АЛТЫНОРДА
Новости

«Сәбиқұмарлар» көбейіп барады. Неге?

Педофилия. Осы сөзді естісек болды, төбе шашымыз тік тұрады. Тіпті аталған сөзден біртүрлі жиіркеніп, қорқатын да болдық. Олай дейтініміз, елімізде кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлау әрекеттері үдеп барады. Теледидарды қоса қалсақ болды, «бәлен жерде өрімдей қыз, кішкентай бала зорланды» деген ақпарат елді елең еткізеді. Мәселен, жуырда ғана айналасы жарты сағаттық жаңалықтың ішінде педофильдер туралы төрт бірдей ақпарат берілді. Жағамызды ұстаймыз, балаға зәбір көрсеткен жауызға іштей лағнет айтамыз. Бірақ одан сәбиқұмар қылмыскер­лер­дің саны азаяр емес.

 

Ішкі істер министрлігінің дерек­теріне сүйенсек, 2012 жылы еліміздің Қылмыстық кодексіндегі «кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлау» деп аталатын 121-бап бойынша 120 іс тір­келген екен. 2010 жылдан бастап, ел ішінде сәбиқұмар қылмыскерлер ту­ралы ақпараттар тарала бастаған еді. Бейкүнә сәбиді зорлап, артынша өлті­ріп кеткен жауыздардың әрекетінен қоғам түгел шошыды. Тіпті Парла­мент­те бұл мәселе кеңінен талқыла­нып, сәби зорлаған қылмыскерлердің жа­засын қатаңдату туралы шешім де қабылданған болатын. Бүгінде кәме­леттік жасқа толмаған балаларға әлім­жеттік көрсеткен қылмыскер 20 жылға бас бостандығынан айырылады. Де­генмен мұндай «қатаң» жазалау қыл­мыскерлерді тоқтатар емес. Керісінше күн өткен сайын балаларды зорлау әре­кеті үдеп, тіпті жанданып бара жат­қандай. Мұндай сорақылық жалғыз біздің елде емес, көршілес Украина, Ресей, Молдова елдерімен қоса, АҚШ сияқты алпауыт мемлекетті де алаң­датып отыр. Әр мемлекет «педофилия» сынды қоғамды дендеген дертпен өз шама-шарқынша күресуде. Мәселен, Канадада ел парламенті сәбиқұ­мар­ларды қатаң жазалайтын заң жоба­сын ұсынбақшы. Бұған қоса зұлымның қолынан зәбір көрген балаларға да көмек көрсетіп, тиісінше қол ұшын созу бағдарламасы да қолға алынбақ. Ресейде бұрынғы президент, қазіргі премьер Дмитрий Медведев педофиль­дерге химиялық сүндеттеу әдісін қол­дану керек деген пікірді ұсынып, тиісті заң жобасын дайындау керектігін айт­қан болатын. Осыдан бірер уақыт бұ­рын отандық ғаламтор бетінде «Педо­фильдерді жазалауда қандай әдісті пай­даланған дұрыс?» деген сауал тас­талды. Сауалнамаға қатысушылар­дың біраз бөлігі, яғни 52,61 пайызы қыл­мыскерлерге өлім жазасы қолданы­-луы тиіс десе, 26,87 пайызы қоғамда кеңінен талқыланған «химиялық әдіс­пен» жазалауды қолдайтынын айтып­ты. Химиялық жолмен жазалау әдісі бірқатар АҚШ, Канада, Швеция, Польша сынды мемлекеттерде қолға алынғалы қашан. Молдовада өткен жылдың шілде айынан бері аталмыш әдіс жүзеге асырылып келеді. Бұл әдіс­ті қолдап, елдің Қылмыстық кодексіне қосқан молдовалық депутат Валерий Мунтяннің айтуынша, қылмыскерлер түрмеге тоғытылғанымен арам пиғы­лын іске асыруын бәрібір тоқтата ал­май­тынын айтады. «Жазасын өтеп, бостандыққа шыққан қылмыскер түбі сол пиғылын бостандықта тағы жү­зе-­ге асырады. Мәселен, соңғы бес жыл­дың ішінде он бес қылмыскер бала­лар­ды зорлағаны үшін қайтадан темір торға тоғытылды» дейді Мунтян. Өткен жылы Ресей Думасы бірқатар пікірта­ластардан соң, ақыры сәбиқұмарларды химиялық сүндеттеу әдісі бойынша жазалауды мақұлдады. Сонымен қатар педофильдер өмір бойына бас бостан­дығынан айырылады. Қабылданған жаңа заңға сәйкес балаларды зорлаған зұлым қылмыскерлерді толыққанды медициналық һәм психологиялық тек­серістен өткізген соң ғана «химиялық сүндеттеу» әдісі қолданылады екен.

