АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қызмет сапасын арттыруды талап етуіміз қажет

Әр ұлт ежелден бері жан мен тән саулығын бас­ты құндылық ретінде санап, оған ерекше назар аударып келеді. Атам қазақ та бірінші байлық денсаулық екенін жіті түсініп, оған қатысты өзгелерде кезіге бермейтін көптеген нақыл сөздер

мен мақал-мәтелдерді қалдырған. Әрине, халқымыздың саулығы еліміздің қарыштап өркендеуіне, әл-ауқатының артуына, саясатқа, экономикаға, әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз.

Қарапайым халықтың денсаулығын сақтауға септігін тигізетін институтының бірі – медицина саласы. Медицина атасы Ибн Синаның «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз» деген нақыл сөзі ешқашан мәнін жоя қоймас. Кезінде жеті қырдың астындағы түйсікпен айтылған оймен біздің қазіргі медицина мамандары келісіп отыр ма? Қазіргі таңдағы біздің медицина саласының деңгейі қандай? Қазақстандықтардың медициналық қызметке көңілі тола ма? Міне, осы жайында біраз ой түйген едік.

Жалпы, медицина күрделі, әрі жауапкершілігі жоғары сала екені барлығымызға белгілі. Тіпті, жақсы дәрігер болу үшін жеті жылдық оқу да аздық етеді. Осы саланы жақсы әрі сапалы игеру үшін өмір бойы мол тәжірибе жинақтап, мамандық бойынша алған білімді әрдайым толықтырып отырудың қажет екені анық. Сонымен қатар, бұл жерде кәсіби маман болумен қатар жеке адами факторлар да рөл атқарады. Яғни, дәрігердің мәдени-этикалық қасиеті де маңызды.

Ұлт саулығын басты дамушы фактор деп түсінген әрбір мемлекет аталмыш мәселеге аса көңіл бөліп, оны әрқашан жетілдіруге тырысуда. Себебі, бұл адам капиталының даму индикаторы болып табылады. Бәсекеге қабілетті мемлекет қатарына қосылуды мақсат тұтқан біздің елімізде денсаулық сақтау саласында тың реформалар, қажетті іс-шаралар жасалып-ақ жатыр. Қомақты қаржы да жұмсалуда. Қажет десе «Денсаулық жылын» да жариялап өткіздік. «Саламатты Қазақстан» атты денсаулық сақтаудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Осы саланың даму бағытын айқындайтын құжат бойынша 2020 жылы әрбір қазақстандықтың өмір сүру жасын 72-ге жеткізу көзделген.

Ілгері жылжу баршылық. Десек те, әлі шешімі кезек күттірмейтін мәселелер жетерлік. Мәселен, медицина саласында бiлiктi кадрлар жетіспеушілігі, әсіресе ауыл-аймақтарда, медицина қызметкерлерінің жалақысы республика тұрғынының орта есеппен айлық жалақысынан төмендігі, ауруханалар мен емханалар қажетті құрал-жабдықтармен, керекті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілмеуі, жаңа техникамен, медициналық аппараттармен жабдықталмауы, ол жерлердегі медициналық қызмет көрсету деңгейінің, медицина қызметкерлері мен ем алушылар арасындағы мәдениетінің төмендігі. Соңғысы барша тірі жанды мазаласа керек.

«Сау адамға мыңдаған зат қажет, ал науқасқа біреу – денсаулық қана қажет» демекші, біріміз ауырып ем іздесек, кейбірі постфактуммен келсе, ал біразы аурудың алдын алу үшін ауруханаға, емханаға барамыз. Әйтеуір, жан баққан әрбір адам дәрігердің алдына бармай қоймайды.

