызды.
Қазақ революциялық комитеті өзінің алғашқы құрылған күнінен бастап қазақтарды жаңа саяси қоғамдық өмірге тарту жөніндегі пікір- таластарды тоқтатпады. Сонымен қатар, Қазақ өлкесінде жұмыс атқарып жүрген белгілі қайраткерлер мен жұмысшылардың пікірлері ортаға салынды. Қазақ революциялық комитеті құлаған ескі аппараттың орнына немесе бұрыннан бар кеңес органының орнына құрыла салған жоқ. Бұл орган қазақ өлкесін басқару, негізгі заңын даярлау мақсатында құрылды.
Қырғыз өлкесінің территориялық шегі анықталғанға дейін Түркістан республикасы, Қырғыз съезі және Орталық Кеңес өкіметінің келісімімен революциялық комитетгің билігіне Астрахань губерниясы, Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының аумағы енетін болды.
Революциялық комитетке барлық жергілікті кеңестік құрылымдар мен атқарушы комитеттер тікелей бағынды. Революциялық комитеттің құрылуына байланысты Қырғыз Әскери Комиссариаты ретінде құрылған бөлім әскери-оперативтік қатынастағы Бүкілресейлік Бас Штаб қарамағына енеді және Сталин басқарған Ұлттар Халық Комиссариатындағы Ұлттар ісі жөніндегі қырғыз бөлімі қысқартылды, сонымен бірге Бөкей ордасындағы құрылым да жойылды, оның орнына революциялық комитет жұмыс істейтін болды.
Уақытша ереже Қазақ революциялық комитетінің, міндеттері мен мақсаттарын белгілеп берді. Олар:
- Бүкіл Қырғыз өлкесінде кеңес қызметтерін ұйымдастырып, біріктіру және кеңес өкіметін орнату.
- Кеңес өкіметінің орталығы шығарған барлық шешімдерді жергілікті халықтың тұрмыс-салт ерекшеліктерін ескере отырып өмірге енгізу.
3 Жергілікті кеңестердің қызметіне бақылау жасау.
- Қырғыз өлкесінің шаруашылығын, мәдени деңгейін көтеруге қажет барлық шараларды жүзеге асыру.
5 Жергілікті маңызы бар барлық мәселелерді шешу.
- Бүкілресейлік съезде Қырғыз автономиясын құруға байланысты оның жобасын ұсынуға және бекітуге даярлау.
- Ресей кеңестік федератавтік социалистік республикасы жөне Түркістан кеңестік республикасы мен Қырғыз өлкесі арасындағы қатынастарды реттеу. [16.133-134бб]
Революциялық комитеттің құрылымы осы мақсаттар мен міндеттерге сәйкес қалыптасты. «Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитет туралы» деген Декрет қабылданысымен Қазақ революциялық комитетінің түрақты орны Орынбор деп бекітілді. [16.136-137бб]
Бұл кезде өлке азамат соғысының құрсауында еді. Кейбір жерлерде аштық бел алды, бөрте сүзек ауруы өршіді, халық шаруашылығы құлдырай түсті. Кеңестік және шаруашылық органдар үшін мамандар мен жұмысшылар жетіспеді. Осы қиыншылықтармен қоса, өлкеде саяси бағыт таңдауда Қазақ революциялық комитетінің алғашқы құрамының ауызбіршілігі болмады. Қазақ Революциялық комитетінің өз ішіндегі топтың өзіндік дифференциациясы, халықаралық алауыздықтың халық үшін жайсыздығы, күйзеліс пен аштық халық шаруашылығының дамуын одан әрі тығырыққа тіреді [17.82бб].
Ресми құжаттарда келтірілгендей Қазревкомның қызметі екі негізгі саяси және ұйымдық бағыт бойынша дамыды.
Қызметтің саяси бағыты РКФСР халком кеңесінің Декреті бойынша атаған облыстар мен уездерді бір басқарма астына алу және оларды Қазақ революциялық комитетіне бағындыруға байланысты мәселелерді қамтыды. Қазақ революциялық комитетінің ұйымдастыру қызметі билік жүйесі мен жұмыс істеуге қабілетті аумақтық және жергілікті ақпараттың құрылуында және алғашқы кезекте Орынбор, Орал губкомдарымен, облыстық атқару комитеттерімен және облыстық революциялық комитеттермен, сонымен қатар, аймақтың басқарманың уездік ұйымдарымен қарым-қатынастарды ретке келтіруде көрініс тапты.
Революциялық комитет құрамындағы бөлімдердің ұйымдастырылуы 1919-жылы қыркүйектің басында өтті. Қыркүйектің 12-сінде Қазақ революциялық комитетінің отырысында аумақтық аппараттың бөлімдері мен мекеме басшыларын сайлауға ашық дауыс берілді. Көпшілік дауыспен ревком төрағасының орынбасары, әскери комиссар, ішкі істер бөлімінің меңгерушісі, финанстық-шаруашылық, халық ағарту, азық-түлік және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінің меңгерушілері сайланды.
Қазақ революциялық комитетінің төрағалығына С.Пестковский, төрағасының орынбасары болып Байтұрсынов сайланды (4 дауыс жақтап, біреуі қалыс қалады). Қазақ революциялық комитеті хатшысы болып Қаралдин бірауыздан сайланды. Әскери комиссар міндетіне Тұңғаншин мен Пестковский дауысқа түседі. Тұңғаншинді екі дауыс жақтап, екі дауыс қолдамады. Пестковскийді бір дауыс жақтап, үш дауыс қарсы берілді, ал бір дауыс қалыс қалып, нәтижесінде Түңғаншин сайланады.
Ішкі істер бөлімінің меңгерушілігіне Байтұрсынов (4 дауыс жақтап, біреуі қалыс қалды); қаражат бөлімінің меңгерушісі болып Алексеев (бірауыздан сайланады); халық ағарту бөлімінің меңгерушілігіне Мендешев (төртеуі жақтап, біреуі қалыс қалды); сауда бөлімінің меңгерушілігіне Петров демалыстан қайтып келгенше Лукашев уақытша тағайындалды «. Сонымен бірге, заң (юстиция) бөлімінің меңгерушілігіне Қаратаев Б. Кеңестік халық шаруашылығы, еңбек, денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушілігіне Бөкейханов тағайындалды. Бөлімдердің қызметіне басшылық жасап, бақылау жүргізуші Қазақ революциялық комитетінің Президиумы болды. Революциялық комитеті Президиумы барлық бөлімдердің жұмысына бағыт беріп, жұмыс барысын бір қисынға келістіріп, үйлестіріп, бақылау жасады. Сонымен бірге, күнделікті мәселелерді шешіп отырды. [26.65-66бб].
Қазақ революциялық комитеті жиналыстарының бірінде Президиумның тағайындауы бойынша мәжіліс жүргізудің уақыт тәртібі (регламент) қабылданып, белгіленді. Революциялық комитет құрамы жиналысы әр жұма сайын сағат 18-де өтетін болды. Бөлім басқарушылары, өлкелік мекемелер мен РКФСР орталық органдарының өкілдері қатысатын Қазақ революциялық комитетінін пленумы әр сейсенбі сайын кешкі сағат 6-да өтетін болды.
Күнделікті сағат 12.30-13.00 аралығында Қазақ революциялық комитетінің төрағасы мен оның орынбасарына бөлім меңгерушілері жұмыс барысын баяндап түруға тиіс болды.
Жергілікті халықтың өмірімен таныс бөлім мамандарын іріктеп сайлау үлкен қиыншылық туғызды. Әсіресе, революциялық комитет қызметіне тарту мәселесінде көптеген жетіспеушіліктер көрінді. 1920-жылғы наурыздың 31-інде болған революциялық комитет отырысында бұл мәселе арнайы қаралды.
Қазақ революциялық комитет бөлімдерінде қызметкерлердің көбі өзгереді. Жергілікті қазақтар жоқтың қасы, сондықтан барлық бөлімдерде Орал мен Торғай облыстарынан шыққан аз ғана қазақтар революцияшыл комитет бөлімдерінде жұмыс істеді. Революциялық комитет отырысында мамандар жергілікті жерлерден тартылуы тиіс деп шешілді [18.14.3.17].
2 ҚАЗАҚ РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ КОМИТЕТІ ЖӘНЕ ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ.
2.1 Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің құрамы және ондағы қызметі.
1919-жылдың қазан айының соңынан бастап ішкі басқару бөлімдері қоғамдық тәртіп мәселесімен айналысты. Оның құрамында кеңсе, ақпараттық-нұсқау, финанстық есеп, милиция бас басқармасы, жеке мәселесімен айналысатын бөлімшелер болды.
Сонымен қатар, 1920 жылы 6 сәуірде «Қазақ революциялық комитетінің қазақ өлкесінде ұжымдастыру бюросын құру» туралы Қазақ революциялық комитетінің бұйрығы шықты. Онда: «Қырғыз аймақтық революциялық комитеті комунистерінің отырысына жұмысшы комунистерінің қосылуы, оның кеңеюіне әкелді. Мұнда Қырғыз (қазақ) аймағында ұжымдастыру бюросын құру мәселесі қаралды, онда:
а) Кеңес үкіметінің орталық органы Қырғыз (қазақ) аймақтық революциялық комитеті құрылуынан кейін, ілешала аймақтарда партияның жұмыстарын атқару үшін — партиялық орган болуы қажет.
б) Мұндай орган әлі құрылмаған, бұл барлық комунистік күштің бірігу жолы және аймақтық партия партия конференциясының өтуіне әкеледі. Қырғыз (қазақ) аймағында кеңестік органдар мен комунистік органдарды біріктіруіне әкеледі.
г) Аймақтың ортасында тұрғылықты комунистік органдардың пайда болуы,олардың алыста бөлініп орналасуы, ондай жағдайда ешқандай орган басқара алмайды, шекаралық аймақтарда партиялық органдарды орналастыру қиындыққа түсті. Жиналыс нәтижесінде:
1) Қырғыз (қазақ) аймағында ұжымдастыру бюросын құрылуы уақытша деп тану, бұл Ақтөбедегі конференция негізінде пайда болған. Бұл бекіткен бюрода Қырғыз(қазақ) аймақтық революциялық комитеті мүшелері, комунистер конференция негізінде таңдауы арқылы сайланған О. Жандосов, Капсалямов, Сидоровтар болды.
