Даңқты Сталинград түбіндегі шайқасқа 70 жыл толды. Дон мен Еділ аралығында 200 тәулік бойы толассыз жүргізілген бұл сұрапыл шайқас неміс-фашист әскерлерін талқандаудың басы болған еді.
Оңтүстіктегі қиян-кескі ұрыстарда жау ұзын-ырғасы 1,5 миллион солдаты мен офицерінен айырылды. Олар 2 мыңға жуық танкісінен, 10 мыңнан астам зеңбірегі мен минометінен, 3 мыңға тарта ұшағынан айырылды, 32 дивизия мен үш бригада түгелдей жойылды және тұтқынға алынды. Тек Дон майданының әскери бөлімдері ғана 91 мың неміс солдаты мен офицерін тұтқынға алды, оның ішінде 24 неміс генералы бар.
73-гвардиялық дивизияның командирі, Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенантҒани Сафиуллин
Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіров
Хиуаз Доспанова: «Дуся Носальмен бірге жиі-жиі ұштым. Бірге ұшуды екеуміз де жақсы көруші едік…» Жауынгерлік экипаж. Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Евдокия Носаль мен штурман Хиуаз Доспанова.
31қаңтарда фельдмаршал Паулюс басқарған бірінші топ қаруларын тастап, тұтқынға берілді, ал екінші топ күшті соққыдан кейін 1 ақпанда қарсылығын тоқтатты. 2 ақпанда Еділдегі тарихи шайқастың соңғы оғы атылды.
Еділ бойындағы ұрысқа 320 біріктірілген, 250 жеке полк қатыстырылса, оның бес атқыштар, бір кавалериялық дивизиясы Қазақстанда жасақталды. Таратып айтар болсақ, Сталинград түбіндегі алғашқы соққыны қабылдаған 29-атқыштар дивизиясы Ақмола қаласында жасақталып, кейіннен солтүстікқазақстандықтармен толықтырылса, 38-атқыштар дивизиясы Алматыда жасақталған. Ал 27-нші мен 292-дивизия Қызылорда мен Ақтөбеде, 81-дивизия Жамбылда жасақталып, тікелей Сталинград түбінде ұрыс жүргізген.
Сталинград шайқасына барлығы 90 мыңға жуық қазақстандық қатысып, ерліктің тамаша үлгілерін көрсеткен.
1941 жылғы желтоқсанда, 1942 жылғы қаңтар айларында Алматы қаласында жасақталған 38-атқыштар дивизиясының офицерлер құрамы, негізінен, Алматы мен Фрунзе қалаларындағы әскери училищелердің түлектерінен толықтырылды. Дивизияның құрамы да Қазақстанда тұратын әскери міндеттегілерден қалыптасты, сондықтан саптағылардың 25 пайызға жуығы қазақтар болды. Олар Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыстарынан келген тепсе темір үзетін жігіттер еді. Осылардың көбі Сталинградты қорғау үстінде ерлікпен қаза тапты.
…1942 жылы 5 наурызда 38-атқыштар дивизиясы Алматыдан майданға бірнеше эшелон болып аттанып, Воронеж облысындағы Кантемировка стансысының маңына орналасты. Наурыз-сәуір айларында жауынгерлік дайындықты жүргізе отырып, дивизия қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталды. Содан 20 сәуірден бастап құрама Оңтүстік–Батыс майданы әскерлерінің құрамында Харьков түбіндегі ұрысқа қатысты.
Майдан әскерлері шегінген кезде дивизия екі армияның түйіскен жерін қорғап тұрды. Сол ұрыстың бірінде 38-дивизия Кеңес Армиясының басқа құрамаларымен бірге шабуылды өрістете отырып, «Советское» селосында тұрған немістің үлкен бір гарнизонын қоршауға алды. Осы ұрыста дивизия жауынгерлері асқан ерлік көрсетті.
Оскол өзенінің бойында, Урасово қаласының түбінде, Терновая стансысында кескілескен ұрыс болды, бұл шайқастарда қазақстанық жауынгерлер 13 тәулік бойы қорғанысты ұстап тұрды. Осы уақыттың ішінде 214-артиллерия полкі жаудың 50-ге тарта танкісін, көптеген басқа техникасы мен адам күшін жойып жіберді.
Айдар өзенінің жағасында Ровенька селосының түбінде гитлершілер дивизиясы қоршап алды. Алайда дивизия бөлімдері майдан шебі шығысқа қарай 180 шақырым шегініп көшсе де, өз позицияларын ұстап тұра берді. Тек бұйрық алғаннан кейін ғана қазақстандықтар қоршау шеңберін бұзып өтті.
