ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті тарихы кафедрасы
БІТІРУ ЖҰМЫСЫ
ҒҰМАР ҚАРАШ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ОЙ-ТАНЫМ
Ғұмар Қараш өлеңдеріндегі ой-таным атты бітіру жұмысына
Пікір
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ұлы тұлғалардың бірі- Ғұмар Қараш. Осынау Алаштың асыл азаматы ұзақ жылдар бойы қилы көзқарас қайшылықтары мен пікір таластарға арқау болып, қазақ әдеби тарихынан орын алмай келгені белгілі. Әрине, оның түрлі еңбектері бар. Оның бәрін қазір қайта айтып жату мақсат емес. Бүгінде Ғұмар шығармашылығы біраз зерттелді деседе болады. Ол жайлы біршама ғылыми зерттеулер мен монографиялық еңбектер жазылды. Көптеген дерек көздері жарыққа шығып, ғылыми айналымға қосылды. Ендігі міндет Ғұмардай тұтас тұлғаның толыққанды ақындық мұрасын әр қырынан зерттей бастау. Міне, біз сарапшылық жасап отырған бтіру жұмысы осы бағыттағы алғашқы ізденістің бірі деуге болады.
Бітіру жұмысы Ғұмар Қараш өлеңдеріндегі “ой-таным” деп аталып ақын поэзиясындағы ойшылдық және танымның терең қатпарларын ашуға арналған екен. Талап орынды, ізденіс құптарлық. Бітіру жұмысы бір-бірімен өзектесе жалғасқан “Танымнан нәр берген ғұмыр” және “Ақын өлеңдеріндегі қолданыстар” атты екі тараудан тұрады. Әр тарау, бітіруші көздеген мақсатқа орай бірнеше тараушаларға бөлінген. Жұмыстың алғашқы тарауында Ғұмар өмір жолы және ой-өрісінің дамуымен қанаттастырыла қарастырылады. Мұнда ақын білім алған мектептер, біліктілік қайнарлары, ақындық ортасы, ой-таным арнасы жан-жақты қарастырылады. Сөйтіп ақынның азамат ретінде, ұлттық қайраткер ретіндегі қалыптасу жолы мен ақындық болмысының өзіндік ерекшеліктері жан-жақты ашылады. Оның азаматтылық пен астасқан ақындық тұлғасы айқындалады.
“Ақын өлеңдеріндегі дәуір шындығы” деп аталатын екінші тарауда тағы Ғұмар ақындығының табиғатын тануға, оның өлеңдеріндегі ойшылдық пен терең таным негіздерін сараптауға бағытталған. Ақын поэзиясындағы қоғам, адам олардың қарым-қатынасынан туындайтын қилы жағдайларға қатысты көзқарастар мен тұжырымдар мәнін танып-білуге талпыныс жасалады. Ақынның діни көзқарастарына бойлау арқылы өмір қоршаған орта, уақыт, кеңістік, пәни-жалған, бақи-дүние жайлы ой толғамдардың мәні ашылады.
Ғұмар жай ғана көп ақынның бірі емес. Ол шын мәніндегі ойшыл да, сыршыл ақын. Ой мен сезімнің тоғысынан табиғаты бөлек туынды жасау сөз сиқырының құдіреттілігіне табындыру Ғұмардың ақындық ерекшеліктерінің басты сипаты. Міне, екінші тарудың үшінші тараушасы Ғұмардың ақындық шеберлігін тануға қатысты осындай мәселелердің сырына бойлауға арналған. Әрине, кемшіліктерсіз жұмыс жоқ. Сол тұрғыдан алғанда Тоқтағанова Базаркүлге мынандай ескертпелер айтар едік. Тараушалардың ара-жігі нақты ажыраптыла қоймаған. Сондықтан да қайталаулар кездесіп қалып жатады. Кейбір ойлар өз тұжырымдамасына толық жетпей қалып жататын жерлер бар.
Әрине, жақсы жазылған, талапқа сай орындалған жұмыста мұндай кішігірім кемшілік тұстары оны жоққа шығара қоймайды деп білеміз. Бұны біз кейінгі ізденушілерге сабақ болсын деп айтып отырмыз. Ал, Тоқтағанованың ғылыми зерттеумен айналысуға толық мүмкіндігі бар. Жас ізденушіге болашақ зерттеулерде табыстар тілей отырып, алғашқы ғылыми жұмысын жоғары бағалауға әбден лайық деп айтар едік.
РЕФЕРАТ
Бітіру жұмысының тақырыбы: Ғұмар Қараш өлеңдеріндегі ой-таным
Бітіру жұмысының көлемі: 40
Бітіру жұмысының құрылымы: Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Бірінші тарауда Ғұмар Қараштың өмір жолы мен шығармашылық кезеңдері және ақынның дүниетанымдық ой-толғаныстары сөз болады.
Екінші тарауда Ғұмар Қараш өлеңдеріндегі діни-философиялық, қоғамдық-саяси ойларының көркемдік ерекшеліктеріне жан-жақты талдау жасау.
Бітіру жұмысының мазмұнын сипаттайтын тірік сөздер: Өнер-білім, ұлт, елдік, ерлік, бірлік болмыс, дін, т. б.
Бітіру жұмысында пайдаланылған әдебиеттер саны: 28
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ ………………………………………………………………………………………………………………..4
I тарау Ой мен танымнан нәр терген ғұмыр………………………………………….6
1.1. Ғ. Қарашевтың өмір жолы…………………………………………………………………6
1.2. Ғұмар дүниетанымының көрінісі………………………………………………………13
II тарау. Ақын өлеңдеріндегі дәуір шындығы…………………………………….16
2.1. Ақынның қоғамдық – саяси ойлары………………………………………………….16
2.2. Ақынның діни-философиялық көзқарасы…………………………………………21
2.3. Ғұмар өлеңдеріндегі көркемдік іздерістер………………………………………….33
Қорытынды……………………………………………………………………………………………38
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі………………………………………………………….39
Кіріспе
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы кезінде қазақ қоғамының даму процесінде тұтас халықтық сана ояна бастады. Бұл кезде ақын жазушылар біріншіден, қазақ қоғамында жаңа бір заманның туа бастағанын бағалай алса, екіншіден, ілгері талпынудың жалпы қоғамдық сипат алғандығын сезеді.
XIX ғасырдағы көп ақындармен салыстыра қарағанда XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ ақын жазушыларының бәріне дерлік тән ерекшелік бұлар өзге көршілес халықтардың мәдениет пен өнер саласында қазақ халқынан әлде қайда ілгері кеткендігін ерекше тақырып етіп жырлады. Мұнда олар Шортанбай мен Әбубәкір сияқты сол халықтардың мәдениет пен өнер жаңалықтарын жек көру тұрғысынан емес, керсінше олардан үйрену, үлгі алу тұрғысынан мәселе көтерді, қазақ халқының мәдени мешеу дәрежеде отырғанына жанымен қиналды. Бұл салада қазақ ақындарының көбі білім мен өнерді орыс қауымынан үйрену керек екендігін, олар ғылым, білім саласында көп ілгері кеткендігін атап, шығармаларына арқау етті. Бұл тілек барлық ақынның арманына айналды. Осы тілекті жүзеге асыруға бар ақын өз шамасынша ізденді, еңбек етті.
Бірсыпыра ақындар өз шығармаларында қазақ халқын надандықта қалдырып келген не нәрсе деген сұраққа жауап іздеді, надандықтың шектен асқан сорақы көріністерін суреттей отырып, олардың осы жолдан шығуының себебін өнер- білімнен іздеді. Соның бірі Ғұмар Қарашев.
Қысқа ғұмырында надандықтың торын бұзып шығып, ауыл молдасынан қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Ғұмар Қарашев — XX ғасырдың басындағы тұлғалы қазақ ақындарының бірі. Қаламгерлердің біреуі оны зор ақын десе, екіншісі көрнекті қайраткер деген баға береді. Екі пікірдің де қисыны бар. Ғұмардың көптеген ақын жазушылардан ерекшелігі- өз заманының саяси қайраткері, ақыны, философы, педагогы болуында. Ол- туған халқының назарынан елу жыл бойы тыс қалып, атына қара күйе жағылып, шығармалары «кілтке салынып», жазықсыз аластатылған аяулы халық перзенті.
Ғұмар Қарашұлының өз өмірі де жарқын болашақ халқының жарқын болашағы мен бақыты үшін арпалыспен өтті. Оның баға жетпес мұралары да талай соққыға ұшырап келеді. Ол — заманның басты мәселелерін жырлап, елінің сол тұстағы міндетерін толғаған ақ ниетті адал жан. Ғұмар Қарашев- қазақ газеттерін ұйымдастырушы ретінде танылып, сол газетте жарияланған танымдық мәні зор мақалалармен көрінген алғашқы қазақ публицистерінің бірі. Осы орайда біз 1958 жылы Англияда жарық көрген «Орта Азия» әдебиеті атты жинақтағы ағылшын ғалымы Томс Виннердің «Ғұмар Қараш″ деген мақаласында: «Қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен ислам мәдениетін жырлаған ақын жазушылардың бірі – Ғұмар Қараш араб, парсы, шағатай, татар әдебиетімен діни мектептің қабырғасында жақын танысқан”[1,3],-деп көрсетеді. Осы мақала Ғұмар Қараштың өз дәуірінің айнасы болғандығын дәлелдейді.
Ғұмар Қарашұлын зерттеп, тану ісі біраз уақыт үзіліп қалды. Оны көрген, білген кісілер бұл дүниеден озып кетті. Қолжазбалары мен кітаптарын да кездестіру қиынға соқты. Бұдан кейінгі жылдары ғана ақын есімі сирек те болса әдебиетте ұшыраса бастады.
Ғұмар өмірі мен шығармашылығын алғаш көпшілікке таныстырып, оқулыққа ендірген белгілі ғалым Есмағамбет Смайылов Ғұмар Қарашұлын “Қазақтың ұлы ақындарының бірі»,- деп баға бергені бар [1,4]. Бірақ шовенистік идеология үстем болып тұрған советтік кезеңде Қазақстандық көрнекті мамандар, қайраткерлер, өз халқының мүддесін қорғаған азаматтар қуғынға түсіп, қасіретті халге ұшырағаны да белгілі. Қызылдан шыққан («Жұлдыз» 1992 №5)» бандының қолынан қаза тапса да, өлген соң да Ғұмарға тыныштық бермей, оны ұлтшыл, алашшыл деп айыптап, өз халқынан аластаған. Соның салдарынан Ғ. Қарашұлының өмірі қоғамдық-саяси, әдеби — педагогикалық қызметі зерттелмей, уақытында нақты деректер жинақталмай қалды.
Ғұмар Қарашұлын зерттеп, тану ісі біраз уақыт үзіліп қалды. Оны көрген, білген кісілер бұл дүниеден озып кетті. Қолжазбалары мен кітаптарын да кездестіру қиынға соқты. Ғұмар Қарашевтың бірқатар шығармалары 30-40 – жылдары орта мектеп оқулығына енді, орыс тілінде шыққан «Қазақ поэзиясының антологиясында» (1958 жыл) жарияланды. М. Мағауин құрастырып, Ленинградтан 1978 жылы шыққан «Қазақ ақындары» жинағында, сондай-ақ Айдын Нұрқатов «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясында Қарашев творчествосына бірнеше бет арнаған Философ ретінде ақынға 1962 жылы Москвадан шыққан «Философская энциклопедиядан», «Қазақ совет энциклопедиясының 6-томынан орын берілген. Ертеректе Қарашевтың поэзия сы мен философиялық ой-пікірлері 1932 жылғы С. Мұқановтың «XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» деген кітабында да қаралған болатын. Отызыншы жылдары Ғұмар Қараш мұрасы ауыр сынға ұшырап жатқанда қазақтың көрнекті ақын-жазушылары санатында М. Жолдыбаев, М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаевтың «XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқу кітабында да кездеседі. 1945 жылы Е. Смайылов кітаптарында қысқаша жазылған. Әнуар Дербисалиннің 1966 жылы шыққан «Қазақтың октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті» атты кітабынан біраз мәлімет кездестіреміз. Сондай-ақ, Ғұмар Қараш мұрасын зерттеп, талдау жасап кітап шығарып жүрген бірнеше зертеушілерімізді айтайық. Соның бірі Қабиболла Сыдиықов. Ол Ғұмар Қараш шығармаларын жан-жақты зертеп ақынның қырлары мен сырларын ашуға тырысқан. Сыдиықов ақын мұраларын жинақтап 1994 жылы «Замана» деген жинақ шығарады. Белгілі ғұмартанушы ғалым Мақсат Тәжімұратовтың 2004 жылы Арыс баспасынан «Ғұмар Қараш» деген кітабы шығады.Осы кітаптың ізін суытпай 2005жылы Ғұмар Қараш шығармаларына талдау жасап, ақынның қоғамдық саяси және құқықтық көзқарастарын танытатын Сәкен Өзбекұлы мен Атақожа Исмайловтың кітабы шығады. Сондай-ақ, ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты мәліметтерді газеттер мен журнал бетінен де көптеп кездестіреміз.
І ТАРАУ. ОЙ МЕН ТАНЫМНАН НӘР ТЕРГЕН ҒҰМЫР
1.1 Ғұмар Қараштың өмір жолы
Ғұмар Қараш жайындағы зерттеулерге негіз болған С. Мұқановтың «XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» деген еңбегі. [3,5]. Себебі ең алғаш ақынның өмірі мен шығармашылығы сол кітапта қысқаша жазылған. Ал ол туралы мәліметтер қайдан, қашан алынғаны көрсетілмеген. Сол мәліметтердің сипатына қарағанда елден естіген ауызекі әңгіме сияқты. Әйтпесе ақынның туған жері, туған жылы әр түрлі жазыла ма? Мақсат Тәжімұратов бір мақаласында «Біз Ғұмар Қарашты әлі күнге шейін жөнді білмейміз. Тіпті туған жылын да дәл айта алмай жүрміз», — деуінде мән бар [4,4]. Иә, осы күнге шейін ақынның туған жылы әр деректе әр түрлі айтылып келеді. Бұндай көп еңбек еткен адам тарихын зерттеуге жерлестері мен ағайындарының көмегі қажет. Өйткені басқа облыс адамдары сол кездегі ел, жер жағдайын біле бермейді. Содан шатастырып, оқырманның көңілін қандырады.