2) Ұжымдастыру бюросы а) аймақтық конференцияның РКП (б) шақырылуына және аймақтық партияның орталығын құруға атсалысады.
3) Ұжымдастыру бюросы өздерінің ортасынан орындаушы комиссияны сайлайды, олар бюроның барлық мүшесін бір айда екі рет пленарлы жиналыс ашып отырады.
4) Қырғыз (қазақ) аймақтық революциялық комитеті барлық жұмысшы – комунистері және мекемелері түгелімен ұжымдастыру бюросына тәуелді» [12.182-184б]
Бұл бөлім өзінің мәжілісінде жергілікті кеңестердің жұмысы жөнінде комиссия құрды. Ішкі басқару бөлімдерінде үгітші-ұйымдастырушылар «қырғыз (қазақ) тұрғындарына революция идеаларын тарату үшін жіберіп отырғандығын» арнайы нұсқаулардан көруге болады [25].
Революциялық комитеттің азық-түлік бөлімі 1919-жылы қыркүйектің 12-сінде құрылды. Бөлімнің негізгі міндеті РКФСР-ң халықтық азық-түлік комитеті мен революциялық комитет басшылығы арқылы өлкеде азық-түлік саясатын жүргізу. Бөлім өзінің алғашқы айларындағы қызметінде біршама тәжірибе жинақтады және Орынбор губерния азық-түлік комитетінің басшылығымен жұмыс істеді.
Өлкеде азық-түлікпен қамтамасыз ету, саясатының маңызы зор болатын. 1919-жылдың қыркүйегінде қазақ өлкесі мен Орынбор губерниясының тұрғындарын және армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ерекше комиссия құрылды[18.14.3.15].
Оның міндетіне бөлініп берілген мекемелермен жұмыс барысында пайда болған маңызды мәселелердің шешімін табу және оларды анықтап тексеру кірді.
1919 жылы қазан айының 27-сі күні Қазақ революциялық комитет жиналысында азық-түлік бөлімінің жұмыстары талқыланды. Оған армия мен революциялық әскери кеңес майданының өкілдері, Түркістан істері жөніндегі РКФСР халық Комиссарлар кеңесінің мүшелері қатысты. Онда Түркістан майданы өкілдерінің ұсынысы бойынша азық-түлік бөлімі Азық-түлік Комиссариаты болып қайта құрылатын болды.
Сонымен қатар, Қырғыз (қазақ) аймағында ревалюциялық комитеттің 1920 жылы 16 мамырдағы ҚазАССР – нің шекара қызметі комиссиясының құрылуы туралы шешім қабылдайды, осы шешімде былай делінген: «Қырғыз (қазақ) республикасының барлық мәселелерін қарау үшін оның шекаралық және аймақтық мәселелелерін қарау керек. Қырғыз (қазақ) республикасында әскери революциялық комитет кезінде шекаралық комиссия құру, оның құрамы үш адамнан тұрды, яғни оны әскери революциялық комитет бекітеді.
Комиссия міндетінде:
а) Территорияны анықтау Қырғыз (қазақ) Республикасының этнографиялық күшпен жататын саяси және экономикалық жағдайдағы аймақтарын анықтау.
б) Республика шекарасының тура бекітілуі және құрған жобаны Кеңес халықтарының комитетіне және Қырғыз (қазақ) аймақтық съезінде баяндау.
в) Шекара мәселесі бойынша даулы сұрақтарға жол беріледі.
г) Жобада республиканың ішкі әкімшілік бөлінуін жасау.
Бұл жұмыстарды атқару барысында комиссия ішкі істер апаратымен жұмыс атқаруға рұқсат. Әскери революциялық комитеттерінің барлық бөлімі керекті көмектерін комиссияға беру керек.»- деген құжат дәлелдейді. [16.209-210б]
Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің шекаралық комиссиясы құрыла салысымен территорияны анықтау туралы көптеген істер атқарылды, осындай істердің бірін Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің комиссары Ә. Жангелдиннің Қостанай уезі туралы 1919 жылғы қазан айының 27-сі күнгі баяндамасында көрсетіледі. Баяндамада былай делінген: “Қостанай уезінде кеңес үкіметн орнату жұмыстары тез қарқынмен жүргізілуде. Уезд аймағы Колчак әскерлерінен тазартылып бітпеді, міне осыған байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрғылықты қырғыздардан елімізді қорғайтын әскерге өз еріктерімен алып жатырмыз. Соған байланысты көмек керек”, — делінген.
Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің төрағасы Пестковский мырзаға Хакимжан Саркиннен келген телеграммасында Қостанай уезінің Кеңес үкіметіне енуге дайын екендігі туралы баяндалған. Бұл телеграммада былай делінген: “Сайлау алды жұмыстары басталды және тауар айырбас жұмыстары да жүргізілуде. Алдымен Қостанай қай аймаққа енетінін анықтау керек, қазір біз екі фронтта жұмыс істеп жатырмыз. Жұмысқа Челябинс губерниясының ревалюциялық комитеті кедергі жасап жатыр, Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің істері оңға баспай жатқан соң екі бағытта жұмыс атқаруымыз тура келеді”,- делінген. Бұл баяндамада Қостанай уезін екі ревалюциялық комитеттің келісімге келуіне дейінгі жағдайы баяндалған. Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің мүшесі Меңдешовтың Қостанай уезін ҚазАССР – не қосылуына көп атсалысты.
Міне, осы сияқты Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің Адай руын және оның мекендейтін аймақтарымен бірге ҚазАССР құрамына қосу туралы хаттамасы көп мәлімет береді. Бұл хаттамада Адай руы туралы былай делінген: “Адайлықтар өздерінің орналасқан Маңғышлақ және Красноводск уездерінде тіршілік еткенімен, негізінде Түркістан республикасына кіретін. Олар көп уақытын Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің териториясында өткізеді, негізінде революциялық комитеттің және оның органдарының басқару аймағында орналасқандықтан, шаруашылығы Орал облысымен, әсіресе Уіл ауданымен байланысты болғандықтан, яғни олардың тауар және сауда — саттықтары Оралда жүргізілгендіктен, тез арада Түркістан республикасынан олардың көшіп қону аймағымен бірге ҚазАССР аймағына қосып алу керек. Совет үкіметінен тез арада рұқсат алып адайлықтардың бетке ұстарларын Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің сол аймақтағы өкілі ретінде тағайындау керек. Сонымен қатар, адайлықтардың арасында кеңестік органдар құру керек делінді. Олардың басшысы ретінде Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің арнайы дайындалып жіберілген өкілі тағайындалу кеерк. Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің мүшесі”, – Айтиев. [16.179-180 б]
1919 жылғы шілденің 10-ындағы Декретке сәйкес әскери істер жөніндегі Қазақ Комиссариаты Орда қаласындағы қазақ революциялық комитетінің әскери бөлімін қайта құрды. Бұл бөлімнің негізгі міндеті — қазақтардан ерікті әскери бөлімдер мен далалық әскери мекемелер құру, әскер қатарына шақырылатындардың есебін жүргізу, жалпыға міндетті оқу, қазақтар арасынан командалық құрама мен нүсқаушылар дайындайтын әскери мектептер ұйымдастыру, арнайы отряд, жұмысшы ротасы, жасақ, азық-түлік отрядын құру және т.с.с. еді. Жергілікті жерлерде губерниялық, уездік, бөлімшелік әскери Комиссариат құрылды. Ұлттық әскери бөлімдерді ұйымдастыру ісінде Түркістан майданының революциялық әскери кеңесінің көмегі ерекше болды. Қазақ революциялық комитет әскери бөлімінде жергілікті үгітші мамандар даярлайтын бір айлық саяси курстар ашылды. 1920-жылы Орынборда Қызыл Армияның командалық-саяси құрамын даярлайтын курстар ұйымдастырылды.
1919-жылы қазан айында Қазақ ревалюциялық комитетінің заң (юстиция) бөлімі құрылды. Алғашында оның кұрамына 6 бөлімше ұйымдастыру көзделді: жалпы, соттық-тергеу жүргізу, әкімшілік-шаруашылық, заңдык ұйғарым, жазалаушы және нотариалды. Арнайы мамандардың жетіспеушілігіне байланысты 1920-жылдың басына қарай тек алғащқы төрт бөлімшелерді ғана құруға мүмкіндік болды.
Бөлімнің негізгі міндеттеріне жаңа сот мекемелерін ұйымдастыру, өлкенің барлық территориясында сот қызметтерін іске асыру кірді. Заң бөлімінің күшімен халық соттары мен тергеу комиссиялары Торғай облысының барлық уездерінде, біртіндеп Орал, Бөкей облыстарында және Волга-Каспий аймақтарында жұмыс істей бастады.
Қазақ революциялық комитетінің шешімі бойынша 1919-жылғы қыркүйектің 30-ында егін шаруашылығы бөлімі құрылу керек еді. Ал негізінде ол тек қарашаның 25-інен бастап жұмыс істей бастады. Бөлімнің агрономиялық мал шаруашылығы, гидротехникалық бөлімшелері болды. Жер шаруашылығы бөліміне көшпелі тұрғындарды отырықшылыққа көшіруге көмектесу, көшпелі шаруашылықтың маусымды жайылымдық пайдаланатын жерлерін үлестіру, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын қүрал-жабдықтарды беретін орындар үйымдастыру, жөндеу жұмыстарын жүргізетін шеберханалар ашу, ауыл шаруашылығына мамандарды мобилизациялау және есепке алу жүктелді. Көшпелі аудандарда жер реформасын жүргізуге дайындық жасауда бұл бөлім біршама үлес қосты.
Денсаулық сақтау бөлімі 1919-жылғы қыркүйектің 12-сінде революциялық комитеттің қаулысы бойынша құрылды. Алғашқы айларда оның құрамында басқа бөлімдермен салыстырғанда құрылымдық бөлімшелер болған жоқ. Бұлай болуының себебі тиісті мамандардың жетіспеушілігінен еді. Тек 1920-жылы қаңтардың соңына қарай емдік, санитарлық-эпидемиологиялық, фармацевтік, статистикалық, бухгалтерлік есеп және жалпы кеңсе ісі бөлімшелері ұйымдастырылды. Денсаулық сақтау бөлімінде және оның жергілікті органдарында дәрігерлік мамандардың жетіспеушілігі байқалды. Мәселен, Ақтөбе мен Торғай қалаларында бір-бірден ғана дәрігер болды, ол көптеген уездерде бірде-бір дәрігер болмады.