Педофильді заң арқылы тоқтату үшін әлемде түрлі шаралар қолға алы­нып отыр. Әйткенмен қатаң жазалау жауыздарды тоқтатар емес. Педофилия адамзаттың әбден ығырын шығарса керек, санаға еніп, дендеген «дертпен» күресті қарапайым адамдар да қолға алып отыр. Мәселен, Ресейде «Қас­қыр­лар педофильдерге қарсы» атты ұйым құрылған. Сургут, Нижневар­товск қалаларында сәбиқұмарларды аңдыған «қасқырлар» ешбір заңды бұзбай, жауыздарды анықтап, поли­ция­ға тапсырады екен. Өздерін қас­қырға теліп, қылмыскерлерді құ­рық­тайтын топ ғаламтор арқылы сә­би­лер­­ге құмар әйелдер мен ер-азаматтарды бір жерге шақырып, оларға педофиль екенін мойындатып, тиісті ұйымдарға хабарлап отырады. Дәл осылай Ниж­невартовскіде 22 адам құрықталса, сур­гуттық «қасқырлар» сегіз адамды құрықтапты. Жасы­ратыны жоқ, Ресей бүгінде педофилия кеңінен етек жай­ған ел. Сондықтан көрші елде мұндай сорақылықпен күресте халық та аянып отырған жоқ. Жуырда ғана «Оккупай, педофилия» атты ұранмен педо­филь­дерге қарсы­лар бас қосып, бейәдеп қы­лығымен көпшілікті мезі еткен қыл­мыскерлерді ұстаудың тың әдісін ойлап тапқан. Әйткенмен аталған топтың қайсыбір әрекеттері заңға қайшы деп танылып, өз еркімен бас­сыздыққа қарсы тұр­ған азаматтарды кінәлап, күстәнаушылар да табылған екен. «Оккупай, педо­фи­лия» деген ұранның аясына алматы­лық жастар

да жиналып отыр. Ғалам­тор бетінде пе­­дофильдерге қарсы топ­тың әрекет­тері жарияланыпты. «Оккупай, педо­филия» «қозғалысы­ның» бастамашы­лары әлеуметтік желі арқылы «пе­­до­фильді» тауып алыпты. «Сәбиқұ­мар» магистрант он үш жасар балаға анайы қылық жасауды ұсы­нып, кездесуге шақырады. Әйткенмен қылмыскер жас балаға емес, «қозға­лыс» баста­машы­ларына тап болады. Бір топ жас жауызды қан-жоса ғып сабап, сыба­ғасын беріпті. Жазалау­шы­лар мен педофильдің арасында теке­тірес поли­ция бөлімшесінде жалғасын тапқан. Әрине, мұндай «жазалауды» ешбір заң қолдамайды. Дегенмен заңға бағын­баған қылмыскерді осындай әдіс­пен жазалау да дұрыс шығар. Бәл­кім, бұл өзге арам ниетті жандарға сабақ болар ма еді, кім білсін?!

