АЛТЫНОРДА
Новости

Атырау облысында террористік топ құрықталды

АТЫРАУ. 13 ақпан. Baq.kz — Атырау облысының құқық қорғау және арнайы органдары террористік топты анықтап, құрықтады, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

 

«Атырау облысының құқық қорғау және арнайы органдары аталған облыстың құқықтық тәртіп органдарының қызметкерлеріне қарсы бірқатар терроризм актісін жасауды жоспарлаған лаңкестік топты анықтап, құрықтады», — делінген облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ақпаратқа қарағанда, топ негізінен Құрманғазы ауданының тұрғындарынан құралған.
Аталған дерек бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті 2013 жылдың 6 ақпаны күні топтың басшысы, 1983 жылы туған Ким Рамизге және топтың басқа да белсенді мүшелеріне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 233-2 бабының 2 тармағы («Террористік топты құрып, басқару және оның әрекеттеріне қатысу») бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
«Қылмыстық істі тергеу барысында топ мүшелерінің тұрғылықты жерінде екі аңшылық шолақ мылтық пен қолдан жасалған жарылғыш заттардың бөлшектері табылды», — делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.
Баспасөз қызметінің ақпарына қарағанда, топтың белсенді мүшелері мен оның басшысына қатысты сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындаған. Оперативті-тергеу амалдары жалғасуда.
«Облыс аумағындағы жағдай бірқалыпты әрі құқық қорғау органдарының бақылауында», — деп қортындыланған Атырау облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарламасы.

http://baq.kz/news/23256