АЛТЫНОРДА
Новости

Ауыл әкіміне бюджет қаражаты бөліне бастаса, биліктен дәмелі партиялар ауылға бет бұрады

Гүлшат Нұрымбетова, саяси ғылымдар докторы, профессор:

 

– Гүлшат ханым, әңгімемізді Елбасы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа кезекті Жолдауынан бастасақ… Бұл Жол­даудың өзге Жолдаулардан айырма­шылығын айтып берсеңіз. 

– Қазақстан Республикасының Прези­денті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан-2050» стратегиясы қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын бұған дейінгі Жолдаулардан ерекше деп айтуы­мызға болады. Оның бірнеше ерекше сипат­тары бар. Мысалы, 1997 жылдан беріде жос­парлауды, болжауды – 2020, әрі кетсе, 2030 жылға дейін құратынбыз. Енді хронологиялық меже 2050 жылға жетіп отыр. Өзіне өзі сенген ел ғана осыншама уақытқа батыл көз жүгірте алады. Келесі ерекшелік – Жолдауда қамтыл­ған мәселелердің тұтастығы, жүйелілігі, өзек­тілігі, әлемдік үдерістер табиғатымен тығыз байланыстылығы. Осы секілді жайттар Жол­дауға тың серпін беріп, бұған дейінгі Жолдау­лардан ерекшелендіріп тұр. Тағы да бір айтарым, Президентіміз бізге саяси һәм эко­номикалық бағытта қол жеткізген жетістік­терімізді тиянақтап, түйіндеп берді. Мемле­кетіміз болашақта қандай проблемаларға кездесуі мүмкін, бұл мәселе де назардан тыс қалмаған. Елбасымыз еліміздегі маңызды проблемаларды көтеріп қана қоймай, сол мәселелердің шешу жолдарына да кеңірек тоқталады. Мәселен, білім, ғылым саласын­дағы түйінді мәселелерді нақты мысалдар арқылы қай бағытта, қалай даму қажеттілігін айшықтап берді. Халықтың әлеуметтік жағ­дайын көтеру жолдарын ұсынып, әкімдер сай­лауы секілді өзекті жайттарға да кеңінен тоқталды. Осы мәселелердің бәрі де уақы­тылы, өз ретімен айтылып отыр деп ойлай­мын. Байқайсыз ба, Президент қай салада қандай проблема бар екенін нақты көрсетіп қана қоймай, одан шығар төте жолды да ұсынып отырады.

– Жолдауда белгілі болғандай, биыл елімізде әкімдер сайлауы өтпекші. Осы жылдан бастап, жалпы республи­ка­мыздағы әкім-қаралардың 91 пайызы сайлау арқылы қызметке тағайын­дала­тын болады. Қазақстан азаматтары­ның сайлауға қатысуын, саяси белсен­ділігін тереңірек зерттеген маман ретінде «біз­дің халық әкім сайлауға дайын ба?» деген сауалға жауап беріп көріңізші… 

– Біздің елде әкімдерді сайлау бұған дейін де болғаны белгілі. Мысалы, 2003-2004 жылдары мемлекетіміздің кейбір өңір­лерінде тәжірибе түрінде әкімдер сайлауы өтті. 2008 жылдары жергілікті мәсли­хаттар бірқатар аудан әкімдерін сайлаған еді. Десек те, содан кейін осы бір өзекті мәселе тоқтап қалған секілденген. Енді осы өзекті жайт қайтадан көтеріліп отыр. Бұл, меніңше, жай ғана кезекті саяси мәселе емес. Әкімдерді сайлау мемлекетіміздің белгілі бір деңгейде демократиялы дамудың келесі сатысына көтерілгенін аңғартады. Демократия жолын­да бір биікті бағындырып, екінші бір кезеңге көтерілгеніміздің айғағы. Қазіргідей жаһан­дану заманында халқымыз әлемдік оқиғалар барысынан хабардар. Демек, әкімдер сай­лауының өзіндік және өзгелік қыры мен сы­рын біліп отыр, саяси өресі кемелденгенін күт­пестен, осынау үлкен шаруаны бастауға толық негіз бар.

– «Әкімдерді сайлау жершілдікті, ру­шылдықты, жікшілдікті қоздырады» деген пікірді жиі естиміз.

