Челябинскіге құлған ірі метеориттің шуы әлі басылмай, жұрт абыр-сабыр болып жатқанда, ғарыш тұңғиығынан Жерге қарай аққан тағы бір аспан денесі көрінді. Ғалымдар планетамызға қарай бет алған салмағы 130-180 килотонна, диаметрі 45 метр болатын астероидтың ұшу бағытын көзден ғайып болғанша үрейлене бақылап отырды. Құдайға шүкір, көлемі 14 қабат үйдей болатын ғарышта жасалған «зеңбіректің оғы» 8 м/с жылдамдықпен Жерді жанап өте шықты.
Орал метеоритінен кейін арада жарты тәулік уақыт өткенде планетамызға ғарыш кеңістігінен тағы бір қауіп төнгендей болды. Астрономдар 2012 DA14 деп ат қойған астероид 16 ақпанда, Астана уақытымен түнгі сағат 23:25 минутта, Жерге 27,7 мың шақырымға дейін жақындады. Бұл арақашықтық кейбір спутниктер жүрген орбитадан жақын. Ең бастысы, аққан жұлдыз геостационарлық спутниктердің бірде-біріне соқтығыспаған. Астрономдар планетамызға төнген қауіпті өздері ғана біліп, қатты дабыра қылмай, іштей Құдайға сыйынғанға ұқсайды. Тек астероид өтіп кеткеннен кейін ғана жұртшылыққа жариялады. Сөйтіп, ғалымдардың тілегі орындалды, 2012 DA14 астероиды әлдебір тылсым күштің әсерімен траекториясын кілт өзгертіп, Жерге соқтығыспай, өтіп кетті. Жердегі астероидқа ең жақын келген нүкте Индонезия болған. Бұл жерден астероидті ешқандай құралсыз-ақ көруге болды деп мәлімдеді астрономдар. Астероид жұлдыздардан 7,5 есе үлкен болып, жарқырап аққан. Астероид жақындаған кезде ол Жердің көлеңке (қараңғы) жағында болды, сондықтан 2012 DA14 астероидын анық көруге, фотоға түсіруге мүмкіндік туды.
2012 DA14 астероиды Челябинскі метеоритінен кейін16 сағаттан соң Жерді жанап өтті. Кейбір ғалымдар «бұлар бір-бірімен байланысты болуы керек» деген пікір айтқан. Алайда аспан денелерінің қозғалыс траекторияларына назар аудар-ған Альфия Нестеренко, Леонид Еленин, Фил Плейт сияқты астроном ғалымдар, сондай-ақ NASA, Еуропалық ғарыш агенттігі бұл оқиғалардың арасында байланыс болуын жоққа шығарды. Челябинск метеориті шығыстан батысқа қарай қозғалды, ал 2012 DA14 астероидының траекториясы оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталған және екі нысанның арақашықтығы 500 000 шақырым болған.
NASA астрономы Пол Кодастың мәлімдеуінше, біздің планетамен жақындағаннан кейін астероидтың орбитасы біраз өзгерген және оның Күнді айналу мерзімі қысқарған. 2012 DA14 астероиды басқа бір аспан денесімен бірігіп немесе соқтығысып, шашылып кетпесе, 2046 жылы 15 ақпанда бізге тағы да жақындайды, одан кейін 2080-де, сөйтіп, айналып жүре береді. Ол кезде Жерден миллион шақырым қашықтықта болады. Бірақ түбі Жермен соқтығысып қалуы ғажап емес, сондықтан одан құтылудың жолын қарастырған дұрыс.
2012 DA14 астероиды L спектральдық класқа, Жердің сирек квазиспутниктері түріне жатады. Қазірге дейін осындай алты астероид анықталған. Бұл дегеніміз – астероидтың айналу кезеңі Жердегі бір жылға тең. Астероидты 2012 жылы 23 ақпанда Испаниядағы Мальорка астрономиялық обсерваториясы ашқан.
Ірі астероидтардың немесе кометалардың Жермен соқтығысуы – өте сирек болатын құбылыс, бірақ ол ғаламат апатқа әкеледі. Бүгінгі күнге дейін белгілі болған астероидтардың ішіндегі ең қауіптісі болып 2004 VD17 саналады.
Қайыржан ТӨРЕЖАН
Айкын газетiнен алынды