Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков сұрақтардан қашып отырмаған түр танытты. Журналистердің аузына қақпақ болғысы келгендей, ортадан киіп кетіп, әңгіме ауанын бағдарламаға аударуға жан салып, қылпықтаған өзінің баспасөз хатшысын сабырға шақырған министр әлдеқайда асықпай, басын ала қашпай БАҚ өкілдерін қызықтырған барлық сауалдарға жауап беруге тырысты.
Әрине, алғашқы сауалдар «австриялық сиырлар» мен «Шмалленберг» дертіне қатысты жаға ұстатар жағдайға орай қойылды. АШМ басшысы бүкіл Батысты дүрліктіріп отырған «германиялық» дерттің қазақ жеріне еніп кетуіне жол берген ветеринарлық қызметтің жазаланбайтындығын бірден ұғындырды. Өйткені оларды австриялық әріптестері жаңылыстырыпты. «Австриядан келген малдың ауруы карантин кезінде табылған, – деді ол. – Жеткізуші компания сол малды карантиннен өткізбей, әкелген. Ол ауруды карантиннен шықпай тұрып, анықтағаны, тиісті шараларды қабылдап жатқаны – біздің ветеринарлық қызметтің ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жақсы жұмысының көрсеткіші деп санаймын!» Министр жеті жүзден астам дертті ірі қара малдың, еш сөзсіз, көзі жойылып, көмілетіндігін растады.
А.Мамытбеков австриялық әлгі малдан бір емес, екі бірдей дерттің табылғандығын мәлімдеді: «Қазіргі уақытта бұл малға екі аурудың диагнозы қойылып отыр. Әу баста «вирустық диареяға» қатысты күдік болған. Осы диагнозды пысықтау барысында сиырлардың қанының сынамалары келісім бойынша Еуропалық эпизотикалық бюроның референс-зертханасына жолданды. Сол жақта олар екінші диагнозды – «Шмалленбергті» анықтады».
Журналистер сол сиырлар үшін қора-жайлар салуға және басқа мәселелерге қыруар қаржы жұмсаған шаруалардың шығынының қалай өтелетіндігін сұрастырды. «Қазір бұл мал карантинде тұр, ал, контрактіге сәйкес, карантиннен шыққанша, ол сиырлар жеткізуші компанияның меншігі болып табылады. Мал – австриялық, ал оларды жеткізуші компания – венгриялық. Сондықтан барлық шығын соның есебінен өтелетін болады».
«Әкелмес бұрын сол жақта тексеріп алуға болмас па еді?» деп сұрады БАҚ өкілдері. «Әкелмес бұрын ол сиырларға Австрияның ветеринарлық қызметі ветеринарлық сертификат берген, – деді министр. – Соның негізінде мал Қазақстанға әкелінген. Ол сертификатты беру кезінде тиісті талдау-анализдер өткізбей, қол қойғандарын Австрияның ветеринарлық қызметі қазір мойындап отыр».
Ауыл шаруашылығы министрі тиісті шағым-претензия ендігі енгізілгендігін хабарлады: «Соның ішінде жануарлардың ауруларымен күрес жөніндегі Еуропалық комиссияға да шағым түсірілді, осының арқасында Австрияның ветеринарлық қызметіне ықпал жасалды, бүгінде олар диагноздарды растады. Ендеше Қазақстан тарапынан барлық талап-претензиялар жеткізушіге де, Австрияның ветеринарлық қызметіне де қойылады. Шығынның орны жеткізу есебінен толтырылады» деп сендірді А.Мамытбеков. «Сот шетелде жүре ме?» деп сұрадық. «Сот Қазақстанда жүреді, – деді министр. – Мал жеткізу контрактісінде барлық даулы жайттардың қазақстандық соттарда қаралатындығы жөнінде бап бар. Біз неге осы тексерулерді, процедураларды жіті жүргізудеміз? Өйткені ертең сотта жеңіп шығып, барлық шығынды өтеттіру үшін өз ұстанымымызды бекітудеміз. Қазақстандық тарап – фермерлер де, «ҚазАгроҚаржы» сияқты қаражат берген ұйымдар да ешқандай шығын шекпейді!» Шығын көлемі есептелуде екен. Министрдің мәліметінше, 2 жыл ішінде шетелден 35 мыңға жуық ірі қара мал әкелініпті. Мұндай ірі оқиғаның алғаш рет бой көтеріп отырғандығы айтылды.