Халық ағарту бөлімі 1919 -жылы қыркүйекте ұйымдастырылды. Оның мынадай бөлімшелері болды: мектеп, мектептен тыс, мектепке дейінгі, кәсіптік-техникалық, ғылыми және жабдықтау. Бөлімнің негізгі міндеті — мектеп ашып, сол мектептерге мүғалімдерді жұмысқа тарту, халық мектептерінің жүйесін құру еді. Бөлімде кітапханалар, оқу залдары, ересектерге арналған мектептер, халық театрлары ашылды, сауатсыздықты жоюға жоспарлар жасалынды, мектеп жасына дейінгі балаларға тәрбие беру үшін мүғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды.
1919-жылы желтоқсанның 20-сында ұйымдастырылған статистикалық басқармаға 1917-жылы жүргізілген санақ нәтижесін шығару, ауыл шаруашылығының және өндірістің демографиялық көсіптік ұйымдасуын тізімге алу, көшпелі халықты зерттеу, жергілікті статистикалық мекемелер құру міндеттері жүктелді.
1920-жылы наурыздың 27-сінде Қазақ революциялық комитет жалпыға ортақ еңбек міндеттілігін жүктейтін өлкелік комитет ұйымдастырды. Осы бөлімнің басты міндеті — қоғамдық жұмыстарға жалпы халықты жұмылдыру еді.
1920-жылы сәуірде еңбек бөлімі ұйымдастырылып, оның құрамында ұйымдастыру және басқару, жұмысшы күштерін тиімді пайдалану және есепке алу, еңбекті әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері ашылды. Бөлімнің негізгі міндеті — жас өспірімдер мен жас балалардын еңбегін қорғау комиссиясын құру, тарифті белгілеу.
Революциялық комитеттің міндеттеріне сәйкес басқа да бөлімшелер кұрылды. Олар: өлкелік әскери трибунал (1920-жылы ақпанда), әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі (1919-жылы қыркүйектің 16-сы), почта және телеграф бөлімі (1919 жылы желтоқсанда). [25.65-66бб].
Жинақталған және жекелеген мәселелерді шешу үшін қазақ революциялық комитетінде тұрақты және уақытша комиссия жұмыс істеді. Революциялық комитет мүшелері жергілік ұйымдастырды, сонымен қатар, өлкенің шекарасын анықтайтын арнайы комиссия (1920-жылы мамырдың 16-сы күні) ұйымдастырылды.
Революциялық комитеттің құрылымдық жүйесі негізінен 1919-жылдың қыркүйек-қазан айларында аяқталды.
Қазақ революциялық комитетінің арнайы құрамы туралы мәселе Қазақ революциялық комитеті туралы заң жобасын дайындау кезінде көтерілді. Кейіннен халық комиссарлар кеңесінің отырысынан кейін Ұлттар Халық Комиссариатында бірнеше рет талқыға түсті.
Декрет бойынша «революциялық комитет 7 адамнан тұрады, оларды Ресей республикасының орталық билігі белгілейді, олар халық арасында белсенді қызметкерлерді сайлаусыз толықтыру құқына (кооптация) ие болды»[19.256б.].
Қазақ революциялық комитетінің алғашқы қүрамына: төрағалыққа С.Пестковский, мүшелері В.Лукашев, А.Жангельдин, М.Тұңғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев және А.Айтиев кірді.
Қазақ революциялық комитетінің қызметі Азамат соғысының өршіген, өлкенің ішкі жағдайы өте қиын кезенде жүрді. Ақ гвардияшыларды Қазақстанның Орталық, Солтүстік батыс бөлігінен қуу, жергілікті халықтың бір бөлігінің аштыққа үшырауы Қазақ революциялық комитет қызметінің алға басуына көп кедергі жасады.
1919-жылғы шілденің 10-ындағы Халық Комиссарлар Кеңесінің Декретінде аталған облыстар мен уездер өлке революциялық комитетінің билігіне өту керек болатын, алайда олардың копшілігі ресей губернияларының әкімшілік және экономикалық ықпалында қала берді. Осы қазақ жерлерін тез арада өлкелік билік қолына ауыстыру қиынға соқты.
Өлке революциялық комитетіне осы кезде территорияда өз алдына билік орнатуға, кезек күттірмейтін міндеткерліктерді орындауға, қазақ халқына байланысты көптеген мәселелерді шешуге жол ашылды.
Партияның орталық комитеті мен кеңес өкіметі қазақ революциялық комитетінің қызметін көзден таса қылмады. Оның нығаюына үлкен мән берілді. 1919 -жылдың өзінде қазақ революциялық комитетінің қызметі Орталық комитетте екі рет талқыланылды, ал Орталық комитеттің саяси бюросында бұл мәселе 1919-жылы желтоқсанның 20-сында және 1920-жылы қаңтардың 27-сінде қарастырылды[20.191бб].
Қазақ революциялық комитетінің кұрамы тұрақты болмады. Бір жылдың ішінде оның құрамы бірнеше рет қарастырылып, ауыстырылды. Мұның өзі Қазақ революциялық комитеті өз аппаратын Декрет бекітіп берген кооптация жолымен жаңа мүшелермен толықтыра отырып нығайтуға ұмтылуы еді. Бірак бұл да көптеген қиындықтар туғызды. Революциялық комитет құрамының жиі-жиі өзгеруі орган қызметінің тұрақтылығын бұзды, келіспеушілік, ұрыс-керіс, араздық пайда болды. Кейде жаңа мүше ұсынылып, қабылданған кезде революциялық комитеттің күнделікті бірқалыпты қызметі бұзылды.
Революциялық комитетінің қызметкерлер кұрамын кооптация арқылы толықтыру мәселесі алғаш рет 1919-жылы тамыздың 30-ындағы рсволюциялық комитетінің төртінші мәжілісінде қарастырылған болатын. Онда Ақтөбе уезінен Орынборға революциялық комитетке арнайы шақырылған Асанәлі Бегімбетовтің кандидатурасы жөнінде сөз болды. Қазақ революциялық комитетінің уақытша мүшесі болып белгіленген А.Бегімбетов қыркүйектің 15-інде азық-түлік бөліміне алқа мүшелігіне тағайындалады. Сол тақылеттес негізде өлке ревкомының мүшелігіне Бөкей облысынан Ғабдулла Бөкейханов сайланады. Бірнеше күннен кейін ол халық шаруашылығы кеңесінің алғашқы төрағасы болып тағайындалды. қарашаның 4-і күні ревком мүшелігіне Ш.Бекмухамедов кіреді. Мұнан былай Қазақ революциялық комитетінің құрамына кооптация арқылы М.Сералин, В.Лежава-Мюрат, Ғ.Әлібеков (1920 жылы наурыздың 15-інде), Сидоров (наурыздың 24-інде) және т.б. кірді. [15.191бб].
Іс жүзінде қазақ революциялық комитеті мүшелерінің бір қызметтен екінші қызметке ауысуы кеңінен етек алды. Революциялық комитет мүшелері бірнеше міндеткерлікті қатар атқарды. Көптеген бөлім меңгерушілері мен мекеме меңгерушілері жиі-жиі орын ауыстырып тұрды. Осылайша, бір жыл ішінде (1919 -жылдың қыркүйегінен 1920 – жылдың қыркүйегіне дейін) азық-түлік бөлімінің меңгерушілері — бес рет, заң бөлімі меңгерушілері үш рет, әскери бөлім меңгерушілерң үш рет алмастырылды. Білікті мамандардың жетіспеуінен Қазақ революциялық комитет кейбір қызметкерлерді бір қызметтен екінші қызметке ауыстырып отырды. Революциялық комитет билігінің кеңінен қанат жаюы, оның орындайтын қызметінің күрделене түсуі, кейбір бөлімдер мен өлкелік мекемелердің қатты өзгеруіне әкеп соқты. Қазак революциялық комитет мүшелерінің құрамы жөніндегі мәселенің күрделілігі сонша, осы мәселе саяси бюро мен РКП(б) Орталық комитетінің ұйымдастыру бюросында, Жоғарғы Орталық атқару комитетінде, РКФСР Ұлттар Халық комиссариатында бірнеше рет қаралды.
Қиындық туғызып отырған себептер:
а) Бұл орган кеңестік Қазақстанның ең күрделі, бастапқы кезеңінде құрылды;
ә) Қазақ өлкесін басқаруда ең алғашқы толық билік жүргізуші орган болды;
б) Қазақ революциялық комитетінің құрамы да біртекті емес еді. Оның мүшелерінің сапына идеялық-саяси жетілу деңгейі жағынан, мінез-құлқы мен тәрбиесі, шығу тегі, білім деңгейі әртүрлі адамдар жиналды. Б.Қаратаев сияқты Петербург университетінің заң факультетін бітірген жоғары білімді, Ахмет Байтұрсынов секілді халық арасында беделі бар қайраткерлер де, халық арасында беймәлім адамдар да болған. Олардың қазақ қоғамына деген пікірі әртүрлі болды [15.45-46бб].
Қырғыз (қазақ) революциялық комитеті өзінің іскерлік жұмысында қазақтың демократиялық интилигенциясына көңіл аударды. Оларды Кеңес үкіметіне шақырды, бұл бағыт өзінің белесіне 1920 жылдары жетті. Бұл бетбұрысқа әсер еткен Лениннің ұлттық саясатын, Қазақ Автаномиялық Кеңестік Республикасын құру болып табылады. Алаш Орда контрреволюциялық құрамында болған интилигенция өз бағытынан бастартты. Сонымен, қазақ интилигенциясы еліміздің түпкір – түпкіріне жұмыстарға, яғни Совет үкіметінің үкімін орындауға жіберілді.