Дивизия бөлімдері жүргізіп жатқан осындай ауыр ұрыстардың кезінде 1942 жылғы 13 маусым күні оның командирі подполковник Н.П.Доценко қаза тапты, ал дивизия комиссары А.К.Орманов ауыр жараланды. Батальон командирі армян жігіті Каро Саркисян оққа ұшты.
38-дивизия Солтүстік Донецк өзенінің сол жақ жағасына топтануға бұйрық алды. Дивизияға командирлік қызметке полковник Ғ.Б.Сафиуллин жіберілді. Жүздеген, мыңдаған қазақстандық жігіт бір жылға жуық соның басшылығымен жауынгерлік қызмет атқарды. Ғани Бекенұлы 1923-1926 жылдары Қызылордадағы өлкелік партия мектебінде оқыған-ды. Павлодар, Семей қалаларында ол комсомол қызметінде болды. 1930 жылы Мәскеудегі Жоғарғы шекара мектебіне оқуға барып, оны 1932 жылы бітіріп шығады. 1932 жылдан 1941 жылға дейін Ғ.Сафиуллин НКВД әскерлері қатарында қызмет етеді. Мұнда батальон командирі, полктің штаб бастығы, полк командирі қызметтерін атқарды. Ол қызмет істей жүріп сырттан оқып, 1936 жылы М.В.Фрунзе атындағы академияны бітіріп шығады.
Бауырым деп талай қазақ баласының маңдайынан сипаған, 38-атқыштар дивизиясын басқарып, Сталинград шайқасының басынан аяғына дейін қатысқан батыр командир Ғани Сафиуллин еді.
Жау әскерлерін қорғаныс ұрыстарында әбден титықтатып, Сталинград түбіндегі неміс армиясын қоршап алып, кейін оны талқандауға да үлес қосты. Осы дивизия қорғап тұрған қаланың Киров ауданы майдан мүддесіне тынымсыз қызмет істейді. Бекстовка, Сакко-Ванцетти, Красноармейская теміржол стансыларынан майданға керекті қару-жарақ үзбей түсіріліп жатты. Сталинград шайқасындағы дивизияның ерлік істері жайлы әңгімелей келіп, генерал Ғ.Б.Сафиуллин былай деп жазды:
«Сталинградтың шалғай іргесінен басталған ұрыстардан бері біздің 38-дивизия 16 мыңнан астам солдат пен офицерді тұтқынға алды, 62 танкті, 22 ұшақты, 3 бронды пойызды, 400-ден аса зеңбірек пен минометті қолға түсірді, 108 танкіні, мыңнан аса автомашинаны қиратты. Неміс-фашист басқыншыларымен Сталинград түбінде болған ұрыстарда жауынгерлер мен командирлер, саяси қызметкерлер Қазақстанның, сондай-ақ бүкіл кеңес халқының атына кір келтірген жоқ. Олар майданға жүрер алдында қазақ жерінде бұларға берген аманатты абыроймен орындап шықты. Дивизия әскерлері тұтқынға алғандардың ішінде екі неміс генералы да болды».
Дивизия жауынгерлерінің Сталинград шайқасы кезінде көрсеткен қаһармандығы үшін КСРО Қорғаныс Халық Комиссариатының 1943 жылғы 1 наурыздағы бұйрығы бойынша 38-атқыштар дивизиясы 73-гвардиялық дивизия деп аталады. Сондай-ақ бұл құрамаға Сталинградтық дивизия деген құрметті атақ қоса берілді. Ал оның полктері өздері ұрыс жүргізіп, жаудан ерлікпен қорғаған елді мекендердің аттарына ие болды. Сталинград шайқастарындағы ерлігі үшін дивизияның көптеген жауынгері мен командирі марапатталды. Дивизия командирі Ғ.Сафиуллин Кеңестер Одағының Батыры атағын алды.
Осы кезеңнің бір көрінісін еске ала отырып, Кеңес Одағының Маршалы Ф.И.Голиков Ғани Сафиуллин жөнінде былай деп жазған еді:
«Тунгутан орманшылығы» фермасы аумағындағы тамыз айында болған ұрыс кездерінде мен 64-армияның 38-дивизиясының командирі полковник Ғани Бекенұлы Сафиуллинмен жиі кездесіп тұрдым. Ол кезде оның дивизиясының жауынгерлік даңқы бүкіл майданға әйгілі болатын. Жау бұлардың соққысынан ойсырап жеңілді. Сафиуллин тамаша командир, білгір, соғыс ісін шебер білетін адам еді. Қарапайым, шыншыл, турашыл, өте салмақты, ұстамды, қарамағындағы жауынгерлердің беделі мен сүйіспеншілігіне бөленген командир болды.
