АЛТЫНОРДА
Новости

«Жасыл» экономика жағдайды түзей ме?

Алдағы күзде елімізде «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі стратегияны қабылдау жоспарланып отыр. Бұл туралы кеше Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде белгілі болды. Сала министрі Нұрлан Қаппаров Елбасының «Жасыл» экономикаға көшу туралы стратегияны әзірлеу жөніндегі тапсырмасына сай, Премьер-министрдің Жарлығымен жұмыс тобы құрылғанын жеткізді.

 

«Стратегия жобасын Қоршаған ортаны қорғау министрлігі әзірлейді. Өткен жыл­дың соңында жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңі қаралды. Қазіргі уақытта жобаның екінші кезеңі аясында стра­те­гияның толыққанды жобасын әзірлеу үшін экономиканың түрлі сегменттеріне жан-жақ­ты талдау жүргізіліп жатыр. Стра­те­гияның қағидалары Мемлекет бас­шы­сы­ның Жолдауындағы мақсат-мін­дет­те­рі­мен үйлесетін болады» деді Н.Қап­паров.

Өткен жылдың қорытындысын шыға­рып, алдағы уақытқа меже белгілеген жиында министр «еліміздегі экологиялық ахуал жақсарды» деп мәлімдеді. Ол өз сөзіне ластаушы заттардың шығарын­дылары – 1,3, төгінділер – 1,7 пайызға азайғанын дәлел ретінде келтірді. Сонымен қатар елімізде 244 млн тонна қалдық кәде­ге жаратылыпты. «Бүгінгі күні кәдеге жа­ратылған қалдықтар көлемі бойынша көрсеткіштің жақсы екендігін айта кеткен жөн.

Өткен жылы республика бойынша 1 млрд тоннадан астам қалдық жиналса, оның 244 млн тоннасы кәдеге жаратылды. Бұл жоспарланған көлемнен 104 млн тоннаға артық» деген министр эколо­гияның ең өзекті мәселесін де қозғады. Ол – өндіріс және тұрмыс қалдықтары көлемінің өсуі. Енді көбейіп бара жатқан қалдықтарды кәдеге жаратып немесе жою үшін жыл басынан бері Қалдықтарды басқару бағдарламасы жұмыс істей бастапты. Аталған бағдарлама жинақталған және түзілген қалдықтарды азайту бойынша іс-шаралар жүргізуді көздейді.

«Қазір елімізде 100 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық бар. Осы мәселені кешенді әрі тиімді түрде шешу үшін Пре­зиденттің 2013 жылғы 16 қаңтардағы Жар­лығына сәйкес тұрмыстық қатты қал­дық­тарды басқарудың жалпы саясаты біздің министрлікке берілді» деді Н.Қап­паров.

 

Министр бүгінгі күнгі сапалы ауызсу тапшылығы мәселесін де көтерді. «Мем­лекеттік мониторинг нәтижесінде 88 су нысанының 13-ін ғана «таза» санатына жатқызамыз. Бұл зерттелген су нысан­да­ры­ның 16 пайызын ғана құрайды. Өзгесі «лас» және «өте лас» санатына кіріп отыр. Су көздерінің ластануының себебі табиғи және антропогендік факторларға байла­нысты» дейді министр.

Премьер-министрдің бірінші орын­басары Бақытжан Сағынтаев сөз кезегі кел­генде өндірістің дамып, тұтынудың өсу деңгейі неғұрлым артқан сайын, қор­шаған ортаны қорғау саласы рөлінің арта беретінін атап өтті. Министрліктің қыз­меті мен уәкілеттілігінің кеңеюіне бай­ла­нысты экологиялық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету және қоршаған ортаның лас­­тану деңгейін азайту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Мәселен, қатты қалдықтарды өңдеу зауыттарын салуға инвестиция тарту жұмыстарын жүргізуді жүктеді. «Жыл сайын елімізде төрт-бес млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Олардың тек 5 пайызы ғана жойылады. Сондықтан қалдық өңдеу зауыттарын салу керек. Бұл жұмысқа бизнесті тарту үшін оларға ең алдымен жағдай жасау керек. Мәселен, қалдықтар­ды жинайтын қоймалар керек» деді Бақытжан Сағынтаев.

Ол сонымен қатар «Жасыл» эконо­микаға көшпей, Елбасы тапсырған дамыған 30 елдің қатарына қосыла алмай­тынымызды да қадап айтты. «Жасыл» экономиканы дамытпай, біз дамыған 30 елдің қатарына қосыла алмаймыз. Бұл мәселеге республиканың барлық өңірлері белсенді атсалысуы қажет. Өңірлер да­мымаса, бәсекеге қабілетті болмаса, бұл мақсатқа жету қиын. «Жасыл» техно­ло­гиялар негізінде өңірлерді өзгеше бағытта дамытуға мүмкіндік мол» деді Бақытжан Сағынтаев.

Ол облыс әкімдерінің «жасыл» эконо­микаға көшу үшін тиісті іс-шараларды кешенді түрде қолға алуы қажеттігін атап өтті. Бақытжан Сағынтаев қоршаған ортаны қорғау министріне «жасыл» эко­номикаға көшу жөніндегі стратегияның жоспарын әзірлеуді жеделдетіп, мер­зімінде Үкімет қарауына ұсынуды тап­сырды. Табиғатты пайдаланушы кәсі­п­орындар тарапынан Қалдықтарды  бас­қару бағдарламасының көрсет­кіш­терінің орындалуына мониторинг жүр­гізуді жүктеді. «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу тұжырымдамасының жобасын ал­дағы сәуір айына дейін дайындау жө­ніндегі Елбасы тапсырмасын еске салып, тұ­жырымдаманы Мемлекеттік комиссия қарауына ұсынуды тапсырды.

 

 

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Астана

 

http://www.aikyn.kz