АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 Азалы күні айылын жимағандар айыпсыз қала бере ме?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Көкшетау-Алматы» бағытымен ұшып келе жатқан әуе кемесінің апатқа ұшырауына байланысты кеше ел тұрғындары аза тұтты.

Мемлекеттік телеарналар мен радио тораптар ойын-сауықтық бағдарламаларды күрт тыйып, қабырғасы қайысқан отбасылардың қайғысына ортақтасты. Бірақ кейбiр коммерциялық және кабельдік желілер арқылы тарайтын арналар мен «Русское радио», «Ретро ФМ», «Тенгри ФМ», «Авторадио», «NS» және басқа бірқатар радиолар айылын жиған жоқ. Күнделікті дағдысымен кө­ңіл көтеріп, үйреншікті жұмыстарын жалғас­тыра берді. Неге?

Заң бойынша ту түсірілген сәтте барлық телеарналар мен радиолардан ойын-сауықтық, көңілашар бағдарламалар тоқтатылып, жарна­малар көрсетілмеуі тиіс. «Коммерциялық хабар тарататын теле-радиоларға бұл заңның қатысы жоқ, тек мемлекеттік арналар аза тұтсын» деп, жалпыға ортақ ауыртпалықты ешкім саудала­маған шығар. Олардың осы мемлекетте тұратын қоғам мүшесі ретінде де арыстай азаматтардың ажалы мен қаралы елдің басындағы ауыр қайғы­ға селт етпегендері қалай? Жүректері ауырып, жандары ашымағаны ма? Қайғыны бөлісудің орнына немкетті қарағаны несі? Бір күн даң­ғаза думанды тыя тұрып, марқұмдар мен олар­дың қайғыдан қан жұтып отырған жанұясы мен ет жақындарына құрмет көрсетпегендерін қалай түсінеміз?!
Олардың көбі шетелдік радиостансалардың, телеарналардың бөлімшесі болғанымен, бәрібір өз өнімдерін Қазақстан аумағында таратып отыр емес пе? Әлде олар мұны тек аттөбеліндей ағайын­ның қайғы-қасіреті деп бөліп қарай ма? Жалпы, жан тарыққанда жанымыздан табылма­ғандардың әрекетін қалай бағалауға болады? Біздің ойымызша, азалы күні айылын жимаған­дарға бір шектеу қойып, тиісті орындар тарапы­нан тыйым салынуы керек тәрізді…
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

http://www.aikyn.kz