Полковник Ғ.Сафиуллин басқарған 38-атқыштар дивизиясы генерал Фон Дреббердің 297-дивизиясын талқандап, жаудың танк корпусын тізе бүктірді. 8 мыңға жуық гитлершіні тұтқынға алды. Гитлер армиясының 297-жаяу әскер дивизиясының командирі Морицфон Дреббер тізе бүгер алдында былай деді:
«Бұдан былайғы қарсыласуды пайдасыз деп білемін, қарауымдағы солдаттар мен офицерлердің өміріне жауапты болғандығымнан ең болмаса қалғандарын сақтап қалғым кеп мен дивизияның барша адамдарымен бірге Қызыл Армияның 38-дивизиясының барша адамдарымен бірге Қызыл Армияның 38-дивизиясының командиріне тұтқынға берілуді ұйғардым. Дұшпан болсақ та, сонау Харьковтан Волгаға дейін ерлікпен соғысып келе жатқан бұл дивизияның жауынгерлік ісін жақсы бағалауға тура келеді. Оған бас иеміз».
1943 жылғы 1 наурызда дивизияның 2882 адамы ордендермен және медальдармен марапатталды. Құраманың полк штабының бастығы капитан Талғат Алмеев, батальон командирі Досжан Әлімжанов, жауынгерлер Молдағұл Ералиев, Қамшал Омаров, Рамазан Бисенов, Нығымет Ахметов, Мақаш Балмағамбетов, Досан Омарбаев, Ахмет Ауғанбаев, Мақаш Оразбаев, Әміреш Ауғанбаев және басқалар ерліктің тамаша үлгілерін көрсетіп, Отан наградаларына ие болды.
Даңқты дивизияның мергендер мектебін шымкенттік лейтенант Әбдібай Құрмантаев басқарды. Мергендер ұзақ күн өздерін арнаулы окоптарында тапжылмастан фашистер бекінісін аңдыды да отырды. Аяғын қия басқан гитлершіл көрінсе, қағып түсіреді. Олар он күннің ішінде елуден астам фашисті жер қаптырды. Құралайды көзіне атқан мергендер Айдос Түсіпов, Николай Мурашев, Владимир Зайцев, Қамал Бердоңғаров, Әсет Қалиулиннің жауынгерлік әрекеттері жөнінде Совет информациялық бюросы (Совинформбюро) арнаулы хабар берді. Взвод командирі Ә.Құрмантаевтың өзі сол жолы 30 фашисті омақаса құлатты. Қазақ халқының батыр ұлы Ә.Құрмантаев Сталинград көшелерінің бірінде болған сұрапыл ұрыстарда ондаған немісті жойып барып, ерлікпен қаза болды.
1942 жылғы 22 қарашада 38-атқыштар дивизиясының 242-полкінің 3-батальоны Бекетовка селосының оңтүстік-шығыс жағында қиян-кескі ұрысқа кірісті. Жауынгер-барлаушы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы колхоз ұстасының баласы Ізғұтты Айтықов жау тылында ерлік жасап, гитлершілердің 50 солдаты мен офицерін өлтірді де, әскери бөлімге 22 «тіл» әкелді. Кейіннен Батыс Двина өзенінен өтуде көрсеткен ерлігі үшін гвардия старшинасы Ізғұтты Айтықовқа Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді.
1942 жылдың көктемінде Ақмола қаласынан Сталинград майданына жөнелтілген 29-атқыштар дивизиясы да Сталинград бағытын қорғайтын әскерлердің құрамында болып шықты. Ол жаумен шайқасты Дон өзенінің шығыс жағалауынан бастап, Сталинградтың көшелерінде аяқтады.
Қиян-кескі ұрыстарда 48-полктағы аға лейтенант Досан Әлімжановтың батальоны үлкен ерлік қимылдарымен бүкіл дивизияны риза етті. Ол батальон құмды карьердің сырт жағына айналып барып, түн ішінде тұтқиылдан шабуыл жасады да, 250 фашисті тұтқынға алды, жаудың 270 машинасын, 6 зеңбірегін, басқа да біраз мүліктерін қолға түсірді.