– Мен жуырда газеттеріңізге әкімдерді сайлауда кездесуі мүмкін рушылдық, жершіл­дік туралы өз ойымды білдірген едім. Бұдан қорқуға негіз жоқ. Алғашқы сайлау кезінде осындай фактілер кездесуі мүмкін шығар. Дей тұрғанмен, екінші, үшінші мәрте әкімдер сайлауы өткен кезде халық дұрыс таңдау жасау қажеттілігін түсінеді. Өйткені осыған дейін біз бірнеше мәрте президенттік және Парламент мәжілісі депутаттарын сайладық. Сол сайлауларды саралап көргенімде, Қазақ­стан сайлаушылары кандидаттарға сіңірген еңбегіне қарап дауыс беруге бейім екенін аңғардым. Қазақстандықтар саяси тұрғыда «кандидат бұған дейін қандай қызмет атқар­ды, басшылық қызметте қандай жетістікке жет­ті, әлеуметтік тұрғыда қандай өзгерістер әкеле алды?» деген секілді сұрақтарға жауап алғаннан соң ғана өз таңдауын жасайды екен. Яғни бұрынғы қызметіне баға беру маңызды орын алады. Алысқа бармай-ақ, мысал ре­тін­де Президенттік сайлауды алыңыз. Халық Нұрсұлтан Әбішұлын бірауыздан қолдады. Меніңше, сайлаушылар бұған дейінгі дамуы­мызды назарға алып, Елбасымыздың бола­шақ­қа жасаған бағдарламасын сауатты түрде саралай алды. Осыдан-ақ қазақ халқының төтенше тәуекелге бармайтынын аңғарамыз. Халыққа басқа да ұсынылған түрлі бағдарла­мадан емес, шынайы жетістіктер мен елдің әлеуметтік дамуы, бүгінде елімізде нақты атқарылып жатқан бағдарламалардың мақ­саты­ның орындалғаны керек. Жершілдік, ру­шылдық, жікшілдік қарапайым адамдарға тән емес. Оны билікке, байлыққа жақындар қоздырады.

– Осыған дейін әкімдерді сайлау керектігі жөнінде көбіне оппозиция үн қатып келді. Бүгінгі саяси қадамға баға берген кейбір саяси сарапшылар «билік оппозицияға құлақ асты» деп жүр. 

– Біріншіден, әкімдерді сайлау қажеттілігін тек оппозиция ғана көтеріп келді деп айтуға болмас. Солай дейтіндер болса, оларға құлақ асу 100 пайыз құлдық ұру дегенді білдірмейді. Кім қалай көтерсе де, демократиялы даму жолымыздың өзі осы қадамға әкеле жатқаны белгілі болатын. Екіншіден, оппозицияның байыпты ұсыныстары болса, неге қабылда­масқа? Өзекті жайтты ескергеннің айыбы жоқ.

– Қазір әкімдерді сайлаудың ішкі тәртібі жайлы жиі айтылып жүр. «Кан­дидат өз-өзін ұсына ма, партиялық жүйе­мен бәсекеге түсе ме, халық ұсынса қалай болады?» деген секілді сан сауал төбе көрсетеді. 

– Алдымен әкімдікке кандидат таңдауда қай жолды ұстанған тиімді? Осы жайтты тереңірек саралап алғанымыз жөн секілді. Мысалы, біздің Парламентіміз партиялық негізде жасақталып отыр. Бірақ «солай екен» деп әкімдерді сайлауда партиялық жүйеге жүгінсек, дұрыс болмайтын секілді. Өйткені біздің көптеген партияларымыз негізінен ірі қалаларда, облыс орталықтарында ғана өз жұмыстарын жүргізе алып отыр. Санаулы партиялар ғана ауылды жерлерге қанат жайып, даму үстінде. Сондықтан да еліміздегі саяси ұйымдардың әлеуетін ескеруіміз керек. Олар әкім сайлауына кандидат ұсына алғаны­мен, өздерін толықққанды көрсете алмауы мүмкін. Яғни сайлау нәтижесінде жергілікті биліктің басына бірлі-екілі ғана партияның өкілдері келеді деген сөз. Мен өзімнің жеке пікірімді ғана айтып отырмын. Кандидаттар өзін-өзі ұсынғаннан гөрі, жергілікті халықтың, жергілікті ұйымдардың кандидатқа таңдау жасағаны дұрыс секілді. Яғни ұсыныстың төменнен түскені, халық өз ортасынан канди­дат­ты таңдағаны, ұсыныс білдіргені жөн.