ҒұмарҚарашевты көп зерттеушілер 1876 жылы Батыс Қазақстан облысының Қазталовка ауданында, «Қырқұдық» деген жерде туған деп көрсетеді. Ал, Кенжалиев Исатай өз маңаласында ақынның туған жылын 1874 жылы деп көрсетеді. [5.206].Оған дәлел ретінде 1946 жылы Қалижан Бекхожиннің бастауымен айтыс болып, онда Ғұмар Қарашевтың баласы Бұрқан: «Әкем 47 жасында қаза болды”,-деген сөзін негіз етіп алады. Егер ақын 1921 жылы дүниеден өтсе, онда ақынның 1874 жылы туылғаны дау туғызбайды. Мақсат Тәнімұратов та өз зерттеуінде Ғұмар Қарашевтың туылған жылын осы шамада көрсетеді де 1946 жылы ССРО бөлімі өткізген осы жиналысты алға тартады. Одан әрі біз ақынның өмір жолына шолу жасайық. Ғұмардың ағайыны, көп жыл жанында жүрген Ысқақ Жанарыстановтың айтуынша, болашақ ақын жеті жасында әкеден жетім қалады. Әуелі ауыл молдасынан хат таныған Ғұмар, оқуды указной молда Ғұмар Жазықовтың қолында, сәл кейінірек Ысмағұл Қашғари мектебінде жалғастырады. Кейін Жалпақтал қаласында мешіт, медресе ұстаған Ғұбайдолла Ғаликеев хазіретке шәкірт болады. Осы ұстазының қолынан иршат (куәлік) алған ол өз ауылында біраз уақыт бала оқытып жүреді де 1902 жылы Тіленшісай деген жерде жәдитше бала оқытуды ұйымдастырады. Ғұмардың Борсы мекенінде Шәңгерей ауылының балаларына сабақ беруі өмір жолының жаңа бағыт алған елеулі кезеңі еді. Шәңгереймен жиі араласып тұруы оның ой өрісінің кеңейе түсуіне ерекше ықпал етеді. Шәңгерей Ғұмарға орыс тілін үйретеді. Орыс, Еуропа елдерінің көрнекті шығармаларымен таныстырады, басты-басты роман повестерді әңгімелеп береді. Ғұмар сол естігендерін ауыл адамдарына айтып таратады. Өз бойындағы табиғи дарыны мен өзіне дейінгі ғұламалардың шығармаларынан сусындауы оның жақсы әдебиетші ретінде қалыптасуына жол ашты.
Бірнеше тілді еркін меңгерген дарын иесі өз шығармаларын бастауды халық ауыз әдебиетінен, сондай-ақ, шығыс, батыс, орыс әдебиетінен де алады. Ақын өлеңдерінде Абай, Махамбет, Мұрат әсері мол болғандығын, Бұқар Дулат, Шәңгерей өнегесінің ізін жалғастырғанын көруге болады. Әсіресе, «Замана жайынан» толғауынан ежелгі жыраулық дәстүр айқын аңғарылады.
Асқар, асқар, асқар тау
Асқар таудан жоғары
Асып елдің ер қазақ.
Жортуылдай жорытып,
Ор қояндай орғытып,
Жер шетіне аяғың
Басып едің ер қазақ! [7,36]
деп келетін шумақтар көз алдымызға көркем ауыз әдебиетінің үлгісін алып келмей ме? Өз бойындағы табиғи дарыны мен өзіне дейінгі ғұламалардың шығармаларынан сусындауы оның жақсы әдебиетші ретінде қалыптасуына жол ашты. Ғұмар өздігінен әр саладағы орыс тіліндегі кітаптарды оқитын дәрежеге жетеді. Бұған куә- оның А. Некрасовтың “Соғыс қаһары” өлеңін аударуы, Л. Толстой философиясымен таныстығы сияқты жайлар.
Жасынан өлең жырға ынтық Ғ. Қараш өлеңдер шығарып, ел аузындағы әдеби мұраларды жинастырады. XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына тарайтын арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман,дәуір жайын аңғара бастайды, іздеп жүріп, әдеби, тарихи пәлсафалық кітаптарды оқиды. Сөйтіп, ислам діні қағидаларын жетік білетін Ғұмардың енді дүниелік ғылымдардан да жақсы мағлұматы болады.
Ғ. Қараш дүниелік ғылымдардан сусындап, ой-санасының толығуымен және 1905 жылғы революцияның идеялық әсерімен және осы кездегі ұлттық ояну, ағартушылық қозғалыстың толқыны мен Ғұмар өзінің молда болып тұрған мешітінде ғылымға үндеу, ағартушылық бағытында жұмыс жүргізе бастайды Медреседегі қазақ балаларын ана тілінде және орыс тілінде бірдей оқытып,нағыз тұрмысқа пайдалы білім беруге кіріседі. Ғұмар Қарашевтың ғылым жолына мықтап берілген әрекеттеріне елдегі қожа молдалар және Уфадағы мұсылман муфтиінің басқармасы қарсы шу көтеріп, мұны дін бұзды «кәпір» деп жариялап, ишандықтан, мешіт төңірегінен қуды.
Осы тұрғыдан С. Мұқановтың «XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» дейтін кітабында: “1905 жылы Омардың пікіріне үлкен өзгеріс туды. Бұл өзгеріске себеп, 1905 жылы болатын төңкеріс. Бұл төңкерістен Омар хабардар болды. Өйткені Омар ишан болғанмен құлшылықтан басқаны білмейтін ишан болмайды. Ол арабтың, түріктің газет-журналдарын оқумен қатар, татар тілінде шығатын «Уақыт»,»Тәржіман» сықылды газеттерді оқиды. 1905 жылдың ұрандарын ол осы газеттер арқылы түсінді…» деп жазады [3,167].
Осыдан кейін Ғұмар қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстарға, талас-тартыс, айтыстарға белсене араласа бастайды. Әсіресе XX ғасыр басындағы қозғалыстар Россиядағы социал-демократиялық идеялар, ұлт-азаттық күрестер, ұлттық ояну кезіндегі бұқара халықтың азаттық ұрандары оның белсенділігін арттырып, ел-жұрттың мүддесін ойлауға, сол үшін бар күшін аянбай жұмсауға алып келеді. Ол ұлт азаттық күрескерлердің алдыңғы тобына қосылды. Патша үкіметінің отар елі Қазақстанды өз алдына мемлекет ету, халын бұратаналықтан құтқару, өнер-білімге, мәдениетке қолын жеткізу жолына белін бекем буды. Жалынды ақын, жауынгер публицист ретінде шыншыл шығармалар жазып баспа сөз арқылы кең таратты.
1911-1913 жылдары Ғұмар Қарашев, Е.Бұйрин, Б.Қаратаев, Ш.Төкеев, С. Меңдешев, М. Шомбалов сияқты озық ойлы қазақ зиялыларымен «Қазақстан » газетін шығаруға, оның жұмысын алға қоюға белсене қызмет етеді. Газеттің ресми редакторы Елеусін Бұйрин болғанмен Ғұмар Қарашев қазақша материалдарды сараптаушы болғанын аңғарамыз. Өйткені, осы газетте жарияланған мақалаларды, публицистика, өлең, әңгіме, очерктерді тек өзі атымен ғана емес, көбі «Оразақой», «Қазақ», «Қазақаев» сияқты лақап аттармен беріп отырған, – деп жазады Ғабиболла Сыдиықов өз мақаласында [8,3]. Газеттің алғашқы нөмірі 1911 жылы 16 мартта Орда қаласында қазақ және орыс тілдерінде шығады. Кейін Орал қаласына көшіріледі.
«Қазақстан» газетінің 1911 жылғы 16 марттағы тұңғыш нөмірінде «Газет деген не зат?» деген мақаласында: «Қазақ халқына басшы табылар ма? ..”. Бірен-саран болған-білген басшы шыға қалса ол әркіммен жүре алмайды. «Енді қалай етпек керек?»- деп халыққа ой сала келе, басқа халықтардың тыныс-тіршілігінен хабардар болуға шақырады»…. Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет! Сол себепті газет біздің басшымыз! Газет біздің достар алдындағы көркіміз! Дұшпанға қарсы құралымыз! Газет біздің білмегенді көрсететін ұстазымыз. Газет біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам-шырағымыз! – деп жазды. Сондай-ақ осы газеттің 1911 жылғы қазанның 15- жұлдызында шыққан «Бұл қай заман?» деген бас мақаласында ойшыл былай деп жазды: «Бізде тағы да бір қате пікір бар. Орысша деп ғылымды жек көреміз. Бүл да қате болсын. Неге десеңіз – ғылымды орыстікі, мұсылмандікі деп айыруға жол-ақ тек, дін ғылымын оқығанда ғана. Әммә оқу, яғни: қисап, жағрафия, хакимат, эндаса, тауарих, тәбиб, химия, зирағат, тижарат секілді пәндерде орыстың, мұсылмандық, яки басқалық жоқ. Бұл пәндерді оқудағы мақсат: оларда баян етілген қағидалардың мағынасын біліп, қолданып, адам балаларына түрлі жақта пайда келтіру болды. Бұларды арабша оқып біл, түрікше оқып біл, орысша оқып біл, французша оқып біл бәрібір тек мағынасын жақсы біл де халыққа пайда келтір»,- дейді. Біз бұл мәліметтерді Ғұмар Қараш мұрасын қарап зертеу жазған Сәкен Өзбекұлының «Арыстары алаштың» деген еңбегінен алдық «[9,62].
Бұл басылым өзінің қысқа өмірінің ішінде барлығы 18 дана жарық көріп, шығуын 1913 жылы тоқтатты. «Қазақстан» газетінің ерекшелігінің бірі – төңкеріске дейінгі қазақ тілінде жарық көрген біраз мерзімді баспасөздермен салыстыра қарағанда, демократияшыл реформаторлық идея мен әлеуметтік прогрестің жаршысы болғандығында. Осыған байланысты да болар бұл газеттің өмірі қысқа болды.
Ғұмар Қарашев қоғамда болып жатқан өзгерістерге өз пікірін басқа да басылымдар арқылы білдіріп отырды. 1912 жылы «Айқаптың» 9-нөмірінде Ахмет Жанталиннің «Күнелтуіміз турасында» деген мақаласы жарияланды.
А. Жанталин: «Қазақ халқы қала болуы тиіс емес, қала болудың соңында біз үшін бек көп қорқыныштар сезіледі», — деген ой түйеді. Араға шамалы уақыт салып, онымен «Ахмет Жанталинге жауап» дейтін мақаламен Ғұмар Қарашев айтысқа түседі.
«Крестьяндардың ата кәсібі -егін ,біздің ата кәсібіміз -мал өсіру. Қала бол деген сөзден мал өсірме деу шықпайды» – деп өз ойын білдіреді. Бұл мақаладағы үзіндіні Салтанат Ысмағұлова мақаласынан ақын жайында өз ойымызды нақтылау үшін енгізіп отырмыз[10,37].
Ғұмар Қарашев халық болашағы үшін отырықшық өмірдің прогрессивтік мәні зор екендігін, отырықшылық- өнер – білімге, мәдениетке жеткізуге бірден – бір жағдай жасайды деп білген қайраткер. Ақын бір қатар өлеңдері мен мақалаларында да мұндай пікірді халық санасына жеткізуді мақсат етті.
1913 жылы Ғұмар Қарашев Ахмет Байтұрсыновтың басшылық етуімен шыққан «Қазақ» газетін аса қуанышпен қабылдап, оның қазақ халқының ұлттық санасының оянуына және саяси мәселелерді бағалауда орасан рөл атқаратынына сеніммен қарап, бұл басылымның бүкіл қазақ жұртына идеология болатынына ерекше ілтипат білдірді. Осы мазмұнды саяси көзқарасын ол «Сүйінші» деп аталатын өлеңінде былайша білдіреді:
Киіз ойлы қазаққа –
«Қазақ» атты ұл туды.
Сүйінші, қазақ, сүйінші!
Ием тірек беріп тұр.
Ием берсе кем бермес,
Кем беруді жол көрмес
Мол бермесе ұл бермес,
Жүрек сезіп, сеніп тұр [11,16].
Ғұмар Қарашев, «Қазақстан» газетінде қызмет атқара жүріп, 1911-1913 жылдар аралығында Уфа, Қазан қалаларында «Өрнек», «Қарлығаш», «Бәдел қажы», «Тұрмыш», «Бала тұлпар» сияқты проза және өлең жинақтарын бастырып шығарады. 1914 жылы Орынборда оның «Аға тұлпар» деп аталатын өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл аталған басылымдар сол кездің өзінде-ақ Россияны мекен еткен түркі халықтарының арасына тез тарап, үлкен беделге ие болды. Осы шығармалардың бәрі сол заманның күн тәртібінде тұрған проблемаларына терең бойлап, қазақ қоғамының әлеуметтік, саяси- экономикалық, қайшылықтарын ашып жазып, оларды шешудің біршама жолын өз тарапынан көрсеткені анық.
Сонымен Ғұмар Қарашевтың газет жабылған 1913 жыл мен 1917 жыл аралығындағы өмірі туралы дерек аса көп емес. Бұрынғыдай топырлап көп кітабы да шыққан жоқ. Кейбір деректерге қарағанда 1919 жылы «Мұғалім» журналында жарияланған «Педагогика» атты еңбегі 1917-1918 жылдары Уфада жазылған. Осында кейін қолжазба күйінде жоғалып кеткен «Қан мен тер» дейтін кітабы «Тәнсіз жан жоқ» дейтін мақаласының алғашқы үлгісі болатын [10,36].
1917 жылы революция басталар кезде Ғұмар Қарашев Уфада болатын. Ол сонда муфтидің төртінші бөлімін басқарады. Бөлім міндеті – медресе шәкірттері мен жетім, жоқ-жітік балаларға жәрдем беру, оларды оқыту шараларын ұйымдастыру еді. Әрі Қарашев муфтидің қазиы болып сайланады. Қазақ жеріне ақын 1917 жылдың май айында оралады. Орда қаласында Совет үкіметін орнатуға қатысқан Шафхат Бекмұхамедов өз естелігінде: «1917 жылы майда Бөкейліктің орталығы Ордада Бөкей қазақтарының жалпы съезі болды. Ғұмар да бұл съезге бір аудан өкілі болып сайланған еді… Ғұмарды көтеріп, оны Москвада болатын Ресей мұсылмандарының жалпы съезіне өкіл етіп жіберді»,- дейді. [10,37].
Ғұмар Қарашев 1917 жылғы ақпан төңкерісін жылы шыраймен қабылдап, ақ патшаның тақтан құлағанын барлық қазақ зиялылары сияқты қуанышпен қарсы алады. Демократия, ұлттық ояну, бостандық, теңдік идеясы отар болып келген Қазақстанды азаттық жолына толық шығаруына сеніммен қарады. Осы аралықта пайда болған қос өкіметтің саясатын жетік түсінбей адасуға да бой ұрды. Осы тұрғыда Е.Смайылов өз зертеуінде былай дейді: “Омар 1917 жылғы уақытша үкімет саясатын, оған байланысты Қазақстан жерінде құрыла бастаған алашордашылардың қозғалысын жақтап, «Тұрымтай», «Алашқа», «Неден қорқам» деген сияқты өлеңдерін жазды. Бұл өлеңдерінде Омар орталық Россия және жергілікті жерлерде күшті толқынмен басталған социалистік революцияның маңызын теріс түсінді. Уақытша үкіметтің заң жобасын дұрыс, енді одан артық ешқандай өзгерістің керегі жоқ деп ,октябрь революциясының мақсатына қайшы пікірлер айтуға дейін барды. Буржуазияшыл ұлтшылдар Омар сияқты халық ортасында беделі зор ақынды өз мақсатына пайдаланғысы келіп көп әрекеттенді. Алашорда съездерінде Омарға айрықша құрмет те көрсетілді”,- деп жазады [2,3]. Бірақ Колчак әскерлерінің халыққа қарсы жасап отырған айуандық әрекеттерін тез арада көрген Ғұмар Қарашев Кеңес үкіметі жағына біржола өтеді. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» демекші ақынның адасуы сол XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының бәріне де тән еді. Ғұмар Қарашев өзі де1919 жылы былай деп атап көрсетті: «Ақ малтасын езіп ішіп, алаңсыз отырған біздің қазақ жұртына революция тасқыны келіп, басқа ешнәрсеге әзірленбеген, қартаң тарихтың қалай аяқ салатынын болжамаған сорлы қалай етерін, қайда кетерін білмей сасқалақтап қалды»,-деп халықтың күйзелген күйін көрсетеді. [12,154].