Д.Әлімжановтың батальонындағы взвод командирі Қасым Қыдыралиннің аз ғана топ солдаттары Воропаново түбінде фашистердің екі бірдей шабуылын тойтарды. Қыдыралин Ақтөбе облысының Ойыл ауданының жігіті еді.
Сталинградты қорғауға Орал облысынан қатысқан жауынгерлер: Саттархан Жұрмұмбетов, Әбжай Салиев, Шабхат Желдібаев, Керей Кәмәлиев, Жақан Қошмағамбетовтер асқан ерлікпен күресті.
Котельниково ауданының солтүстік шығысында 29-дивизия фашистердің үлкен күшін бөгеп тұрды, жау танк әскерлеріне қарсы табанды ұрыс жүргізді. Лейтенант Асқар Жетпісбаев басқарған бөлімше, Есқаировтың батальоны асқан ерлік көрсетті. «Бұл дивизияның бірде-бір жауынгері (тіпті атшысы да), – деп көрсетілген 64-армия командованиесінің 1942 жылғы 3 қарашадағы рапортында, – тапжылмай, шегінген жоқ, жаудың броньды дүлей күштеріне қарсы ержүректілікпен шайқасты».
Абганерово ауданындағы шайқаста жау танкі дивизия командирі А.И.Колобутиннің блиндажын таптап өтпекші болды. Осыған қарамай Анатолий Иванович және штаб офицерлері ұрысты басқара берді. Ержүрек бронебойщиктер фашист танкісін қатардан шығарды. Аға лейтенант Әскен Қапановтың басқаруындағы атқыштар ротасының жауынгерлері Перекатное деревнясына екпінді шабуылмен лап қойып, 50-ден астам жендеттің көзін жойды.
Қазақ халқының қаһарман ұлдарының бірі Нұрғалиев Әбілқайырдың ерлігі де сүйсінерлік. Ол әскерге Гурьев облысының Бақсай ауданындағы «Жаңа күш» колхозынан алынған. Майданда, 29-атқыштар дивизиясының 2-полкінде, 3-ротада аға сержант Ә.Нұрғалиевтың батырлық даңқы жайылды. Кировоград түбіндегі Приволье селосы үшін болған ұрыста оның жауынгерлері дұшпанға қырғидай тиді. Нұрғалиевтың өзі де атыс нүктесіне еңбектеп барып, фашист пулеметін жойып жіберді. Ал бұл бөлімшенің алға жылжуына мүмкіндік берді. Кировоград қаласының шетіндегі Масловкада да Ә.Нұрғалиев алты жендетті құртты. Осы ерлігі үшін оған «Даңқ» ордені берілді.
Кировоград жерінде дивизияның зеңбірек расчетының командирі сержант Досмағанбетов Әметхан да қаһармандықпен шайқасты. Қостанай облысындағы «Ақсуат» колхозының бұрынғы төрағасы өзінің зеңбірегімен дұшпанның екі танкісін, 50 солдатын жойды.
29-атқыштар дивизиясы 72-гвардиялық атқыштар дивизиясы болып аталды. 2385 солдат пен офицер марапатталды.
Жамбыл облысында құрылған 81-атты әскер дивизиясы 1942 жылы қазан айында Сталинград майданының 28-армия құрамында Сталинград іргесіндегі 1942 жылғы 19 қарашадан басталған Кеңес Армиясының ұлы шабуылына дейін Астраханьның солтүстігіне таман Еділ бойының 80-100 шақырым ұзындықта қорғап тұрды. Оның таңдаулы бөлімшелері Қалмақ қырына бағытталды. Қарашадағы шабуыл басталғанда дивизия 4-атты әскер корпусының құрамында генерал Т.Т.Шапкин басшылығымен Цица өзені бойымен Плодовитое арқылы Абганерово стансысынан Верхно-Яблочныйға келді. Ал 12-23 желтоқсан арасында Ақсай өзенінің бойындағы Курмярск, Яблочный елді мекендерінде қорғаныс соғыстарын жүргізді. Одан әрі Ақсай Есаулов өзені елді мекендер Городской, Генераловский, Шобаминский, Мышкова өзегінің төменгі саласына жетті.
