Бүгін – халқымыздың аяулы перзенті, асқаралы Хантәңірі шыңының мұзбалағына айналған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні.
Қасиетті Қарасаздың топырағында туып, алты Алаштың ардақтысы бола білген талант иесінің есімін бүгінде иісі қазақ баласы тегіс біледі десек, артық айтқандығымыз болмас. «Мен ХХI ғасырдың құрдасымын» деп өзі көрегендік танытып кеткендей, заманында тиісті дәрежеде лайықты бағасын ала алмаса да, Мұқағали жаңа ғасырдағы оқырмандарымен мың жасап, өз үнін мәңгілікке жалғап кетті.
Осыдан екі жыл бұрын 80 жылдығы республика көлемінде мән-мағынасымен, сән-салтанатымен аталып өткен ақынның мұрасы уақыт өткен сайын құндылығын арттырып, бағасын еселей түсуде. Бүгінде әр аймақта «Мұқағали оқулары» ұйымдастырылып, ақын шығармалары ғылыми айналымға түсіп, өлеңдеріне ән жазылып, өзі және өзі өмір сүрген кезеңі жайлы деректі фильмдер түсіріліп, ақынмен аттас әдеби-көркем, танымдық журнал шығарылып, мүсінші, суретшілер ақын бейнесін сан қырынан көрсетуде. Бұл – «Мұқағалитану» атты жаңа бір үлкен саланың бастауыш құрамдас бөліктері.
Осы орайда Мақатаев мұрасы мен болмысын өзінің шығармашылық жолына арқау етіп келе жатқан белгілі суретші Алмас Сырғабаев бізбен екі бірдей жаңалығымен бөліскендігін айта кеткіміз келеді. Алмас таяуда Мұқағали бейнесі сомдалған жаңа портретін аяқтапты. «Әдетте көпшілік қауым Мұқаңның салмақты, салиқалы, толысқан бейнесін жақсы біледі. Мен бұл портреттегі ақынның бет-әлпетінің кейбір кескін-мінездерін белгілі фотосуретші марқұм Сайлау Пернебайұлы ағамыз түсірген ескі суреттен алдым. Шамасы, бұл Мұқағалидың сырқаттанып жүрген кезіндегі соңғы бейнесі болса керек. Соны негізге ала отырып, отырыс-қимылын ерекшелеуге тырысып, кәстөмін желбегей жамылдырып, қолына қалам ұстатып, ақын мінезінің өзіне сай ойлылығымен, тәкаппарлығымен көрсетуге тырыстым», – дейді суретші. Сондай-ақ суретші бауырымыз бірнеше жылдан бері ақынның әйгілі «Райымбек! Райымбек!» атты поэмасының желісі мен мазмұнына сәйкес тақырыптық, сюжетті иллюстрациялар салып жүр. Енді сол еңбегі күні кеше ғана белгілі баспагер Махмұт Қосмамбетов басшылық ететін «Үш қиян» баспасынан жарық көріп отыр. Бұл жаңа кітапта даңқты батыр жайлы тарихи дастан толығымен беріліп, бір бетінде мәтіні, бір бетінде мазмұндас сурет берілген. Графика мен поэзия үйлесім тапқан 50 беттік көркем жинақ Алмастың қылқаламынан туындаған 30-дан астам суретпен безендірілген.
«Қара таудың басынан көш келеді,
Қара жорға шайқалып, бос келеді.
Қара күнді жамылып, қара қазақ
Қара түнді басынан кешкен еді.
Қара қайғы көрсетпей ештеңені,
Қара жауы қанатын кескен еді.
Шұлғау болып қыздардың кестелері,
Талай қара шаңырақ өшкен еді.
Қара таудың басынан көш келеді!!!»
– деп басталатын, ұлт тарихының аса бір ауыр кезеңдерінен хабар беретін даңқты қолбасшы Райымбек турасындағы тағдырлы поэма мазмұны жас суретшінің көзімен ерекше толыға түскен. Ақиық ақынның қаламынан тыс қалмаған қаскөй жаудың ылаңына тап болған қараша ауыл, босқан жұрт, алауыздығы тыйылмаған ағайын, азаматтардың шарасыздығы, абыз ақсақалдардың рухының бекемдігімен, ерлердің батырлығы суретші сызбаларынан да барынша көрініс тапқан.
Талантты жас, қылқалам шебері Алмастың Мұқағали әлемін әспеттеген суреттері бұған дейін бірнеше көрмелердің көркі болған. Көрген адам жазбай танитын «Мұқағали. Реквием» атты танымал туындының авторы да – осы жігіт. Ол картинада ақын ауыздығымен алысқан қанатты пырағын жетектеп, қолына ақ парақ пен алтын қаламын ұстап, қызыл-жасыл дүниеден қою қараңғылыққа қарай көкжиекте тұрған әлдебір «рамкаға» сыймай, еркіндеу басып шығып келе жатқаны бейнеленген еді. Осындай сәтті дүниелерімен жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүрген Алмас кезінде «Ұлан», «Балдырған» сынды балалар басылымдарында жемісті еңбек етіп, көптеген ақын-жазушы ағаларының кітабына суретші болды. Бұдан бірер жыл бұрын ақынның туған күні қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағында он күнге созылған үлкен сурет көрмесін өткізді. Сонда талғампаз көрерменнің назарына ұсынылған 30-ға жуық картинаның барлығы дерлік ақиық ақынымызға қатысты жасалынған дүниелер болған. Керілген сұр кенептің бетінде түрлі майлы бояумен көмкерілген, қара өлеңді серік еткен ақын өмірі мен шығармашылығына үңілген суреттердің біразы өткен жылы Түркия елінің екі бірдей қаласында өткен көрмеде талайды таңғалдырғанын ақпарат құралдары да жарыса жазған. Мұқағали әлемін бояумен әрлеген талантты суретші Алмас Сырғабаевтың шығармашылығына тың ізденістер мен жемісті жетістіктер тілейміз.
Автор: Алмат ИСӘДІЛ
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
http://alashainasy.kz/culture/40200/