АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақ ғашықтарының күнін» белгілеу керек

Жастардың асыға күтетін «Әулие Валентинінің» жыры биыл ерте басталды. «Әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы» жоқ жабайы базардың саудасы тағы да қызайын деп тұр. «Жүрек­шелерін» саудалауды бір ай бұрын бастап кеткен сауда­герлердің бұл мерекенің дінімізге жат, жастарға берер тәрбиесі жоқ екенімен шаруасы жоқ. Ұлттық менталитетімізге жат дүниені насихаттауға тосқауыл қойып жатқандар да байқалмайды.

Кімді әулие санап жүргенін түсін­бей­тін қаракөздеріміз қызыл жүрекшелерді уыстап-уыс­тап сатып алуды қазірден-ақ бастаған. Тіпті телеарналар мен радио­лардың бағдар­ламалары да бірінен-бірі асып түсіп, түрлі шоу-концерттер ұйымдастырып, әлден-ақ жар салып, жарыса шақырып жүр. Ғаламтор желісінің көме­гімен сауда жасағыштар «жүрек­шелерге» жеңілдіктер ұсынып, тіпті үйіңізге дейін әкеп беруге дайын. Керек десеңіз, қазақ тілінде «Әулие Валентин» күнімен құттықтаймын» деген ашық хаттар да табылады. Ал сатушылар «не өтімді болса, соны сатамыз» деп алақандарын ыс­қылайды.

 

Майра Қасенова, сатушы: Қыстың суығында кім жетіскенінен далада сауда жасайды? Бала-шағаны асырау үшін не өтімді болса, соны сатамыз. Ал тыйым салынып жатса, оны да көре жатармыз.
…неге тыйым салмаймыз?

«Қызылды-жасылды жүрекшелерді сырттан әкелуге тыйым салу керек» деген ұсыныс бірнеше жылдан бері айтылып келе жатса да, ешбір шенеунік сол мәселені мықтап қолға алған жоқ. Бәлкім, ұсақ-түйек дүние деген менсінбеушілік бар шы­ғар, десек те, сырттан келетін қызыл жү­рек­шелерді сатуға заңдық талаптарға сәй­кес тыйым салып, «Валентинді» қазақ­шалап жүргендердің жұмысын тоқтату  –жо­ғарыда отырған кез келген атқамінердің қолынан келетін шаруа.Ұрпағының сана-сезіміне теріс әсер ететін кез келген дүние­ден әр уақытта еш қиындықсыз құтылатын өзбек ағайындар «Әулие Валентин» күнін тойлауға әлдеқашан тыйым салып үлгер­ген. Мұндай шешімді қабылдауды көрші­міз Түрікменстан елі де құптады. Араб елдері осы мерекеге қатысты тауарларды сатқандарды жазалап, тіпті қазіргі таңда сол күні қызыл гүл мен жұмсақ ойын­шық­тарды сатқызбайды екен. Пәкістан халқы ереуілге шығып, бұл күнді атап өту­ден бас тартты. Айта берсек, мұндай ше­шім қа­был­даған мұсылман елдерінің қатары аз емес. Ал біздің елде ақпанның 14-і күні ғана БАҚ өкілдерінің қызу талқы­сына түсетін тақырыпқа шенеуніктердің еті үй­реніп кеткенге ұқсайды. Тап бір «айтады да қояды» дегендей  көзқарас қалып­тасқан! Бірақ заң шығарушы орган қыз­меткерлері «бұл күнді атап өтуге заңдық тұрғыда рұқсат берілмеген» деп отыр, ал «вален­тинкаларды» сатуға тыйым салайық десек, бүкіләлемдік қауымдастықта біз­дің «зайырлы, еркін мемлекет» деген аты­мыз бар, сол кедергі!

Гүлмира Исимбаева, Мәжіліс депутаты:

– Жалпы, бұл күн Қазақстанда заңмен бел­гіленіп, мемлекеттік немесе ұлттық мереке ретінде енгізілмеген. Демек, атап өтуге де ешкім рұқсат беріп отырған жоқ. Егер мұндай күннің аталып өтуіне рұқсат болмаса, сол мерекеге арналған тауар­ларды сатуға тыйым салатын заңды қалай жасаймыз? Сондықтан бұл мерекені той­лау, тойламау әркімнің өз еркінде. Мәселе заңда да, сатушыда да емес. Мәселе – сол тауарды сатып алушыларда. Егер сұраныс болмаса, ондай тауарды сатушы да болмас еді. Егер сыйлықтарды сатуға заңмен ты­йым салып, айыппұл салсақ, адам құқық­тарын бұзамыз.