Міне, осындай 1920 жылы 27 мамырда Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің қазақ интелегенциясын кеңестік органдарға жұмысқа тарту туралы үкімі шығады. Яғни онда былай делінген:
1.Қырғыз (қазақ) аймағын әскери революциялық комитетінің бреуі қырғыз интилигенттерін әскерилендіру, барлығын әскери – революциялық комитет мекемелерінде және әскери бөлімдерге орналастыру керек. Жұмыс орындарында тіркеліп және сол жерден тиісті куәлік алу керек.
- Барлық интилигентті қырғыздар (қазақтар) (екі сыныпты және одан жоғарғы білімді) барлығы тіркеуде тұру керек және әскери революциялық комитеттің қол астында жұмыс істеу керек.[12.209-210б]
Осы жағдайдың бәрі қазақ революциялық комитетінің кейбір мүшелері арасындағы өзара қатынастарының ушығуына әкеп соқты. Қызметкерлер арасында бірін-бірі жек көрушілік, араздық, алауыздық туды.
Өзара жауласқан қақтығыстар революциялық комитет мүшелері арасында жиі тұтанып тұрды.
Мысалы, қазанның 27-сінде революциялық комитет мүшесі Лукашев (тапаншасын) револьверін жұлып алып, Байтұрсыновқа бас салған. Осы жайды протоколдың құрғақ сөзімен баяндадық:
«Лукашевтің ісі» туралы протокол
1919-жылғы қазанның 27-сі. Біз, төменде қол қойғандар: әскери революциялық комитет мүшелері: Мендешев, Бегімбетов, Бөкейханов, Тұңғашин, ревком хатшысы Қаралдин, Қырғыз өлкелік әскери комиссары Сидоров және революциялық комитет
Күндізгі сағат төрттерде Түркістан комиссиясы мен Түркістан майданының әскери революциялық кеңесінің Киров әскери революциялық комитетінің бірлескен мөжілісі аяқталғаннан кейін революциялық комитет мүшесі Лукашев Байтұрсыновқа «Лукашевтін деректері өтірік» деген сөзін қайтып алсын деп талап қойды. Алайда, революциялық комитет мүшесі Байтұрсынов одан бас тартып, «оның айтқан деректерінің бәрі өтірік» деп тағы қайталаған еді. Лукашев «браунинг» жүйесіне жататын револьверін атуға ыңғайланды да, Байтұрсыновтың жанына келіп, көтеріңкі дауыспен: «Мен сені сөзіңді қайтарып алуға мәжбүр етем, ол қолымнан келеді» деді де атуға дайын тұрған тапаншасын қалтасынан шығара бастады. Лукашевтың қимылдары қауіп төндіре бастаған соң революциялық комитет мүшесі Мендешев пен әскери комиссар Сидоров, революциялық комитет төрағасы Пестковскиймен бірге Лукашевқа жетіп келіп, оның қолынан шап берді. Содан кейін Сидоров оны көрші бәлмеге шығарып, қаруын тартып алды. Лукашев бірақ тынышталмай, қорқытуын жалғастырды. Сондықтан Сидоров оны құшақтаған күйі машинаға отырғызып алып кетті. Мұны ол кейін мойындады.
Қырғыз өлкесінің әскери ревкомы осы жанжалды баяндай отырып, Лукашевтың бұдан былай революциялық комитет мүшесі бола алмайтынына байланысты осы протоколды құрап, көшірмесін Коммунистік партияның Орталық Комитетіне жолдап отыр. Сол жерде оган тиісті баға беріп, адам өлтіруге бағытталған қылмысты әрекеті үшін жауапқа тартылуы керек. Тағы бір көшірмесі Халык комиссарлары кеңесіне жіберілсін және бұл туралы Орталық комитетке телеграф арқылы жедел хабарлансын [18.14.3.19].
1919 -жылдың аяғында Қазақ революциялық комитет құрамын қайтадан бекіту керек болды. Кадр мәселесімен әуелі РКФСР Халық комиссариатының Ұлттар ісі жөніндегі комиссариаты айналысты. Кейіннен бұл мәселені РКП(б) Орталық комитетінің ұйымдастыру бюросы шешетін болды. Бүкілодақтар Орталық Атқару комитетінің 1920-жылғы ақпанның 20-сындағы қаулысы бойынша ревкомның жаңа құрамы бекітілді. Оған С.Пестковский, Т.И.Арғыншиев, А.Әлібеков, [32]. 1920-жылғы наурыздың 26-сында Халық Комиссарлар кеңесінің қаулысы бойынша А.Авдиев енгізілді. Ол сәуірдің 10-ы күні өз қызметіне кірісу үшін Орынбор қаласына келді.
Кадр мәселесі Қазақ революциялық комитетінің алғашқы жұмыс күнінен бастап қиын да, күрделі мәселе еді. Біріншіден, аз уақыт ішінде революциялық комитет аппаратында көп салалы бөлімдер мен мекемелерге іс білетін арнайы мамандар жинастыру қажет болды. Екіншіден, мүмкіндігінше жергілікті мамандарда қызметке тарту және қызметке міндеггі түрде қазақ тілін білетін, қазақ халқының мүддесі мен ерекшелігін ескеретін ұлтжанды адамдарды тарту қажет еді. Ал ең бастысы — бұл адамдар саяси сауатты, білімді болуы қажет еді.
Революциялық комитетінің төрағасы — Станислав Пестковский, Лозды гимназиясын бітірген, ұлты поляк. Қазан революциясы кезінде Бас телеграф комиссары және мемлекеттік банк меңгерушісі болып тағайындалған. Әріптестерінің айтуы бойынша,Пестковский Ұлттар ХалықКомиссариатының ең жігерлі қызметкері, басқаларды да соңына ерте білетін адам болған.Пестковский Лениннің шеберлікті қажет ететін маңызды тапсырмаларын орындаған. Қазақстанға 1920-жылғы қырқүйектің 15-інде Батыс майданға-ақ поляктарға қарсы күреске жіберіледі. Оның қызмет сатысы Мәскеуде ғылыми мекемелерде бітеді. Ол 1943-жылы алпыстан асқан шағында өз ажалынан өлген.
1919-жылғы шілденің 24-інде В.И.Ленин ІІ-мемлекеттік Думаның депутаты Б.Қаратаевты бүкіл қазақ елін басқаратын революциялық комитеттің мүшесі етіп тағайындайтын мандатқа қол қойды[21.404бб].
Б.Қаратаев жалпы, саяси тұлға ретінде өте жұмбақ адам. Ол өзінің ақыл парасатына, әділеттілігіне сүйеніп, Орал даласындағы өз орнын жақсы білген.
Әрине, Б.Қаратаевтың басында карама-қайшылықтар да мол екендігі даусыз. Алайда, мұндай құбылыс сол кезде Кеңес өкіметін амалсыздан мойындаған бүкіл зиялылардың күрделі көңіл-күйін, шиеленіскен ішкі қайшылықтарын шынайы сездіргені көпшілікке белгілі.
Қаратаевтың революциалық комитет жүргізген саясатка күмәнданған кездерде аз болмады. Өмірінің соңында бұл күдіктері күшейе түсті. Мысалы, шен құмарлардың табиғатын зерттей отырып, кезінде ол орыс революционерлері жөнінде мынадай тұжырымға келеді: «Олар құлдық пен крепостниктік тәрбиеде өскен құлдар. Қолдарына билік тие қалса, қарамағындағыларды бұрынғы қожаларынан өткен қаталдықпен, жауыздықпен қанайды. Күнделікті өмір соны дәлелдеуде. Егер революциялық идеялары жеңе қалса, халық ертеңіне-ақ өзіне ең озбыр, ең қаныпезер басшыны тандап алады»[22.10бб].
Революциялық комитет құрамында қызмет еткен Сейітқали Мендешевті әріптестері құрметтейді, ол жастайынан ақылды, зерек боп, әр нәрсеге қызығушылық танытты. Жас кезінде әркімге жалдана жүріп, кейін мүғалімдер семинариясын бітірген. Оның дүниетанымына Петербургке барып келген екі сапары қатты әсер етті. Алғашында ол Петербург университетінің жанындағы үш айлық педагогтік курсқа барған-ды, келесі жолы халық ағарту съезіне қазақ даласында мектептік білім беру туралы баяндама жасаған. Оның революция идеяларына қалай қарағаны жайлы нақты дерек жоқ. Ол басында, Қазақстанның өлкелік әскери комиссары, содан соң Ақтөбе бекінісіндегі әскери кеңестің мүшесі болган. Ал, 1920-жылғы қазанның 13-інен бастап Қазақстан Орталық Атқару комитетінің Президиум төрағасы болды да, 1925-жылы Мендешев РКФСР халық комиссарлар кеңесінің жанындағы экономикалық кеңестің мүшелігіне тағайындалады. Өмірінің соңғы жылдарында С.Мендешев Қазақстанға қайта оралып, Халық ағарту комиссариатын, содан кейін ҚазақАКСР-інің жанындағы Ғылым комитетін басқарды.
Кейбір естеліктерге қарап, оның бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын тура адам болғанын білеміз. Ол партия конференцияларында, пленумдарда өз пікірін ашық айтатын, соған байланысты оған «солшыл бұрмалаушы», «ұлттық ерекшеліктерді ескермейді», «топ құруға әуес» деген айыптар тағылатын.
Қазақ халқының ой-санасының дамуындағы барлық саяси қозғалыстар А.Байтұрсыновтың есімімен байланысты.
Қазақ революциялық комитетінің Төрағасының орынбасары болып сайланған А.Байтұрсынов көп кешікпей «Жизнь национальностей» газетінде «Революция және қырғыздар» деген мақала жариялады. Онда басқа мәселелермен қатар Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі жетекшілерінің саяси көзқарас ерекшеліктерін түсіндіретін тұжырымдар жасады. «Патшалық кезеңде,- деді өз мақаласында А.Байтұрсынов, қазақтардың қалай өмір сүргенін біз басқалардан артық білеміз. Қазақтардың күнкөріс жағдайында, оларда таптық жіктелудің жоқтығына және жеке меншік заттарды белгілі меже болмауына байланысты қазақтар арасында олардың өзіне тән социализм мен комминизмнің орын алуы қазақ халқына әзірше социалистік қоғамға деген мұқтаждықты қажет етпей отыр»[7.201бб].