Қазақстанда 2010 жылдан бері Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін (БҰДСЖ) енгізілді. Бұл игі шараның басты қағидалары бірі — науқастың медициналық ұйымды өзі таңдауы, меншік түріне қарамастан өзі таңдауы болып табылады. Бірақ, бұл қағида өмірде жүзеге аспай келеді. Денсаулықты сақтау үшін жан басына шаққандағы шығысы 2004 жылы 8 740 теңгені құраса, 2009 жылы 30 373 теңгеге жетсе, ал қазіргі кезде бұл сома әлдеқайда жоғары екендігіне куәміз.

Сонымен қатар, фармацевтикалық дәрі-дәрмектер­дің құны әр аймақта әртүрлі болғандықтан, оның жалпы есептел­ген нақты құны әлі де жоқ. Бұл – әрбір қазақстандық үшін өткір мәселе. Бірақ, бұл саладағы басты мәселе ол емес. Басты мәселе — салық төлеушілердің салығынан бой көтерген медициналық нысандардағы ұзын-сонар кезектер, дәрігерге кіру уақытының ұзақтығы және көрсетілетін қызмет сапасының төмендігі.

Қандай болсын дәрігерге кіру үшін алдын-ала жазылу керектігі барша жұртқа белгілі. Бірақ, ауруға шалдыққан немесе өзін жайсыз сезініп жүрген азаматқа дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, «дәрігерге осындай уақытта кірем» деп жүріп, денсаулығына зиян келтіріп алмасына кім кепіл? Сонда оған кім кінәлі болады?! Ал, оқыс оқиға орын алып жатқан жағдайда кім жауапкершілікке тартылады?!

Бір ауруын емдеуге ниеттенген азамат бір-екі ай шамасында осы нысандарда жүрумен өтетіні рас. Оған қоса қалтасы қалың еместілерге тегін толық медициналық өтуіне мүмкіндік қарастырылмаған. Оның басты себебі – кейбір медицина мамандарының немесе құрал-жабдықтарының жоқтығы. Сөйтіп, дәрігерлер кейбір ауруға нақты диагноз қою үшін басқа емханаларға (әдетте, қалалық, аймақтық, республикалық) жібереді немесе тез уақыт ішінде басқа ақылы түрде қызмет ететін емханаларға өтуді ұсынады. Сонымен, шипа іздеушілер амалсыздан тегін медициналық өту үшін айлап күтуге тура келеді немесе аз уақыт ішінде ақылы түрде өтеді. Ал, кейбірі отандық дәрігерлерден жәрдем таппай, Германия, Израиль, Ресейге, Қытайға барып емделуге мәжбүр. Міне, бұл біздің медицина саласының осал тұстары жетерлік екенін байқатады. Бұл республикалық деңгейде шешімін табуы тиіс мәселе. Себебі, әрбір шипа іздеген жандардың күнделікті көзімен көріп, тәнімен сезіп, ойына тоқып, күйттеп те, мазалап та жүргені осы.

Кейде үлкен істі бастап жатқанда, болымсыз кішкентай дүниелерді ұмытып, елемей кететін жайымыз бар. Ал, кейін болса, оның себептерімен емес, салдарымен күресіп те жатамыз.

Сондықтан да, әрбір қазақстандықтың өміріне дем де, леп те беретін медицина саласын жақсарту шараларын іске асыру, қолға алу қажет-ақ.

Ең бастысы, әрбір қазақстандық «салық төлеймін, демек қызмет сапасын талап етемін» деген ұстанымда өмір сүре бастауы керек. Себебі, мемлекеттің асыраушысы салық төлеушілер деп білсек, ал бүкіл билік құрылымының жалақысы салық төлеушілердің салығы деп танысақ, сонда әрбір азамат тұтынушы ретінде мемлекеттік құрылымдардан жақсы қызмет сапасын талап етуге толық құқылы. Демек, әрбір қазақстандық өзін «салық төлеуші — тұтынушы» статусында сезініп, бесінші билік ретінде ықпал ете алатын қоғамдық күшке айналдыруға атсалысуы керек.

Даурен Сакенулы

http://www.ulttimes.kz