Жалпы теорияның пәні және әдісі
Жоспары
- 1. Жалпы теорияның пәні, оның мазмұны
- Жалпы теорияның әдісі, оның мазмұны
- Қоғамдық және заң ғылымдарының жүйесінде жалпы теорияның алатын орны
КІРІСПЕ
Жалпы теорияның пәні қоғам мен мемлекеттің арасындағы сан қырлы, күрделі қарым-қатынастарды, қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің алатын орнын, маңызын, азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын, адамдардың сана-сезімін, оның қоғамдағы маңызын, мемлекеттің болашағын, құқықтық мемлекет қалыптастыру бағыттарын зерттеп, қорытынды тұжырымдар жасап отырады.
Мемлекет пен құқықты бір-бірінен айыруға болмайды. Олар объективтік тұрғыдан тығыз байланыста бірлесіп дамитын ғылым. Бірақ олар бір ғылымға жатқанымен, әрқайсысының нақты бағыттары болады. Мемлекет қоғамның саяси-экономикалық құрылысымен шұғылданады, құқық – нормативтік актілер жүйесін қалыптастырады.
Осы бірлестік пен дербестік олардың мазмұнын, мақсатын, қызметінің әдіс-тәсілдерін, функцияларын жан-жақты зерттеуге, жаңартуға, дамытуға мүмкіншіліктер береді. Мемлекет пен құқықты тереңірек зерттеп білуге жағдай туады.
- Жалпы теорияның пәні, оның мазмұны
Әр ғылымның өз саласында объективті ақиқатқа жетуге, заңдылықтарды бейнелеуге және алдын ала болжауға арналған, жүйелі түрде құрылған мәселелері болады. Сол мәселелер ғылыми тұрғыдан зерттеліп, тұжырымдалып, ғылымның пәніне-предметіне айналады. Мемлекет және құқық теориясы – қоғамдағы саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік құбылыстарды зерттеп, қоғамдық өмірдегі қарым-қатынастарды реттеу, басқару әдіс-тәсілдерін, объективтік заңдылықтарын анықтап отыратын ғылым. Жалпы теория мемлекет пен құқықтың өмірге келу, даму заңдылықтарын, мақсатын, мазмұнын, құрылысын, нысанын, қағидаларын, белгі-нышандарын, функцияларын зерттейді.
Заң ғылымы өткен дәуірде (алғашқы қоғамда, құл иелену, феодалдық, буржуазиялық формацияларда), қазіргі кезеңде, болашақта мемлекет және құқықтың қоғамды басқарудағы объективтік және субъективтік заңдылықтарын, әдіс-тәсілдерін зерттейді. Осы үш дәуірде болған және болашақ қоғамның, мемлекет пен құқықгың өздерінің даму процесінде болған жақсы тәжірибелерді жинақтап, қорытынды тұжырымдар жасалып отырады.
Мемлекет және құқық теориясының пәні – адам қоғамының өміріндегі құбылыстардың, мемлекет пен құқықтың өмірге келу, даму объективтік заңдылықтары мен олардың мәні-маңызы, құрылымы және мақсаты.
Бұл түсіндірме үш тараудан тұрады:
— қоғамның қалыптасу, мемлекет және құқықтың өмірге келу заңдылықтары;
— қоғамның, мемлекеттің, құқықтың даму заңдылықтары;
— қоғамның, мемлекеттің, құқықтың тарихи маңызы, құрылымы, мақсаты.
Мемлекет және құқық теориясы іргелі де терең ғылым ретінде бірнеше функциялар атқарады:
Онтологиялық функция – (грек…шын білім) адам қоғамының тұрмысын, оның қағидаларын, құрылымын, даму заңдылықтарын зерттеу. Бұл зерттеу арқылы мемлекет пен құқықтың өмірге келуін, дамуын, болашағын білуге мүмкіншілік қалыптасады.
Гносеологиялық функция – (грек… білім, теория) таным теориясы арқылы мемлекет және құқықтың құрылымын, маңызын, мақсатын білуге болады.
Эвристикалық функция – (грек… табу) заң ғылымының барлық саласында зерттеудің әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, қоғамдағы құбылыстардың даму процесінің жаңа заңдылықтарын табу, ашу.
Әдістемслік функция – мемлекет және құқық теориясы заң ғылымы салаларының талаптарына сәйкес жалпы әдістемелік ғылыми тұжырымдар жасап, ғылымның жақсы дамуына жағдай жасау.