Әрбір қазақ осы өз халқының көсемі, ірі қоғамдық қайраткері және әдебиетшісінің есімін жақсы білетін.
Алашорда жетекшілері бір жағынан Колчак үкіметімен келіссөз жүргізе отырып, екінші жағынан Кеңес өкіметімен өз байланыстарын қалпына келтіру арқылы қазақ халқының өзін-өзі билеу мәселесін шешудің жаңа әдістері мен жолдарын іздеуге мәжбүр болғанын байқау қиын емес.
Қазақ революциялық комитетінің құрамындағы Б.Қаратаев,
Ғ. Әл ібеков, А. Кенжин, Б. Қаралдин сияқты Алашорда қайраткерлері коммунистік партия қызметкерлерімен ғана емес, революциялық комитет қызметкері В.Лежава-Мюратпен де жиі-жиі кездесіп, келіссөздер жүргізіп отырды. Жаһанша және Халел Досмүхамедовтер өлкедеге саяси және әскери жағдайдың тұрақсыздығын, оның аса қысқа мерзім ішінде жиі-жиі күрт өзгерістерге ұшырап отыратындығын өз көзімен көріп, ой елегінен өткізіп отырды.
Ахмет Байтұрсынов РКП(б)-ның мүшелігіне 1920-жылғы сәуірде қабылданды. Ахмет Байтұрсыновтың Кеңес өкіметі жағына шығуын және оның Қазақ революциялық комитетінің мүшелігіне тағайындалуын большевиктер үлкен саяси науқанға айналдырып жіберді.
1920 жылы қаңтар және науырыз айларында, дәлірек айтқанда, 9 наурызда Қырғыз (қазақ) революциялық комитеті, яғни онда қызмет еткен қазақ зиялылары өздерімен қатар өмір сүрген қазақ халқының зиялылары құрған “Алаш Орда” буржуазиялық үкіметін және оның аймақтық бөлімшелерін толығымен жою туралы бұйрық шығарды. Атаулы шешімге бірқатар оқиғалар себеп болды. Ол 1918 жылы 11 наурызда Жетісу ХКС және ұлттық қатынастарды реттеу жөніндегі Комисарияттың: “Алаш” қырғыз комитетін жоюға кірісіңдер”, — деген қаулысынан басталады.
Кең аймақты қамтыған азамат соғысы жағдайында “Алаш Орда” Орынборда атаман Дутовпен одақ құрды, Омскідегі Бүкілроссиялық Уақытша үкіметпен Самарадағы құрылтай жиналысының комитетімен тығыз байланыс орнатты, Орал, Сібір және Жетісу қазақтарымен байланысын нығайтты, соның барлығы Советтермен күресу мақсатын көздеуден туындады. Осыған қарамастан 1918 жылы 4 қарашада Бүкілроссиялық үкіметтің Уфа директориясының шешімімен “Алаш Орда үкіметі таратылған болатын. Бұл Алаш автаномиясын жақтаушылардың Совет үкіметін мойындауға бас июінің негізгі себебі болды.
Қызыл Армияның Фрунзе басқарған әскери бөлімдерінің ақгвардияшылар шебіне шабуылы кең етек алуына қарай, алашордалықтарға қарсы күресте күшейе түсті. РСФСР БОАК – (ВЦИК) “Алаш Ордаға кешірім жасағаннан соң, “Алаш Орда басшыларының бірі Ахмет Байтұрсыновтың және алашордалықтардың ірі Орск тобының Совет үкіметі жағына өтуі бұл процеске қайтымсыз сипат берді. Бұл “Алаш Орданың” Торғай облыстық бөлімінің толығымен тарауында мәні зор болды.
“Алаш Орда” өкілдері және Совет үкіметі атынан Қырғыз (қазақ) революциялық комитеті арасындағы бірнеше келіссөз нәтижесінде 1919 жылы “Алаш Орданың” батыс бөлімі жойылды. 1919 жылы 10 желтоқсанда алашордалықтардың Қызылқоғада өткен мәжілісінде ашық түрде Совет үкіметі жағына өту және Орал ақ казактарына қарсы әскери қимылдар жасауға және бастауға шешім қабылдады. 1919 жылы желтоқсанның соңына дейін “Алаш Орданың” батыс бөлімінің басшылары толық тізе бүгу туралы барлық талаптарды орындауға мәжбүр болды, ал олардың бөлімдері Совет басшылығына бағынды. 1920 жылы 5 наурызда Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі Әскери – революциялық Комитетінің мәжілісінде “Алаш Орданың” батыс бөлімі жойылды.
“Алаш Орданың” Торғай және Батыс бөлімдері жойылғаннан кейін, Қазақстанның ұлттық – демократиялық күштерінің соңғы қамалы – Семей бөлімі де құлады.
«В.М.Жолдас» деген бүркеншік атпен жарияланған мақалада А.Байтұрсынов сияқты ірі тұлғаның кеңес үкіметі
жағына шығып, коммунистік партияға мүше болу үшін өтініш беруін «партияның ірі жеңісі» әрі қазақтар арасындағы «ықпалымыздың ең жақсы көрінісі» деп жоғары бағалаған. Мақала А.Байтұрсыновтың өнегесі «толқып жүргендерге, әсіресе, коммунистердің қырғыздар арасындағы ықпалының өсуін халыққа қауіп деп түсінгендер үшін өнеге болсын. Қазақтар арасындағы идеялық жеңістердің бірінен саналады»,- деген сөздермен аяқталған. [21.285-287бб].
Орынборда шығып тұрган «Известия Киргизского края» деген газеттің 1920 жылғы 15 сәуірдегі санында «Ахмет Байтұрсыновтың арызы» деген мақала жарияланып, оның РКП(б) Орынбор комитетінің атына партаяға алу туралы жазылған өтінішінің тексті берілген.
Алайда, көп кешікпей, ол коммунистік партияға мүшеліктен шығып кетті. «Мен, — дейді Ахмет Байтұрсынов жоғарыда айтылған құжатта, партиядан 1921-жылғы тазалау барысында енжарлығым үшін шығып қалдым. Менің енжарлығым (пассивность) ғылыми жұмысқа терендей берілгендіктен, партия жиналыстарына бармайтындығымнан және жалпы алғанда саясатқа аз көңіл аударатындығымнан көрінді»[23].
Ахмет Байтұрсынов Қазақ революциялық комитетке мүше болып сайланған соң, әсіресе 1919-жылдың екінші жартысынан 1920-жылдың басына дейін, оның мәжілістерінде А.Байтұрсыновтың ұсыныстары бойынша Алашорда жетекшілеріне көзқарас туралы және осы Алашорданың батыс бөлімінің ақтармен одақтасы болғаны үшін кешірім жасау жөнінде мәселе бірнеше рет талқыланды. Бұл мәселе кездейсоқ, тегіннен-тегін көтерілген жоқ еді, керісінше, оның салмақты әлеуметтік және саяси себептері болды. Біріншіден, жаңа қоғам ат төбеліндей аз қазақ зиялыларының білімі мен талантына зәру болды. Әсіресе, олар кең көлемді және терең мағыналы мәдени құрылысты қарқынды жүргізу үшін қажет еді. Екіншіден, Алаш қозғалысына қатынасқан қазақтың зиялы қайраткерлерінің кеңес өкіметіне қарсы іс-әрекетіне кешірім жасау бейбіт құрылыстың ең басты айқындаушы негіздері ұлтгық келісімді, азаматтық түсінушілікті қалыптастырып, нығайтуға мүмкіндік берер еді.
Кеңес өкіметі жағына шыққан немесе шығуға бет бұрған Алашорда жетекшілері туралы осындай көзқарасты қалыптастыру, кешірім жасағанына қарамастан, оның басшыларына деген сенімсіздіктің ұзақ уақыт сақталуына негіз жасаумен бірдей болды. Ал кейбір белгілі кеңес қайраткерлері келіссөздер жүргізуде Алашорда басшыларын өздеріне тең санамады, оларды менсінбеді, тіпті өздеріне жау элеметтер деп қарауларын қоймады. Ал Алашорда қайраткерлеріне кешірім жасағанына қарамастан, оның жетекшілері саяси тұрғыдан оқшауландырылды.
Алашорда мен оның басшылығына осындай көзқарас Қазақ революциялық комитетінің 1920-жылғы наурыздың 5-інде қабылданған «Алашорданың батыс бөлімін тарату туралы» қаулысында аса анық көрінді. Онда атап айтқанда былай делінді:
«Ұлттық Алашорда үкіметінің батыс бөлімінің жауапты жетекшілері қырғыз (қазақ) өлкесінде кеңес өкіметі мықты орныққанша халық бұқарасынан оқшауландырылсын… Алашорда үкіметінің толық таратылуына байланысты мәселелердің нақтылы шешілуі революциялық комитеттің алдағы мәжілістерінде қаралсын….
Қырғыз (қазақ) халқының кеңес өкіметіне іш тартатын бөлігі мен қоныс аударушылардың (орыс селоларының тұрғындары) Алашорданың белсенді қызметкерлеріне өшпенділікпен қарайтындықтары ескеріле отырып, олар ревком мүшелігіне және басқа да жауапты кеңес қызметіне ұсынылмайтын болсын»[38.65-66бб]. Қазақ революциялық комитетінің осы қаулысының мазмұны мен мәні 1918-жылдың көктеміндегі Совет өкіметі мен Алашорданың арасында болған келісімдерге түбірімен қарама-қайшы. Егер 1918-жылы келіссөздер нәтижесінде Алаш үкіметі мен Кеңес өкіметі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің кейбір өзекті мәселелері бойынша белгілі дәрежеде ымыраға (компромиске) келген болса, 1919-жылдың соңы мен 1920-жылдың басында басқа да ұлттық қоғамдық-саяси қозғалыстар сияқты Қырғыз (қазақ) революциялық комитеті өзінің саяси және ұйымдық әлсіздігімен түбегейлі өзгерістерге бара алмады.
2.2 Қазақ әскери революциялық комитетінің қазақ кеңестік автономиясын ұйымдастырудағы қызметі.