Ойшыл-философ өзінің «Тұрымтай» деп аталатын кітабында көп адасқан ішкі күйзелісін халыққа жеткізіп, кешірім сұрайды:
Келгенде осы араға көзімді аштым,
Таба алмай түс жоруын көп адастым.
Қол сілтеп ақырында бұл қиялға,
Күйініп өз жолыма аяқ бастым,
Сөйтсе де кейбір «қиял» ақиқатпен
Іргелес қонатын – деп жұртқа шаштым [9,54].
Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған азамат ақын 1918 жылы 24 сентябрьде Бөкей губерниялық съезіне қатысады. Съезде халық ағарту мәселесі бойынша Мұхамедияр Тунгачин баяндама жасады. Ғабдолғазиз Мұсағалиев председательдік етеді. Съезд бір ауыздан Ғ. Қарашевты оқу ісін ұйымдастыру және оған қаржы сметасын жасау комиссиясының председателі етіп сайлайды. Қарашев 1918 жылы апрельде өткен Бөкей облыстық бірінші кеңестер съезінің, сол жылғы сентябрьде екінші, 1919 жылғы майдағы үшінші, 1920 жылғы майдағы төртінші съездің дилегаты болады. Соңғы съезде ұлт мәселесі жөнінде қызу айтыс туғанда, өткір де салауатты сөз айтқан Ғұмар Қарашев өз сөзінде: «Біз бүгін бұл жерде бір-бірімізге сын тағып, айыптауға келгеніміз жоқ…. Ұлт мәселесі мемлекетімізде бір немесе бірнеше жылда шешіліп кетеді деп айту өте қиын. Біз қазір тек қана ұлт мәселесін шешуде дұрыс бағытқа бет бұрдық. Алда әлі талай жатқан белестер тұр. Халықтар достығының мызғымас болуы бір ұлттың, бір ұлтты аяққа таптауымен тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Ғасырлар бойғы ұлттық езгінің тепкісін көріп, отарлық саясаттың салдарынан мешеу қалған қазақ елі өзінің жарқын болашағын ынтымақтастықпен тікелей байланыстырды»,- деп пікірін ашық айтады. Сондай-ақ, Ғұмар Қарашев тіл туралы жазған бір мақаласында: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзінен-өзі белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттық өнері де өркен жаймайды», -деп жазаы [7,21].
Осы күнге дейін ғылымда беймәлім болып келген мәселе — Ғұмар Қарашевтың Орда қаласында тұңғыш болып Қазақстан жазушылар одағын құрудың негізін қалағандығы, жаңа құрылтай одаққа қалам қайраткерлерін тарту мақсатында Бөкей губерниялық партия комитеті арнайы анкеталар толтыру арқылы ұйымдастыру жұмыстарымен шұғылданған. Сол кезде толтырылған анкеталардың бірі Нұғман Манаевтың атына жазылған екен. Анкетада Н.Манаев 1917 жылдың сәуір айынан бастап «Ұран» газетінің хатшысы екенін жазған. Бұл мәлімет Батыс Қазақстан облысының архивінен табылды [11,23].
1919 жылдың қаңтарында екінші мұғалімдер съезінде «Мұғалім» атты тәлім-тәрбие, ғылыми пән журналы шығарылсын деп қаулы алынып, редакцияның каллегиясын басқаруға Ғ.Қарашев бекітіледі. Коллегия мүшелері болып Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көнебаев, Ғани Бегалиев, Халел Есенбаев, Ғабдол Бөкейханов, Ғұбайдолла Мұқалиев, Нұғман Манаевтар сайланады. Журналдың оннан аса саны жарық көрген. Әзірге табылғаны екінші және төртінші сандары. Осы нөмірде Ғұмардың баяғы Уфада жазылып, басуға үлгере алмай кеткен «Педагогика» деген көлемді ғылыми еңбегі жарияланған. Бұл – педагогика қағидаларын алғаш ана тілімізде сөйлеткен еңбек деп жазады Қабибола Сыдиықов [13,4]. Сондай-ақ ол өз жұртының өнер-білімге ен жарлығын жаны күйіне жырлап, журнал беттерінде оның намысына қозғау салуға тырысты.
Жалқау жұрт қалған кейін қазақ халқы,
Өнер жоқ, білігі жоқ қазақ жарты
Қолданған өнерлері осы күнгі
Ойын ойнап, ішкі ішіп жасы қарты [7,26] ,-деп елінің жаман әдеттерін бетіне басады. Елінің қараңғы қамаудан шығуының жолы өнер білімде екенін ұғындырады. Осы ойын ол 1919 жылдан бастап шығып тұрған «Дұрыстық жолы» газеті арқылы да білдіріп отырған.
«Дұрыстық жолында» жарияланған Ғұмар Қарашевтың мақалаларынан, өлеңдерінен оның кеңес үкіметін дәріптеу, мадақтау сарыны анық байқалады. Осы газет бетінде ақынның «Екеуі екі басқа», «Қазақ федерация», «Ұлт пен туған тіл», «Құрдастың жолы» сияқты публицистикалық, философиялық толғаныстағы мақалалары жарық көреді. Ғұмар Қарашев 1919 жылы өзінің туып-өскен ауылы «Қырқұдық» атты ауыл шаруашылық артелін ұйымдастырады. Қырқұдық дегені қырдағы құдық деген сөз. Бұл турасында Исатай Нәсекенұлы өз мақаласында жазған. [14,5].
Ал 1920 жылғы қаңтардың 21-жұлдызынан бастап партия комитетінің қаулысы бойынша майданда соғысып жатқан жауынгерлерге көмек көрсету мақсатында «Недели фронта» деп аталатын науқан өткізілді. Осы науқанды нәтижесі өткізу үшін, Бөкей губерниялық партия комитеті мен жергілікті еңбекшілер депутаттарының Бөкей губерниялық атқару комитетінің, губерниялық соғыс комиссариятының, кәсіпшілер одағы және жастар одағының өкілдерінің қатысумен «майдандық апталықтарды» өткізуде үгіт-насихат жұмысын жүргізуге комиссия құрылған. Сол комиссияның мүшелерінің құрамына Ғұмар Қарашев сайланған. Қуанғали Жұбанов деген азамат екеуі ел аралап жүріп, аталмыш науқанның қорына қаражат жинайды. [11,24] .
Ғұмар Қарашевтың жоғарыда көрсетілген сан қырлы қызметтері кезінде бағаланып, ел арасында үлкен абыройға ие болады. Орда қаласында жарық көрген «Киргизская правда» деп аталатын газет өзінің 1919 жылы 20-данасында Ғұмар Қарашевтың ой-өрісін, халық үшін жасаған қызметін ұлы Абайдың өзімен теңеп, былай деп жазды: «Бүкіл қазақ даласында бұл секілді өз халқын оятуға ат салысып, жан-тәнімен күрескен батыл жандар саусақпен санарлық. Семей өңірінде Абай….Ал біздің Бөкей ордасында Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қарашев, Иманғали Меңдіханов» [15,3].
Қайраткердің осындай назар аударарлық, әр саланы қамтитын қызметі жауларға көп болып көрінді, оны жоюдың амалдары ойластырылды. Осы жерде айта кететін бір жай бар. Ол Ғұмар Қарашев өлімі туралы. Осы тұрғыда зерттеушілердің пікірі әр түрлі. Көптеген кітапта Ғұмар Қарашев 1921 жылы сәуірдің 12 жұлдызында ақ бандылар қолынан қаза тапты деп берілген. Ал белгілі тарихшы Исатай Кенжалиев: «Бұл пікірді жаңсақ айтылып жүрген пікір. 1921 жылы қайдағы ақ гвардияшылдар? Олардың тас-талқаны шығып қалдығы да көрінбей кеткен еді ғой»- дейді [16,195]. Мақсат Тәжімұратов жасаған орынды жорамалдың бірі – Ғұмардың өліміне Нұрқай байдың тікелей әсер етуі [8,4]. Себебі, ақын Нұрқайдың жас әйелі Жаманқызды аса жақсы көрген. Осы жағдай кектендірген байдың ел ішінде жүрген ақ бандыларды айдап салуы әбден ықтимал. Сонымен қатар, Ғұмардың бір кездегі ел ішіне жаңа оқу жүйесін еңгізуіне қарсы болған хәдімшіл дүмше молдалар, ақынның дін мансабын тастап, жаңа дәуірге икемделуіне ызаланғандар – бәрі де пікірлес болып күш біріктірген. Жоғарыда айтылған Исатай Кенжалиевтің 1992 жылы «Жұлдыз» журналының бесінші санында жарық көрген «Ғұмар Қарашты кім өлтірді» деген мақаласында да ақын өліміне қатысты мәселелердің басын ашады. Соның бірі — Ғұмар Қарашевты өлтірген Ефим Панченко деген мен «қызыл партизандардың» қылығы екенін бірнеше фактілер арқылы дәлелдейді. Қалай болған күнде де Ғұмар Қарашевтың 1921 жылы сәуірдің 12-жұлдызында «Құнан шапқан» деген жерде айуандықпен өлтірілгені белгілі.
Ақын совет өкіметінің қызметкері Ишанғали Мендіхановтың қайғылы қазасына қатты қамығып, «Дұрыстың жолы» газетіне мынадай арнау өлең жазған еді:
Қара жер әркімнің-ақ қонар жері,
Нұрлы жүз гүлдей семіп солар жері
Қияда шарықтаған сұңқар көңіл,
Бір күні жер мен жексен болар жері.
Ағайын-жақын, достың жылар жері,
Қайырылып, қанаттары сынар жері.
Табашыл тар көңілді жауыздардың
Қош болып, көңілдері тынар жері [77,155],- деген өлеңінде ақын өз өлімінің де осы табашыл тар көңілді жауыздар қолынан болатынын білмеді-ау. Ғұмар Қарашевтың қайғылы қазасы бірден Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап, халықты қайғыға бөлеген еді. М. Тұрғанбай деген кісі Семей қаласынан шығатын «Қазақ тілі» басылымында Ғұмар Қарашевтың өмірі мен атқарған қызметі туралы көлемді мақала жазып былай деп атап көрсетеді:
«Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ та өтірікші болмаймыз. Қазақ еліне ғылымды, пікірлі қызмекерлердің өте керек болып тұрған заманында Ғұмар сияқты зор ғалымның қашқындардың қолынан қылышпен кескіленіп өлтірілуі жанды күйдіреді, жүрекке от жағады. Ғұмар қазақтың қандай кісісі еді? -деген сұраулардың жауабын білуді әрбір қазақ ауылының жүрегі тілейді… Қызмет үстінде, екпінді жолда келе жатып, уақытсыз кеткен есіл ер, топырағың торқа болсын!» [11,27].
Алаулап жанған қысқа ғұмыр не бәрі 45 жылдың өмірімен ғана шектеледі. Бірақ ол артына өшпес, бай мұра қалдырды.
Ғұмар Қарашев ауыл моласынан қайраткер ақын дәрежесіне дейінгі күрделі өмір жолынан өтті. Халық тағдыры, дәуір сыры, өмірдің өзекті мәселелері шығармаларының негізгі тақырыбына айналды. Ағартушы, публицист, философ, ақын ретінде ол өлеңдері мен мақалаларында заман өмір, дін, табиғат, ғылым, махаббат, ана тілі, теңдік-бостандық секілді сан алуан тақырыптарды қозғады. Патша үкіметінің отарлаушылық саясатын жергілікті әкімдердің екіжүзділігін сынап,жалқаулық пен бұзықтықты,озбырлық пен ұятсыздықты шенеді. Жас ұрпақты халыққа адал қызмет етуге үндеп, өз тілі мен мәдениетін сақтай отырып, ғылым, білімге ұмтылуға, мәдениетті елдерден үлгі алуға шақырды.
- Ғұмар дүниетанымының көрінісі
Қайсыбір қайраткерлер мен ғұлама тұлғалардың көзқарастарының қалыптасуына әр қашанда ұстазы, алған білімі, қоршаған ортасы және халықтың тарихи даму ерекшеліктері ықпал еткен.
Көрнекті ғалымдар С.З. Зиманов пен Қ.З. Ыдырысов былай дейді: «Дәуір, қоршаған орта және тәрбие–адамның, қоғам қайраткерлерінің, дүниетанымдық және дүни көзқарасын қалыптастырушы факторлар» [13,35]. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, Ғұмар Қарашевтың саяси-әлеуметтік көзқарастарына мәдениет пен әдебиет әсер еткенін көруге болады. Ол басқа да қазақ қайраткерлері сияқты ауыз әдебиетіндегі эпостар мен дастандардың және ақын-жазушылардың, құнарлы мазмұндарынан нәр алып, олардың кәусар бұлағынан сусындады. Қазақ фольклорының бай, рухани мұралары, оның шығармаларынан кейінірек көрініс тапты. Осы ретте біз ақынның 1911 жылы даңқты Сырым Датұлының өміріне жазылған поэманы алайық. Ақын мұнда батырлық жырлара кезедсетін стандарт сөздерді пайдаланғанын көреміз.
Кешегі өткен заманда
Кіші жүздің елінде
Өзі батыр, өзі би
Сырым деген ер болған.
Халқының қамын жер болған [18,3]
Немесе:
Сонда батыр сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді, — деген жолдар халық ауыз әдебиетінің бастау көзінен бүгінгі қазақ әдебиетінде кездесетін қалыпты сөз оралымдарына айналғанын көреміз.
Сондай-ақ, ақынның дүниетанымының қалыптасуына жыраулық поэзияның да әсері аз болмағанын аңғарамыз. Жас кезінен жанына серік, көңіліне көрік еткені Шәлгез, Доспамбет, Қазтуған, Бұқар, Махамбет, Мұрат, Шәңгерей поэзиясындағы халықтық әуендер, ақын ойының толысуына ықпал еткен. Міне, ақын осы мұраларды жинастырып, 1910-1912 жылдары Орынбор қаласынан «Шайыр», «Көксілдер» деген екі жинақ шығарады. Ақын «Шайыр» жинағына Байтоқ, Жанұзақ, Доспамбет Қазтуған, Шалгез, Әсет, Шәңгерей шығармаларын, шешендік сөздер мен «Ер Шобан», «Әділ Сұлтан» сияқты жырларды топтастырған. Ал «Көксілдерде» Шәлгез жырларынан үзінділер, «Едіге, Тоқтамыс», «Орақ, Мамай» жырларын жариялайды.