Саяси функция – қоғамның алдында тұрған мақсатты, саясатты жалпы теория тұрғысынан орындау бағыттарын, жолдарын белгілеу. Мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатының ғылыми негіздерін жасап, оның ғылыми тұрғыдан орындалуын қамтамасыз ету.
Идеологиялық функция – жалпы теория қоғамдағы әртүрлі көзқарасты, саясатты, идеяларды біріктіріп, ғылыми тұрақты жүйе қалыптастырып, адамдардың сана-сезімін, құқықтық мәдениетінің сапасын жақсарту.
Тәжірибелік-ұйымдық функция – тәжірибелерге сүйене отырып, жалпы теория қоғамдағы заңдылықты, тәртіпті сапалы іске асыру үшін ұсыныстар жасап отыруы қажет.
Болжау функциясы – жалпы қоғамдағы саяси-құқықтық құбылыстармен ғана шектелмей сол құбылыстардың болашақ бағытын зерттеп, ғылыми қорытынды тұжырымдар жасап, оны құқықтық реттеп, басқару бағдарламасын дайындауы қажет.
Құқық және мемлекет теориясының функциялары бір-бірімен тығыз байланыста дамиды. Олардың қызметін біріктіріп зерттегенде жалпы теорияның қоғамдағы маңызы жақсы көрінеді. Жалпы теория өз функцияларын заң ғылымының басқа салаларымен бірлесіп атқарады. Сонда ғана нәтиже болады.
Мемлекет және құқық теориясының белгі – нышандары. Мемлекет және құқық теориясы адам қоғамының бір саласын жан-жақты зерттеп, оның объективтік даму заңдылықтарын, өзара байланысын анықтап, оларды қолданудың жолдарын көрсетіп отырады. Сондықтан жалпы теория қоғамдық ғылымның бір саласы.
Жалпы теория қоғамдық ғылымдардың ішіндегі тек мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды зерттейтін саласы. Сондықтан жалпы теория заң ғылымының бір саласы.
Жалпы теория заң ғылымдарының барлық салаларының объективтік даму заңдылықтарын зерттеп, оларды қалай қолдану жолдарын көрсетіп отырады және заң ғылымының салаларының бірлесіп, дербестік даму бағыттарын анықтап отырады. Сондықтан мемлекет және құқық теориясы заң ғылымының ішіндегі ең терең тұйінді ғылым, (фундаментальды ғылым).
Мемлекет және кұқық теориясы заң ғылымының салаларына бағыттаушы, ұйымдастырушы, әдістемелік ғылым. Мемлекет және құқық теориясы заң ғылымының салаларына тиісті әдістемелік жасап, оны ғылыми тұрғыдан қалай қолдану әдіс-тәсілдерін анықтап отырады.
Жоғары мектепте студенттер көптеген пәндерді оқудан бұрын, ең алдымен «Заң ғылымы дегеніміз не?» «Мемлекет және құқық теориясы деген не?» Міне, осы сұрақтарға олар жауап алуы қажет. Толық жауапты студенттерге мемлекет және құқық теория пәні береді. Бұл пәнді студенттер бірінші курста оқып, мемлекет және құқық туралы толық білім алып, олардың қоғамды реттеп, басқарудағы рөлін, маңызын жақсы түсініп шығады. Сөйтіп, студенттердің жоғары курстарда заң ғылымының салалық пәндерін оқып, жақсы түсінуге мүмкіншілік жасалады.
Қоғамдағы ғылымдардың, соның ішінде заң ғылымының, даму процесінде сан қырлы қиындықтар кездесіп жатады. Оның себептері: қоғамның объективтік даму заңдылықтарының, мүдде-мақсаттарының күрделенуі. Әсіресе, бұл процесс қоғамның дағдарысқа ұшырау кезінде немесе өтпелі дәуірде өте қатты шиеленіске кездеседі. Бұл кезде қоғамдық ғылымдарға, соның ішінде заң ғылымына, талап күшейеді. Заң ғылымының, мемлекет пен құқықтың алдына қойылатын талап – қоғамды реттеп, басқаруды күрт жақсартып, қиыншылықтан, дағдарыстан тезірек алып шығу және қылмысқа қарсы күресті батыл, табанды жүргізу.
Қоғамдағы іргелі-фундаментальды ғылымдар өмірдің сұранысына, талабына жауапты тез, үстірт бере алмайды. Шын, сапалы ғылым бір күндік, бір айлық немесе бір жылдық іс емес. Ол көп жылдық ғылыми зерттеуден өтетін іс-әрекет, оны өмірлік-тәжірибелік сынақтан өткізу қажет. Осы процестерден кейін ғылыми қорытынды тұжырымдар жасап, қоғамды басқаруды жақсарту мәселесіне заңды түрде кірісуге болады.
