АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақ газеттерін оқымаймын

 


Кейбір зиялыларымыз қазақ басылымдарының орнына тек ресейлік газеттерді қарағанды жөн санайды. Бұл қазақ газеттерінің сапасының нашар­лығы ма, әлде қазақ жазушыларының кеңес дәуірінен қалған ескі әдеті ме?

Image

Әкім ТАРАЗИ, жазушы:
«Мен қазақ газеттерін оқы­май­мын. Ол рас. Ресейдің екі газетін ғана аламын. «Ли­тера­турная газета» мен «Новая газета». «Литгазеттен» әдебиеттің бүгінгі ағымда­рын қадағалап отырамын, бірақ ол да жетістіріп жатқан жоқ. Ал «Новая газета» – мықты басылым. Журна­листері ешқа­шан дәлелсіз пікір айтпайды. Сынағанда да мәдениетті әрі әділ сынайды. Ал қазақ­тар біреуді сынаса, оның жеке басына, бабасы мен балаларына тиісіп кетеді. Ешуақытта жеке басқа тиісуге бол­майды. Ол сауатты адамның тірлігі емес. Үйге газеттер көп келеді, бірақ біреуінің жазға­ны екіншісінде де жүреді. Басқаларынан да кез­дес­тіресің. Сондықтан оларды қабыл­дай алмаймын».
(Әкім Тарази, жазушы, «Астана ақшамы», 7 ақпан, 2013

Image

Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, философия ғылымдарының докторы, академик:
– Қазақ газеттерінен сусындап, бі­лім алып, қазіргі жағдайға жеттім. Қазақ га­зет­тері бала жасымнан мені өсіріп келе жатыр. Бұл басылымдарда елдің, мәде­ниет­тің, әдебиет пен өнердің тари­хы, ірі тұл­ғалар туралы ашық әрі мазмұнды мақа­лалар жиі жарияланады. Орыстілді басы­лымдарда осы үрдіс әлсіздеу, сенсациялық, әсер қуалаушы­лық басым. Халқымыздың тарихын, тұлғаларын жазса да, орыс газеттері тереңге бойлай алмайды. Қазақ басы­лымдары мәселені нақты, мағыналы түрде береді. Сондықтан қазақ басы­лым­дарын оқымағандарды қазіргі кезде бі­лімді, зиялы адамдар деу мүмкін емес. Мә­се­лен, ғылыми диссертациялардағы сілтемелердің кемінде 30-40 пайызы қазақ басылымдарына сілтеме жасалын­баса, ондай еңбектердің ғылыми құнды­лығы шамалы болады. Қазақ халқының саны биыл 11 миллионға жетпекші. Яғни қазақ мүддесі күшейіп келеді. Олай болса, қазақ басылымдарының орны да, рөлі де қоғам­да арта түсетіні анық.

Image

Герольд БЕЛЬГЕР, жазушы:
– Мұндай пікірмен мүлдем келісе алмаймын. Қазақ жазушыларының орыс басылымдарын ғана оқуы – үлкен кемші­лік, біржақтылық. Қасымда жүретін шал­дардың көпшілігі орыс газеттерін оқуға әуес. Бұл – сол баяғы заманнан қалған, бұрынғы пікірмен жүргендер. Олар өзде­рін-өздері кедей­лендіріп отыр… Мен кері­сінше, қазақ газеттерін ғана оқимын. Орыстілді газеттерге сұхбат бергенде де айтатын пікірім бар: қазақ журналистикасы, қазақ газеттері соңғы жылдары өте дамып, өріс­теп, жұртты қатты қызық­тыратын болды. Қазақ басылымдарының он, он бес шақтысын оқып тұрамын. Оларды оқыған сайын іштей риза бо­лып, қуа­намын. Сосын бір таңғалаты­ным: қазақтың журналист қыз-келін­шек­терінің деңгейі өте жоғары. «Түр­­­кіс­тан», «Айқын» немесе басқа газет­тер­дегі мақалаларын алсаңыз, олардың ой-өрісі, өмірге көзқарасы, дүниетанымы­ның кеңдігі байқалады. Еліміздегі басқа ұлттардың да бір кем­шілігі – қазақ газет­те­рін білмеуінде, оқы­мауында. Мұның бәрі бекер. Қазақ газеттері қазір жоғары деңгейге көтеріл­генін нық айта аламын.

Жазып алған
Нұржан ЖЕҢІС

http://www.aikyn.kz