АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Құрт түскен алма іздейтін болдық

Алматы десе – апорт, апорт десе Алматы түсетін еді есімізге. Екеуі егіз ұғым секілді-тін. Бүтіннің екі жартысындай. Қазір жартының кебін киіп тұр. Бүгінде екеуі екі бөлек. Жарты-жартыдан..

. Алматысы қалды. Апорты жоқ. Алматыға барғанда, аузымыз тола нарттай апортты асап жеуші едік. Қазір дәмі жоқ Қытайдың алмасын місе тұтамыз. Өйткені Алматыны апорт, я апортты Алматы тастап кеткен. Есесіне, ең аяғы шыбын-шіркей де жеріген, құрт та жемейтін Қытайдың алмасы аткөпір. Алманың отаны – Алматыда Қытайдың алмасы сайран салған соң, қырдағы елдің базарына өкпелеудің өзі тым ерсі екен. Алматыда бәрі бар. Тек Алланың өзі алқап берген табиғи тартуы – апорты жоқ. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды». Алматы апорты – құдыққа құлаған құлан, Қытайдың алмасы  құлағында ойнаған бақа боп тұр…

Қытайлық алманың құрамын зерт­­теулер де жария етіп отыр. Шетелден әкелінетін жемістер Е консерванттар тобына жататын газбен өңделетіндігін ғалымдар айтудан әсте жалыққан емес. Сонда ол сырты бү­лінбей, өңін бермей, жарты жылға дейін дәмі бұзылмаған күйі сақ­та­лады. Мұның адам ағзасына зиян екені аян. Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын, ауыл шаруа­шы­лығының мамандары Қытайдың Шань­дун аймағындағы алма өсіруші фер­мерлердің алма салынған қорап­қа, жәшікке, қапқа пестицидті қоса­тын­дығын анықтаған болатын. Бұған ол фермерлер зиянкестерден сақтау үшін осындай әрекетке барғандығын, бұдан үрейленудің қажеті жоқтығын айтқан еді. Алайда пестицидтің мөлшерден көптігі адам түгіл, топы­рақ­қа да зиян екенін ғалымдар ежел­ден-ақ дәлелдеген. Соны біле тұра, біздің елде сырттан келетін тауар­лар­дың сапасын тексеруге құлықсыздық қайран қалдырады. Ал «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын дүниежүзінде пестицидтерді пай­да­ланудың салдарынан 500 мыңнан 2 мил­лионға жуық адам уланып, олар­дың 10-40 мыңы өліп кеткен жағ­дай­лар болғанын айтады. Көп елдерде пестицидтерді пайдалануға тыйым салынған. Пестицидтерді пайдалану ауылшаруашылық өнімдерін 18-20% сақ­тайды. Қазіргі кезде оларды көп қолданатын болғандықтан, қоршаған орта мен адамдарға зияны тиіп жа­тыр» дейді мамандар.

Ішкеніміз – ірің, жегеніміз желім емес пе екен?

Еуропа, АҚШ, Жапония секілді ел­дерде импорт тағамдардың зала­лын сүзгіден өткізетін зертхана-сарап­та­ма­лық сала мықты жолға қойылған дейді мәліметтер. Сондықтан олар не жеп, не қойғанын жақсы білсе керек. Біз ше? Олай емес, ішіп-жеміміздің қай­сысы пайдалы, несі химикат еке­нінен бейхабармыз. Әңгіме етіп отыр­ған қытайлық алма да – сондай сал­ғырт­тықтың салдары.

Сергей ТЕРЕХИН, медицина ғылым­да­рының докторы:

– Құра­мындағы пестицидтер көлемі рұқсат етілген мөлшерден асып кеткен тағам тамақ ретінде қол­данылмайды. Азық-түлік орга­но­лептикалық өзгеріс, пести­цид­тердің қалдық мөлшері рұқсат етіл­ген ең жоғарғы мөлшерден жоғары болса, ол өнімдерді жою керектігі туралы шешімді белгілі бір нор­маларға сәйкес­тен­діріп, сани­тар­лық бақы­лау орган­дары шешеді. Пести­цид­тердің тағам­дық азық-түліктерде жоғары болуы ең алды­мен, адам денсау­лы­ғына әсер ететіндігін ескеру керек. Фос­фо­рорганикалық пести­цид­термен лас­танған жеміс­тер мен көк­өніс­терді жуған­нан кейін тосап және джем, кепті­ріл­ген жеміс­тер жасауға қолдануға бола­ды.

Пестициді бар болсын. Енді алманың сыртына сызат түсірмейтін Е-нің қанша­лықты адам денсаулығына кері әсері ба­рын білеміз бе? Жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылы 6 тамыздағы №611 бұйрығымен бекітілген «Тамақ өнім­­деріне қойылатын санитарлық-эпи­демиологиялық талаптар» атты санитар­лық ереженің «Азық-түлік өнімдерін дайын­­дау кезінде қолданылатын, адам денсаулығына зиян келтірмейтін тамақ қоспалары» деген бөлімінде азық-түлік өнімдеріне қосуға болатын қоспалардың толық тізімі көрсетілгенімен, зияндысы нақтыланбаған. Ал ресейліктер жіктеп тастапты. Соның ішінде мутант алмада болатын консерванттар қатарында қатерлі ісік, аллергиялық аурулар, асқазанға кері әсер ететіндерін дәлелдеген зерттеулері де бар. Сонымен көршіміз қандай кон­серванттан сескеніп отыр? Оның тізімі сала құлаш. Қатаң тыйым салынған кон­сер­ванттар ішінен ресейлік зерттеулерде сырттан келетін алманың құрамынан анықталғанына ғана тоқталайық. Олар: E 296, E 620 (бала тағамында пайдалануға тыйым салынған), E 270 (қауіпті), E 160 (аллергия тудыратын) және тағы бірқатары бар екен. Бұдан кейін өзіңіз мутант алманың адал, арамын бағамдай беріңіз.