Сталинград шайқасына өзінің ерлігімен 152-атқыштар бригадасы көзге түсті. Бригада 1941 жылдың аяғында, 1942 жылдың алғашқы айларында Орал қаласында Қазақстанның батыс облыстарынан келген құрамалардан құрылған еді. 192-атқыштар бригадасы да 28-армия құрамында Халхута, Якшуль елді мекендерін (Қалмақ АССР-ы) неміс-фашист басқыншыларынан азат етіп, соғыс жорығын Ростовқа дейін жалғастырды.
Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарында құрылған 387-атқыштар дивизиясы 1942 жылы 31 желтоқсанда Тормосин қаласын дұшпаннан азат етті. Бұл қала немістердің Сталинградта қоршауда қалған Паулюс армиясына жәрдем бермекші болған гитлершілердің жолы еді. Дивизия осы жолды бөгеп, қоршаудағы армияға бірде-бір техника мен азық-түлік жібермеді.
Қыр қыраны – Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Спатаев өлмес ерлігін Сталинград үшін болған айқаста жасады. Майданға Шымкент облысы Шаян ауданының «Көктөбе» колхозынан келген ол өз Отанының бақыты үшін қарулас жолдастарымен бірге соңғы демі біткенше қасарыса күресті.
Фашистердің 28 танкісі от шашып қаптап келе жатқан еді. Олардың дамылсыз атқан оғы минометтің барлық адамын істен шығарды. Жалғыз Қарсыбай ғана қалды. Ол дұшпан танкілерін үрдіс оқтың астына алды да, әскери саптарын бұзып, кері қашуға мәжбүр етті. Бірақ қанішер жау алға ұмтылуын қоймады. Қарсыбай бір кезде пайдалануға бір-ақ мина қалғанын байқады. Жауынгер ұзақ ойланып тұрмады. Ауыр минаны құшақтап алды да, танкіге қарсы ұмтылып, шынжыр табанның астында сүңгіді. Танк ілгері өте алмады. Қарсыбай Спатаевтың бұл ерлігі, Отанға деген шын берілгендігі соғыс даласында бейнебір алқызыл тудай желбіреп тұрды. Оның тамаша ерлігі бүкіл кеңес халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Отан-ана ешқашан да, еш уақытта да мұндай ержүрек абзал ұлдары мен қыздарын ұмытпайды. 25 жастағы Қ.Спатаевқа Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.
Сталинград майданында қазақстандық сұңқарлар да мәңгі өшпес ерлік көрсетті. Қазақтың қаһарман ұлы Нұркен Әбдіров «Атыңнан айналайын Қарқаралы» (Мәди) топырағында 1919 жылы дүниеге келген. Жиырма жасында Қарағандының аэроклубында ұшқыштар курсын бітіріп, запастағы ұшқыш атағын алып шығады. Арада бір жыл өткен соң Қызыл Армия қатарына шақырылады. 1942 жылы Орынбордағы авиаучилищені бітірген соң 267-авиация дивизиясының құрамындағы 803-авиациялық шабуылшылар полкіне жіберілді. Сол полкте жүріп 16 рет әуе шайқастарына қатысып, фашистердің 12 танкісін, 28 автомашинасын, 18 оқ-дәрі тиелген мәшинесін, 3 жанармай цистернасын, 8 зеңбірегін жойып жіберіп, 80 неміс солдаты мен офицерін жаһаннамға аттандырады.
Нұркен Әбдіров 1942 жылы 19 желтоқсанда 17-жауынгерлік сапарына ИЛ-2 ұшқыштар звеносын басқарып шығып, жаудың Беков-Пономаревка ауданындағы (Сталинград шебінде) бекінісімен шоғырланған техникаларын жоюға аттанады. Сол сапарында өрт шалған ұшағын жау техникасы шоғырланған жерге бағыттап, қаһармандықпен қаза табады. 1943 жылғы 31 наурызда Нұркен Әбдіровке Кеңестер Одағы Батыры атағы берілді.
Сталинградтың соғыс жалыны шарпыған көгілдір аспанында халқымыздың қанатты қызы Хиуаз Доспанова да үзбей самғап, жау төбесінен жай оғын төкті. Хиуаз Қайырқызы орыс ұшқышы Марина Раскова басқарған авиация түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкінде қызмет атқарған. Сталинград, Солтүстік Кавказ, Кубань, Украина, Белоруссия мен Германияны фашистерден азат ету жолында жаумен 300-ден астам әуе шайқасына қатысып, жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальмен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдардағы ересен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болған.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», тағы басқа газет-журналдар бетінде көптеген автор мақалалар жазып, Хиуаз Доспанованың соғыс кезіндегі ерлігі оған Халық Қаһарманы атағын беруге әбден лайық деген пікірлер білдірген болатын. Осы ұсыныс-пікірлердің негізінде, мезгілінен көп жылдар кешіксе де, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2004 жылғы 7 желтоқсанындағы шешімімен қазақ халқының ержүрек майдангер қызы Хиуаз Доспановаға соғыс кезіндегі ерен ерлігі ескеріліп, желтоқсан айында, Тәуелсіздік күніне орай Халық Қаһарманы атағы берілді. Әділдіктің ақ туындай болған бұл шешімді бүкіл еліміз үлкен қуанышпен қарсы алды.