Қазіргі кезеңде нарықты экономика реформасы, қоғамның әлеуметтік саласындағы жаңа келеңсіз жағдайлар ғылымның алдына бұрын болмаған қиындықтарды, келеңсіз істерді үйіп-төкті. Осы қиын жағдайдан ғылыми тұрғыдан шығу жолын, бағытын тез, аз уақыт ішінде көрсетуге болмайды. Және бұл қиындық, дағдарыс қоғамның бір-ақ саласын зерттеумен шұғылданады. Сондықтан қазіргі дағдарыстан шығу үшін қоғамдық ғылымның барлық саласы бірігіп ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Мұндай зерттеу елімізде жүргізіліп жатыр, екі-үш жылда қорытынды тұжырымдар болуға тиіс.
Жалпы теория мемлекеттік – құқықтық проблемалармен бірге дүниетаным мәселелерін де зерттеп қоғамның әлеуметтік жағдайын қосып, ғылыми тұрғыдан қорытынды тұжырымдар жасап, құқықтық нормалар арқылы қоғамдық, топтық, жеке тұлғалық мүдде-мақсаттарды іске асыруға, сапалы орындауға мүмкіншілік жасап отырады. Құқық және мемлекет теориясының ғылыми даму бағыттары: Жалпы ерекшелік заңдылықтарды зерттеу; негізгі күрделі мәселелерді зерттеу; жалпы теорияны дамыту; жалпы теорияның салаларын, жүйелерін біріктіріп зерттеу.
1) Мемлекет және құқық теориясы (жалпы теория) заң ғылымының өзіне тән ерекшеліктерін, олардың объективтік даму заңдылықтарын зерттейді. Бұл заңдылықтарды қоғамның экономикалық, әлеуметтік объективтік даму заңдарымен араластыруға болмайды. Мысалы, қоғамның саласының сапасы сол қоғамның материалдық тұрмыс жағдайына байланысты – бұл тарихи материализмнің объективтік даму заңы. Қоғамдағы өндірістік қатынастың өндіргіш күштің деңгейіне сәйкес болу заңы экономикалық теорияның пәніне жатады.
Мемлекет және құқықтың зерттеу мәселелері заң ғылымының объективтік даму заңдары, олардың өздеріне тән ерекшеліктері және бұл заңдардың қоғамның объективтік даму заңдарымен байланысы.
2) Заң ғылымының негізгі күрделі зерттеу мәселелері: мемлекет пен құқықтың сапалы дұрыс дамуы, олардың салалық құқықтарымен, құқықтық санамен, құқықтық мәдениетпен арақатынасы т.б.
3) Мемлекет және құқық теориясы жан-жақты дұрыс, сапалы салаларының атқаратын қызметтеріне зор әсер етеді. Жалпы теория заң ғылымының жетекші саласы, әдістемелік жұмыстарды ұйымдастырушы, бағыттаушы күш деуге болады.
4) Мемлекет және құқық, олардың салалары бірлікте және дербестікте дамып зерттеледі. Олардың бірлестігі: өмірге бірге келуі және оның себептері де бірдей; мемлекет пен құқықтың даму процесі, өзгеруі, жаңаруы да бір-біріне ұқсас; атқаратын қызметтері бірдей – қоғамды реттеп, басқару.
Қорыта айтсақ, құқық және мемлекет теориясының ғылыми зерттеу мәселелері:
— мемлекет және құқықтың өмірге келу, даму және қоғамды реттеп, басқаруының объективтік даму заңдылықтары;
— мемлекет және құқықтың мазмұны, түрлері, нысаны, функциялары, құрылымы, механизмы және құқықтық жүйе;
— заң ғылымындағы мемлекеттік-құқықтық түсініктер.
- Жалпы теорияның әдісі, оның мазмұны
Методология – дүниені философиялық тұрғыдан түсіндіретін ілім. Ғылыми методологияның негізі – материализм мен диалектика. Ғылымның методологиясы – оның ғылыми зерттеу әдіс-тәсілдері. Жалпы ғылым дегеніміз екі мәселені қамтиды, екі бағытты біріктіреді – теория және методика. Теория – ғылым нені зерттейді? – деген сұрақка жауап береді. Методика – ғылым қандай тәсілмен, амалмен зерттеу жүргізеді? – деген сұраққа жауап береді. Теория мен методика өмірде тығыз байланыста дамиды. Бұл объективтік байланыс ғылымның мыңдаған саласындағы тәжірибеде дәлелденген.