Кеңес басшылығы өкімет саясатын нығайтудың тиімді жолдарының бірі ұлт аймақтарында ұлттық — мемлекетік құрылысты тереңдету қажет деп санады. Ол үшін Қазақстанның автономиялық мемлекеттігін тез арада құру больщевиктердің ұлт саясаты саласындағы маңызды міндеттерінің бірі деп анықталды. Бұл бағыт большевиктер партиясының VIII съезінде (1919-жылғы наурыз айында) бекітілді.
Қазақ халқының қолын ұлттық территориялық автономияға жеткізу үшін Алашорданың белгілі қайраткері Ахмет Байтұрсынов басқарған топ әрекет етті.
1918-1919-жылдар аралығында кеңестердің жалпықазақ съезін шақыруға біраз дайындық жұмыстары жүргізілді[26.100-105бб].
Бүкілодақтық орталық Атқару комитеті, Халық Комиссарлар Кеңесі және Ұлттар Халық комиссариаты съезд шақыру және онда қазақ кеңестік автономиясын жариялау бағытын ұстанды.
1919-жылғы шілденің 10-ында РКФСР халық комитеті кеңесінің Декретінде Жалпықазақ съезін тез арада шақыру қажет деп көрсетілді.
1919-жылы қыркүйектің 15-інде Қазақ революциялық комитетінің алғашқы мәжілістерінің бірінде Жалпықазақ съезін шақыруға дайындық үшін С.Меңдешев, Тұңғаншин, В.Лукашев, А.Байтұрсынов, Петров және т.б. мүшелерден құралған комиссия ұйымдастырылды. Оларға съезді шақыруға байланысты заң жобасын құру тапсырылды. Комиссия бірінші кезекте Жалпықазақ съезіне депутат сайлау төртібі туралы жобаны талқылаумен айналысты. Мөселені талқылауда өсіресе, жалпықазақ съезіне халықтың қандай топтары сайлау құқына ие бола алмайды деген мәселеге келіп тірелгенде комиссия мүшелерінің арасында келіспеушіліктер пайда болады.
Комиссия қолында сайлау жобасының негізінде құрастырылған екі құжат бар еді. Оның біреуі 1919-жылғы маусымның 10-ында РКФСР халком кеңесінің II Декретінің бабына сәйкес баяндалған: Қырғыз (қазақ) ауылы мен болыстарында барлық азаматтар сайлау құқына ие. Сайлауға сол ауылдың тізіміне тіркелген және тіркелмеген, бірақ сол ауылдың тұрақты тұрғыны немесе бір жылдан аса уақыт тұрақты тұрып қалған 18 жасқа толған барлық азаматтар құқылы болды.
Екінші құжат 1919-жылы сәуірдің 29-ында қабылданған Бүкілқазақ съезіне делегат сайлау тәртібі туралы заң жобасы еді. Онда: бұрынғы патша өкіметіне қызмет еткен басқармалар мен ауыл старшындары, халық соттары, бұрынғы қоныс аудару бастығының орынбасарлары, облыстық, уездік полицей меңгерушілері, болыс старшиналары, ауыл жетекшілері, болыстық соттар, облыстық және болыстық жер басқармаларының төрағалары мен барлық мүшелері, алыпсатарлар, есі ауысқандар, сотталған өсімқорлар, қылмыс жасағаны үшін сотталғандар, пара алғандар, канағатсыздықпен адам өлтіргендер сайлауға және сайлануға құқысыз деп керсетілді.
Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автавномиясын құрудағы және оның территорилық аймағын құрудағы бір үлесі, ол 1920 жылы маусым айының 4 – сі күні шығарған үкімі болып табылады. Міне мұнда, Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автаномиясының болашақ астанасын бекіту болды. Болашақ астана Орынбор қаласы болды да, оның өлкесі түгелімен Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автаномиясына қосылу керек делінді. Бұл мәселені мынадай баяндамаман дәлелдейміз:“Орынбор — бұл шығыстағы үлкен пролетариат орталығы саналды, онда өте күшті партия істері жүрді, мықты кеңес мамандары жұмыс атқарды, бұрыннан қазақ еңбекшілерімен бірігіп еңбек етуде. Орынбор арқылы өтетін үлкен магистраль Қазақстан мен Оралды, Волга бойын, Ресейдің орталық бөліктерін байланыстырушы, оның эканомикалық және мәдени өміріне әсер етуші қала”,- Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің және Орынбор губернаторлығының атқарушы органдары арасында келісім болды. Онда Орынбор губерниясы мен Торғай губернясының бірігуі туралы және олардың ҚазАССР – нің құрамына ендірілгені туралы мәлімденген[25.132б].
1919-жылы қазанның 11-інде өлкелік революциялық комитет отырысында сайлау комиссиясында екі кереғар көзқарас пайда болды:
Комиссияның кейбір мүшелері 1919-жылы шілденің 10-ындағы РКФСР Халық комиссарлар кеңесінің Декретін тұжырымдай отырып, сайлау құқығынан азаматтардың аз ғана бөлігін шектеу керек деген пікір айтса, екінші бір тобы сайлау құқығынан айырған азаматтар тобын толығымен, нақтылы түрде жете тексеру керек деп есептеді.
Алайда, мәселені талқылау мұнымен біткен жоқ. Сайлау құқығынан айырылған азаматтар тобын анықтау саяси мәселе болды. Осы кезде қазақ қоғамының ұлттық ерекшелігін, әлеуметтік қатынастарын, қоғамдық өмірін ескермеске болмас еді. 1920-жылы ақпанның 3-інде сайлау комиссиясының баяндамасы тындалды. Онда: молдалардың сайлау құқығы бар патшалық тәртіп кезіндегі басқарма чиновниктері және губернатор бекіткен басқарлармалар сайлауға құқысыз деп көрсетілді.
Азамат соғысы кезінде Алашорданың батыс бөлімі ақтармен одақтас болғаны көпке мәлім. Яғни осы мәселеге байланысты дәлелдейтін құжаттар 1.10.1919 жылғы Қазақ ревалюциялық комитетінің Алаш Орда үкіметінің батыс бөлімінің басшылары Досмұхамедовтармен келіссөз жүргізуі: «Көңіліңізді тағы бір мәселе аударуыңызды сұраймыз. Мәселен: Орал казактары қазіргі кезде сондай әлсіз, біздің мәліметіміз бойынша оларда Орынбор казактарындай соғысты тоқтату мәселесінде қозғалыстар жүргізілуде. Либщенск түбіндегі жеңіс оларға түк пайда әкелмеді, олар біршама кеңістік жаулап алғанымен, ыңғайсыз жағдайда қалып отыр, аймақтарында жағдай төмендеуде. Өзіңізге белгілі олардың қазіргі жағдайы өте төмен, сыртқы байланыспен үзілген, көмек күтуге еш мүмкіндік жоқ. Соңғы апталарда олардан шығыс көбейіп кетті. Бұл сіздің одақтастарыңызды мәз қылар емес, сол үшін сіздер біздің жаққа өтулеріңіз дұрыс болады. Міне осындай жағдайда беделіңізді көтеру, біздің жақтан сізге қолдау көрсетіп, одақтастарыңыздың кеңес үкіметіне өту жолдарын жеделдетуге сөз береміз. Бірінші кезекте басшыларды өткізіп, сосын халқын тартуымыз керек.» — деп жазған Қазақ ревалюциялық комитетінің өкілі Мюраттың жіберген хаттамасы [27.168б].
1919-жылдың қарашасына дейін сол үшін кешірім сұрап, кеңес өкіметі жағына шыққан немесе шығуға бет бүрған Алашорда және оның жетекшілеріне сайлауға құқылы деп шешілді. Яғни бұны дәлелдейтін құжат Алаш Орда үкіметінің батыс бөліміне Қазақ ревалюциялық комитетінің совет үкіметіне қарсы күрескен қазақтарға амнистия жариялауы: «Құрметті мырзалар! Сіздердің Совет үкіметіне өту арқылы казактармен байланысты үзулеріңіз дұрыс шешім болып табылады. Біз тағыда жариялаймыз сіздерді ешқандай кедергісіз қабылдауымызға және де үкімет басшыларымен бірге қабылдаймыз. Сонымен қатар үкімет басындағылар мен басқада азаматтарға амнистия жариялаймыз. Бұл амнистия совет үкіметіне қарсы күрескен қырғыздардың (қазақтардың) бәріне жариялансын! Сонымен бірге бәріне кепіл береміз, оларға еркіндік пен бостандық береміз!.
Біздің ойымызша, бұл істің ұзаққа созылмауы көп қиындыққа соқтырады. Сонымен қатар біздің жаққа өтуге кедергілер көбейе түседі. Совет үкіметіне қосылу тездетіп жүргізілсін және өздеріне ыңғайлы жақтарымен өтсін. Оларға біздің жақтанда көмек көрсетіледі. Алаш Орданың меншігіндегі барлық мүліктер түгелімен сақталсын, Совет үкіметі жағына өтілсін.
Сіздердің өтулеріңіз – жаппай бәріңіз немесе жеке-жеке бөлініп өту ол адам өлімінің азаюына әкеледі,» — деді Қазақ ревалюциялық комитетінің өкілі Сейтқали Меңдешов.[19.168-169б]
Қазақ ревалюциялық комитетінің (А.Байтұрсынов және Тұнғаншин) 1919 жылғы 15 қыркүйектегі Алаш Ордалық Досмұхамедовтермен келісімге келуі: «Қырғыздардың (қазақтардың) Совет үкіметі жағына өтуіне байланысты А. Байтұрсыновтың, Эльяваның, Бройдоның ұсыныстары:
А.Байтұрсыновтың ұсынысы бойынша –
1)Қазақ ревалюциялық комитетінің өз еркімен жұмыс атқаруы, қазақтардың оны көруі, совет үкіметінің қазақтарға автаномиялық еркіндік берілуін білдіру.
2) Торғай және Орал тобындағы алаш орда қазақтарының Совет үкіметіне өту барысында амнистия жарияланды.
3) Бұл іс жүргізілгенде совет үкіметі тарарапынан оң көзқарастар қалыптастыру, халықтың үмітін ақтау.
Эльяваның ұсынысы –
1) Жалпы Қырғыз съезін шақыруға асығу.
2) Азаматтық тыңшылар ұйымдастыру.
3) Ақ қазақтармен байланыс орнатып Совет үкіметіне өтуге үгіттеу.