Ғұмар Қарашевтің «Замана жайынан» деген толғауынан біз жыраулық поэзияның үлгісін көреміз. Осы толғаудан біз Шәлгездің, Доспамбеттің, Махамбеттің өлең өрнегін көреміз. Мысалы, Шәлгезде:
Аспанды бұл құрсайды
Күн жауарға ұқсайды.
Көлдерде қулар шулайды,
Көкшілден ол айуан
Соққы жегенге ұқсайды, -деп келсе Ғұмар Қарашев та былай деп берілген:
Аспанды бұлт құрсайды
Құрсағанын байқасаң
Күн жауарға ұқсайды
Ғаламға барша нұр берген
Аспандағы жарық жалғыз күн.
Нұры күңгірт тартады
Оны да байқай қарасаң
Қараңғылық қаптап сәулесін
Тұтылғанға ұқсайды [7,43].
Сондай-ақ Доспамбет жырау әйел сұлулығын суреттеуді:
Маңдайы күнге тимеген
Желге шашын үрлеген
Серпіліп адам бетін көрмеген
Қалай күн кешті екен! [19,33] ,-деген жолдарымен бейнелесе, Ғұмар Қарашев та :
Желге шашын өрмеген
Маңдайы күнге тимеген,
Жібектен өзге кимеген
Аруларың бар еді [7,37] ,-деген жолдарымен біршама өзгертіле бейнеленген.
Шын мәнінде, халық бай фольклорды сақтайды, оқып үйренеді және ұрпақ тәрбиелеу ісінде кеңінен пайдаланады. Сондықтан Ғұмар Қарашевтың саяси-құқықтың көзқарастарын фольклордан тыс тану мүмкін емес.Оның ебектерінде ауыз әдебиетінен мол хабары болғаны анық байқалады.
Сонымен қатар, Ғұмар Қарашевтың саяси-әлеуметтік танымының қалыптасуына қазақ халқының ғасырлар бойы ел билеу, басқару жүйесінде пайдаланып келген мақал-мәтелдер де шешімін тапқан. Мысалы: «Тойдың болғанынан, боладысы қызық», «Ғалым дұшпаннан надан досың қауіптірек», «Той дегенде қу бас домалайды», «Жалған ғалым еш уақытта пайда бермейді» және тағы басқа көптеген ұлағатты сөздер ақын идеяларының дәлелдігін күшейту мақсатында қолданылып отырған.
Ғұмар Қарашев ұлы Абайдың ағартушылық реалисік дәстүрінен көп үлгі алған ақын. Ақын Абайды ұстаз тұтқанын, Абайдан үйреніп, үйреніп қана қоймай Абай дәстүрін өзінше жалғастырып, тың өзгерістермен толықтырғанын Е. Ысмайлов, А. Нұқатов сияқты ғалымдар да өз еңбнектерінде атап көрсетті. А. Нұрқатов: «Ғ. Қараш — өзінен бұрын да, өзімен тұтас та ақындардан, әр елдің әдебиет үлгілерінен үйрене отырып, өзіндік стиль тапқан ақын»,- деп жазды [20,318 ] .
ІІ ТАРАУ. АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ДӘУІР ШЫНДЫҒЫ
- Ақынның қоғамдық – саяси ойлары
Ғұмар Қаршевтың өлеңдерінде қазақтың патриархалды, феодалдық ауылындағы әдет – ғұрыптың ірік – шіріктерін, надандықты, рушылдықты, қос қатын алушылықты, жас қызды қалың малға сатушылықты, жалқаулықты, талапсыздықты, партиягершілікті, өтірік-өсек айтып, жалақорлыққа салынушылықты үнемі сынап, халықтың сол әдеттерден арылып, адам болу бағытында ақын жалынды өткір жырларын жазады. Осы ретте Өмірхан Әбдиманұлы «XX ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» деген еңбегінде «Ғұмар поэзиясында реалистік шындықты жырлау басым болып келеді. Тақырыптық тұрғыдын алғанда поэзиясында патшалық Россияның отарлау саясатына қарсылық басымдау жатады. Өлеңдерінде тек жалаң күресте емес, өнер- білім арқылы жүзеге асатын саяси күресті алға қояды»[21,282],-деуі ойымызды толықтыра түседі.
Иә, сол дәуірдің озық ойлы азаматтары сияқты Ғұмар Қарашев та өз поэзияларында қазақ елінің мүшкіл халін қаз қалпында суреттеп бере алды. Ақын елінің ауыр жағдайын айта келіп, бір кезде қазақ халқының бостандықты өмірі мен қазақи тұрмысы аясында молшылықты ғұмыр кешіп еркін жүргенін «Қарлығаш» атты кітабында өлең жолдармен былай көрсетеді:
Бар еді қазағымда оңған заман
Басына бақыт құсы қонған заман
Мал бағып шаруа істеп босқа жүрмей
Төрт түлік бірдей бітіп толған заман[7,25 ].
Ақынның өлеңдерінде қазақ қоғамының күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелері — әлеуметтік, отарлық саясаттың арам пиғылдары мен жер су мәселелері терең философиялық мағынамен суреттеледі. Отарлық сасясаттың кері әсерінен дамымай мешеу қалған қазақ халқының мүшкіл халін қаз- қалпында поэзия тілімен суреттейді:
Жеткен емей немене:
Мынау қазақ деген жұрт
Кең далаға жайылып,
Аңғырт өскен ел едік,
Кезінде елмен тең едік.
Күні бүгін болғанда
Ол қоныстан айрылып,
Қанатымыз қайрылып,
Қажып тұрған ел едік [7, 79 бет].
Шын мәнінде, Құмар Қаршев XX ғасырдың басында қазақ халқының пайдалануынан отарлық қорына 45 млн. десятина жерді күшпен тартып алғанын, елді үркітіп- қорқытып құмды, тұзды жерлерге мекен етуге мәжбүр еткенін ашына жазды.
Негізінде Ғұмар Қарашев қазақ қоғамына дерт болып енген ұлттық езгі мен теңсіздіктің кең қанат жаюын, өз ұлтының саяси биліктен және жерден айырылуымен тікелей байланыстырып қарайды. Қазақ халқының жерге деген меншік құқығының жоғалтуын оны ұлттық езгінің тепкісіне тастап, теңсіздікті заңдастырған әлеуметтік — саяси көріністерге өзінің әділ бағасын беріп, жан даусымен өз пікірін білдіреді. Мысалы, ол «уақытша ереже» атты құқықтық құжаттың негізінде қазақ жерін талан- таражға салған патша өкіметінің аграрлық саясатын былай деп көрсетеді:
Борап жатқан бір топырақ
Ірге жаяр жері жоқ.
Сол топырақтың ішінде
Үйін тіреп қояды.
Алақандай қатқыл жер тапса,
Өңшең жыртық қараша үй
Сол араға толады.
Шағаладай шаңырақ боз үйлер
Бетегелі бұйра, ну жерлер
Бәрі кетті қазақтан
Не дерге мұны болады. [17.45 бет]
Ғұмар Қарашевтың бұл сарындағы саяси- құқықтық көзқарасы, XX ғасырдың басында жер мәселесі туралы құнды пікір айтқан қазақ зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Барлыбек Сыртанов сияқты қайраткерлердің пікірлері мен бір мағынада баяндалғанын анық байқаймыз.
Қазақ қайраткері, қазақ қоғамының озық ойыл өкілдерінің бірі ретінде қазақ сахарасына енгізілген әкімшілік басқару жүйесін өз тарапынан қатаң сынға алады. Оның пікірінше, қазақ халқының даму сатысын, шаруашылық жағдайлары мен әдет – ғұрпын мүлдем ескермей қабылданған заң жүйесі, қазақ халқына одан бетер отарлық басқарудың күшеюіне әкеп соқтырды, ішкі шиеленістерді ұштастыра түсті. Соның тікелей салдарынан, қазақ жерінде саяси билік жүргізілуі Ресей империясының мүддесіне қызмет етті. Ал ол мүдденің ең басты мақсаты — «бөліп ал да билей бер» саясаты еді. Осы тұрғыда Ғұмар Қарашев былай дейді: Патша үкіметінің ұлттар тұрмысын көріп, оларды көгертіп, көркейтумен ісі болмады. Олар әрдайым да халықты көтере алмастай, өздерінің мейірімсіз тырнағында жаншумен болды һәм моллиондаған халықты, әсіресе шет ұлттарды қалай да қараңғылықта, надандықта ұстауға тырысты».
Бұдан шығатын қорытынды анық көрініп тұр. Патша үкіметі шет ұлттарды аздап болса да ағарту, олардың ғылым, өнерде артта қалғандарын алға бастыру туралы тіпті де қам жеген жоқ.
Ғұмар Қарашев қазақ халқының орыс отарына айналуының салдарынан, құқықтық тәуелсіздіктің қазақ даласына кең етек жайып, адам құқығының аяққа тапталуын, бассыздықтың жайылуының ең сорақы көрінісі ретінде бағалайды.
Ақын «Аға тұлпар» жинағында Ресейдің қазақ халқының арасына іріткі салған сайлау институтын, орыстың «бөліп ал да, билей бер» саяатын түсінбей, партияшылдыққа бөлініп, атақ – дәриже, билік жүргізу, пара алу, лауазым үшін халқын сатқан болыстарды қатаң сынға алады. Ақын бұл ойын «Заман жайынан» деген өлеңінде былайша көрсетеді:
Заманның азған шағында
Мұндай да мұндай хал болды.
Ел ағасы паң болды.
Адалдың ақтың білмейді,
Ары,діні мал болды.
Елге намыс келтірді,
Ерді шағып өлтірді,
Алым пара ақы үшін
Жетім жесір жылатып,
Аз ғана күндік бақ үшін
Халқын сатып құл етті [7,79 ].
Құмар Қарашев өз халқының осындай ауыр күйде отырғанын көрсе де көрмегендей тоғышарлық күй кешіп жүрген басшыларына күйінеді. Ақын өз ыза кегін төмендегі жолдармен көрсетеді:
Ел ішінде осы күн
Алымнан басқа ақы жоқ,
Жұрт жайында қамы жоқ,
Сыңартың бұқа пішімді
Әкімге қалған күн құрысын.
Ғәріптерді олжалап,
Өсім алып мал жиған,
Осы күні қалтылдақ
Байларға қалған күн құрысын [7,110 ].
Ақын бұл өлеңінде бір кезде халқы сеніп, үміт артып қойған басшылардың бүгінде ел қамынан гөрі өз қарнын ойлап жүргеніне қынжылады. Сол себепті байлықтың буымен адамдық, ардан безген басшыларды аямай сынайды. Ақын осы өлеңдері арқылы елдегі басшылардың намысын оятуға тырысады. Сондай-ақ елдің түзелуі басшыларға байланысты екенін былайша айтады:
Су басынан тұнады
Өрт алдынан сөнеді.
Басшылардың жүрегін
Адалдыққа асық ет [7.84 ].
Ғұмар Қарашев қазақ халқының қараңғылық шырмауынан, отырықшылдық құлдықта жаншылып отырған ауыр күйін бірнеше өлеңдерімен береді. Ұлт бостандығын көксеу идеясы тұрғысынан 1911 жылы даңқты Сырым Датұлының өмірін поэма етіп жырлайды. Ақын бір жағынан қазақ жастарын оқуға, білімге талапты іскерлікке, өнімді еңбекке, кәсіпке шақырса, екінші жағынан халықтың тарихындағы ерлік дәстүрді жырлап, Сырым сияқты батырлардың ерлігін үлгі етіп ұсынады:
«….. Ойдағыға жете алмай
Ешбір лаж ете алмай.
Екі көзден жас парлап,
Налып тұрғын кезіміз,
Бізге дағы күн туып,
Жігерленіп бел буып,
Ашылар ма екен көзіміз.
Жарық көрсе игі еді.
Кейінгі қалған қозымыз
Жойылмаса игі еді,
Артта қалған ізіміз»[7,84 ] ,-деп халықтың бостандық жөніндегі арманын жырлай отырып ақын жастарды халқын сүюге, халықпен мақсаты айнымас бір болуға шақырады. Осы мақсатпен ақын өз ойын «Жаңа шыққан жастары» деген өлеңінде ашық білдіреді.»Ел мен ер бір туыс, бірінен-бірі айырылмауға тиіс. Егер ажырасып қалса, ер де, ел де бақытсыз» ,-деп өзіндік пікір айтады:
Бақ дәреже тап болса,
Ел не керек демеңіз
Халық деген қауымың,
Қаны бірге бауырың,
Бір туып, бір кететін
Жаны бірге денеңіз.
Жаны бірге денеңді
Сүйенер күндер туғанда,
Сүйеу беріп, демеңіз [7,84 ]
Тіл сауырлы бітік жердің қадір-қасиетін біліп, қадірлеп, оған қожа боп, Иелік қылу қажеттігін де патриот ақын естен шығармайды. Жер-ананың төсін еміп, тел өскен ерлер, оны ата-анасындай қорғауға тиіс деп біледі.
Мәдениет пен өнер, әділдік өріс алмаған жерде дүлей қара күштің ғана үстемдік ететіні мәлім. Революцияға дейінгі қазақ даласында жағдай дәл осындай болды. Арын, адамдығын, байлығын сатып билікке таласпаған, сүйтіп бүкіл елге әмірін жүргізуді көздемеген бірде-бір ауқатты қазақ болған жоқ десек, асыра айтқандық болады. Мұның өзі цивилизациядан гөрі, сонау тағылық дәуірден онша ұзап кепегендіктің белгісі еді- деп көрсетеді С. Өбекұлы өз еңбегінде [9,18 ].
Ақын қоғамдық залалдыңың барлығын надандықтан көреді, ол надандықтың өзін ынтымақсыз жалқаулықтың салдары деп таниды. Сондай-ақ Ғұмар Қарашев жер-судың тарылып бара жатқанын өзі білімсіз отырғанымыздың нәтижесі дейді. Егер өнерлі білімді халық болсақ мұндай күйге душар болмас едік дегенді айтқысы келеді. Осындай ауыр жағдайдан құтылудың бір амалы-халықтың ұлттық санасын, намысын біліммен көтеріп, ғылымды терең меңгерумен байланыстырады.
Ел өсер, халық құралар ұл мен қыздан,
Оқытсаң үлес алар ғалымдықтан
Оқытпай ұлың, қызың бос қалдырсаң
Болуы халықтың надан сол себептен [7,22] ,-деп ақын халқына білім мен өнердің қадірін түсіндіреді. Сондай-ақ, ақын өлеңдерінде ,ата-бабадан келе жатқан жалқаулықты тастап, түгел ердің жолдасы болып, ғылым, өнер жолына түсіп, бөтен жұрт үлес алып жатқан дүниеден бізге де үлесімізді алу керек,- дегенді айтады. “Басқа бірсыпыра ақындардың шығармаларымен салыстыра қарағанда Мұштақ ғылым-білімді насихаттау тақырыбына ерекше байсамдылықпен, ақылдылықпен келді”,- деп жазады Әнуар Дербисалин «Қазақтың октябрь алдындағы демократиялық әдебиеті» деген еңбегінде. Мысалы:
Баланы жастан үйрету, жақсы үйрету,
Әркімнің өз басына міндет шырақ.