– Қазір Австрия бойынша шектеу шаралары енгізілді. Сондықтан, тіпті, соны қалағандарға да ол жақтан сиыр әкелу мүмкін болмайды. Ал Еуропада осы аурудан ада елдер бар, олардан әкелуге жол ашық, – деді министр.
Ақпарат құралдарының өкілдері «Павлодардағы жұт» мәселесін де көтерді, министрдің айтуынша, ол тіпті де «жұт» емес. «Жұт» деп отырғаны екі ғана шаруа қожалығына қатысты болып отыр, – деді Асылжан Мамытбеков. – Олардың мәлімдеген 535 малдың өлгендігі қазір анықталмады. Бар есебі 250-ге ғана жуық. Қалған малдың тұяғы да, сүйегі де жоқ, тіпті егер қасқыр жеп кетті десе де. Бұл жерде демек, бұрмалаушылық бар. Әлгі екі шаруа да бір тонна да шөп әзірлемеген, қысқа ешқандай дайындығы болмаған. Ендеше мұны «жұт» деп айтуға болмайды. Жалпы, олардың малының иелері басқа, олар біреудің малын баққан. Қазір құқықтық органдар ол малды қалай жоғалтқандарының анық-қанығын айқындайды. Олар малдан айырылып қалғаннан соң «жұт» деп айқайлап, шу көтеріп, «мемлекет өтеп берсін» деп шешкен. Яғни бұл шын мәнінде, малды жоғалту жауапкершілігін өз мойындарынан мемлекетке аудара салу талабы болып отыр». АШМ басшысы Үкімет басшылығының тапсырмасымен, терең талдау жүргізгендерін, соның барысында Павлодар облысындағы қырылған малдардың 90 пайызы әлгі екеуінің үлесіне тиетіндігін анықтағандарын айтты.
Бірақ Үкімет шөп жөнінен қиындыққа ұшыраған ауылдықтарды және фермерлерді қиындықпен бетпе-бет тастамайды екен. Мемлекеттің иелігінде кебектің үлкен қорының барлығы мәлім болды, ол бірінші сұрыпты нанның бағасын арзандатуға арналған бидайдан қалған екен. Сол резервтерді әкімдіктерге азық-жемнен тарығып жатқандарға беру туралы тапсырма жүктеліпті.
Қалай болғанда да Үкімет басшылығы ауыл шаруашылығындағы осы оқиғаларда мемлекет мүддесінің зардап шекпеуі үшін қажеттінің бәрін жасап жатқан көрінеді. Сала алда да мемлекеттік қолдау көре бермек.
Үкімет отырысында құпталған «Агробизнес–2020» бағдарламасын жүзеге асыруға осы жылдар ішінде барлығы
3 триллион 122,2 миллиард теңге қажет болатындығы мәлімделді. Үкімет жетекшісі «Елбасының ауыл шаруашылығын кең ауқымды жаңғырту бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыруда жаңа бағдарламаның стратегиялық мәнге ие» екендігін нықтады.
– Осы мәселелердің табысты шешілуіне ел экономикасының әл-ауқаты да тә-уелді болмақ, – деді Премьер С.Ахметов. – Бүгін біз Президенттің маңызды тапсырмасын орындадық. Мемлекеттік қолдаудың ұсынылып отырған тетіктерінің арқасында ауыл шаруашылығына жеке инвесторларды тартуға жағдай жасалады. Ауыл шаруашылығының көтерілуі жанама салалардың дамуын жандандырады және бүкіл экономикаға мультипликативті эффект береді. Осының барлығы бірінші кезекте, ауылдықтардың өмір деңгейіне оң әсер етеді, – деп түйді Үкімет жетекшісі.