– Бұл сайлауда әкімдерді халық өкілі ретінде жергілікті мәслихаттың депутат­тары таңдамақ. Бұл нақты жағдайда ха­лық­тың таңдауы бола ала ма? «Әкімдерді бұқара сайлауы керек» деген де пікірді жиі естиміз… 

– Әкімдерді мәслихат депутаттары емес, тікелей халықтың сайлағаны дұрыс болар еді. Бірақ та мәслихат депутаттарын тікелей халық сайлап отырғандықтан, бұл жолдың да сөкеттігі жоқ деп білемін. Бұл – бір жағынан ал­ғанда енді ғана қолға алынып жатқан шаруа. Яғни болашақта бұқара өзінің пробле­масын шешумен айналысатын әкімдерді өзі таңдайтын болады деп сенемін. Сізге бір қызық айтайын. Шетелдік тәжірибеде халық төменгі жергілікті деңгейдегі сайлауларға көбірек белсенділік танытады екен. Ал Қазақстанда – керісінше. Біздің жұртшылық жергілікті сайлауларға емес, республикалық деңгейдегі сайлауларға белсенді қатысады. Мысалы, ел азаматтары Парламент Мәжілісі депутаттарын таңдауға бел сыбана кіріседі. Сөйте тұра, жергілікті мәслихат депутаттары сайлауына ат ізін салмайтындар көп. Сондық­тан да біз осы қалыптасқан үрдісті жою жолын қарастырғанымыз жөн. Халық тікелей өз проб­лемаларын шешетін, сол мәселелерге жауапты жергілікті мәслихат, жергілікті әкім­дерді сайлауға бет бұрғызғаны­мыз жөн. Олар өздеріне тікелей қатысты жол, мектеп, бала­бақша мәселелерін шешетін кандидатты таң­дауға, олармен бірге жұмыс жасауға үй­рен­гені жөн.

– Елбасымыз «мем­лекеттік қызмет ұлтқа қызмет ету ұғымының синонимі болуы тиіс» деген болатын. Қазір елімізде кешенді түрде әкімшілік реформа жүріп жатыр. Осы әкімшілік реформалау ісінің аймақтарға ықпалы қандай? 

– Дұрыс айтасыз, қазір бізде әкімшілік реформалау жүйелі түрде жүріп жатыр. Мем­лекеттік саясаттағы басым бағытты аймақтар­ды дамытуға бұрып, еліміздің түпкір-түп­кі­ріндегі елді мекендердің дамуына жол ашып жатырмыз. Оған айғақ ретінде Өңірлік даму министрлігінің құрылғанын келтіруге болады. Мұның бәрі әкімшілік реформалауда бір орында тұрмағанымызды көрсетеді. Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда аймақтар­дың даму деңгейі үлкен рөл атқа­рады. Бізде кейбір аймақтардың бәсекеге қабілеттілігі төмен, бұл өз кезегінде ортақ іске кері әсер етеді. Сол себепті де, моноқала­ларды, шалғайдағы ауылдарды дамыту мәселесі күн тәртібінен түспегені жөн. Мы­салы, Одақ ыдырағаннан кейін көптеген жерлерде жұмыс орындары жабылып қалды. Халықтың үдере көшу үрдісі орын алды. Тәуелсіздік алғалы сол олқылықтың орнын толтыру үшін түрлі бағдарламалар қабыл­данып, жұмыс жасалуда. Бірақ, өкінішке қарай, орта жолда қалған бағдарламалар да баршылық. Осы тұрғыдан алсақ, Өңірлік даму министрлігінің құрылғанына қуануымыз қажет.

Ал мемлекеттік қызмет ұлтқа қызмет етуге айналсын десек, оған іріктеу, ауыстыру мәсе­лесіне көбірек көңіл бөлуіміз керек.

– Мемлекетіміз аймақтардың дамуы­на баса назар аударып келеді дедіңіз. Тіпті әкімдер сайлауынан кейін әр ауыл­дың өзіндік бюджеті болатыны жөнінде де айтылуда. Қазіргідей жем­қорлық пен парақорлық жайлаған кезеңде жергілікті әкімдер сол бюджетті талан-таражға салып жібермей ме? 

