Сәуле Бағдатова, Мемлекет тарихы институтының аға қызметкері, комиссия мүшесі:
–Қазақстан тарихы пәні бойынша тест тапсырмалары атап айтқанда, бірнеше критерилерiмен тексеріледі, біріншіден, тест тапсырмаларының мазмұны жалпы білім беретін мектептер үшін білім және ғылым министрлігі бекіткен Қазақстан тарихы пәнінің оқу бағдарламасымен сәйкестігі есепке алынады. Барлық тест тапсырмалары мектеп оқулықтары материалдарынан алынуы керек. Екіншіден, тест тапсырмаларының мазмұны тексеріледі, яғни олар талапкерге қысқа әрі түсінікті болуы қажет. Міндетті түрде келтірілген мәліметтердің нақтылығына назар аударылады.
Сондықтан сарапшы комиссиясының алдында күрделі әрі көп еңбекті қажет ететін тапсырмалар тұрғанын айта кету керек. Тестілеу басталғанға дейін комиссия мүшелері Қазақстан тарихы пәні бойынша барлық тест тапсырмалары базасын тексеруі қажет, ал бұл – көлемі үлкен мәлімет. Базадағы барлық берілген тест тапсырмалары мен жауаптың нұсқасын комиссия мүшелері мектептегі Қазақстан тарихы оқулығымен салыстырады. Осы жылғы ҰБТ-да нақты емес, яғни ақылға конымсыз сұрақтар болмауын қадағалап, әрбір сұрақ пен жауап нұсқасын бірнеше рет тексеріп жатырмыз. Демек, талапкерлер мен ата-аналарды тәуелсіз сарапшы ретінде 2013 жылғы ҰБТ тапсырмаларының базасын құру барысында бөгде мәліметтер болмайтынына сендіре аламыз.
Тест тапсырмаларын әзірлеушілер тобы мен тест тапсырмалары базасын құру жөніндегі комиссия БЖҒ министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының ұйымдастыруымен жүргізіледі, оның құрамында Қазақстанның барлық аймақтарындағы тәжірибелі мұғалімдер, ғылыми атағы бар кандидаттар және педагогика ғылымдарының докторлары болады. 2004 жылы ҰБТ ендірілгеннен бергі тест тапсырмалары базасының мазмұнын салыстыра қарасақ, тесттің жылдан-жылға жетіліп келе жатқанын байқауға болады.
Тағы бір маңызды сұрақ, мектеп оқулықтарындағы ақпараттың дұрыстығы дер едім. Қазіргі уақытта Мемлекет тарихы институты базасында оқулықтардың мазмұнына талдау жүргізіп отыратын жұмыс тобы құрылды. Жүргізілген жұмыстың барысында мектеп бағдарламасына айтарлықтай түзетулер енгізілуі мүмкін. Қазір ҰБТ-ға қатысты 2013 жылғы тест тапсырмалары базасы толығымен құрылды, комиссия жұмысына кірісіп кетті. Сондықтан да тестілеу басталғанға дейін тест тапсырмаларын тексеру жұмысы аяқталмай қалады деп қауіптенудің қажеті жоқ.
С.Дүйсен, Мемлекет тарихы институтының аға қызметкері, комиссия мүшесі:
– Қазақстан тарихы пәні бойынша тест тапсырмаларының бір бөлігі жыл сайын жаңартылып, жетілдіріліп отырады және ол бірнеше мектептерде сынақтан өткізіледі. Қазақстан тарихынан тест тапсырмаларын тәуелсіз сараптамадан өткізу қажеттілігі заман талабынан туындап отыр. Өйткені ата-аналар, мектеп бітіруші түлектер және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері тарапынан жыл сайын ҰБТ-дағы осы пән бойынша арыз-шағымдар, дау-дамайлар туындап жатады.
Мұның бір себебі, сынақ кезінде төмен балл жинаған мектеп түлектерінің «Роза Рымбаеваның неше көйлегі бар?», «Шыңғыс ханның тісі қанша?», «Абылай ханның жүзігі қай саусағында болған?» немесе «Тарих оқулығында жоқ материалдар бойынша сұрақтар болды» деген сияқты ойдан шығарылған, негізсіз айыптаулардың болуы. Тест тапсырмалары оқу бағдарламаларына сай және тек Білім және ғылым министрлігі ұсынған және бекіткен оқулықтардан құрастырылады. Мұндай сұрақтар ҰБТ тапсырмаларында ешқашан болған емес және болмайды.
Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе, Республика мектептеріндегі 6-9 сыныптарда Қазақстан тарихы пәні бірнеше балама оқулықтармен оқытылады. Бұл тарих оқулықтарында қарама-қайшылықтар кездеседі. Астана мен Алматы және
14 облыстық білім басқармалары (департаменттері) мектептермен келісе отырып, баспалардан әртүрлі тарих оқулықтарын сатып алады.
Сондықтан Қазақстан тарихы бойынша ҰБТ тапсырмалары екі оқулық бойынша жасалады. Бірақ Ұлттық тестілеу орталығы сұрақтардың жауабын екі оқу-
лықтан да бірдей дұрыс жауабы болған мәтіндерден ғана құрайды. Бұл тек талапкерлерге ғана емес, тест құрушыларға да қиындық әкеледі. Болашақта Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тест тапсырмаларын құруға негізделген бір ғана негізгі оқулықты бекітіп, қалған оқулықтарды балама немесе қосымша ретінде пайдалануға ұсынса, дұрыс болар еді.
Дайындаған
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
Айкын газетiнен алынды