Бройдоның ұсынысы –
1) 15 қарашада қырғыз конференциясын шақыру
2) Торғай аймағынан казактарды ығыстыру және жою.
Нәтижесінде: Қазақ халқының бірігуіне байланысты 1- ші желтоқсанға дейін қырғыз конференциясын шақыру бекітілді.[27.168-170-171 бб].
1920-жылғы тамыздың 23-індегі Қазак революциялық комитеті өзінің мәжілісінде Бүкілқазақ съезіне ұсынатын сайлау жобасын біржолата бекітті[40].Онда Орал, Торғай, Семей, Ақмола, Астрахань губерниясының қырғыздар (қазақтар) мекендеген бөлігі Бүкілқазақ съезінде сайлауға және сайлануға құқылы деп көрсетілді.
Қырғыз өлкелік басқармасына кіретін қазақ облыстары: Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқанд, Каспий сыртындағы қазақ облыстары съезге өз өкілдерін ортақ негізде сайлай алады. Жобада діни нанымына, ұлтына, отырықшылығына қарамай, 18 жасқа толған екі жыныстағы азаматтар сайлауға және сайлануға құкылы болды.
1920-жылы тамыз — қыркүйек айларында Қазақ революциялық комитеті өңдеп, құрастырған жоба бойынша облыстарда, губерниялар мен уездерде Бүкілқазақ съезі делегаттар сайлады.
1919-жылы шілденің 10-ындағы РКФСР халық коммиссарлар кеңесінің Декретіне сәйкес қазақ революциялық комитеті кеңестердін бүкілқазақтық съезіне ұсыну үшін қазақ автономиясы туралы заң жобасын дайындау қажет еді. Бұл ең маңызды мәселе болатын. Әсіресе, мәселе республика территориясын анықтауға келіп тірелгенде жағдай күрделене түсті. Дәл осы мәселе 1919-1920-жылдарда ұлттық демократиялық бағыттағы зиялылар үшін кезек күттірмейтін шара еді. Ұлт зиялысы Ә.Бөкейханов «Қазақ» газетінде жариялаған мақаласында былай деп тұжырымдайды: «Түркістан өз алдына автономия болар. Біздің қазақтың Түркістанға қосылғаны оң деген пікір де бар. Біз Түркістанмен діндес, туысқанбыз. АВТОНОМИЯ болу аддымен мемлекет болу. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. [18.14.3.18].
Азамат соғысы басталып ол кең өріс алған жағдайда Әлихан Бөкейханов Қазақ автономиясын құру жөніндегі Бүкілқазақтық съездің шешімін жүзеге асыруды ұлттық зиялылардың басты міндеті деп білді.
Бұдан бұрын болған съездерде көтерілгендей бұл идеяға кеңестік саяси күштер бірден қарсылық көрсетпегендерімен, оны жүзеге асыруды Бүкілресейлік құрылтай съезінің еркімен байланыстырды, басқа сөзбен айтқанда, Қазақ автономиясы туралы мәселені шешуді Құрылтай жиналысының үлесіне қалдырды. Ал құрылтай жиналысын большевиктер басқарған кеңестер күштеп таратып жіберді. Азамат соғысы өріс алып, елдегі хал-ахуалдың күрт өзгеріске ұшырауын және соған байланысты саяси күштердің арасалмағының басқаша сипат алғанын айта кету қажет. Ең алдымен, ұлт зиялылары Қазақстанды іс жүзінде конфедарациялық принциптерге негізделген мемлекеттің құрамдас бөлігі ретінде көргілері келді. Ал, екіншіден, бұл талаптар ұлттық-мемлекеггік құрылыс мәселесін шешу жолы ретінде қалыптасқан кез болатын, өлара уақытқа дәл келген еді; екі мемлекет ыдырап, күйреп жатты, жаңа өкімет әлі орныға қойған жоқ еді. Елді анархия билеген болатын. Ал қазақ автономиясы идеясын жалау етіп көтерген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сейітқали Мендешев, Бақытжан Қаратаев және т.б. Ұлт зиялылары анархияны большевизммен бас бұзарлықпен бірдей деп санады. Олардың пайымдауынша анархиядан, жаппай бөлінуден шығудың жолы большевизмге қарсы тұратын дәл — автономия құру еді.
Азамат соғысы басталысымен қазақ зиялылары өз билігін орнату мақсатымен автономияны басқару, жер пайдалану тәртібі, салық, сот, дін, әскер істері жөнінде көптеген қаулы -қаралар қабылдады. Алайда, ұлттық зиялылар сенген Сібір үкіметі тарапынан да, Орынбор мен Орал қалаларындағы «әскери үкіметтер» тарапынан да оларды қолдау туралы ешбір әрекеттер жасалмады. Сібір үкіметінің «Сибирская речь» газетінің 1918 жылғы тамыздың 5-індегі санында жарияланған «Қырғыз (қазақ) автономиясына көзқарас ешқандай бұлтарыссыз айтылды. «Қырғыз (қазақ) өкілдері талап еткен формадағы — автономия, -делінді мақалада, Ресейден түгелдей бөлініл, жеке тәуелсіз қырғыз (қазақ) мемлекетін құрумен бірдей[24.339бб].
Бұл мақаланың жариялануына Алашорданың төрағасы Әлихан Бөкейхановтың Сібір үкіметінің премьер-министрінің атына келіссөздер жүргізу үшін жазган хаты түрткі болды: «… қазіргі кезде — деп жазды өз хатында Ә.Бөкейханов, — біртұтас Ресей жоқ. Біртұтас мемлекетгік өкімет те жоқ… Сондықтан да тарихи оқиғалардың күшімен большевиктер билігінен құтылған автономиялы облыстар мен халықтар мемлекеттік тәуелсіздік жолына түсулері керек.… Сібір мен Алаштың өзара ортақ мақсат-мүдделері екі автономияның тығыз одағы болуын талап етеді.
Әлихан Бөкейхановтың әңгіме болып отырған Сібір үкіметімен келіссөз жүргізу принциптерін анықтаған осы хатында назар аударатын бірнеше жәйттер бар. Ең алдымен, ол Қазақстан үкіметін Сібір үкіметімен терезесі тең үкімет екендігін дәлелдеуге ұмтылған. Екіншіден Қазақстанға ортақ елді басқаратын үкімет жүйесін құруға құқылы екендігін дәлелдеу. Үшіншіден, қазақ автономиясын мойындау қажет екендігін баса көрсетті.
Қазақ революциялық комитеті қазақ кеңестік автономиясын құру туралы заң жобасын 1920-жылдың маусымында «Қазақ өлкесінің шекарасы мен территориясы жайында» деп аталатын кұжатты Ұлттар халық комиссариатына ұсынды. Онда былай делінді:
- Қырғыз (қазақ) автономиялық республикасы өзінің ұлттық мәселелерін шешу үшін ғана емес, республиканың географиялық және шаруашылық жағдайының өзгешелігі өлкелік басқаруды қажет етеді. Біз қырғыз (қазақ) ұлтының- мәселелерін өзімізге пайдалы жағына қарай шешу үшін емес, экономикалық тұтастық пен республика және пролетариат мүддесінің бір мақсатта шығу принципін көздей отырып қырғыз (қазақ) автономиялы республикасын РКФСР-дың бір құрамдас бөлігі деп танимыз.
- Қырғыз (қазақ) республикасының шекарасын анықтауда ең алдымен мына жағдайларды ескеру қажет:
а) өлкеде қырғыздардан (қазақтардан) басқа көптеген орыс шаруалары мен жұмысшылары орналасқан;
ә) өлке ішінде өзіндік экономикалық өндіріс саласы мен мәдени орталықтар жоқ, ал онсыз өлке әдеттегідей дұрыс даму жолына түсе алмайды.
- Қырғыз (қазақ) өлкесінің барлық саяси және өндіріс орталықтары (Астрахань, Орал, Орынбор, Қостанай, Омбы, Семей, Ташкент) шетте орналасқан және даулы немесе өлке құрамына мүлдем кірмейді. (Астрахань, Орынбор, Омбы, Ташкент және т.б). Даланьң осы көрсетілген орталықтарымен тамыры терең, күрделі тарихи байланысы болғандықтан ішкі және жаңа шекараларды жүргізу дұрыс жағдайға әкелмейді. Шеткі орталықтар өзінің экономикалық негізінен шет қалады және бұл өлке үшін де, қырғыз (қазақ) халқы үшін де өндіріс және мәдени орталықтарынан байланысы үзілуіне алып келеді.
- Шекараны анықтауда және даулы уездер туралы мәселені шешуде (Қостанай, Көкшетау, Петропавл және т.б) көрсетілген уездер мен дала арасындағы тығыз байланысты ескеру қажет. Солтүстік бөлік жартылай көшпенділердің және көшпенді тұрғындардың тірегі. Олар жаз айларында солтүстік уездерден азық-түлігін өндіріп алады. Сонымен қатар, Қырғызстандағы күрделенген жер мәселесін шешумен қатар тез арада көшпелі тұрғындарды қажеті жоқ артық жер үлесімен қамтамасыз ету және шаруа переселендер мен отырықшы қырғыздар қатынасын реттеу қажет. Аталмыш облыстардың қосылуына қырғыздар (қазақтар) ғана емес, өлкенің оңтүстік орыс-татар тұрғындары да мүдделі.
- Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе қырғыз (қазақ) өлкесінің территориясына шеткі орталықтардың бірқатарын атап айтқанда: Орал, Орынбор, Семей және т.б. облыстарын сөзсіз кіргізу және өлкенің дәл белгіленген шекарасын жоғарыда айтылған негіз бойынша белгілеу.[16.176-177бб]
1920-жылы тамыздың 9-ында Мәскеуде қазақ өлкесінің мәселесін талқылау үшін жауапты жұмысшылар қатысқан мекеме аралық кеңес өтті. Яғни Қазақ ревалюциялық комитеті және Түркістан майданының әскери төңкеріс кеңесі, РКП(б) Түркістан өлкелік комитетінің партия және кеңестік ұйымдардың өкілдері қатысқан Қазақ АКСР-н құру туралы бірнеше мәжілістер өткізілді. Ақырғы мәжіліске В.И.Лениннің өзі төрағалық етті. Нәтижесінде 1920 жылы 17 тамызда РКФСР Халық Комисарлары кеңесі Қазақ Кеңес Республикасы жөніндегі Декреттің қарап қолдады. Оған: Қазақ революциялық комитетінен Пестовский, Ә.Жангельдин, А.Кулаков, А.Мырзағалиев, Т.Әлібеков, П.Петровский; Қазақстанның басқа облыстарынан — С.П. Милютин, Д.Темірәлиев, Оразаев және т.б қатысты. Кеңесте Ұлттар Халық Комиссариатының орынбасарлары, РКФСР Халық Комиссарлар кеңесі, жер халық комитеті қатынасты. Екі күн ішінде қазақ автономиялық республикасының болашақ территориясын анықтауға байланысты мәселе талқыға салынды. Кейбір мәселелерді шешуде бірауыздылық болмады. 1920-жылы тамыздың 24-і күні Халық Комиссарлар Кеңесінің жиналысында қазақ автономиясын құру туралы заң жобасы екінші рет талқыланды. Қабылданған құжат тек тамыздың 26-сы күні ғана күшіне енді. Қырғыз (казақ) Кеңестік автономиясын құру туралы Декрет.
1920-сыншы жылы қазанның 4-і күні Кеңестердің жалпықазақ төтенше съезінде жария етілді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ әскери революциялық комитеті Азамат соғысы жүріп жатқан жағдайда қазақ өлкесін басқару үшін Қазақ Ұлттық мемлекеттігін құру, кеңестердің жалпықазақ съезіне Қазақ ұлттық автономиясының заң жобасын даярлау үшін құрылған уақытша орган болатын.
Орталық үкіметтің позитивтік жағдайы, Қазақ революциялық комитеті құрамындағы ұлттық зиялы топтардың қызметінің әлсізідігі мен өзара алауыздығы, кеңес өкіметі мен зиялылар арасындағы қайшылық біртұтас ұлттық мемлекеттің қалыптасып, оның нығаюына кедергі болды. Бұл тек қана ымыраласушы (компромистік) үкімет болды.
Қазақ әскери революциялық комитеті қазақ ұлттық мемлекетінің көрінісі болатын.
Ахмет Байтұрсынов пен сол кезендегі қазақ зиялы қауымы Қазақстандағы қоғамдық-саяси, әлеумеггік-экономикалық және ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелерін шешу жолдарын анықтауда ұлттық тұтастық және халықтық бірлік принциптеріне сүйенді. Мұндай позиция, әлбетте, аталған мәселелерді шешуді таптық принциптер мен пролетариат диктатурасын негізге алған большевиктерге қарама-қарсы еді. Сондықтан да олар Қазан революциясының ұрандарын, кеңес өкіметінің идеялары мен нақтылы іс-әрекеттерін қабылдамады, оларға қарсы шықты.
Саяси күресте қазақ интеллигенциясы арасында жекелеген қоғамдық-саяси мәселелер жәнінде (мысалы, қазақ ұлттык автономиясын жариялау немесе қазақтарға көзқарас туралы) кезінде уақытша түсініспеушілітер мен қарама-қайшылықтар да болды.
Сонымен қатар, қазақ зиялыларының ішінде көрнекті жетекшілерінің іс-әрекетгері қоғамдық өмірінің әр саласында олардың әр қайсысына тән ерекшеліктерімен тарихта қатталып қалды. Мәселен, Әлихан Бөкейхановтың саясаткерлігі, саясат жүргізудегі «батысшылдығы» ерекше көзге түсті, Ахмет Байтұрсыновқа ең әуелі ағартушылық-ғылымдық пен саяси қимылда байсалдылылық пен ұстамдылық тән болды. Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтардың қоғамдық қайраткерлігінен ғалымдық зерттеушілік қасиеттері басым болды. Ал, Бақытжан Қаратаев пен Сейітқали Мендешев ең алдымен қоғамдық қайраткерлер ретінде нақтылы іс-әрекеттің адамдары еді. Олар халықты оятудың және оның ұлттық санасын жебеп, жігерлендірудің аса көрнекті шеберлері болды.
Осындай әр қырынан танылған, білімді де талантты қайраткерлер Азамат соғысы жылдарында Қазақ революциялық комитеті құрамында жүмыс атқара жүріп Кеңес өкіметіне қарсы жау күштерімен одақтас болды. Нәтижесінде, Азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алашорданы тарих сахнасынан кетірді. Кеңес өкіметі Ұлттық мүддені қорғаушы қазақ зиялыларын Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластауда алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап күштеу жолын да қолданды.
Кезінде (1919-1920 жылдары) кеңес өкіметі Алаш қозғалысына қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, Азамат соғысынан кейінгі 7-8 жылда Қазақстан ғылымының, оқу-ағарту ісінің, әдебиеті мен өнердің, халық шаруашылығының дамуына қомақты үлес қосқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдері, ең алдымен «сүт бетіне шыққан қаймақтары» түгелдей дерлік сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды.
1919 жылдардың соңынан бастап, ғылыми, оқу-ағарту, өнер, баспасөз салаларында халық үшін жемісті еңбек етіп жүрген қазақ зиялыларының соңына ресми өкімет, коммунистік партияның идеологиялық аппараты күндіз шырақ алып түсті. Оларға әртүрлі саяси айып тағылды.
Халыққа қызмет еткен қайраткерлер қызметтерінен қуылып, Қазақстаннан аластатылып, олардың басым көпшілігіне кеңес өкіметіне жау пиғылдағы және оған қарсы контреволюциялық әрекеттер ұйымдастырушылар деген саяси айыптар тағылды.
Осы саяси науқанды жүзеге асыру үшін ұлттық қозғалыс тарихын ресми тұрғыдан, таптық және партиялық тұрғыдан «зертгеу» науқанымен қатар жүргізілді. Бұл «зерттеулердің мақсаты Кеңес өкіметтеріне қарсы әрекеттер жасады» деген жалған айып тағылған қазақ зиялыларының саяси қуғын-сүргінге ұшырауын «ғылыми» негіздеу еді.
1920-1930 жылдардағы ұлттық зиялыларға қарсы бағытталған идеологиялық шабуыл өз «нәтижесін» беріп үлгерген еді. Осы жылдарда белсенді қызмет атқарған қазақ зиялыларының басым көпшілігі саяси сот процестері шығарған үкімге байланысты әртүрлі ұзақ мерзімге концлагерлерге айдалды, атылды, жер аударылды. Онда аман қалғандарына «халық жаулары», «шетел пайдасына қызмет еткен шпиондар» деген жалған айыптар тағылып, 1937-1938 жыддардағы үлкен террорда жаппай атылып, айдалды.
1919-1920 жылдардағы Қазақ революциялык комитеті жүмысына талдау жасауды енгізе отырып, зертгеу мәселелерін кеңейту ұсынылсын.
Қазақстан Республикасының Білім министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен және басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесе отырып, ғылыми таным қалыптастырған жаңа теориялық тұғырнамалық және зерттеушілік көзқарастар негізінде оқулықтар, бағдарламалар және басқа да әдістемелік әдебиеттер даярлануы тиіс.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН СІЛТЕМЕЛЕР ТІЗІМІ:
1.Сапаргалиев.М.С.Возникновения казахской советской государственности (1917-1920гг.). Алматы, 1948.
2.Тайманов Г.Т. Развития Советской государственности в Казахстане. М,1956..
3.Сартаев С.С. Образование и становление Казахской Советской государственности. Алматы, 1960.
4.Мухтаров А., Имашев М. К истории возникновения Казахской советской государстенности. || Вестник АН. КазССР, 1955
5.Мухтаров А. Образование революционного комитета по управлению Казахским краем.Д\Вестник АН КазССР, 1959
6.К.Нүрпейісов. Қазақстанның шаруалар кеңестері.Алматы 1972.
7.Кеңес Нүрпейісов. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995.
8.С.Бейсембаев. Ленин и Казахстан. Алматы, 1968.
9.Байтұрсынов. Революция и киргизы \\ Жизнь национальностей, 1919, 3 тамыз 29.
- Қойгелдиев М. Қуаныш түнде жүріп, күн шығар деп., \\Социалистік Қазақстан. 1990, 14, 16, 17 сәуір; Қос төңкеріс және Алаш қозгалысы. Сұхбат материалдары. Сұхбатты хаттаған Т.Омарбеков \\ «Ақиқат». 1991, 11.
- Иностранная военная интерненция и гражданская война в средней Азии и Казахстане. Алма-Ата,т.І, II, 1963, 1964; Советы и ревкомы в Казахстане (октябрь І917-1920гг). Документы и материалы. Алматы, 1971.
12.Образование Казахской АССР. -сборник документов и материалов. Алматы, 1957.
- Казахстан в огне гражданской войны. Воспоминания участников Великой социалистической революции и гражданской войны в Казахстане. Алматы, 1960;
- «Қазақ тілінің түсіндірме создігі». Алматы, 1986, т.9.
15.Советы и ревкомы в Казахстане (октябрь І917-1920гг). Документы и материалы. Алматы, 1971.
16.Образование Казахской АССР. -сборник документов и материалов. Алматы, 1957
- Зиманов С. «В.И.Ленин и советская национальная государственность н Казахстане». Алматы, 1970.
18.ҚРОМА. қ.14, т.З, іс.17, п.22
19.Советы и ревкомы в Казахстане (октябрь І917-1920гг). Документы и материалы. Алматы, 1971.
- Бейсембаев С. Ленин и Казахстан. Алматы, 1968,
21.Ленин «Өмірбаян хроникасы», т.7,
22.Юрий Шапоров «Ревкомдағы жанжал» \\ Арай, 1997,
23.»Известия киргизского края» 1920. 15 апрель.
- М.Қойгелдиев. Алаш қозғалысы. Алматы, 1995.
25.Протоколы революционного комитета по управлению казахским краем (1919-1920 гг.) сб. док. Алматы, 1993.
26.С.Зиманов, С.Даулетова, М.Исмагулов «Казахский отдел народного комиссариата по делам национальностей РСФСР». Алматы, 1975.
27.Алаш Орда. Сборник документов.сост. Н. Мартыненко. А.1992