Өзіңе міндет істі ада қылмай
Тәңіріні жазғыруың жолсызырақ,- [7,68] дейді ақын бір өлеңінде. Шумақтың соңғы жолында құдайды қорғаштау сияқты пікір ұшқыны байқалады. Бірақ бұл сырт қарағанда солай болып көрінетін тәрізді. Шумақтың ішкі мазмұнына тереңірек үңілсек, ақын басқа бір маңыздырақ мәселені көтеріп отырғандай болады. Автордың айтып отырғаны балаңды жасынан бастап оқыт, ол сенің парызың, сол парызды өтей алмағаныңды кейін басқаға жаппа, тәңір солай жазды деумен құтыла алмайсың деген пікір. Ғұмар Қарашев тағы бір өлеңінде:
Ер болсын, әйел болсын білім білсін,
Жолды бұл заманында алар білген
Қай елдің ұлы-қызы болса надан
Сол елдің ырысы қайтып, бағы тозған[7,70] ,-деп жазды. Оның өнер, білім тақырыбына жазған көп өлеңдерінде байқалатын ортақ бір көрініс ақын ұл мен қызға бірдей білім беру мәселесін көтереді, мұнсыз мәдениетті елдердің қатарына теңелудің мүмкін еместігін көрсетеді.
Ғұмар өз халқының отаршылдық езгі мен ұлттық қаналушылыққа қарсы бас көтере алмай жатқанының себебі – білімсіз отырғанымыздан деп біледі. Сөйтіп, халқын жаппай білімді болуға шақырады: Ақын «Заманның адамы» дейтін өлеңінде:
Тіршілік керек жігіттер,
Түспей тұрып шойынға
Қылдан еспе бұғалық.
Мойынға түссе қыл арқан,
Пайда бермес сол күнде,
Қырық рет шықсаң дұғалық,
Дұғалығы бұл жолдың
Ғылым болса керекті [7,87] ,- деп ақын үлкен мәні бар ой қозғайды. Ғұмар адамның адамдық қасиеті, адамдық мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі тәңірдің қолында емес, адамның өзінде. Адам аң да болуға, адам да болуға жарайды. Жаратылыстың жасырын сырына неғұрлым сұғынымпаз болса, адамның тіршілігі соғұрлым көркиеді. Ал жаратылыстың сырынан қашып, өз басымен, өз денесімен әуре болса, онда адамның тұрмысы кері кетеді. Бұл жерде ақынның айтайын деген ойы анық көрініп тұр. Өнер-білім арқылы болашақта өркениетті елдер санатына қосылуға болатынын айта келіп, ақын халқын өнер-білімге шақырады. Білімсіздіктің пайдасыз, халыққа залалды жағын өлеңдеріне негіз етіп, халықтық ой-санасына қозғау салады. Ақын ойын мына жолдармен толықтырады:
Қай елдің ұлы-қызы болса надан,
Сол елдің ырысы қайтып, бағы сөнген.
Надандық қайыры жоқ ол бір кесір
Еш халық оңа алмайды оған ерген.
Бұл сөзге мойын қояр, бойын ұсынар,
Ақтарып тарихтың жүзін көрген. [7.70бет].
Ғұмар Қарашевтың бұл өлеңі Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңдеріне ұқсас айтылып өзіндік ой- толғамдарымен толықтырып, өлең құрылысын өзіндік қолтаңбасымен өрнектеуі емес пе?
Ғұмар Қарашевтың қалам тартқан қай жанрын алсақ та, мейлі ол пәлсафалық ой-талғамдары болсын, көркем прозасы немесе өлеңдері болсын, барлығында да өзін заман жаршысы ретінде ғана көрсетіп қоймай, ондағы келеңсіз құбылыстарды ашып бейнелеу арқылы оқырманды одан жерітіп, шығар жолды нұсқаумен ерекшеленеді. Осы ретте біз Ғұмар Қарашевтың 1911 жылы Уфа қаласынан басылып шыққан «Өрнек» деген кітабына тоқталайық.
2.2 Ақынның діни-философиялық көзқарасы
Басы Міржақыптан бастап, қазақтың жәдитшілдері негізгі тақырыптарының біреуі қып ескі дін мен күресуді алды.Ғұмар өзінің әдебиет майданына алғаш кірген кезінде ұлтшылдардың мәдениет пен жер мәселесін бірге ұрандасқанмен дін жайына ол тиген жоқ. Өйткені алғашқыда ол білімін молдадан алып, кейін медреседе мұсылманша сауатын ашқан, өзі де балаларға мұсылманша сабақ берген.
Біз енді ақынның дін туралы айтқан ойларына тоқталайық. Ең алдымен ақын: «Құдайды, құранды, пағамбарды таныған, соларға иман келтірген адам, біреудің айтуымен емес, өз аузымен тану керек. Түсінбей танудан түк пайда жоқ» [23,22] ,-дейді. Бұл сөзден Ғұмардың айтайын деп отырғаны «Түсінбесең тәңіріні таныма. Ол саған міндет емес» деу емес. «Тәңіріні біреудің аузынан емес, өз аузыңнан таны, өз көңіліңмен ұқ» деуі еді. Бұл жерде ақын ниеті тәңірге шын ықыласыңмен жалбарыну керек дегенге саяды.
Сондай-ақ, Ғұмар Қарашев: «Алланың жолы деген сол: құдіретті күшті алла өз үкімімен бұ ғаламды себеп ғаламы ғып жаратқан. Әр нәрсенің бір себебі бар. Мәселен: «Екпей егін шықпайды», «Кәсіп харакет етпей ризық болмайды», мал жиылмайды, өнер-ғылымсыз харакет қолдан келмейді. Енді адамдар әр ісінде алланың көрсеткен жолымен жүрмесе, себебіне кіріспесе, иждахат етпесе, ғылым-өнер үйреніп орнына қолданбаса, ол аллаға иман келтіріп, оның әміріне бой ұсыну болып табылмайды»[3,170]. Бұл сөзден шығып отырған мағына: адамның істейтін бес парызы /ораза, намаз, зекет, қажы, иман/ адамның тән тіршілігіне керекті істер емес. Ол істер жаратқандығы үшін тәңірге адамның құлдық етуі. Оған не сый беретінін тәңірі өзі біледі. Пенде одан сый күтсе әдепсіздік болады деген дұрыс ой түйеді.
Пенденің өз басына пайдалы қып, тәңірінің артқан міндеті кәсіп қылу, өнер-білім қуу деп ақын халқына пайдалы істің ретін көрсетеді. Осы ретте С. Мұқанов өзінің 1932 жылы шыққан «XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» деген еңбегінде ақынның дін туралы айтқан ойын былай тұжырымдайды: «Ғұмар дінді ұлтшылдықтың құралы қып отыр. Қазақ халқына: «Сен тәңірінің жолын қумадың, өнер білімге талпынбадың, сол себепті орыстың отарына кіріп, елдіктен айырылдың, істе деген бұйрығын істемей, тәңірге кінәлі болдың» дегенді аңғартып отыр. Бұның аты дінді ұлтшылдыққа құрал қылғандық емей немене» [3,171] ,-дейді. Бір ескерте кететін жай Сабит Мұқанов аталмыш кітабында Ғұмар Қарашевты ұлтшыл-байшыл ақын деп дәріптейді. Біз бұған тоқтамай тұрып, алдыңғы ойдың аяғына шығып алайық.
Ғұмар өзі діни білім алған адам, діннің пайдалы жағын халыққа үйретудің еш сөгеттігі жоқ. Бұл жерде біз Сәбит Мұқановтың пікірін жөн дей алмаймыз. Өйткені ақынның бір-екі өлеңі төңірегінде ақын туралы «ұлтшыл-байшыл» ақын деп, ой қалыптастыруға болмайды. Ондай ой тек өзіне ғана емес, одан кейін бұл еңбекті оқыған адамға да келуі мүмкін. Біз ондай нәтижелі ойға ақынның шығармаларын тұтастай қарап, қыры мен сырына үңілгенде ғана келе аламыз. Ал бір-екі өлең төңірегінде ой қалыптастыру сол заман үшін және қазіргі кездегі ғұмартанушылар ойына кері әсер етуі мүмкін.
Ғұмар бұдан кейін «Өрнекте» харакет істеудің жолдарына тоқталады. Ақын надандықтың басты залалы-замандас халықтардан кейін қалғандық деп түсінеді. Ақын ойын былай өрбітеді: «Қазіргі заманда бүтін дүние бір базар әлеміне кірді. Дүниенің бір шетіндегі адам, екінші бір шетіндегі адамға, бір дастархан басында отырғандай сөйлесіп, алыс-беріс жасайды. Алыс жолға аз уақытта барып келе алады. Білімі бар адамдар өз керектерін алады. Кейін қалғандар алғылардан қалса алады. Кейін қалу-жалқаулықтан,өнерсіздіктен, білімсіздіктен, надандықтан болады»[7,211] ,-деп тұжырымдайды. Сол орайда ақын бар күшін өз халқының қараңғылықтан шығып, жарыққа ұмтылдыру жолына арнайды. Ақын өз заманына ауыр халін дәл көрсете білген өлеңі «Саған не болды?». Бұл өлеңінде ел қамын ойлаған шын жанашыр адамның, жүрек жарды сөздерімен сол кездің ауыр тұрмысы бейнеленеді.
Бүгін болса тамағымыз тоқ дейсің,
Ертеңгінің еш керегі жоқ дейсің,
Азаматың аттан ұшса «шоқ» дейсің,
Ұялмастай жұртым саған не болды.
Ел көшкенде жұртта қалған сен бе едің?
Ар- намыстан жұда болған ел ме едің?
Қаны қара, басқалардан кем бе едің [7,126] ,-деп ақын ертеңін ойламайтын есерлердің тіршілігіне қынжылады. Осындай күйге жеткен, халқының ауыр тұрмысын көрген ақын алдағы өмірге үмітпен қарайды, еліне жігер береді.
Қаным таза, сен олардан кем емес
Сен артықсың олар саған тең емес.
Өз бойыңа осы жүріс жол емес
Байқамастай жұртым саған не болды [23,4] ,– деп өздерінің артық екенін, бір кезде көршілері санасқан сайын даланың сері халқының ерлікке толы өткен тарихын еске алып Шыңғыс, Батый хандардың, Қарақыпшақ Қобландының ұрпақтарына тән батырлықты аңсайды.
Ақын өлеңдерінен біз сол заман бейнесін көргендей боламыз. Ғұмар Қарашев өз заманындағы өзгерістерге үн қоспай қалған емес. Қоғам өміріне енген жаңалықтар, ондағы басты проблемалар, халықтың жай-күйіне ақын жайбір рахат қарап отыра алмаған. Осы тұрғыда біз ақынның «Көреміз бе?» өлеңіне тоқталайық. Бұл өлең «Алаш» партиясының өмірлік мақсат-мұраттарын анық танытады. Әрі мұндай сарындағы өлең XX ғасырдың басындағы қазақ поэзиясында өте сирек кездеседі.
Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,
Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе
Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты.
Өзалдына ел болғанын көреміз бе? [7,127] ,-деп басталатын осы өлеңінде ақын үлкен шабытты қуатпен халқының өз алдынан ел болғанын көреміз бе деп, осы аңсарлы жолда жас буынға таза білім беруді, таласты қойып, ынтымаққа кірудің жолын айтады:
Жалқаулықты, бос жүрісті тастағанын.
Орынсызға дәулет, мүлкін шашпағанын
Керек жерде бойды балап қашпағанын,
Тіршілікте көзімізбен көреміз бе?
Әулие деп көрінгенге бас ұрмауын
Дін деп қорқып, ақиқатты жасырмауын
Еш нәрсені өлшеуіне асырмауын
Тірлікте көзімізбен көреміз бе? [7,128]
Бұл өлеңде ақын жеке ел болу үшін ең қажетті шарттардың бастыларын айта отырып, тәуелсіз ел болудың өмірлік талаптарын алға тартады.
Осы орайда айта кететін бір нәрсе Ғұмар Қарашевтың саяси мұраттары нда әлеуметтік прогреске көтерілуге кедергі болып тұрған себептердің санаттарына дінді тікелей дұрыс пайдаланбаудың салдарынан болатын құбылысты жатқызады. Оның пікірінше, ислам діні еш уақытта білім мен ғылымды дамытуға кедергі бола алмайды, керісінше, ағарту ісін дамытуға жағдайлар туғызады. Бұл жерде ойшыл Ғұмар Қарашев, Құран Кәрім мен Мұхамvбед пайғамбардың хадистерінде ғылымның адамзатты қандай биік саяси прогреске көтеретіндігін дәлелдей отырып, өз ойларын былайша тұжырымдайды: «Біздің халқымыз ақиқат дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік, ұрлық, қиямет арақ ішу карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтардан аулақ болар едік».
Демек, шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз. Жоғарыда айтылғандай жаман мінез қылықтардан аулақ болған болар едік. Қайдағы бір ескі ырым- сырымдарға сыйынып дін жасау лайықсыз. Ақиқат дін еш адамның желеп-жебеуіне мұқтаж емес, ал діннің өзі адамдарды дұрыс сақтай алады, дұрыс жолға бағыттайды деп дәлелденгені шындық. Оның айтуынша шариғат заңдарын сіңіру арқылы көшпелі халықты имандылыққа баулуға болады. Жоғарыда көрсетілгендей ол, шариғат заңдарының да өзгеріске ұшырайтын ілім екенін фактілермен дәлелдеп, құран-кәрімнің сүрелерімен аяттарына жаңа мағына түсінік береді. Бұл әрекет, қазан төңкерісіне дейінге мерзімдегі Қазақстанның саяси құқықтық ой пікірлерінде тұңғыш рет болған көрініс. Содан болар Сәбит Мұқановтың еңбегінде: «Ғұмар дінді ұлтшылдықтың құралы қып отыр», — деуі де осы жайды меңзеп айтылған ғой.