Қоғамның мазмұнын, объективтік даму процесін ғылыми зерттеуде теория мен методиканың маңызы өте зор. Онсыз ғылымды дұрыс зерттеу, дұрыс ғылыми қорытынды жасау мүмкін емес. Методологияның екі түрі болады: Жалпы ғылыми әдіс-тәсіл және жекелік ғылыми әдіс-тәсіл. Жалпы ғылыми әдіс-тәсілді – ғылымды зерттеудің методологиялық негізі деп атайды. Қазіргі замандағы ғылыми зерттеулер философияның материалистік және диалектикалық заңдарына сүйене отырып жүргізіледі. Кейбір дамыған елдерде ғылыми зерттеулер философияның діни, позитивизм, экзистеционализм, утилитаризм т.б. бағыттарына сүйене отырып жүргізіледі.
Материализм – философияның бір бағыты. Ол материя, табиғат, болмыс алғашқы, ал сана, рух, ой материяның қасиеті болғандықтан туынды деп санайтын, идеализмге түбірінен қарама-қарсы ғылыми философиялық бағыт. Материализм адам санасын, ойын сыртқы дүниенің бейнесі деп қарастырып, дүниені, табиғатты, қоғамды танып білуге болатынын дәлелдейді. Материализм ғылым мен практиканың жетістіктеріне сүйене дамиды және білімдердің өсуіне, ғылыми методтардың жетілуіне, адамзат практикасының, қоғам өндіріс күштерінің артуына ықпалын тигізеді.
Диалектика – табиғаттың, қоғамның және адам ойының дамуы мен қозғалысының жалпы заңдары жайындағы ғылым, дүниені танудың әдісі мен теориясы. Диалектика объективті реалдылықтың күрделі заңдылықтарын, қажеттігін қарама-қайшылыққа толы табиғатын зерттейді. Диалектиканың негізгі заңдары: қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі; сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне ауысуы; терістеуді терістеу заңы.
Диалектиканың заңдары табиғаттың, қоғамның объективтік дамуының қайнар көзін, ішкі қозғалысын және бағытын көрсетеді. Диалектикалық категориялар (анализ мен синтез, мазмұн мен форма, құбылыс пен мән, шындық пен мүмкіншілік т.б.) танымның дәйектілігін, заңдылығын бейнелейді.
Материалистік диалектика методологиясының негіздеріне сәйкес мемлекеттік-құқықтық құбылыстар қоғамның өмірімен бірге зерттелуге тиіс. Сондықтан қоғам, мемлекет, құқық – осылардың арасындағы қатынастарының түрлерін білу қажет. Қоғамның мемлекет-құқықпен үш түрлі байланысы бар: қоғамның базисы мен қондырмасы арқылы, қоғам мен мемлекет-құқықтың байланысы, қоғамның мүдде-мақсатының құқық-мемлекетпен байланысы.
1) Қоғамның экономикалық базисы өзінің қондырмасымен байланыста дамиды. Қондырманың бір саласы құқық пен мемлекет. Қондырма – базис арқылы қоғам, құқық және мемлекетпен тығыз байланыста болады. Қоғамды реттеп, басқаратын құқық пен мемлекет.
2) Құқықпен мемлекет қондырманың бір күрделі саласы, олар қоғамның барлық саласымен үздіксіз байланыста болады және құқық пен мемлекеттің қызметі қоғамдағы адамдардың сана-сезімімен де байланыста дамиды. Бұл екі жақты объективтік процесс.
3) Мемлекет пен құқық қоғамның жалпыхалықтық және таптық мүдде-мақсаттарын реттеп, басқарып іске асырып отырады. Бұл да екі жақты объективтік процесс.
Сонымен, материалистік және диалектикалық методқа сәйкес мемлекет пен құқық қоғамның экономикалық, саяси, рухани жағдайларымен тығыз байланыста, үздіксіз қозғалыста, дамудағы объективті шындық құбылыстар. Мемлекет пен құқықтың өздерінің даму заңдары болады. Бұл заңдылықтарды ғылыми тұрғыдан зерттеп білуге болады. Мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды зерттеудің жалпы методологиялық алдын ала шарттары:
— Құқық пен мемлекет объективті шындық құбылыстар ретінде ғылыми анализ жасаудың объектісі бола алатыны;
— Мемлекет пен құқықгың үздіксіз қозғалыста, өзгеруде және тарихи даму процесте болатынын ескеру;
— Мемлекет пен құқықты зерттеу процесінде қоғамның салаларында сан қырлы болып жататын байланыстарды, қатынастарды ескеру қажет. Кейбір жағдайда сол байланыс қатынастар заң ғылымын дамытудың негізгі бағытына айналуы да мүмкін;
— Құқықтық — мемлекеттік құбылыстарды зерттеуде міндетті түрде заңды тәжірибелермен, өмірдің талаптарын ескере отырып жүргізген нәтижелі болады. Өйткені теорияның дұрыстығы тәжірибе арқылы анықталады. Бұл тұрғыдан зерттеу әділетті болуы қажет.