– Бюджетті жоспарлауды жергілікті жерлердегі әкімдерге беруден неге қор­қуымыз керек? Әкім деген жоғарыдан келген нұсқауды орындаушы ғана емес екенін бұқараның да, биліктің де түсінетін кезі келді. Олардың қолында қаржы болса, ізденіссіз қалмайтыны ақиқат, шаруашылықты ілгері­летуге жол ашылады. Өзі басқарған ауылды қалай дамытуға болатынын жоспар­лап, жұ­мы­сын жандандыра алар еді. Менің ойымша, жергілікті жердің бюджетін қалып­тастыру арқылы әкім мен халықтың ұжым­дасып жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызамыз. Яғни жергілікті жердің қарқынды дамуы – тікелей әкімге байланысты болады деген сөз. Өйткені жергілікті басшылар «аймақтағы елді ме­кендерге не қажет, қай салада кемшіліктер бар, қай салаға қаржыны көбірек бөлген жөн» деген секілді жайттарды жоғарыдағы шенеуніктерден анағұрлым жақсы біледі. Бюджетсіз әкім – әркімге телмірген әкім. Оны кім сыйлайды? Ал қаражатты талан-таражға салғандары бір рет құтылар, екі рет құтылар. Үшіншіде сөзсіз тұтылады.

– Басқа облыстардағы ауылдар мен Алматы маңындағы елді мекендердің әлеуметтік даму жағдайын салыстыра алмаймыз ғой. Әр өңірдегі ауылдардың дамуы әртүрлі. Біз әкімдер бюджетін қа­­лыптастырамыз деп, ауылдарды ала­лап алмаймыз ба?

– Бұл сұрағыңызға экономистер жауап бере жатар. Жалпы алғанда, ауылдардың табиғи жағдайы, экономикалық даму дең­гейі, әлеуметтік әлеуеті әртүрлі екені рас. Бі­рақ бір ақиқаты, әлеуметтік даму деңгейі тұрғысынан қарасаңыз, бізде жалпы ауылды  мекендердің жағдайы артта қалып отыр. Ірі қалалармен, облыс орталықтарымен са­лыс­тырсаңыз, ол жақта жұмыссыздық көп. Өнім өндіретін өндіріс орын­дарының да жайы мәз емес. Сол себепті де, ауылдардан ауыл­шаруа­шылық өнімдерін өңдей­тін кәсіп­орындар ашу ісін қолға алып, шалғайдағы ауылдар­дың даму жол­дарын жан-жақты қарас­тырғаны­мыз жөн секілді. Бюджеттік тұр­ғы­дан ауыл­дар алалан­бай­ды, қай­та, қай әкім іскер, қай әкім жайбасар екені нақты­лана­ды.

– Болашағы жоқ ауыл­­дарды ірілен­діру жайлы да айтып жүрміз ғой. 

– Мемлекеттік тұр­­ғыда аймақ­тарды да­мытуға баса көңіл ауда­рып жатыр дедік қой. Десек те, бү­гін­де қа­лалы жер­­ге көшіп келе­тіндердің саны сая­быр­сымай тұр. Бұл жер­гі­лікті жер­­лерде әлі де бол­са жұмыс жоқ екенін білдіреді. Де­мек, орналас­қан жері алыс бол­маса, болашағы жоқ елді ме­кен­­дерді ірілен­ді­руге бо­ла­ды. Ал саяси һәм эко­номи­калық жағы­нан алыс жатқан ауыл­­дарды бір-біріне қосу тиім­сіз деп ойлай­мын.

– Бізде бір­неше саяси партия бар. Бірақ та олардың бірлі-жарымынан өз­гесі ауыл халқымен тығыз қарым-қаты­наста емес. Мұның өзі біздің аймақ­тағы бұқараның саяси мәдениетінің кенжелеп қалуына себепкер емес пе? Саяси партия­лардың бастамалары Алматы секілді қалалар айналасында ғана қалып отыр­ған жоқ па?

– Бізде ресми тіркелген саяси партиялар саны – 9. Бірақ еліміздегі партиялардың дені тек сайлауалды белсенділік танытады. Олар тек сайлаумен ғана шектелмей, әрдайым халықпен жұмыс істесе, Парламент Мәжілі­сінде санаулы ғана партияның өкілдері отыр­мас еді. Яғни еліміздегі саяси ұйымдардың аймақтардағы белсенділігі төмен. Олар президенттік һәм парламенттік сайлау ке­зінде төбе көрсеткенімен, жергілікті мәслихат сай­лауына тіпті назар аударғысы келмейді. Партиялар әрдайым өз бағдарламаларын ұсынып, елді мекендерді көркейту жолдарын ұсынып отырса, халық та оларға назар аударар еді. Ауыл әкіміне бюджет қара­жаты бөліне бастаса, билік­тен дәмелі партиялар да ауылға бет бұратын бола­ды.