Сталинград майданында «Павлов үйін» қорғаған кішкене гарнизонның ерлігі біздің елде, кеңес жауынгерлерінің арасында қалыптасқан халықтар достығының тамаша үлгісін бейнеледі. Кеңестер Одағының Батыры атағын екі рет алған А.И.Родимцев ол туралы былай деп жазды:
«Павлов үйін» әртүрлі адамдар қорғады: олардың ішінде ыстық қанды, сабырлы, көңілді, небір тұйық, тіпті қатыгез адамдар да болатын. Бірақ олардың бәріне бірдей ортақ қасиет – Отанды шексіз сүю еді. Бұл кішкентай гарнизон еліміздегі халықтар достығының айғағы болды. Мұнда орыстар – Павлов, Александров, Афанасьев, Воронов, украиндер – Глущенко, Демченко, Довженко, грузиндер – Мосияношвили мен Степаношвили, татарлар – Рамазанов пен Шкуратов, қазақ – Мырзаев, тәжік – Тургунов және басқа халықтардың өкілдері білікке білек, жүрекке жүрек тиістіріп, жауға қарсы жанқиярлықпен соғысты. Бұлар бір тамаша ержүрек адамдер еді».
«Павлов үйін» қорғаушы Ефремов фашист танкісімен жекпе-жек айқаста ауыр жаралы болады. Қазақ Толыбай Мырзаев жауып тұрған оққа қарамастан, аяулы досын ұрыс шебінен алып шықты.
Бірақ шайқаста рота командирі Ахрименко қаза тапты. Коммунист Естай Ысмағұлов бастаған, көкіректерін кек кернеген кеңес жауынгерлері жаудың шебін бұзып, оларды қашуға мәжбүр етті.
Сталинград үшін болған ерлік ұрыстарда басқа халықтың өкілдерімен бірге қазақтар да соғыс тарихына алтын беттер қосты. Бүкіл кеңес елінің түкпір-түкпірінен келген әр ұлттың өкілдеріндей қазақстандық жауынгерлер де қорқып-үркуді білмей және өлім қаупіне елең етпей әрбір көшені, әрбір үйді жауға бермей, қаланы асқан ерлікпен қорғады.
Фашист басқыншылары Еділ жағасына шығуға жанталаса күш жұмсады, сонымен қатар кеңес тылына іріткі салу, халық арасында үрей туғызу, теміржол тораптарын, кәсіпорындарды, әсіресе соғыс объектілерін істен шығару үшін жасырын диверсиялық топтар да жіберіп бақты. Кеңес адамдарының және біздің чекистердің қырағылығы, ержүректігі арқасында мұндай сұрқиялар кезінде әшкереленіп, сазайын тартты. Гурьев облысының Новобогат, Теңіз, Жылыой аудандарына, Орал облысының Орда және Жәнібек аудандарына түсірілген жаудың парашют десанттары сол бойда жойылып жіберілді. Жау агентурасын әшкерелеп жоюда колхозшы Байжан Атағазиевтің көрсеткен ерлігі тарихта қалды. Ол Ембі мұнай кәсіпшіліктеріне апаруды талап еткен шпиондарды әдейі шөлге, құмға бастап адастырып, орыс халқының тарихында болған Иван Сусаниннің ерлігін қайталады. Жалынды патриот жау қолынан қаза тапты. Бірақ ол Отан алдында ұмытылмас ерлік жасады.
Ұлы Отан соғысында өздерінің ерлігін дүниежүзіне паш еткен 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Солардың жүзден астамы Сталинград іргесіндегі шайқаста шынығып, ерлік үлгісін танытқан өрен жандар еді. Халқымыздың ерлігі мен мейірбандығына риза болған волгоградтықтар өз қаласының бір көшесін Қазақ көшесі деп атады.
Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
http://alashainasy.kz/tari/40398/