Арманға айналған апорт

Мамандардың айтуынша, таза алманың құрамында 83-88% су, 7,5-16% қант, 0,2-0.8% қышқыл, 9,5-18,5 % құр­ғақ қалдық, 0,28-1,0% илік заттар, А, В1, В2, В6, С, РР дәрумендері, көптеген мине­рал­ды заттар болады екен. Апорт кеш пісетін түрге жатады, қыркүйек айларында ғана пісіп-жетіледі. Кеш піскендіктен, қыста жақсы сақталады. Құрамын да өзгертпейді деседі.

Бармағымызды бүгіп, таңдайымыз тақылдай отырып, санап көрсек, Алматы­ның таза апорты аузымызға тимегелі талай жыл болған екен. Сонау бала кезімізде бір апорттың жұпар иісі бір бөлмені алып кететіндігін осы күні аузымыздың суы құрып, сілекейіміз шұбырып, аңыз қылып айту ғана қалды. Бұл – өз алдына. «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» дегендей, импорт алманың әлеуметтік жағымен қатар, экономикалық кері ық­палы зор болып отыр. Яғни ішкі нарық­тағы сұранысты сырт ел қамтамасыз ету арқылы халықтың қалтасындағы қаржы сырт елдің экономикасына құйылуда. Айталық, өткен жылы Қытайдан 27 мың тоннадан астам алма импортталыпты. Ал оның АҚШ долларына шаққандағы құны 19 млн доллардан асып-жығылып отыр. Бұған тағы Польша мен Қырғызстаннан келетін алманың үлесін қосайық. Польшадан өткен жылдың қаңтар мен қазан айларының аралығында 31 мың тонна алма импортталыпты. Құны – 15 млн АҚШ доллары. Айыр қалпақты ағайындар 24 мың тонна алма әкеліпті Қазақстанға. Оның жалпы құны 8 млн доллардан асып-жығылыпты. Бұл – алманың басындағы «ахуал». Алмадан бөлек, сырттан алатын алмұрт, жүзіміміз тағы бар. Әлгі цитрустық жемістерді айт­пағанда.

«Алматының алмасы қырдың қызыл гүліндей…» еді…

Сонда есіңізге Алматының алмалы бақтары түседі. Рас, бүгінде дүкендердің сөресінде «апорт» деп айдарланған алма­лар сіресіп тұр. Бірақ ол Алматының баяғы апорты емес. Бәлкім, Қытай, бәлкім, Поль­ша… Алманың отаны – Алматынікі емес тек.

Жер жаннаты – Жетісудың алмасы бір аймақты ғана емес, бүтін елді қамтуға қауқары жетер еді. «Ағылшын ғалымдары әлемдегі ең тәтті алмалардың ең алғаш Алатау бөктерінде өсірілгенін дәлелдеді» деген деректі де оқыған едік. Елбасы да апортты қалпына келтіру туралы қатаң тапсырма берген…

Айтпақшы, жаңылмасақ, 2006 жылы БҰҰ шешімімен Алматының апортын қай­та жаңғырту мақсатында ғаламдық бағдарлама арқылы «Қазақстанның таулы аймағындағы алуан түрлі бау-бақшаны, оның ішінде, апортты сақтап қалу» жөніндегі халықаралық бағдарламаға сәйкес, шетелдерден 6,5 миллион АҚШ доллары көлемінде донорлық көмек бөлініпті. Содан бері жеті жылға жуық уақыт өтіпті. Сол шараның шарапаты қай­да? Алмасы кәне?! Беймәлім. Тағы икс.

Алматының апорты алаулап көзден ұшқалы алма таңдау әдіс-амалымыз да өзгерді. Бұл күнде өз басымыз сатушыға да, алмаға да сенбейміз. Алманың сапасын анықтайтын жалғыз-ақ баро­метріміз пайда болған. Ол – кәдімгі құрт. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Құртыңыз им­порт­тық алмаға түспейді. Осы күні құрт түскен алма көрсек, қуана аламыз. Құрттың бір білгені бар шығар деп. Өйткені Жасағанның жаратқан бұл жәндігі «әке-көкелесеңіз» де, қытай мен поляктың алмасына аттап баспайды. Бізден ақылды. Әрине, миы жеткендіктен емес, жәндіктік жаратылысы дәрі-дәрмек химиядан зәрезап болғандықтан, сірә.

«Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шығар түрі бар»

Сарапшылар «2020 жылға қарай қара қытайыңыз жеміс-жидегінің импортын екі есеге арттырады» деп отыр. Бүгінде пост­кеңестік елдерге алмасының 30 пайызын экспорттайды екен. Оның ішінде біздің ел де бар. Сондықтан алмалы бақтардың бабын табу бүгінгі күннің ертеңге қалды­руды күтпейтін өзекті мәселесі болуы тиіс…

Жансая БОРАНБАЙҚЫЗЫ, қала тұрғыны:

– Дүкендерде, базарда сатылатын қытайлық алма екенін білеміз. Бірақ біле тұра, аламыз. Амалсыздан, өйткені басқа алма жоқ. Күздің кезінде қырғыздың алмалары келеді. Сол кезде ғана қырғыз алмасын сатып ала аламыз. Басқа уақытта жейтініміз де, дастарқанға тартатынымыз да – импорт алма. Ал олардың дәмі қандай екенін жұрт жақсы біледі. Сонда да алуға мәжбүр. Өзіміздің алма болса, қуана-қуана сатып алғандаймыз. Алайда ол жоқ қой.

Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды

Алаш айнасы газетiнен алынды

фото Нургиса Елеубековтыкi