– Ауыл һәм қала жастарының саяси белсенділігіне көңіліңіз тола ма? Біз жастар саясатын жүйелі жүргізе алып отырмыз ба?

– Жастар саясаты, негізінен, қалалы жерлерді қамтып отырғаны белгілі. Десек те, бұл мемлекеттік тұрғыда ауыл жастары на­зардан тыс қалды деген сөз емес. Ауыл жастарына арналған арнайы бағдарламалар бар. Солардың бірі – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы. Бұл аймақтарға білікті мамандардың баруына септесіп отыр. Тағы бір тоқтала кететін мәселе – біз көбіне жастар саясаты дегенде, түрлі акцияларды ұйым­дастырумен шектеліп қаламыз. Керісінше, жастар саясаты жеткіншектердің білімге, өнерге, білікті маман болуға мүмкіндік ту­ғызуы қажет. Тек қана концерт ұйымдасты­рып, әртүрлі акциямен жастардың көңіл күйін аулау көп мәселені шеше қоймайды.

– Бүгінде мемлекеттік саясатта ұлттық мәдениеттің, қала берді, ұлттық идеяның алдына әлеуметтік, экономикалық мәсе­лелерді шығарып жібердік дейтін пікір­лер бар.

– Негізінде, әлеуметтік мәселелерге баса ден қойғаннан ұтылмаймыз. Себебі әлеу­меттік мәселелер дер кезінде шешілмесе, халық наразылығына ұласуы мүмкін. Ол на­разылықты болдырғаннан гөрі, оның алдын алған жөн. Әлеуметтік мәселелер ушығатын болса, бұқарадан түскен талап-тілектер орындалмаса, саяси жүйе мен саяси ортаның өзара байланысы алшақтап кетеді. Сонымен қатар, теорияға сүйенсек, саяси жүйе мен халықтың арасында байланыс болмаса, саяси жүйе, демек, саяси билік құлайды. Билік пен жұртшылықтың арасындағы бай­ланысты нығайтатын – саяси партиялар. Елдің билікке тілегін білдіретін неше түрлі жол­дар бар. Сол жолдар әрдайым ашық болуы қажет. Бұл міндеттің бәрін қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар бірлесе атқа­руы керек.

– Десек те, біздегі қоғамдық ұйымдар мен партиялар арасында соншалықты ауызбірлік байқалмайды ғой…

– Мені де өкінтетіні – осы. Мысалы, оп­позицияның ішінде де өзара алауыздық, келіспеушіліктер бар секілді. Сайлау кезінде өз арасынан бір үміткер ұсына алмай жатады.

– Енді қысқаша сауалдар қойсам деймін. Саясаттағы кумиріңіз кім?

– Бір кездері Индира Ганди, Беназир Бхутто кумирім болған…. Маған сая­саттағы ер-азаматтардан гөрі, әйелдер көбі­рек ұнай­ды. Себебі саясат тек ер-аза­маттарға тән кәсіп емес. Әйелдер де ерлермен тең дәре­жеде болуы керек.

– Еліміздегі саясаткер әйелдерге көңіліңіз тола ма?

– Ешкімнің көңілін жыққым келмейді. Десек те, мемлекетіміз саясаттағы әйелдердің санын қанша көбейтуге тырысқанымен, көш­бас­шылық позицияда жүрген әйелдер саны аз.

– Саясаткер Бақыт Сыздықова ханым ерлердің екі әйел алуы жөнінде мәселе көтерілгенде «онда, әйелдердің екі күйеу­ге тиюін заңдастырайық» деген еді. 

– Меніңше, кездейсоқ, ұшқары айтылған ой. Ол кісінің шынайы, дәлелді түрдегі ұста­нымы деп ойламаймын. Мұндай отба­сында болашақ жоқ. Жалпы, мен екі әйел алу мәсе­лесіне қосылмаймын.

– Саясатта тек теориялық тұрғыда жұмыс істеу мүмкін бе? 

– Тек теориямен жұмыс істеу мүмкін емес. Десе де, ел басқарып отырған азаматтардың теориялық білімі болуы қажет.