Шалатай Мырзахметов, Мәжіліс депутаты:

– Қазақстан таза ислам мемлекеті емес. Бүкіләлемдік қауымдастықта өзімізді еркін­дігі бар, зайырлы, өркениетті елміз де­ген­нен кейін заңмен тыйым сала ал­май­мыз. Мысалы, Араб елдері үшін мұн­дай мере­келерден бас тарту қиындық тудыр­майды, себебі біздің елдегідей көп ұлт­тылық жоқ. Ал бізге мұндай күннен бас тар­туды тек азаматтарымыздың сана-се­зіміне қалдырудан басқа амал жоқ.

Осылайша жастарымыздың шоқынған­дарды әулие тұтып, мәнсіз мерекені мерекелеулеріне жақын арада заңмен тосқауыл қоя алмайтынымызды түсіндік. Ал жастарымызға қарасақ, «ғашықтар күні» керек-ақ. Бәлкім, 15 сәуірді «Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың күні» деп белгілерміз? Күнтізбеде қызыл күн болып тұрмаса да, кәсіби мейрамдар сынды атап өтсек, бөтен елдің мәнсіз мейрамы да уақыт өте келе ескерусіз қалар? Соншалық керек болып жатса, католиктердің емес, қазақтардың ғашықтарын неге еске алмасқа?

Әсел Сергенова, «Көгершін» жас еріктілер қозғалысының мүшесі:

– Жастарды махаббат күнін атап өту  қатты қызықтырады, сондықтан мұндай күн міндетті түрде керек. Ал Қазақстанда мұндай күн жоқ. Сол себепті де жастарымыз еріксіз 14 ақпан – «Валентин күнін» атап өтіп жүр. Егер елімізде өз ғашық­тары­мыз­дың күні болса, 14 ақпан біртіндеп ұмыты­лар еді.

 

Тақырыпқа тұздық

Балаңыз 14 ақпанның қалай «Әулие Валентин» күні аталғанын біле ме?

Бұл жайында тарих емес, аңыз-әңгімелер өте көп дегеніміз дұрыс болар. Ерте заманда Рим императоры ІІ Клавдий, жас жігіттерге әскерге дейін отбасын құруға, қыздарға тұрмысқа шығуға тыйым салыпты. Бірақ әскерлер бұл жарлыққа қарсы шығып, жасырын түрде діни қызметшіге барып некелерін қидырған. Кейіннен аты шыққан сол қызметші Валентин биліктегілер­дің жарлығымен абақтыға қамалып, өлім жазасына кесіледі. 269 жылы 14 ақпанда Валентинді өлім жазасына кесу туралы бұйрық орын­далып, бұл күн бүкіл әлемде ғашықтар күні, «Әулие Валентин» мейрамы болып тараған.

 

P.S.

Шындығын айтқанда, бұл мәселенің түбірін терең тамырлатқан – өзіміз. Әйтпесе балабақшаның бүлдіршіні тарихты қайдан білсін, бірақ 14 ақпанды «ғашықтар күні» деп біледі, ал мектеп оқушылары мен студенттер жұмыс істеп, еңбекақы алмаса да, «валентинка» мен сыйлықтарды сатып алады. Тіпті кейбір отбасылар үшін балаларының оқу орнында ең көп жүрекше алып, «Валентин» мен «Валентинка» атанғаны – мақтаныш, сол себепті балаларына ақша беруден бас тартпайды. Ал сол жүрекшелердің сыртындағы мәдениетсіз суреттер мен сөздердің бала тәрбиесіне кері әсер ететіндігі ешкімді де қызықтырып жатқан жоқ. «Отан отбасынан басталады» демекші, елімізге, дінімізге, тілімізге деген құрмет балдырған шақтан бастау алуы тиіс емес пе?!

Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА

Алаш айнасы газетiнен алынды фото Нургиса Елеубековтыкi