Ғұмар Қарашевтың көтерген тағы бір мәселесі – дүмше, шала сауатты молдалардың салдарынан шариғат заңдарын халыққа дұрыс түсіндірмеуінен, жағымсыз, елге қажетсіз әрекеттің белең алғандығын көрсетеді. Мысалы, ақын шариғат заңында құрбан шалу рәсімінің жаңа заманда бәріне міндетті емес екенін айтады. Ақын өз ойын «Қазақ» газетіне жазған бір мақаласында былай деп береді: «Енді келейік құрбандық мәселесіне, аллаға шалынған малдың еті, қаны жетпейді. Бәлкім ақ ниет, адал жүрегі жетеді, яғни малды шалып, қанын ағызу, яки табақтан етін тарату мақсат емес, бәлкім адам малын мүлкін қиын жақсы күндерге алла жолына шалуды мақсұт еткен» [7.76бет] ,– деуі дұрыс айтылған сияқты. Сонымен қата ақын қажылық сапарын да маңызды деп таппайды. Ақын өз ойын өлең жолдармен былайша өрнектейді:
Бәдел хажыға барам деп,
Өліп кеткен адамды
Күнәдан пәктап алам деп,
Кәсіп үшін алынған
Қажылық деген ат құрсын. [7,111]
Ақын бұл өлеңде қажылық сапарға барушылардың, ел мүддесін, ел тілегін ойлаудан бұрын өз қара басының қамы үшін тауаб етулерін сынға алады. Ақын ондай жандарға былай дейді:
Әуелі қолдан келсе еліңді сүй,
Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй
Қағбаға тауап ету керек болса,
Кір жуып кіндік кескен жеріңді сүй [7,123]
Ақын ойынша, қоғамдағы жағымсыз көріністер мен құбылыстар негізінде екі нәрседен қалыптасады. Оның біріншісінде ойшыл – шариғат заңын, ислам дінін таратушы, насихаттаушы адамдардың бақсылыққа салынуынан, мұсылмандық қағидаларды жетік түсінбеулерінен болғандығын көрсетеді. Ғұмар Қарашев өлең жолдармен өз ойларын былайша білдіреді:
Бақсылық құрып елді жеп,
Кітап ашып дінді жеп,
Тәртіпті оқу заман деп
Дінге қосып күнді жеп
Қотыр ешкі, ақсақ қой
Педиядан келген деп,
Осы күні бір пара
Білімі жоқ көңілі зор
Дін мен күнге бірдей сор
Молаға қалған күн құрсын [7,110]
Екіншісінде, шариғат заңдары мен дін талаптарынан туындайтын, имандылықтың негізінде қалыптасқан тақуалық, ар-ождан көркінің, келбетінің қазақ қоғамында биік дәрежеде болуын айтады. Оның ойынша, мемлекетте бұл қасиеттер дағдарысқа ұшыраса, халықты мәдени эрозия жайлап, қылмыс, теріс қылықтар мен жағымсыз көріністер еселене түсетінін дәлелдейді. Ақын өз ойларын былайша қорытады:
«Кісіні әрбір осалдығынан ұяты ғана тияды. Кісі өлтірмек, шіркеу бұзбақ, ойнас қылмақ және басқа әртүрлі жаман істерді істеу жеңіл. Ол әркімнің қолынан келеді. Егер бұл істерге ұяты ара тұрмаса ….” [17.78бет]
Қазақ ойшылы фәни дүниеде тіршілік, шариғат заңдары мен талаптарын өз еркімен саналы түрде орындамаған адамның дін жолымен, құдай заңымен жазаланатынын тілге тиек етіп, адами қасиеттердің үстем болуын жан-жақты қолдайды. Адам өмірі дүниедегі байлық, ауқаттылықпен өлшенбейді. Шариғат заңы, дін алдында тазалық, адамгершілік, қарапайымдылық танытқан пенде ғана алла нұрына бөленбек. Осы тұрғыда Ғұмар ақын былай дейді:
Дүниені қандай талқан етсе дағы,
Бір күні кірмей қалмас күшті жерге.
Таразы тәңір алдында құрылған күн,
Бір жауап берер сонды күштілер де.
Қарсы алар алдын тосып қара шұбар
Жыландар һәрбір түрлі түстілер де
Ақдиуан сен залымды бұрылдырмас
Есіме енді бүгін түсті деуге.
Тамұқта залымдарға жер табылар
Түсірсін, тоймас іштілерге.
Мәз болма мақтағанға күшім көп деп,
Алдында тізгіні жоқ нәпсіге ерме.
Мал, күшің, елі-жұртын – бәрі қалып
Кіресің боз көйлекпен қара жерге [7,64]
Ғұмар Қарашаев өз дәуірінің көкей тесті мәселелеріне үн қоспай қалған емес. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге жақсылы жаманды пікір айтып өз көзқарасын білдіріп отырған. Ғұмар өз заманының жағдайына сай амал жасау керек екенін әр өлеңінде айтып отырады.
Заманға қарсы қарыспай,
Ағылыменен алыспай,
Ғылым, өнер қаруын
Бойға тақпақ келісер [7,109]
Ғұмар Қарашев құдай орнатқан заңды ешқандай жаңару идеясын қажет етпейтін қатып қалған қағида деп санамайды. Ол-шариғат заңдарынан мүлдем бейхабар шала сауатты молдалардың жаңару, реформациялық көріністерге қарсылық білдіретінін қатаң сынға алып, жаңа оқу, ғылымды меңгеруді құдай заңы еш уақытта жоққа шығармайтынын дәлелдейді. Құран кәрім, Мұхаммед пағамбардың хадистерін өте жетік меңгерген Ғұмар ғылымсыз қандай да болмасын мемлекеттік өркениетке көтерілудің мүмкін емес екенін өз ойымен дәлелдейді.
Ақын «Тұрымтай» жинағына енгізген «Мұғалім» деген өлеңінде:
Ойдағымды етуге,
Жол бермейді күншілдер,
Ақ сәлделі төрдегі,
Ана отырған діншілдер,
Не бар істі дінменен,
Өлшейтұғын міншілдер
Жаңа тәртіп төте оқу
Дін бұзды деп зарлаған
Таспа қара, таңқы мұрт,
Дін жолында үншілдер [7,131] деп өз ойларын білдіреді.
Адамның адамшылық қасеті, адамның мәдениеті, тұрмысы тәңірде емес, адамның өзінде. Адам аң да болуға, адам да болуға жарайды. Жаратылыстың жасырын сырына неғұрлым сұғынып, ізденімпаз болса, адамның соғұрлым тіршілігі көркейеді. Неғұрлым жаратылыстың сырынан қашып, өз басымен әуре болса, соғұрлым адамның тұрмысы кері кетеді. Омардың «Таңқы мұрт, таспа қара, діншіл сопылары» осы жаратылыс күресінен бас тартқандар.
Ғұмар Қарашевтің «Аға тұлпарының» төртінші тарауында үлкен философиялық, болмыстық мәні бар жайттар қозғалады. Тарау «Қиял хақиқат» деп аталады. Ойшылдың дүниеге деген философиялық көзқарасының жалпы базалық негізі осы тарауда анық байқалғандай. Ол қиял фантазия, болжау категориясына бой ұрып, объективтік дүние мен материяның әр түрлі сан алуан құбылыстары мен оқиғаларына өз тарпынан субъективті баға береді.Диалектикалық қозғалыстағы дүниенің шексіз ұшан-теңіз екенін ғылыми тұрғыдан көз жеткізеді. Ғұмар Қарашевтың осындай болмысы төңкеріске дейін қоғамдық-философиялық ой-пікірдің биік шыңынан көрінеді, діни санаға мүлдем қарама-қайшы көзқарас ретінде танылады. Барлап қарасақ, ойшылдың философиялық болмысы дүниенің көрінісін ғылыми түсінік тұрғысынан әбден танып -білуге болатынын көрсетеді. Мұндай көзқарас – сол уақыттағы қазақ халқындағы Абай мен Шәкәрім анықтап берген ой-пікірдегі феоменальдық көрініс деп батыл айтуға болады. «Қиял хақиқатта» ақын аспан әлеміндегі жұлдыздардың мәнін былай түсіндіреді:
Көрген мынау көп жұлдыз,
Көрер көзге кішкене,
Көде болса шөп жұлдыз.
Ғылым айтар бұлардың
Зорлығының шамасы:
Әр біреуі бір дүние,
Деп айтуға дөп жұлдыз [24,226]
Жатқаным мынау үстінде
Доп-домалақ қара-жер
Кең жиһанның ішінде
Ноқаттай орын алмайды.
Шеккісіне ғаламның
Тозаңдай салмақ салмайды.
Пән көрмеген қысқа ақын
Бұл айтқанға нанбайды — [29,227] дейді ақын.
Осылай адам баласының даму процесінде материя системасының әлем кеңестігіндегі байланыстық формасын ашып, дүниетанымының шексіз екенін дәлелдеп көрсете білген. Оның ойынша, білімі эмприкалық категориялармен шектелген «қысқа ақыл» санасындағы жеке адамның еш уақытта кеңістіктің шексіздігін диалектикалық тұрғыдан түсіндіре алмайтынына көзін жеткізеді. Соған байланысты діни идеялистік көзқарасқа қарсы тұра білгенін оны сезінуге болады. Осы өлеңді Сәбит Мұқанов діншілдіктің, тағдыршылдықтың, тәңірге табынушылықтың ең жоғарғы дәрежесі деп бағалайды. Ақынның:
Сырынан бұ ғаламның,
Мақсұтынан жиһанның ,
Үлесің жоқ, бір құртсың [7,117],- деген жолдарын Сәбит Мұқанов былайша түсіндіреді: «Омар адамзатқа: Сен дүниенің құртысың. Әлем сен үшін жаралған жоқ, неге жаралғанын сен білмейсің. Оны тәңірі ғана біледі. Сенің ғаламды білем деуге қақың жоқ. Сенің арыңның ,ақылыңның қазығы- аллада. Сен алланың «істе» дегенін істе де жүр деп отыр. [3.178бет]. Бұдан артық діншілдік бола ма? -деп ақын ойын Сәбит Мұқанов дінге апарып тірейді. Ал бұл жерде жазушы ақын өлеңін талдау барысында өлең мазмұнын дұрыс түсінбей, асығыстық талдау жасаған болу керек. Өйткені ақын өлеңінде өзін ғылыми пәндерден хабары бар ғалым екенін көрсетеді. Және осы өлеңі арқылы өзін үлкен философ ретінде көрсетеді. Осындай келелі мәселелердің байыбына барып, сырын ашу үшін ғылымның мәні зор екенін көзге шұқығандай көрсетеді.
Сондай-ақ, ойшыл танымның рөліне ерекше тоқталып, шексез материяның пайда болуын, қоғамдағы жеке адамның алатын орнын анықтай келе, мәселенің күрделілігіне тоқталады, халықты бірігіп ойлауға тартады:
Біз адамзат жынысы,
Дүниеге келіппіз.
Жаһан деген қонысқа
Кейіп, жетіп еніппіз.
Келуіміз не үшін?
Кетуіміз не үшін
Мұнда не сыр, не мақсұт?
Білдік десек болыппыз.
Кім құрады жаһанды?
Кім жіберді адамға
Терең сырлы бұ жанды [7,118].
Әрине, Ғұмар Қарашевтың философиясының болмысы өз заманының әлеуметтік-саяси және экономикалық қатынастарының тарихи шеңберімен шектелгенін байқамасқа болмайды. Дегенмен де Ғұмардың өз замандастарынан оқ бойы өзық тұрғанын байқамау мүмкін емес. Ақынның «Қиян хакиқатта»берілген «бір тамшыда миллион жан иесі бар» деген жолдарына байқап қарасақ: Ғұмар Қарашев бұл сөздің мағынасына «заттар мен дүниелер молекулалар мен атомдардан құралады»,- деген ғылыми түсінікті енгізіп, танымның шексіз екеніне көзін жеткізеді. Ақынның мәселені осылай түсіндіруі- қазақ арасында қоғамдық философиялық ой-пікірде Шәкәрімнен кейінгі ерекше құбылыс деп атауға болады.
«Қиял хакиқат» атты өлеңінде:
Тозаңдай сол адамның
Жер үстінде ғұмыры
Көз кірпігін қаққандай,
Адам жүрер сонда да
Мәңгі суын татқандай.
Тұтқасынан асқар тау
Ілінер болса қолына
Қопарып түптеп атқандай.
Ақыл ойы жетісіп,
Сұмдығымен жиһанды
Екі пұлға сатқандай [7,122],- дейді
Бүкіл дүние, ғалам ішінде адамның үлкендігі бір түйір тозаңдай ғана болса, адам ғұмырының ұзақтығы қасқағымдай ғана. Сондай қылдай қысқа ғұмырдың қадірін білмей жағасы жайлау жайбір рахат күн кешу – күнә жасаумен бірдей. Осы ойын ақын «Өмір пәлсапасы» деген өлеңінде де айтады:
Тіршілік бес күн не бар тиген еншің
Пайдалан мейліңше қанат жайып.
Аз еншің, өкінішті жолға шашпа
Келуі қайта айналып алмағайып,
Қалмайды ізі жолың бұ жиһанда,
Кеткен күн тағдыр суы жуып, шайып.
Нені іздеп кейіп едің қайда кеттің
Бұл жұмбақ шешуі жоқ таңғажайып [7,122].
Алыстағыны көретін ақылман азамат, көреген қайраткер Ғұмар Қарашұлы елдің де, ердің де ертеңін ойлап, міне осындай өлең жазған.
Өз заманының ғұламасы Ғұмар Қарашев дүние дайым өзгерісте, құбылыста, өсуде, тозуда екенін өлең жолдарымен бере білген.
Жиһанда жанған сөнбек, толған сенбек,
Не берсе, сорлы пенде соны көрмек.
Жарық күн, қараңғы түн – екі тума,
Жанаса бір-біріне жуық жүрмек [7,122]. Дүние қарма-қарсылықтың бірлігі мен күресі. Осыны таныту арқылы,яғни тіршілік философиясын таныту арқылы ақылман өз замандастарының өмірін жеңілдетуді мақсат тұтқан. Бүгін қабағыңды бұлт болса- божырама бүгілме, ертең көз алдың көңіл сергітер шұғылаға толар…
«Тағдыр туралы» деп аталатын өлеңінде:
Бақ тасып нұрын шашып тұрған шақта,
Сұңқылдап асық жарлар ойнап-күлмек.
Бұлт жауып, бақыт ауып кетсе бір күн,
Шарасыз айрылуға тағы көнбек [7,122] ,- деген жолдарда бар жарық пен қараңғының, бақыт пен қасіреттің ауысып –жанасуы алма кезек дегенді де автор төрт жол өлеңімен тұжырымдап, дәл бере білген. Осы өлең соңының екі жолында:
Бұл қалай неге бұлай болады екен,
Адамзат ауыр соғар мұны білмек- деген жолдардан ақын тіршілік философиясын ұғу үшін тынбай еңбек ету, табанды ізденіс керек екенін ұғындырады.
Сондай-ақ ақын «Бармысың?» атты өлеңінде де аса бір маңызды мәселені қозғаған.
Таза жолмен табысқан,
Аялы қол алысқан
«Ұмытпан!» –деп қалысқан
Уағдада бармысың? [24,228] деп ақын өз заманында сөзінде тұрмайтын сұйықтар қатарының көбейіп келе жатқанын тілге тиек етеді. Адам жан – дүниесінің алуан қалтарысын көңіл көзімен аралаған ақын әлгі өлеңін кереметтей көргіштікпен, кемел оймен түйіндейді.
Терең қазық көмсе де,
Шын ақиқат жабылмас.
Құлаш ұрмай мұқитқа,
Асыл жауһар табылмас.
Ер басына күн туса
Нені істемес, не қылмас,
Тәуекелді жолдас ет! [7,13]
Шындықты қалай көмсе де бүркемеленбейді, ақиқатты аршып алуға болады. Ер басына сын түссе тәуекел туын көтеріп, оқ астында да ілгері басу керек. Өз ойын ақын «махаббат» деген өлеңінде ары қарай ұластырады:
Тату тұрған елдердің
Жолда жүгі қалмайды
Елін сүйген ерлердің
Жүректері талмайды, [24,228] деп елжандылық трактатын алға тартқандай әсер қалдырады.