– Шәкірттеріңізге ең көп айтатын сөзіңіз?

– «Білікті маман болу үшін жан-жақты білі­мің болуы керек» деген сөз.

– Оқу орындарында жемқорлық бар деген пікірмен келісесіз бе? 

– Келіспеймін. «Оқытушылар жемқор» деп жалпыға күйе жағатындарға риза емес­пін. «Бір құмалақ бір қарын майды шірі­теді». Мысалы, кез келген бір универ­ситетте бір мұғалім пара алды екен деп, бәрін жемқор санауға болмайды ғой. Тіпті талапшыл мұға­лім­ді де жемқор деп қаралап тастайтын­дар бар.

– ЖОО-дағы білім сапасына көңіліңіз тола ма?

– Бұл сұрағыңызға қысқаша жауап беру мүмкін емес. Қазір мемлекетіміз білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Нәти­жесінде, бұл салада оң өзгерістер жүзеге асуда. Мысалы, ҰБТ парақорлыққа тосқауыл қойды. «ЖОО үздік оқытушысы» атағын алуға ұмтылыс педагогтерді кәсіби ширата түсті. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыту­шы профессор құрамының шетелге көптеп шыға бастауы ЖОО-дағы білім сапасын арттыр­ғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Университеттердің дені кредиттік техноло­гияға көшті. Бакалавр, магистр, PhD деп бөлінетін үш сатылы білім беру жүйесіне ендік. Бұл жүйе де өз жемісін бере бастады. Мысалы, шәкірттеріміз шетелден озық үлгіні көруге, тәлімгерлікке баруға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар, шетелдің білікті ма­мандары да бізге келіп, лекция оқуда. Биыл біздің ҚазҰПУ-дің тарих факультетіне бір­неше шетелдік мамандар лекция оқыды. Олар студенттерімізге өздерінің елдеріндегі саяси партиялардың қызметі, халықтың саяси белсенділігі, саяси пиар тәжірибесі жайында мол мағлұмат беріп кетті. Мұндай мағлұмат­тарды біз де айтамыз. Десек те, шетел маман­дарының өз елі жайлы толғаныс­тары олардың есінде қалатынын аңғар­дым. Мұның өзі – жетістік.

Алаңдатарлық мәселелер де жоқ емес. Мемлекеттік тілде жазылған оқулықтар мен оқу құралдары жетісе бермейді. PhD док­торантураға бөлінетін гранттық орын саны тым аз. Түбінде бұдан ұлттық ғылым зардап шегуі әбден мүмкін. Білім беру саласындағы бастамалар жемісті болуы үшін, Қазақстанның білім беру жүйесі алдыңғы қатарлы дамыған жүйелердің біріне айналуы үшін ЖОО оқытушылары да барынша атсалысулары керек.

Айтпағым, қай істе болсын, қарым-қа­тынас екі жақты болғанда ғана іс нәтижелі болмақ.

 

Алашқа айтар датым… 

Жастарды «енжар, жалқау, саяси өмірге араласпайды» деп кінәлауға болмайды. Олардың білімділері де, саяси белсенділері де бар. Сондықтан да мемлекетіміздің саясаты жеткіншектеріміздің патриот азамат болуына жол ашып берсе, болғаны. Жастар ғана емес, жалпы халықтың жаппай саясатпен шұғылдануының қажеттілігі жоқ. Саяси мәдениет дегеніміз, тікелей мемлекеттің даму деңгейімен қатысты дамиды. Демек, біздегі саяси мәдениетті төмен деп кесіп айтуға болмайды. Бізге Қырғызстан тәжірибесінің қажеттілігі жоқ. Жаппай белсенділіктен гөрі, дұрыс таңдау жасауға бейімделгеніміз жөн. Ұлттық идеяны ұлттық идеологияға айналдырып, мемлекет құраушы қазақ ұлты екенін есте сақтауымыз қажет. Біз тарихымызды, дінімізді, тілімізді сақтап қалуды емес, одан әрі өркендетуді қолға алуды ойлағанымыз жөн. Өйткені этникалық жағынан қазақтар ешқашан да өзге этностардың намысына тиіп көрген емес. Сондықтан да, елімізде этникалық қайшылықтар бола қоймайды деп ойлаймын. Мұның өзі біздің саяси мәдениетіміздің өз биігінде екенін көрсетеді.

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

 

http://alashainasy.kz/person/40023/