АЛТЫНОРДА
Казахи за рубежом

Түркиядағы басқосу: «Қазақ» газетіне – 100 жыл!

Ақпанның бірінші жұлдызы – қасиетті Жұма күні «Анкара Қазақ Жастары» бірлестігі мен «Сана» интеллектуалды клубы бірлесіп, тағылымы терең басқосу ұйымдастырды.

Жас көшбасшылар жиыны 29 қаңтарда Алматы қаласы маңында ұшақ апатынан қаза тапқан 21 отандасымызды тік тұрып, бір минут үнсіз еске алумен басталды. Қалың елдің қабырғасын қайыстырған ауыр қазаға Түркиядағы барша білімгерлердің де жаны жабырқайтыны мен қайғыға ортақтығы айтылды.

Анкарада көш түзеген бірлестік пен Ыстамбұлда татымды істерімен танылған клубтың бірлікте үйлестірген тұңғыш мәжілісінің басты тақырыбы – «Қазақ» газетінің 100 жылдық мерейтойы болатын.

Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов сынды алыптардың табанды еңбегінің нәтижесінде, 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап Орынбор қаласында жарық көре бастаған ұлт баспасөзінің басында тұрған бас басылым хақында Ыстамбұл университетінің докторанты, «Сана» клубының жетекшісі Ержан Төлек ауқымы кең баяндама жасады. Ұлы серпіліске сеп болып, бес жылдан аса уақыт ұлтымыз руханиятына өлшеусіз еңбек сіңіре жарияланып тұрған газеттің шежірелі тарихы мен мақалаларының мазмұны шебер талданды.

Ұлттық жаңғыруымыздың қозғаушы күшіне айнала білген Алаш зиялыларының өлмес өнегесі мен іргелі істері жөніндегі жан-жақты мәліметтер мен «Қазақ» газеті турасындағы мағлұматқа бай «АЛАШОРДА» деректі фильмі назарға ұсынылды.

Алаштануда өзіндік айқын қолтаңбасы бар режиссер, кинодокументалист Қалила Омаровтың тың деректерге негізделген фильмін жастар үлкен сүйіспеншілікпен тамашалады. Әсіресе, фильмнің шарықтау шегіндегі Қапез Байғабылұлының «Қоштасу» әнінің (Рамазан Стамғазиевтің орындауында) сиқырлы сазы мен ұлт үшін жанын пида еткен тұғырлы тұлғалардың экранда ретімен пайда болатын жарқын бейнелері жанарларға жас үйіріп, үлкен тебіреніске түсірді. Ұлы азаматтарымыздың асыл рухтарына тағзым мен есіл еңбектеріне деген құрметті еселей түсті.

Өз кезегінде қонақтар «Сана» клубының бағыт-бағдары мен жұмыстары жөнінде де мәлімет беріп, меймандос пейілдері үшін Анкарадағы ниеттес достарына ақ алғыстарын айтып, әрдайым бірлікте болуға деген игі тілектерін жеткізді. Клуб мүшесі Динара Төлегенова Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйімен шашу шашты.

Мазмұнды мәжіліс қорытындысында, бірлестік жетекшілері – Ерлан Алашбаев пен Дінмұхамет Келесбаев сөз алып, ат арылтып жеткен әріптестеріне ризашылықтарын білдіріп, ілтипат белгісі ретінде қонақтарға кәдесыйлар тарту етті.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атамызша айтқанда, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» Алаш ардақтыларының ғазиз есімдері қазақ ұлтымен мәңгі жасай беретініне және сол бір ұлы мұраттан қуат алып, ұрпақтық борышты сезіне, жарқын болашаққа батыл қадам баса беретіндіктеріне деген кәміл сеніммен тарқасты жалынды жастар.

Мырзахан Байболов, Гази университетінің докторанты

Түкия.

masa.kz