Жалпы ғылыми зерттеудің әдіс-тәсілдерінің ең күрделісі материалистік диалектика. Ол қазіргі ғылыми танымның теориясы мен әдісі. Танымның мақсаты-зерттеліп отырған заттың, мәселенің терең мәнін, қайшылықтар жүйесін ашу. Таным – объективті шындықтың адам санасындағы белсенді және қайшылықты бейнеленуі. Бұл процесте логиканың атқаратын рөлі зор. Логиканың негізгі мақсаты мен зерттеу пәні танымның ақиқаттылығы, танымдық тәсілдер мен әдістердің дұрыс жүйесін қалыптастыру.
Заң ғылымының зерттеу процесінде анализ және синтез тәсілдері де қолданылады.
— теориялық және тәжірибелік зерттеу процесінде күрделі объектілерді талдау, құрамды бөліктерді жіктеп ажырату. Синтез – сол талданған бөліктерді жинақтап қосу арқылы белгілі бір объектіні, затты құрастыру. Мысалы: жалпы теорияда мемлекеттік органдарды, оның функцияларын, құқықтық нормаларды, қатынастың субъектілерін жүйе-жүйеге, сала-салаға топтастырып зерттеу, немесе оларды біріктіріп зерттеу жүргізу.
Нақтылы ғылымдардың теориялық және методологиялық негіздері тек философиямен ғана емес, олардың өздері арқылы да зерттелуде. Мысалы, мемлекет және құқық теориясы зерттеудің жалпы әдістерімен азаматтық, мемлекеттік, әкімшілік, қылмыстық т.б. құқықтарды жабдықтандырады.
Ал, жалпы құқық және мемлекет теориясы философияға сүйене отырып, заң ғылымының барлық табыстарын пайдаланады. Оның барлық саласына бірдей қатысты методологиялық мәселелерді зерттейді. Осы типтес қарым-қатынас басқа ғылымдарда да бар.
Жекелік ғылыми зерттеу әдіс-тәсілдерінің түрлері: жүйелік, функционалдық, статистикалық, социологиялық, үлгілік, салыстыру-теңестіру т.б.
Жүйелік тәсіл – қоғамдағы мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды жүйеге, салаға топтастырып зерттеу.
Функционалдық тәсіл – қоғамдағы заңды құбылыстардың әлеуметтік бағытына, маңызына, қызметіне қарай жіктеп зерттеу жүргізу. Бұл әдіс мемлекеттің аппаратын, функциясын, құқықтық құрылымын, жүйесін, құқықтық сананы, жауапкершіліктің түрлерін т.б. құбылыстарды зерттеуде пайдаланылады.
Статистикалық әдіс – заңды құбылыстардың санды деректеріне, фактілеріне сүйене отырып зерттеу жүргізу. Оның кезеңдері: бақылау, деректерді, фактілерді жинақтау, жиналған материалдарға анализ жасау.
Үлгілік әдіс – болған құбылыстың үлгісін жасап, сол арқылы істің мазмұнын, көлемін жобалап барып зерттеу жүргізу.
Социологиялық тәсіл – жүйелік, функционалдық, статистикалық, үлгілік тәсілдер арқылы жүргізілген зерттеулердің қорытынды нәтижелерін біріктіріп зерттеуді жалғастыру.
Салыстырмалы-теңестірмелі әдіс – бірнеше мемлекеттерді, құқықтарды салыстырмалы зерттеу және олардың тарихи даму процестерінде теңестірмелі әдіспен зерттеу жүргізу.
Математикалық әдіс – ЭВМ, компьютер, автоматика, телемеханиканы қолданып зерттеулер жүргізу. Осы аталып өткен зерттеулердің әдіс-тәсілдерін барлық қоғамдық ғылымдар пайдаланады. Бұл әдістерді жеке сирек қолданады. Олар көбінесе біріктіріліп, зерттеу барысында бірін-бірі толықтырып отырады.
