Астана. 12 ақпан. Baq.kz 16 ақпанда Шымкентте физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылу салтанаты болады хабарлайды Орталық коммуникациялар қызметі
Бұл білім ошағы тоғызыншы Назарбаев Зияткерлік мектебі болып табылады және оның қызметі сапалы білімді қамтамасыз етуге, оқу үдерісіне инновациялар енгізуге, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталады. Оқу мекемесі 720 адамға есептелген. Ол оқушылар үшін тек ғылым және білім ошағы ғана емес, мәдени-демалыс және спорт орталығы болуы тиіс, деп хабарлады «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ баспасөз қызметінен.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің кітапханалары қорына Шымкенттегі мектептің де кітап қоры кіреді. Ол қорға үздік оқу-әдістемелік оқу құралдары, таңдаулы классикалық және көркем әдебиеттер, отандық басылымдар базасы іріктеліп отыр. Кітап қорының басым бөлігі жақын арада сандық нұсқаға көшіріледі және әрбір оқушы электрондық абонементтің көмегімен «Абай жолын» немесе «Анна Каренинаны» кез-келген мобильді құрылғыдан оқи алады. Мектеп кітапханасы тек кітап басылымдары сақталатын орын болып қалмай, оқушылар мәліметтер іздейтін, оларды іріктеп және талдап үйренетін ақпараттық орталыққа айналуды міндетіне алып отыр.
Жаңа білім ошағына оқушыларды іріктеу конкурсы 2013 жылдың 6-14 қаңтары аралығында қазақ және орыс тілінде оқитын 7-, 8-, 9-сыныптарға өтті. Конкурсқа барлығы 2226 өтініш тапсырылды. Екі кезеңде өткен конкурстық іріктеудің қорытындысы бойынша 530 үміткер «Өркен» білім грантына ұсынылды.
http://www.baq.kz/news/23181