Суырып салма ақын -жазушылар шығармашылығы мен олардан бұрынғы үлгілер арасындағы жекелеген сөз, ұғым, түр, ауыс-түйіс, әдебиеті ауызша дамыған халықтар үшін дағдылы жәйт. Ал мұның жазба әдебиет өкілдерінің шығармаларында кездесуі үлкен жаңалық болып табылады. Ғұмардың соңғы өлең-жинағы «Тұрыштайға» дейінгі бүкіл кітаптары осы үлгіде, осы қалыпта түзілген. Және бір ерекшелігі – жыр үлгісінде жазылған шығармаларында жазба әдебиет өрнегі араласып жатады. Әдебиеттанушы – ғалым Мақсат Тәжімұратов Ғұмар Қараштың шығармасындағы ерекшелікті былай көрсетеді: «XX ғасыр басындағы қазақтың жазба әдебиетінде Ғұмар Қараш сияқты өлең өрнегі қарама-қайшы ағыстардан тұратын ақын сирек, бұдан әрі ғалым өз ойын шетел зерттеушісінің пікірімен сабақтастырып, ағылшын ғалымы В.Томс Ғұмар Қарашты «Батыс мектебіне жататын халықтық жазушы” дей отырып, оның поэзиясының өзгермелілігіне таң қалғандығын көрсетеді. «С.энтузиазмам он часто и совершенно удивительно отклоняется от нового реалитического в течение в поэзии и возвращается в метафорное направление эпической поэзии [6.]
Ғ. Қараштың шығармашылық өміріне баға берген кезде зерттеушілерге әр тарап пікір айтқызған жәйттің бірі – күйзелістің сырын бағалау мәселесі. “Омарда ел басына түскен ауртпалыққа шыдамай, тулау, дүниеге сыймау сарыны бар”,- дейді Е. Смайылов. Осы ойды С. Мұқанов та айтқан болатын. Ол ақынның «Мұғалім» журналына жарияланған бір өлеңін келтіреді де оған сол кездің оқиғаларымен өзінше талдау жасайды. Мысалы:
Келте күн көргенің,
Қорлықта жүргенің,
Ұйқыда көрінген
Түске де тұрмайды.
Айтылмақ сөздер бар,
Ашылмақ жаздар бар.
Қоштықпен өткізген
Қысқа да тұрмайды [3,206] ,- деген өлеңнен ағып тұрған қайғы, қорлықта өткен келте күннің көрген түске тұрмауы, бұлт басқан жаздың қысқа тұрмауы, бір күні мыңдаған ділдаларға берілмейтін өмірдің кейде жеген асқа тұрмауы- ақынның торыққанының белгісі де болар.
«Анығында Омар сықылды байшылдық-ұлтшылдық қазанына неше жыл піскен адамдарға Кеңес үкіметінің тұсында: күн келте, жаз бұлтты, өмір ләззатсыз болуында дау жоқ”, — деп ақын өлеңін Сәбит Мұқанов Ғұмардың өмір жолымен байланыстырады.
Ғұмар Қарашевтың шығармаларын оқып отырып біз ақынды «ескіні көксеуші» деп зар-заман ақындарының санатына қосып қойған кезіміз де болды. Әрине, ол пікір ақын шығармаларын оқығанда ойға келетіні рас. Ақын заманына қарай адамы өзгеретінін біле тұра күйзеліске шалдығады.Өткен өмірді, хандық дәуірді және сол заманның биі , батырын барынша мадақтайды. Өлендерінде өткен өмірді аңсау сарыны басым. Осыдан да болар Сәбит Мұқановтың Ғұмар Қарашевті «ұлтшыл-байшыл» ақын деп айыптауы. Бірақ бүгінгі күн дәрежесін жақсылап, жеріне жеткізе жырлау үшін әрине,тарихты жақсы білу керек. Өткенді білмей, бүгінгі күнге баға бере алмаймыз, бүгінгі күннің жақсылы –жаманды жағын айыра алмаймыз.
XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында кең етек жайған бассыздық пен заңсыздық, әділетсіздік пен адам құқығының аяққа тапталуы Ресей империясының бюрократиялық шовинизімінің тікелей жемісі.
Патша үкіметі біртіндеп саяси-әкімшілік, құқықтық реформалар жасау арқылы, қазақ мемлекетінің көшпелі өмір салтына, өзі қойған мақсаттарға жетті: хандық билікті жойып, Ресейдегі басқару жүйесіне жақындатылған билік жүргізу апаратын қалыптастырды. Бұл процесс қазақ халқына бұрын беймәлім болып келген қағаз былықтарын, басқару апаратының бақылаусыздығын күшейтті. Соның нәтижесінде елде зорлық зомбылықтың көбейгенін көкірегі ояу Ғұмар ақын көре білген.Сөйтіп, өз шығармаларына еңгізді. Мұндағы мақсат өз кемшілігін көзімен көре алмайтын халықтың көкейіне жеткізу еді. Мысалы: «Әділ шеккі» деген өлеңінде:
Өлеңнен елдің түрі көрінеді,
Өлшеніп таразыға ілінеді.
Дәрігердің шеккісіндей өте сезгіш,
Кей сөзден нәзік мағына білінеді.
Өз мінін өзі, бірақ, өлшер жерде,
Әркімде біразырақ кідіреді.
Кісінің жайын көргіш болғанымен,
Келгенде өз басына мүдіреді [7,130],- деп жырлайды. Сондай-ақ ақын «Заман адамы», «Заман жайынан» деген өлеңдерінде қоғамда белең алған келеңсіз құбылыстарды өлең өрнегімен халық санасына сіңіруге тырысады.
Ақын патша өкіметі енгізген жағымсыз саяси-құқықтық көріністерді дер кезінде аңғарып, қатаң сынға алады. Осыған байланысты хандық дәуірдегі әділ сот ісін, іс жүзінде асыратын билер институтын дәріптейді, олардың әділеттіліктің нағыз айнасы болғандығын дәріптейді. Атап айтқанда қазақ билері іс жүзінде асырған әділ соттың негізгі қағидаларына даналық сөзге тоқтау идеясын енгізген. Қазақ халқының өзіне тән ерекшелігі – басқа халықтарда кездеспейтін қасиетті феномені дау – жанжалды мағыналы шешендік сөзбен шешуі еді. Ешқандай құқытық нормаға сүйенбей-ақ бір сөзбен дауды бітіруді қалыптастырған қазақ ұлты қандай данышпан десеңші!
Ғұмар Қарашев билер сотының әділ сот ісін жүргізуде осындай жағымды жақтарының 1867-1868 жылдары жасалынған әкімшілік реформалар арқылы жойылғанына қамығады. Қазақ қоғамына империяның талап мақсатында енгізген реформасы дұрыс нәтиже берген жоқ. Ақын халық сотының осындай әділдіктен айырылған парақорлық үстем еткен жағымсыз көріністерін қатаң сынға алды. Соттан халық еш уақытта әділдік таппайтынына көзін жеткізеді, ақша өлшемі әділ таразысын белгілейтінін дәлелдеп, ақын былай дейді:
Ел адасып азған соң
Бағытынан тозған соң,
Ес аударған сиқыршы
Ала қағаз бұл шықты [7,82]. Мұндағы ақынның «ала қағаз»деп отырғаны — ақша. Ақын ақшада елдің есін аударатын магиялық әсер бар екенін көрсетеді. Йә халқымыз: “Алтын көрсе періште жолдан таяр» деп бекер айтпаған. Адамды ақ жолдан айнытатын да осы ақша емес пе? Міне, осының бәрін көкірегі ояу ақын сезеді.
Осы ретте ақын ойы Әбубәкір, Шортанбай, Дулат ақын пікірлерімен үйлеседі
Ханымыз болды қарадан,
Биіміз болды парадан
Болдырды жұртты баймын деп,
Бес қарасы бар адам [7,68] .
Істелген қылмысы үшін қылмыстық жауапқа тартылмаған қоғамда, әділ сот ісінің салтанат құруы мүмкін емес. Бұл көріністі тыймай, тамырына балта шаппай, сот ісінде алға басу, өркениеттілік санаға көтерілу мүмкін емес екенін Ғұмар Қарашев түсіндіргісі келеді. Ол әділдікті жақтаушыларға
Жауыздық, залымдықты қуаттайсыз,
Жылаған мазлұмдарды жұбатпайсыз,
Хақын жеп, жетімдерден мал жинаған
Адамды жақын көріп, құр мақтайсыз.
Білмеймін не себепті ұрыларды
Тарттырып ауыр жаза жылатпайсыз [4, 85] ,- деп қылмыс жасаған адамдардың тиісінше бағалануын айтады. Әділетсіздіктің шектен шыққан көріністері ақынның осындай өлең жазуына алып келеді. Әрине, бұл өлең үшін ақынға елдегі басшылар алғыс айтпағаны белгілі.
Ғұмар Қарашевтың көзқарастарында кездесетін әділ сот, құқық бұзушылық және адам құқықғы мәселелері бүгінде тәуелсіз Қазақстанда өз мағынасын жойған жоқ.
Ғұмар лирик ақын. Аласапыран төңкерістің бір жылында ол махаббат туралы «Досыма», «Тастаған жарға», «Бармысың», «Жазғы кеш», «Жазда тастамаған телпек» деген өлеңдерді жазады. Бұлар сол тұста қазақ лирикасын байытқан айрықша сыршыл жырлар болды. Бұл өлеңдерді оқи отырып біз бұған дейін ел мүддесінің биігінен сөйлеген, барша ақындық қуатын сарқып берген Ғұмар ақыннан бөлек, ет пен сүйектен жаралған Ғұмар пендені танығандай боламыз.
Әйел теңдігі тақырыбы XX ғасырдың басында қазақ әдебиетінде нағыз шырқау биігіне көтерілді. Болашаққа, гуманизмге байланысты ізгі тілектердің көбі осы тақырыпқа орай ресми түрде жарық көріп отырды: қазақ әйелінің басындағы ауыр тағдыр да жан-жақты суретеліп, реалистік шешімін таба бастады. «Қазақ әйелдерінің семьялық өмірдегі халін, адам төзгісіз ауыр жағдайын семья басының әйеліне деген қатыгез, тоң мойын надандық қылықтарын сынап, әшкерлеп суреттеген ақынның бірі — Мұштақ» – деп жазады Әнуар Дербісалин өз еңбегінде [22,68]. Сондай-ақ зерттеуші Ғұмар Қарашевты бір жағынан діннің өкілі, екінші жағынан, идеялық ағартушылықты басынан көп кешірген лирик ақын деп айта келіп, әйел теңдігі мәселесінде адамгершілік идеясына едәуір жақын келіп, қазақ әйелінің тағдырын әркез іштей күйзелу, қиналу сезімімен жазып отырды,- деп бағалайды. Ақынның «Досыма» атты өлеңінде асыл жарын сендірумен болады.
Жиһанда сенен өзге жарды сүйіп,
Жолында болып асық жанарым жоқ.
Өз еркін ақ етсең де, қара етсең де,
Мойныма бір алған соң танарым жоқ [7,126] бұл өлеңнің өн-бойынан біз бәз біреулердей «сүйдім, күйдім» деп жүрегін қолына алып аласұрған жанды көрмейміз. Ақын бұл өлеңін де ақыл тоқтатқан кісінің сабырын танытады. Одан да тереңдесек, айтқан сөзде тұратын, адал, әділ жанның жағымды бейнесін көреміз. Ақын «Тастаған жарға» деген өлеңінде жарына өкпе-наз түрінде арнайды. Жарының көңілінің құпиясын тапқысы келеді. Сол ретке ақын жарын бір ретте серт беріп уағда да тұрған қалпынан айнығанына күдік келтіреді.
Алысқан қол
Айтысқан серт,
Көздеген жол
Көкіректе дерт.
Жасырынды ма, жатты ма?
Аумалы көңілің,
Аспалы зейінін
Кірсіз пейілін
Тұрлаусыз мейілін,
Әлде өзгені тапты ма? [7,133]
Ақын қанша түңілердей болса да, сүйіспеншіліктің отына қанша шарпыла тұрса да, сүйгеніне ғашық жарын емес, қыз көре келген жанның сын көзімен қарағандай болады.
Шеберлік үлгісін Ғұмар табиғат лирикасында да біршама танытты «Тұрымтайда» ақын табиғат лирикасына арнап екі өлең енгізген. «Жазғы кеш» пен «Жазда тастамаған телпек».
Кең даланың ішінде
Желсіз тымық жазғы кеш:
Сыбыр шығып бір жерден
Қиялыңды һеш бөлмес [7,133] ,- деп басталады “Жазғы кеш”өлеңі.
«Бұл нағыз сұлу лирик. Ақын табиғаттан өзіне ақындық күй, сарын алады: табиғатты жанды бейнеде түсініп, құлпыртып суреттейді. Табиғат сыры мен адамның жан сезім дүниесін ұштастырады. Міне, бұл көркем лириканы басты бір қасиеті бұдан Омардың шебер суретші сыршыл ақын екенін көреміз»,-деп жазды Е. Смайылов.
Ақын осы өлеңінде табиғат арқылы адамды әрекетке шақырады. Осындай көңілге қуаныш ұялататын жазың күндерінде езіліп жата берудің орынсыз екенін айта келіп, жұртты қимыл-қозғалысқа шақырады.
Мұндай жазғы түндерде
Жата берме езіліп,
Кеудеңде шыбын жан болса
Қанаттан да құстай ұш. [7,134].
2.3 Ғұмар өлеңдеріндегі көркемдік ізденістер
Ғұмар негізінен лирик ақын дедік. Шығармаларында парасатты адамгершілік идеяны көздеген. Адам мен табиғаттың ара- қатынастарын сұлулық сырын, сәнді заттардың сымбатты бояуын, сарқырап аққан суды, сылдырлай сыбырлаған нуды, кең даланы мекендеген жан-жануар, көл бетінде сымпылдап қанат қаққан үйрек, паң басып байпаңдаған аққу- қаз, жан жадыратар жазғы көк майса, күн нұрын көкірегіне дем етіп, еркін аунап қунаған жан-жануар, ғашығын күтіп жүрегімен алысқан сүйген жар, өмір үшін алысқан еңбек адамдары, тағы басқа да сан құбылыстарды бейнелеген.
Ғұмар – поэзиямызға өзіндік өрнек, түр қосқан жаңашыл ақын. Ол «өзінен бұрынғы да, өзімен тұстас та ақындардан, әр елдің әдебиет үлгілерінен үйрене отырып, өзіндік стиль тапты», -деп баға береді әдебиеттанушы ғалым Айқын Нұрқатов. [20,318]
«Ғұмар Қарашұлы таза поэзияны түрлендіру, жаңа тәсіл, тың қолданыстар тұрғысынан алғанда да жаңашыл ақын. Жаңа жылғы Еуропадағы үрдісті сақтай отырып, қазақша алғаш өлең арнаған, сірә, осы білімдар ақын болса керек», — деп Мұзафар Әлімбай өз пікірін білдіре отырып, ақынның жаңашылдығының көрінісі ретінде «Жаңа жыл» деген өлеңін келтіреді.
Жаңарған құтты болсын жылың, қазақ!
Жадырап тусын бақыт күнің, қазақ!
Әр жерде азаматың бас көтерсін,
Есітіп бостандықтың үнін қазақ! [25,4] Шыныда да осы өлең бүгінгі күн ыңғайында жазылғандай керемет. Арада неше жыл өтсе де бұл өлең өзінің жаңалығымен бүгін де жалғасын тауып жатыр.