Мемлекет және құқық теориясының оқулығы студенттерді заң ғылымының күрделі салаларымен, мемлекеттік-құқықтық құрылымымен, функцияларымен т.б. таныстырады. Бұл оқулықтың алдында екі міндет тұр: біріншісі – заң ғылымының, заң мамандығының негізін қалыптастыру, сол арқылы салалық заң пәндерін жақсы оқып – білуге мүмкіншілік жасау; екіншісі – жоғары заң мектебін бітіріп, жақсы маман болуды қамтамасыз ету.
- Қоғамдық және заң ғылымдарының жүйесінде жалпы теорияның алатын орны
Әлемнің материалдық және рухани тұтастығы мен бірлестігі дүние жүзіндегі барлық ғылымның өзара байланысын дәлелдейді. Әсіресе бұл өзара байланыс қоғамдық ғылымдар арасында жақсы қалыптасқан. Бұл ғылымдар қоғамды, адамды, олардың ара қатынасын, сана-сезімін зерттейді. Зерттеудің негізгі мақсаты – адамның бостандығы, құқығы, қадір-қасиеті, ар-намысы.
Қоғамдық өмірдің ең өзекті мәселесі – мемлекет пен құқықтың маңызы, олардың алатын орны. Бұл проблемаларды жалпы теория қоғамдық ғылымдардың басқа түрлерімен (философия, экономика, социология, политология т.б.) бірігіп зерттеп отырады.
Философия – адамзаттың дүниедегі алып отырған орнын анықтап, соның негізінде адамның дүниеге деген танымдық, құндылық, этикалық және эстетикалық қатынастарын зерттейді. Философия дүниеге теориялық тұрғыдан көз жіберіп, ерекше логикалық, танымдық критерийлерге сүйене отырып, адамның дүниеге деген көзқарасын тұжырымдайды.
Экономикалық ғылым – қоғамның экономикалық базисын, өндірістік қатынастарды, өндіруші күштерді, меншіктің түрлерін зерттеп, олардың қоғам дамуындағы маңызын жан-жақты анықтап отырады.
Тарих – адамзат қоғамының өткен дәуірлерін барлық қырынан жан-жақты зерттеп, көптеген тәжірибе жинақтады, соның ішінде мемлекет пен құқықтың пайда болуы, дамуы, қоғамды басқару заңдылықтары.
Социология – қоғамның әлеуметтік жағдайының дамуы, оны басқару әдіс-тәсілдерін, адамдардың әлеуметтік тәртібін, қатынастарын зерттейді.
Барлық қоғамдық ғылымдар өз түрғысынан адамзаттың тарихын зерттеуге тиісті үлес қосады. Бұл ғылымдардың жүйесінде мемлекет пен құқық теориясының алатын орны өте жоғары. Заң ғылымы мемлекет пен құқықты жете танитын ғылым болып XIX ғасырдың ортасында қалыптасты. Ол төрт топқа бөлінеді:
1) Жалпы теория – мемлекет пен құқықтық қоғамды реттеп, басқаруын, мазмұнын, қағидаларын, белгі нышандарын, функцияларын, зерттейді.
2) Мемлекет пен құқықтың, құқық пен саясаттың тарихи даму процесін зерттеу пәндері. Шет мемлекеттерінің тарихы.
3) Салалық заң ғылымдары: азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, конституциялык, қаржы, отбасы т.б. құқықтар.
4) Арнаулы заң ғылымдары: криминалистика, соттық медицина, психиатрия т.б.
Мемлекет және құқық теориясы заң ғылымының барлық саласының объективтік даму заңдылықтарын, бір-бірімен байланысын зерттеп, жалпылама тұжырымдар жасап отырады. Бұл тұжырымдарды салалық ғылымдар пайдаланып отырады. Ал жалпы теория салалық ғылымдардың жетістіктерін пайдаланып, жалпы заң ғылымының негізін дамытып отырады.
Сонымен, жалпы теория барлық заң ғылымының салаларын біріктірушісі, негізін құраушы, дамытушы жетекші ғылымға айналып отыр. Адам қоғамы диалектикалық даму процесінде болғандықтан ғылымның міндеттері де өзгеріп, толықтырылып, жаңарып отырады.
Қазіргі заманда еліміз нарықты экономикаға көшіп жатқанда Қазақстан мемлекеті заң ғылымының бағыты да, функциясы да күрт өзгерді. Жаңа өмірге сай ғылым өзінің жұмысын қарқынды түрде жүргізіп, жаңа қоғамның тілектеріне, мүдделеріне сәйкес ғылыми зерттеулер, қорытындылар жасауға тиіс.