Педофилия – адамның психоло­гиялық ауытқушылығынан туында­ған «дерт» екені дау тудырмайтын шындық. Әрине, дертті дендетпей, емдеген абзал. Бірақ мұндай дерттен құлан таза айығу тіптен мүмкін емес. Өткен жылы елімізде бала зорлап, қыл­мысын мойындап түрмеге түскен бір педофиль ғана психологиялық ауыт­­­қушылығы бар деп танылып, ар­найы емге жіберілген. «Біздің сарап­тауы­мызша, осыншама жыл ішін­де тек бір педофиль ғана психиатриялық са­лада­ғы зорлықпен емдеу орталы­ғын­да жа­тыр, – деген еді сол тұста Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайыр­бе­кова. Яки балаға зәбір көрсетіп, темір торға тоғытылған жауыздар түрмедегі адамның санын көбейтіп, жайбара­қат жатыр деген сөз, бұл. Бейкүнә сәбидің тағдырына балта шауып, балалық ша­ғын ұрлаған қылмыскерлерді ешбір қатаң жазасыз жиырма жылға темір торға тоғыту аздық етеді. Қарап тұр­сақ, қарапайым адамдар төлеп жат­қан салықтың арқасында түрмеде тай­раң­дап өмір сүрген қылмыскер бостан­дық­қа шығып, қылмыс жа­сауын үдете түспесіне ешкім де ке­піл­дік бере ал­майды. Елімізде «сәбиқұ­марларды» қатаң жазалаудың түрлі әдісі ұсы­ныл­ған еді. Тіпті өзге елдерде қолданы­ла­тын «химиялық сүндет­теуді» де ұсы­нып еді депутаттар. Әйт­кенмен біз оларды арысы жиырма жыл, берісі он бес жылға соттаудан артық жаза қа­былдай алмай отырмыз. Әрине, қыл­мыскерді соттау оңай. Бірақ оның жауыз­дығынан зардап шеккен сәбидің жайын ешкім де қа­періне алмайды. «Қа­зір елімізде кә­ме­леттік жасқа тол­ма­ған балаларға әлім­жеттік көрсету саны көбейіп барады. Қандай шара­-лар қол­да­нудамыз? Адам­ды түрмеге отыр­ғызу оңай. Бала­лардың психо­логиялық, әлеуметтік дағ­дылануы ту­ралы ешкім де ойлан­бай­ды. Айта кету керек, балаларды зор­лау әрекеттері тиісті жазаны дұ­рыс қолданбаудан кө­беюде. Түрмеге отырғызып, соттау аз­дық етеді. Ме­ніңше, «сәбиқұмарларды» ел білу керек. Мәселен, түрмеден «педофиль» шықты ма, ол туралы көршілері, қоршаған адамдар хабардар болуы тиіс. Сонда бәлкім қылмыс азаяр» дейді, еліміздегі «Дағдарыс орта­лық­тарының» төрайымы Зүлфия Байса­қова «Total kz» сайтына берген сұх­батында. Расында, педофиль­дерді «әй­гі­леу» керек шығар.

Біз не десек те, қоғамда балаларды зәбірлеушілердің саны азаймай тұр. Жоғарыда өткен жылы балаларға зә­бір көрсету бойынша 120 қылмыстық іс қозғалғанын сөз еттік. Бұл тек ресми дерек. Өгей әкесі һәм ағасынан зәбір көріп анасына, айналаға, қоғамға сы­рын айта алмай жүрген бала қаншама?! Жуырда ғана Үндістанда 21 жасар қыз­ды аяусыз зорлаған қылмыстық топ жайында ақпарат әлемге тарап, Үндістан халқы биліктен жауыздарды барынша қатаң жазалау керектігін талап еткен. Бойжеткеннің арына дақ түсірген қылмыстық топ мүшелері өлім жазасына кесілді. Тіпті, үндістан­дық аруларға қорғаныс үшін пышақ алып жүруге де рұқсат берілген еді.

Біз балаларды зорлау әрекеттерін кешкі «Жаңалықтардан» бақылап, жайбарақат отырмыз. Ал жауыздар қыл­мысын өршіте түсуде. Әрине, демократиялық мемлекетте қылмыс­кердің де, ары мен жаны таза адамның да құқығы қорғалады. Дегенмен асқан еркіндік пен жайбарақаттылықтың арты жақсылыққа апармайтынын бә­ріміз білеміз. Баланың көз жасы мен ар-ұяты тапталған арудың қаны үшін әрбір қылмыскер қатаң жазаға кесілуі керек. Біздікі тек ой салу, ал ойдан қо­рытынды шығару әрбір адамның өз еркінде.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ
http://www.aikyn.kz