Поэзия ең алдымен ырғақ, ұйқасқа бөленген ой. Сондықтан ақын жүректен шыққан ойлы сөздерді іріктейді, оларды өлең әлемінің бүкіл заңына сай етіп құрады. Осы ретте біз Сәбит Мұқановтың пікірін келтіре кетейік «Омар қазақтың жортуылшыл кезіне сәйкестелген шұбыртпалы өлең түрімен жазған. Бұл түр қазақтың ұғымына өте тез қонатын түр. Оның үстіне тілі ашық қазақ тілі. «Тұлпарларда» Омар тіл жағынан, құрылыс жағынан Махамбет, Шәңгерей, Мұрат сықылды атақты халық ақындарына көп еліктеген. Солардан сөз құрылысын, пернелеуді қолданған. Сондықтан оның сіңімділігі өте күшті болған»,-дейді Мысалы ақынның «Сөйле тілім жалықпа» деген өлеңі шұбыртпалы ұйқаспен келген, содан да адам көкейіне тез қонады және оқырманға да әсерлі жетеді”.
Бұл жалғаншы дүниеде
Болмас үшін зарықпа,
Табылмасқа тарықпа
Талайлар келіп кеткен –ді,
Талай болып өткен-ді
Армансыз кеттім дегенді
Ешбір құлақ шалып па [7,104].
Ұйқас -өлеңнің сыртқы түріне ғана емес, ішкі сырына тікелей қатысты нәрсе, яғни өлеңнің сыртқы сұлулығы үшін ғана емес, ішкі жылуы, қызуы үшін де ауадай қажет.Осы тұрғыда Ғұмар ақынның өлең өнеріне үлкен дайындықпен келгені білінеді. Ақын өлең өнерімен айналысатын адамдарға:
Сұлулап сөз шығар өнер емес,
Өнімді ол бір пайда берер емес,
Қышытқан жерін тауып сөйлемесе,
Шежіре болса дағы шебер емес.
Тауып айт, аз айтсаң да тазасын айт [7,144]
Жағымды сонда жайма келер кеңес- деуі Ақынның Абай ойымен сабақтастығын көрсетеді.
Ғұмар Қарашев Абай поэзиясынан сусындап, өлеңдерін де сол үлгіде жазған. Шығармаларын оқып отырып Ғұмардың Абайға зор еліктегенін көреміз. Мысалы «Тұрымтай» жинағында кездесетін мына бір өлеңді алайық:
Үлгілі сөз бір сұлу қыз
Теңіне тегін берілер,
Тең табылып салса көз,
Таранар сұлу, керілер.
Саналы жүрек, терең ой
Түбіне зейін сала бер.
Алдыңда сұлу, сұмды бой,
Мал берместен ала бер [7,119].
Мұнда гәп тек өлеңнің қазақ поэзиясына Абай енгізген шалыс ұйқасты өлшеммен жазылуында ғана емес, сонымен бірге, бұл өлеңде Абайдың ақындық өнері мен лебі есетіндігін байқауға болады. «Жүрегін тартып сүйгізер», «Таранар сұлу керілер», Саналы жүрек терең ой» деп келетін айшықты сөз тіркестері құлаққа да, көңілге де Абай сарынын әкелгендей. Ғұмар ақын өз шығармаларында Абайдан үйрене отырып, өзінше өлең өрнектерін жаңғыртып құруға, өзгеше етіп жасауға талпынған. Бақыт Шканова «Орал өңірі» газетіне жарияланған бір мақаласында Ғұмар Қарашевтың «Қиял» деген өлеңін Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңінің стилімен жазылғанын, ұлы ақынға еліктегенін көрсетеді.
Абайда:
Қайғың-қыс, жүзің-жаз,
Боламын көрсем мәз,- деп келсе,
Ғұмар:
Қайғың-қыс, күлкің-жаз
Қысың- көп, жазың-аз.
Қыс туса, қысылып,
Жазыңа болдым мәз [27,71],-дейді.
Ғұмардың «Тастаған жарға” деген өлеңінің әр шумағы он тармақтан, яғни он жолдан тұрады. Негізінен бұл өлеңді бес жолға сыйғызып айтуға болады. Бірақ, мұнан өлең әсері солғындайды. Интонацияға бейім бұл өлеңнің әрбір жолы әсерлі. Мысалы:
Жарым, жаным
Бұл қалай,
Жалғызым, барым
Бұл қалай.
Ұмыттың ба құдайды?
Асығым менің
Бұл іске,
Кәрібім менің
Бұл күшке
Жүрегім нағып шыдайды?. [7,132].
Ғұмар Қарашев поэзиясын, оның алдында өткен ақын-жыраулар поэзиясы мен сол түстің ақындарының дәстүрлерінен бөлектеп, даралап алып қарауға болмайды. Е.Смайылов ақын өлеңдерін: ”Ғұмар өлеңдерінде көркемдік пен пікірдің байлығы, өткірлігі ұштасып келеді. Көп өлеңдері мәтел, тақпақ түрінде де айтылады”,- деп көрсетеді. [20,119]
Шын ақын өлеңдерін халық көкейіне қонымды әрі әсерлі болу үшін қазақтың бай ауыз әдебиетіндегі асыл сөздермен өрнектеген. Әсіресе, мақал-мәтел, қанатты сөздер ақынның өлеңінің ойымен өріліп жатыр. Мысалы,
Алтау ала болғанда,
Ауыздан жемін кетірер.
Төртеу түгел болғанда,
Төбеден жерге келтірер.
Атаның айтқан бұл сөзін,
Аңдай жүре көріңіз.
Баяғы ауыз әдебиетінің барлық кезеңінде тіл көркемдігі көбінесе түрлі-түсті бояу болған да сөз сұлулығы- маңыраған мақал-мәтелде жатқан. Ділмар шешендік пен ұтқыр биліктер де тыңдаушысын төкпе мазмұнға лайық еспе пішініндегі әр түрлі жылтырауықтармен еліктіріп отырған. Бірақ жазба әдебиет тіліндегі көркемдік бұлай емес екені өткен ғасырдың өзінде-ақ білінген. Оған Абай шығармасында кездесетін мына бір өлең жолдар дәлел бола алады
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Иә, жазба әдебиеттегі тіл көркемдігі мен сөз сұлулығы жасанды жалт-жұлтта, күлді–балам бояуда емес, сөздің табиғилығы мен қарапайымдылығында, нақтылығы мен тазалығында жатады. Осы турасында Ғұмар Қарашев та айтқан.
Сұлулап сөз шығару өнер емес,
Өнімді ол бір пайда бере емес.
Тауып айт, аз айтсаң да тазасын айт,
Жағымды сонда жайма келер кеңес [7, 44]
Ақын-жазушы өзінің сөздік қорын молықтыру үшін жалпы халықтың тілдің телегей – теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше молырақ игеруі, оның қилы-қилы қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынысындағы ұлан-ғайыр өзгертулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білу қажет. Сонда ғана ақын-жазушы сөзімізді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай алады. Мұның өзі жазушы тілінің үш түрлі ұғымдылығына-дәлдікке, ықшамдыққа, сұлулыққа- негізделуі шарт.
Міне, осы талаптарды біз Ғұмар Қарашевтың шығармаларынан кездестіре аламыз. Мысалы, ақынның:
Тұрады ұят тұрған жерде иман,
Әдебі пайғамбардың бұған илан.
Әртүрлі бұзықтықтың адамзатты,
Тек жалғыз бұ дүниеде ұят тиған [7,30] деп төрт жол өлеңі дәлдікке, ықшамдылыққа құрылған. Бір жағынан мазмұны да терең әсерлі Ғұмардың бұл өлеңінде басы артық ешқандай сөзді көрмейміз.
Ғұмар поэзиясының түрі де күрделі негізгі өлең үлгісі-7-8 буынды жыр – толғау.Бұл түрді академик Корш былай деп көрсетеді; «Мейлінше ықшам , мейлінше мол тараған, түрік жазу-сызуының тіпті көне ескерткіштерден кездесетін жеті буынды өлеңі хронологиялық жағынан, сірә, бар өлеңнің басы»,- деуі орынды айтылған. Ғұмардың «Қиял, хақиқатының” үлгісі осы 7 буынды жыр өлшемімен келеді.
Кім құрады жиһанды
Кім жіберді адамға
Терең сырлы бұ жанды.
Кім құрса соның өзіне
Мағлұм болса керек-ті.
Сондай-ақ, Ғұмар Қарашев өз шығармасының жартысынан көбін көнеден келе жатқан 11 буынды жыр өлшемімен жазған. Бұл өзі әдемі өлшем, үнсіз оқысаңыз үйіре жөнеледі.
Айта бар барсаң сәлем ағаларға,
Ақылы кәміл жетік даналарға,
Біз бір жүн,олар жібек күлтеленген
Жанасу жөн болмайды барабарға.
Ғұмар шығармаларын түгел дерлік құйған құрыш секілді, берік, еш уақыт ескірмейді іші алтын, сырты күміс мәңгілік туындылар. Өмір біткеніннің құндылығы да оның өміршеңдігінде, әр заманның керегіне жарап, жаны таза адал жан, ар-ожданы биік адам баласына қызымет ете алатын асыл мұра боп табылуында десек,Ғұмар Қарашевтың шығармасын біз осы деңгейден табамыз
ҚОРЫТЫНДЫ
Ғұмар Қарашев XXғасырдың басындағы тұлғалы қазақ ақыны, әрі қоғам қайраткері , философ, публицист, алғашқы қазан газеттерін ұйымдастырушы, мерзімді баспасөз беттеріне жарияланған көптеген публицистикалық мақалалардың авторы. Оның шығармаларында патшалық отарлау саясаты да, үкіметтің екі жүздігі де, жергілікті үстем таптың надандығы мен топастығы өлтіре сыналды. Оның өлеңдері өмірдің мәні туралы, сол кезең дүниесіндегі өз халқының орны туралы философиялық ой толғамдарға толы.
Солақай сыңаржақ түсінік кезінде шығармаларын оқуға тыйым салып, ақын мұрасы рухани қазыналардан аластатылған еді. Ақын мұрасы жарияның дәуірде халқымен қайта табысып, өз бағасын алып отыр. Қайраткер ақынның зерделі ой, биік парасатын танытар толғамдары – барша адамзат баласының татулығы мен ынтымаққа толы бейбіт өмірін таныту. Ақын мұрасының құндылығы Абайдан кейінгі дәуірде ерекше көрінді. Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырып өзіндік стильмен өрнек жасаған Ғұмар Қараш өз кезеңінде талай белестерден көрінді. Өз дәуірінің көкейкесті мәселелері турасында ой қозғап, пікір білдірген ақын шығармалары әлі де жан-жақты талдауды қажет етеді.
Құлаш ұрмай мұхитқа
Асыл жауһар табылмас-деп өзі айтқандай, өлеңдеріндегі асыл жауһар сөздерді теріп, аршу үшін ақынның терең ойына сүңгу қажет.
Қоғамда болып жатқан жақсылы – жаманды құбылыстарға үн қосып, өз ойын бүкпесіз ашық айтатын иман жүзді ақынның дін туралы ой -танымының өзі күрделі талдауды қажет етеді. Сондай –ақ, Ғұмар Қарашевтың заң ғылымы саласында да көл–көсір идеялары мен ой–тұжырымдары зерттеуші ғалымдардың назарына алынып отыр. Бір өкініштісі Ғұмардың әр сала бойынша айтқан ой – толғамдары бізге толықтай жеткен жоқ. Осы қолда бар мәліметті қанағат тұтып ақын шығармасының ішкі мазмұнына үңіле түссек әлі талай жаңалыққа тап боламыз.
Ғұмар Қарашев өз заманының айнасы. Біз тек сол айнаға жақсылап қарап, ақын бейнесін тануымыз керек.
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Виннер Томс. Ғұмар Қараш ( Англияда 1958 жылы жарық көрген «Орта Азия әдебиеті» атты жинақтан ақын туралы ағылшын ғылымының зерттеу мақаласы)// Егемен Қазақстан. 1992, 23 мамыр
2 Смайылов Е. Омар Қарашев. (1876-1921 жылы өмір сүрген көрнекті ақын) //Алматы ақшамы. 1990, 30 қаңтар.
3 Мұқанов С. XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті (ұлтшылдық – байшылдық дәуір) -Алматы, 1932.
4 Тәжімұратов М. Біз білмейтін Ғұмар Қараш ( Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында ) //Орал өңірі. 1991, 9 сәуір.
5 Кенжалиев И. Ғұмар Қарашұлы туралы жаңа деректер (Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында) //Жұлдыз, 1995, №1.
6 Тәжімұратов М. Құмар Қараш.- Алматы,2004 .
7 Қараш Ғ. Замана. Алматы, Ғылым 1994.
8 Сыдиықов Қ. Абайдан кейінгі ірі классик ақын //Орал өңірі. 1993. 15 маусым.
9 Өзбекұлы С. Арыстары алаштың. Жеті жарғы 1998.
10 Ысмағұлова С. Қиын да сұлу тағдыр. /// Жалын 1989 №3
11 Өзбекұлы С. , Ысмайылов А. Ғұмар Қарашев. –Алматы 200 ж.
12 Қараш Ғ. Дұрыстың жолы (XX ғасырдың көрнекті өкілінің бірі Ғ. Қарашевтың өмірі мен оның мақалаларынан үзінді.-Екеуі екі басқа) //Жұлдыз.-1989.-№2
13 Сыдиықов З. Тайталас тағдыр кешкен // Социолистік Қазақстан. 1989.-15 желтоқсан
14 Нәсекенұлы И. Арысымызды ардақтай білген абырой болар. // Орал өңірі. -1992. -28 шілде
15 Несколько слов о Киргизской литературе и …. // Киргизская правда, 1919,№20
16 Кенжалиев Ғұмар Қарашты кім өлтірді? // Жұлдыз. 1992,№5
17 Өзбекұлы С., Исмайлов А. Құмар Қараштың қоғамдық – саяси және құқықтық көзқарастары. –Алматы, 2005
18 Сыдиықов Қ. Ағартушы, философ, ақын. (Ақынның өмірі мен өлендері) //Орал өңірі, 1991, 5 желтоқсан.
19 Бес ғасыр жырлайды. I том. Алматы: Жазушы, 1989.
20 Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. Алматы: Жазушы, 1966
21 Әбдиманұлы Ө. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті. Алматы: Қазақ Университеті, 2002.
22 Дербісәлин Ә. Қазақтың октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті. – Алматы: Ғылым, 1996
23 Жұмағұл С. Ғасырына өң берген Құмар Қараш // Орталық Қазақстан. -1996. -27 тамыз
24 Қазақ поэзиясының антологиясы. -Алматы: Ғылым,1993.
25 Әлімбай М. Елін сүйсе елжіреп. // Алматы ақшамы, 1998, 14 қаңтар
26 Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ Университеті, 1992.
27 Шақанов Б. Құмар Қараш-ғұлама дарын. // Орал өңірі, 1996-14 желтоқсан
28 Құнанбаев А. Шығармалар екі томдық. — Алматы: Жазушы, 1968.