Адам қоғамының тарихын, даму процесін, мазмұнын, болашағын зерттейтін пәндерді қоғамдық ғылым деп атайды. Олар қоғамды жан-жақты ғылыми зерттеу тұрғысынан зор үлес қосады. Бұлардың ішінде мемлекет және құқық теориясына кеңірек көңіл бөлетін философия, саяси экономия мен тарих.
Қоғамдық ғылымдар кейбір күрделі мәселелерді бірлесіп зерттейді. Олар қоғамның жалпы объективтік даму заңдылықтарын, бір-бірімен байланысын қоғамдағы саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды ғылыми тұрғыдан зерттеп, дамытып отырады. Бұл мәселелерді, құбылыстарды ғылым қоғамның өткен дәуірінде, қазіргі кезеңде, болашақта қалай дамуға тиісті. Міне осы үш дәуірде қоғамның диалектикалық даму процесін, санқырлы өзгеріс құбылыстарын зерттеп қорытынды ғылыми тұжырымдар жасап отырады. Қоғамның болашағын ғылыми тұрғыдан болжап, қорытынды ұсыныстар беріп отырады. Бұл процесте қоғамдық ғылымдар табиғи – нақты ғылымдар бірлесіп зерттеулер жүргізеді. Өйткені әлемнің материалдық және рухани тұтастығы мен бірлестігін ескере отырып, дүниежүзіндегі барлық ғылымдар бірлеспейінше, ғылыми-техникалық өрлеу болашақ емес.
Кооперациясыз материалдық, қаржылық, табиғи ресурстарды үнемді, тиімді пайдалануға және оның өнімді технологиялық процесін қалыптастыруға мүмкіншілік болмайды. Ғылымның бірлестігі олардың дербестігіне нұқсан келтірмейді. Әр ғылым табиғаттың және қоғамның объективтік даму процесін өз тұрғысынан зерттеп, ғылыми тұжырымдар жасап отырады. Мысалы, мемлекет пен құқық қоғамдағы барлық қарым-қатынастарды реттеп, басқарып, заңдылықты, тәртіпті жақсартып, демократияны дамытып, қоғамның сапалы саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік дамуын қамтамасыз етеді.
Қоғамдық ғылымдардың, оның ішінде заң ғалымының адам-заттың бірлестігін дағдарысқа ұшыратпай, прогрестік жолмен дамытуда үлесі мол және баға жетпейтін маңызды күш деуге болады.
Адам қоғамы диалектикалық даму процесінде болғандықтан қоғамдық ғылымдардың міндеттері де өзгеріп, толықтырылып, анықталып отырады. Бұл жұмыс заң ғылымында жалпы теорияның міндеті.
Ғылымды бір идеологияның шеңберінде жүргізудің зияны. Қоғамның барлық саласының мазмұнын түсініп-білу үшін ғылымға бостандық керек. Оны саясатпен, идеологиямен бұғаулауға болмайды. Ғылым еркін болған жерде ғана дұрыс, қарқынды дамып, жақсы нәтиже береді. Ғылымның даму процесінде толып жатқан нышандар да кездеседі: саяси, идеологиялық, мемлекеттік, құқықтық шектеу, қаржы жетпеу, материалдық базасы нашар болу, мамандардың жетіспеуі т.б.
Ғылымға зор зиян келтіретін кедергілер:
— зерттеуді бір саясаттың, бір идеологияның шеңберінде жүргізу;
— таптық, партиялық тұрғыдан жүргізу;
— кеңестікке шеңбер қою (шетелмен қатынасқа, ғылыми алмасуға, зерттеуге тыйым салу).
Бұл кедергілердің себептері:
— халықты тапқа, мемлекеттерді топқа, блокқа бөлу;
— дүниежүзілік, жалпы халықтық проблемаларды ескермеу;
— демократияның, бостандықтың шектелуі;
— ғылымды екі жүйеге бөлу.
Бұл саясаттың зияны:
— қоғамдағы толып жатқан ғылым бағыттары сапалы, нәтижелі дамымады. Қаржының басым үлесі себепсіз қорғанысқа бөлініп отырды;
— ғылыми-техникалық прогресс біздің елде нашар дамыды;
— ғылыми-техниканың жетістіктері көп жылдар тәжірибеде қолданылмай мемлекеттің шығынын өсірді.
Осының бәрі бірігіп, елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік дағдарысқа ұшыратты.
Кеңестер Одағы ыдырап, тәуелсіз мемлекеттердің достастығы (ТМД) құрылып, Қазақстан тәуелсіз Республикаға қолы жетіп, өзінің Конституциясын қабылдады. Өткен тәуелсіздіктің сегіз жылдығы республика тарихында ерекше кезеңге айналды.
Біз мемлекеттік тәуелсіздігіміздің сегіз жылын және экономикалық дербестігіміздің бес жылын атап өттік. Дағдарыстан шығу бағытында осы уақыт ішінде экономикалық, саяси және қоғамдық өмірдің барлық салаларында белгіленген түбегейлі реформалар жолымен ұдайы ілгерілей түскеніміз байқалады.
1998 жыл біздің республика үшін соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда өндірістің құлдырауын тоқтатудың сәті түскен тұңғыш жыл болды. Оның үстіне өткен (1998) жылы өнеркәсіп өнімін шығару жарты процентке ұлғайды, ал ауыл өндірісі жеті процентке өсті.
Көптеген басқа елдерге қарағанда бұл жылдардың Қазақстан үшін азаматтық тыныштық, ұлтаралық тұрақтылық және рухани келісім уақыты болды.
Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясының кіріспе бөлімі ақиқатпен толық үйлесім таба үндесіп тұр: «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, Қазақстан демократиялық мемлекетін құрамыз!
Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық, татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу (1-6., 2-т.).
«Қазақстан Республикасы өзінің егемендігін, тәуелсіздігін қалыптастырып дүниежүзілік қауымдастықты дамытуға, нығайтуға өз үлесін қосуда. Қазақстан мемлекеті халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтей отырып, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау. Олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады», – деп Конституцияда көрсетілген.
Қорытынды
Қазіргі заманда еліміз нарықты экономикаға көшіп жатқанда, егеменді, тәуелсіз Қазақстан Республикасы өмірге келгенде жалпы теорияның ғылыми мазмұны, функциясы күрт өзгерді. Жаңа өмірге сай ғылым өзінің жұмысын қарқынды түрде жүргізіп, жаңа қоғамның тілектеріне, мүдделеріне сәйкес ғылыми зерттеулер, қорытындылар жасауға тиіс.
Жалпы теория өзінің ғылыми зерттеуінде бір өлкенің, бір мемлекеттің, бір елдің шеңберімен шектелмейді. Ол өз жұмысында көптеген елдің, көп мемлекеттердің тәжірибесін қамтып, байланыстырып зерттеу арқылы ғылыми қорытынды жасайды. Жалпы теорияның бұл қорытындылары дүниежүзілік заң ғылымының жетістіктерімен, жаңалықтарымен сәйкес, қалыптасып отыруы керек.
Сонымен, жалпы теория барлық заң ғылымдарының негізін құраушы, дамытушы, нұсқаушы, біріктіруші жетекші ғылым. Жалпы теория заң ғылымдарының жалпы, арнаулы, ерекше, жекеше бағыттарын ғылыми тұрғыдан зерттеп, анықтап, көрсетіп отыратын ғылым. Осы көрсетілген бірлік болмаса, бағыттар анықталмаса, зерттеуге нышан келтіріп, ғылымның дамуында кемшіліктер пайда болады. Осы кемшіліктерді болдырмау жалпы теорияның бірден-бір міндеті.
Пайдаланылған әдебиет
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 1995 ж.
- Қазақстан Республикасы Конституциясының түсіндірме сөздігі.
- Бейсенова А., Біржанова К. Қазақстан Республикасы мемлекет және құқық негіздерін оқып үйренушілерге көмек. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
- Сапаргалиев Г.С. Основы государства и права Казахстана. Алматы, 1994.
- Сапаргалиев Г.С. Заң терминдерінің сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1996.
- Ибраева А.С. Заң терминдерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1996.
- Теория государства и права. /Под ред. Профессора М.Н.Марченко. МГУ, 1996.
- Сапаргалиев Г.С., Ибраева А.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
- Сапаргалиев Г.С. Основы государства и права. Учебное пособие. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
- Спиридонов Л.И. Теория государства и права. М., 1995.
- Общая теория и права./Под ред. А.С. Пиголкина. М., 1996.
- Теория государства и права./Под ред. М.Н. Марченко М., 1998.
- Теория государства и права в схемах и определениях. В.К. Бабаев, В.М. Баранов, В.А. Толстик М.,1998.
- Сапаргалиев Г.С., Ибраева А.С. Мемлекет пен құқық теориясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1998.